Баяғы өткен заманда Баттал деген бір байдың Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, Есілхан атты төрт ұлы болыпты. Ұлдары ержетіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, енші бөлісер шаққа жеткенде бай ойға қалады: «Әлбетте, перзенттерім үшін дүние-мүлікті аямаспын-ау! Бірақ олар соның қадірін білер ме екен?! Күні ертең «әке малы балаға мал болмайды» дегенге сайып, қолына тигеннің бәрін ту-талақай шашса ше?! Онда есіл еңбегінің еш болғаны да! Осы уақытқа дейін маңдай терін төгіп, тірнектеп жинаған байлықтың бей-берекет айдалаға ақтарылғаны-ау!.. Артынан бармақ тістеп, шаң қауып қалу деп осыны айт!..
Осылай текке шашылудан сақтанған Баттал алдын ала балаларын сынамақ болады. Ол бір күні ұлдарын жинап алып: «Қарақтарым, мен ұзақ сапарға шығып барамын. Күнделікті тіршілік қамын өз беттеріңше жасай берерсіңдер», – деп әрқайсысының қолына бір-бір күміс теңгеден ұстатады.
Содан сыртта үш ай жүріп еліне оралған Баттал балаларын және қасына шақырып:
– Иә, қарақтарым, жағдайларың қалай, кім не шаруа тындырды? – деп сұрайды.
– Әке, жағдайым жақсы, – дейді үлкен ұлы күлім қағып. – Мінеки, берген бір күміс теңгеңіздің қарымтасы...
Мұратхан ұсынған күміс ақшаларды қолына алып, сыңғырлата санап шыққан Баттал:
– Он-н... – дейді көңілдене дауыстап. – Ал мұның мәнісін қалай түсіндіресің?
– Өзіңіз берген теңгені бірден айналымға жібердім. Қазір ірі шаһарларға қатынайтын керуенге ілесіп, сауда-саттықпен айналысып жүрген жайым бар, – дейді Мұратхан мән-жайды баяндап.
Үлкен ұлының ісіне сүйсінген бай:
– Сенің хал-ахуалың ше? – деп екінші ұлына бұрылады.
– Жаман емес, әке, мінеки, берген бір теңгеңіздің қарымтасы... –
деп Асылхан бес күміс ақшаны Батталдың алақанына салады.
– Дұрыс-ақ, балам, енді мәнісін айта ғой, – дейді бай риза пішінмен.
– Өзіңіз берген теңгеге кішігірім ұстахана ашып, қазір тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарып жатқан жайым бар, – дейді Асылхан пайда көзін түсіндіріп.
– Бәрекелде-е, мұның бір жақсы бастама екен! – деп қуана қостаған бай үшінші ұлына кезек береді.
– Мен берген ақшаңызды жер өңдеп, бақша салуға жұмсадым. Тапқан пайдам әзірге, мінеки... – деп Сабырхан әкесінің қолына үш күміс теңгені ұстатады.
– Жарайсың, балам, өте бір қажет шаруаны қолға алыпсың! – деп көңілі марқайған Баттал төртінші ұлына сөз береді.
– Ә-әке, менің сізге ұсынатын ештеңем жоқ... – дейді Есілхан күмілжи сөйлеп. – А-ақшаңызды б-былай... неті-і-п... жаратып қойдым-м...
Ұлдарының істеріне мерейі өсіп, әлгінде ғана жайдары отырған Батталдың аяқ астынан қабағы түсіп кетеді.
– Ей, міңгірлемей жөндеп түсіндірсеңші?! – дейді ол қатуланып.
– Түсіндіргенде-е... Той-томалаққа барып... Қалаға базарлап дегендей...
– Жетер, әрмен қарай жалғастырмай-ақ қой! – дейді Баттал кенже ұлының сөзін кілт бөліп.
Бір сәт үнсіз қалған бай іле толғана сөйлеп кетеді.
– Айналайын Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, сендердің жүрек қалауларыңмен бастаған істерің менің көңілімнен шығып отыр. Әрмен қарай өз жолдарыңды табатындықтарыңа сенімдімін. Енді бабалар дәстүрі бойынша еншілеріңді бөлсем деймін. Асылхан саған – он үйір жылқы, он күре түйе, Мұратхан саған – бес табын сиыр, бес отар қой, Сабырхан саған – Қызылбастау, Көкбастау, Ақбастау – үш бастауды жер-суымен, қора-қопсысымен сыйладым. Игіліктеріңе ұстап, өсіп-өніңдер, еңбектерің жансын! – деп Баттал ақ батасын береді.
Сосын ешқандай үлес тимей, жігері жасып қалған кенже ұлына бұрылып:
– Есілхан шырағым, кез келген ата-ана барлық баласын бірдей көреді, әрі ешқайсысына жамандық тілемейді. Саған ештеңе бөлінбесе, жек көргендігім емес, енші иемденуге сенің дайын еместігің. Сондықтан әлі де ойлан, өмірді зерделе!.. – дейді терең ой тастап.