- Ән айтайық,
балақай - Ертегілер
- Мөлтек
әңгімелер - Шығармалар,
пьесалар, диалогтар - Жыр
сандық - Санамақтар
- Жұмбақтар,
жаңылтпаштар - Қызық
дерек! - Метаграммалар
- Әртүрлі
Алғаш рет қолыма ұстадым,
Әліппені сыйлаған ұстазым.
Білім атты әлемге аштың жол,
Рахмет саған, әліппе! Қош сау бол!
Қайырмасы:
Әліппе, әліппе!
Арналады бүгін жыр саған.
Әліппе, әліппе!
Алғысымыз шексіз бір саған.
Көмегіңде өзіңнің әліппем,
Қырық екі таныстық әріппен.
Ең алғашқы білімді алдық мол,
Рахмет саған, әліппе! Қош сау бол!
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Бота Бейсенова
Әнін жазған: Бота Бейсенова
Сөйле ана тіліңде,
Қазақ тілім-ана тілім.
Бабалардың дана тілі,
Алып күш бар үнінде.
Қайырмасы:
Туған елім, ана тілім,
Алтын арай таңымдай.
Ана тілім - дара тілім,
Бойымдағы қанымдай!
Сүйем ата-анамды,
Олар маған тәлім берді.
Ана тілім әнін берді,
Нұрландырып санамды.
Қайырмасы:
Жырла ана тілінде,
Асқаралы тауларын да.
Балғын бақша, бауларын да,
Бұлағын да, колін де.
Өлеңін жазған: Әбдірахман Асылбек
Әнін жазған: Алтын Маханбетова
Бабамыздың көзіндей қара домбыра,
Данамыздың сөзіндей дара домбыра.
Асқақтатып рухымды ағылт домбыра,
Әр қазақтың төрінен табыл домбыра.
Қайырмасы:
Шанағыңда ойнаған,
Үніңе еш тоймағам,
Қасиетті домбыра.
Күмбірлеген күйіңе,
Әрдайым мен сүйсінем.
Қасиетті домбыра.
Шанағыңнан төгілген күйің домбыра,
Арта берсін әр дайым сыйың домбыра.
Қастерлейді өзіңды халқың домбыра,
Тоғыз перне, қос ішек алтын домбыра.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған. Бота Бейсенова
Әнін жазған: Бота Бейсенова
Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін,
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан.
Бақыт болып қоншы деп,
Ұшырамын қолымнан.
Қайырмасы:
Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына,
Сенен көзын алмайды,
Ақ ниеті бар адам.
Ақ қанатың талмайды,
Әділеттен жаралған.
Тыныш бейбіт өмірдің,
Белгісі боп қанат қақ.
Әлемге ортақ көңілдің,
Қайт шыңына қонақтап.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Нығмет Баймұхамедов
Әнін жазған: Ахмет Жұбанов
Жазда апамның ауылына,
Барып едім қыдырып.
Бір қошақан алдымнан,
Ойнап шықты жүгіріп.
Қайырмасы:
Ақ маңдайы ай ма екен?!
Шекер ме екен, бал ма екен?!
Кеттім оны сағынып,
Қошақаным қайда екен?!
Демалыста өзіңді,
Тағы іздеп барамын.
Бір қошақан бәрі бір,
Сені тауып аламын.
Қайырмасы:
Қозыларым жүр ме екен?
Ерке сұлу сол ма екен?!
Мені қашан келер деп,
Сағынып ол жүр ме екен?!
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Сабырхан Асанов
Әнін жазған: Әсет Бейсеуов
Былдырлаған тілін-ай,
Еркелеген гүлім-ай
Жүрегімнің жылуы-ай,
Жан сезімнің тұнығы-ай.
Қайырмасы:
Айдын көлдің құрағы-ай,
Жанарымның шырағы-ай.
Қаз-қаз басқан құралай,
Тәй-тәй басқан құралай.
Желбіреген тұлымың,
Сыңғыр қағып тұр үнің.
Құмарымды қандырған,
Қошақандай құлыным.
Қайырмасы:
Қайың ба екен, тал ма екен?!
Шекер ма екен, бал ма екен?!
Дүниеде дәл сендей,
Тәтті бала бар ма екен?!
