Назад
ЕНШІ БӨЛУ

Баяғы өткен заманда Баттал деген бір байдың Мұратхан, Асыл­хан, Сабырхан, Есілхан атты төрт ұлы болып­ты. Ұлдары ержетіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, енші бөлісер шаққа жеткенде бай ойға қалады: «Әлбетте, перзенттерім үшін дүние-мүлікті аямаспын-ау! Бірақ олар соның қадірін білер ме екен?! Күні ертең «әке малы балаға мал болмайды» дегенге сайып, қолына тигеннің бәрін ту-талақай шашса ше?! Онда есіл еңбегінің еш болғаны да! Осы уақытқа дейін маңдай терін төгіп, тірнектеп жинаған байлықтың бей-берекет айдалаға ақтарылғаны-ау!.. Артынан бармақ тістеп, шаң қауып қалу деп осыны айт!..

Осылай текке шашылудан сақтанған Баттал алдын ала бала­ларын сынамақ болады. Ол бір күні ұлдарын жинап алып: «Қа­рақтарым, мен ұзақ сапарға шығып барамын. Күнделікті тіршілік қамын өз беттеріңше жасай берерсіңдер», – деп әрқай­сысының қолына бір-бір күміс теңгеден ұстатады.

Содан сыртта үш ай жүріп еліне оралған Баттал балаларын жә­не қасына шақырып:

– Иә, қарақтарым, жағдайларың қалай, кім не шаруа тындырды? – деп сұрайды.

– Әке, жағдайым жақсы, – дейді үлкен ұлы күлім қағып. – Мі­неки, берген бір күміс теңгеңіздің қарымтасы...

Мұратхан ұсынған күміс ақшаларды қолына алып, сыңғырлата санап шыққан Баттал:

– Он-н... – дейді көңілдене дауыстап. – Ал мұның мәнісін қалай түсіндіресің?

– Өзіңіз берген теңгені бірден айналымға жібердім. Қазір ірі шаһарларға қатынайтын керуенге ілесіп, сауда-саттықпен айналысып жүрген жайым бар, – дейді Мұратхан мән-жайды баяндап.

Үлкен ұлының ісіне сүйсінген бай:

– Сенің хал-ахуалың ше? – деп екінші ұлына бұрылады.

– Жаман емес, әке, мінеки, берген бір теңгеңіздің қарымтасы... –
деп Асылхан бес күміс ақшаны Батталдың алақанына салады.

– Дұрыс-ақ, балам, енді мәнісін айта ғой, – дейді бай риза пі­шінмен.

– Өзіңіз берген теңгеге кішігірім ұстахана ашып, қазір тұрмыс­қа қажетті бұйымдар шығарып жатқан жайым бар, – дейді Асылхан пайда көзін түсіндіріп.

– Бәрекелде-е, мұның бір жақсы бастама екен! – деп қуана қостаған бай үшінші ұлына кезек береді.

– Мен берген ақшаңызды жер өңдеп, бақша салуға жұмсадым. Тапқан пайдам әзірге, мінеки... – деп Сабырхан әкесінің қолына үш күміс теңгені ұстатады.

– Жарайсың, балам, өте бір қажет шаруаны қолға алыпсың! – деп көңілі марқайған Баттал төртінші ұлына сөз береді.

– Ә-әке, менің сізге ұсынатын ештеңем жоқ... – дейді Есілхан күмілжи сөйлеп. – А-ақшаңызды б-былай... неті-і-п... жаратып қойдым-м...

Ұлдарының істеріне мерейі өсіп, әлгінде ғана жайдары отырған Батталдың аяқ астынан қабағы түсіп кетеді.

– Ей, міңгірлемей жөндеп түсіндірсеңші?! – дейді ол қатуланып.

– Түсіндіргенде-е... Той-томалаққа барып... Қалаға базарлап дегендей...

– Жетер, әрмен қарай жалғастырмай-ақ қой! – дейді Баттал кенже ұлының сөзін кілт бөліп.

Бір сәт үнсіз қалған бай іле толғана сөйлеп кетеді.

– Айналайын Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, сендердің жүрек қалауларыңмен бастаған істерің менің көңілімнен шығып отыр. Әрмен қарай өз жолдарыңды табатындықтарыңа сенімдімін. Енді бабалар дәстүрі бойынша еншілеріңді бөлсем деймін. Асылхан саған – он үйір жылқы, он күре түйе, Мұратхан саған – бес табын сиыр, бес отар қой, Сабырхан саған – Қызылбастау, Көкбастау, Ақбастау – үш бастауды жер-суымен, қора-қопсысымен сыйладым. Игіліктеріңе ұстап, өсіп-өніңдер, еңбектерің жансын! – деп Баттал ақ батасын береді.

Сосын ешқандай үлес тимей, жігері жасып қалған кенже ұлы­на бұрылып:

– Есілхан шырағым, кез келген ата-ана барлық баласын бірдей көреді, әрі ешқайсысына жамандық тілемейді. Саған ештеңе бөлінбесе, жек көргендігім емес, енші иемденуге сенің дайын еместігің. Сондықтан әлі де ойлан, өмірді зерделе!.. – дейді терең ой тастап.