Кері қайту
ТАУ ҚҰСЫ

Көктем айы еді. Жомарт ата күрең-қызыл дорбасын арқалап, дәрілік шөптер жинап қайту үшін тау беткейінде кетіп бара жатқан. Кенет бітік өскен тобылғы арасынан өтіп бара жатып, бұғып жатқан ұларды байқап қалды. Еңкейіп жақындаса да қашар емес. Атай оны қолына алып қарағанда көзі бірден сынған аяғына түсті. Оны дорбасына салып, үйіне алып келді. Жарақатын танып, жем берді. Сөйтіп, баласындай күтіп, мәпелеп үш ай асырады. Міне, қоңыр күз келіп жетті.

Бірде атай аулаға шыққанда, көкте тізіле ұшып бара жатқан құстарды көрді. Бұл кезде ұлар ауруынан құлан-таза айығып,тіпті қолға да үйреніп қалып еді. Жомарт ата оны қорадан алып шығып, көкке қарай ұшырып жіберді. Ұлар әуелі қоштасқандай үйді айнала ұшып, содан соң тауға қарай бет алды. Бір қызығы, адамды көрсе, алыстан қашатын тау құсы келер жылы атайдың қыстау қорасына келіп ұя салды. Тіпті атай шөкелеп намаз оқи бастағанда оң жағына келіп, қонып отыратынды шығарды.