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Серік Тұрғынбек
Әнін жазған: Әсет Бейсеуов
Біздің ауыл тап-таза бұлағы да.
Ән салады майысып құрағы да,
Жаз жайлауға барамын демалыста,
Асау тайдың ойнаймын құлағында.
Қайырмасы:
Біздің ауыл алма бақ,
Өрік, жүзім жетеді,
Сағынарым қайтадан,
Алатаудың етегі.
Сол ауылға жазда мен ораламын,
Сағынған соң құшағын жан ананың.
Бұлт ішінде жүрдім мен биік өрлеп,
Жазғы орманын жалықпай араладым.
Қайырмасы:
Біздің ауыл алатау етегінде,
Құс боп ұшып мен оған жетем күнде.
Менің атам жүреді қойын бағып,
Ақ боз аты келеді жетегінде.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Тұманбай Молдағалиев
Әнін жазған: Ибрагим Нүсіпбаев
Мені үлкендер әдепті деп мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал, егер сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
Қайырмасы:
Айтқан тілді аламын,
Айтқан жерге барамын,
Мен әдепті,
Мен әдепті баламын.
Тілін алып кішінің де кәрінің,
Айтқанынан шығып жүрмін бәрінің.
Ата-ананың айтқанынан шығуды,
Әдептілік белгісі деп таныдым.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Әбдірахман Асылбек
Әнін жазған: Ибрагим Нүсіпбаев
Халқы сүйіп ардақтар,
Сайып қыран саңлақтар.
Олар елін қорғаса,
Оларды да ел мақтар.
Қайсар батырлар, батырлар.
Жатыр жарқын жол алда,
Бас иеміз оларға.
Осы бейбіт күн үшін,
Қарыздармыз соларға.
Нағыз батырлар, батырлар!
Қайырмасы:
Асқақтаған аттары,
Туған елдің мақтаны.
Қанымен де жанымен,
Ел абыройын сақтады.
Олар өшпес жарық күн,
Тұяғы олар алыптың.
Арысы да осылар,
Намысы да халықтың.
Олар өшпес жарық күн,
Тұяғы олар алыптың.
Арысы да осылар,
Намысы да халықтың.
Батырлары елімнің,
Батырлар...
Қарасай батыр,
Бөгенбай батыр,
Қабанбай батыр,
Райымбек батыр,
Суан батыр.
Нағыз батырлар, батырлар!
Ән жыр болып төгілдің,
Жұлдыз болып көріндің.
Ерліктерің өшпейді,
Батырлары елімнің.
Жаса батырлар даңқы!
Асқақтаған аттары,
Туған елдің мақтаны.
Қанымен де жанымен,
Ел абыройын сақтады.
Олар өшпес жарық күн,
Тұяғы олар алыптың.
Арысы да осылар,
Намысы да халықтың.
Олар өшпес жарық күн,
Тұяғы олар алыптың.
Арысы да осылар,
Намысы да халықтың.
Мәншүк, Әлия, Роза апа,
Бауыржан Момыш ұлы,
Талғат Бигелдинов,
Бекзат Саттархан,
Жақсылық Үшкемпір,
Даулет Тұрлыхан,
Серік Қонақбай.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Ибрагим Исаев
Әнін жазған: Мақсат Жәутіков
Тілім менің ана тілім,
Жырым менің ана тілім.
Көк жүзінде күлімдеген,
Нұрым менің ана тілім.
Қайырмасы:
Есімде дала тілім,
Есімде дана тілім.
Қазақ үшін құдіретті,
Әр қашанда ана тілім.
Балдай тәтті бала тілім,
Сөзбен тәтті дана тілім.
Қазақ үшін қасиетті,
Жаса мәңгі ана тілім.
Сен арқылы тілдесемін,
Сол тіліміз гүлдесе мың.
Айналайын ана тілім,
Арта түспек тілге сенім.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Сайлаубай Тойлыбаев
Әнін жазған: Мақсат Жәутіков
Мен қазақтың баласымын,
Елім деп соққан жүрегім.
Осы далам, осы елім,
Олар сүйеу тірегім.
Мен қазақпын рухы биік,
Шежіресін жаттаған.
Мен ән салып қазағым деп,
Қазағым деп мақтанам.
