(Ертегі)
Орманды мекендейтін жирен Тиін ағаштағы ұясының алдында отырған.
Оның қасына бадырақ көз, инедей жіңішке бір Инелік ұшып келді.
Ол қанатын дірілдете тұра қалып:
– Тиін, тиін, сен не істеп отырсың? – деді.
– Көрмейсің бе, достым, мыналарды кептіріп отырмын, – деп, Тиін күнге жайып қойған саңырауқұлақтарын көрсетті.
– Оны қайтесің? – деді Инелік.
– Қыста жеймін. Бұл деген менің қыстық азығым болады. Өзің де қысқа азық жинайтын шығарсың? – деді Тиін.
– Жоқ, мен өйтпеймін.
– Жазда ғой, шыбын-шіркей, масаны жейсің. Ал сонда қыста не жейсің?
– Қыста мен ештеңе жемеймін. Бір қуысқа кіріп алып, қыбыр етпей ұйықтаймын.
– Ой, неткен ұйқышылсың өзің!?
– И-ә, достым, біз деген солаймыз, – деп Инелік әрі қарай ұшып кетті.
Тиін саңырауқұлақтарын қоймасына таси бастады.