Қайырмасы:
Мен қазақпын алаштың жалғасы,
Мен қазақпын өзеннің арнасы.
Қазақ елі заңғар биік тау болса,
Мен боламын сол таулардың бір тасы,
Мен боламын сол таулардың бір тасы.
Мен қазақпын сол үшін де мақтанам,
Мен қазақпын ата дәстүр сақтаған.
Мен қазақпын бауырмалдық қанымда,
Сондықтан да үлкен сөзің жат маған.
Мен қазақтың баласымын,
Қазақ болып қалармын.
Қазақ үшін суға батып,
Отқа күйіп жанармын.
Мен қазақпын тұғыры алтын,
Қазақстан отаным.
Елім үшін әр күн, әр түн,
Жер анадан от алдым.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Салтанат Сансызбаева
Әнін жазған: Мақсат Жәутіков
Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында.
Кемерінен шалықтап,
Асып жатқан шағында.
Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала боларма?
Күміс күлкі көрмей ол,
Кемеріне толарма?
Қайырмасы:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айгөлек деп, ән шырқа,
Айгөлек деп, ән шырқа,
Айгөлек деп, ән шырқа,
Кел бөбек ай, кел бөбек.
Ақыл сөздің ұстазы,
Ақын болар ұрпақпыз.
Өнер, білім, еңбекке,
Жақын болар ұрпақпыз.
Он саусағы майысқан,
Шебер болар ұрпақпыз.
Тұла бойы толған бір,
Өнер болар ұрпақпыз.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Нығмет Баймұхамедов
Әнін жазған: Бақытжан Байқадамов
Маған деп жинаған,
Тәтті, құрт, майын.
Бар ауыл сыйлаған,
Әжеме ән шырқайын.
Қайырмасы:
Ақ ірімшігін сақтаған,
Бетімнен менің қақпаған.
Әркез мені жақтаған әжетайым,
Ақ көңіл пейіліменен,
Ықылас мейіріменен.
Әлпештеп еркелеткен әжетайым.
Мені бөлеген көп,
Мейір арайлы мол.
Қолын көлегейлеп,
Күтіп қарайды жол.
Қайырмасы:
Әже, қорғанымсың,
Дейтін ақ ботамсың.
Тисе қолғабысым,
Берген ақ батасын.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Серік Қалиев
Әнін жазған: Халықберген Әбілжан
Балбыраған балауса балғын күнім,
Қандай әсем тамаша жарқын күнім.
Бал дәуренім шіркін тәтті күн,
Балалығым ерке пәктігім.
Қайырмасы:
Балалық шақ қызық көңілді,
Сүйем шексіз ғажап өмірді.
Бақытты менің балғын шағым,
Арманым менің шаттық әнім.
Жарқырайды жұлдызым, жарқырайды,
Сүйем мақпал түнді осы жарқын айды.
Алаулап атқан әрбір таңым,
Жетелейді алға шаттық әнім.
Қайырмасы:
Балалықтың думаны базарында,
Қуаныш бар, шаттық бар ажарымда.
Еркелеймін мен жан анама,
Еркелеген гүлдей далаға.
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Қайрат Ағыберген
Әнін жазған: Дүйсенхан Сыздықов
Жан анамның ән қызы,
Ән акемнің дәм-тұзы.
Мен боламын солардың,
Бақ құсы мен ақ құсы.
Биіктерге ұмтылған,
Бар жақсының ізімен.
Гүлдей болып құлпырған,
Мен қазақтың қызымын.
Қайырмасы:
Ля ля ля
Ля ля ля
Ля ля ля
Мен қазақтың қызымын!
Балалық шақ арманым,
Жаңа әнім арнадым.
Шаттықпенен мереке,
Қуанышты жан жағым.
Әуелетіп әніміз,
Бар әлемнің сәніміз.
Қос дауыста шырқайық,
Бақыттымыз бәріміз.
Қайырмасы:
Жан анамның ән қызы,
Ән әкемнің дәм-тұзы.
Мен боламын солардың,
Бақ құсы мен ақ құсы.
Биіктерге ұмтылған,
Бар жақсының ізімен.
Гүлдей болып құлпырған,
Мен қазақтың қызымын!
Қайырмасы:
Өлеңін жазған: Естай Әлікеев
Әнін жазған: Алтын Маханбетова