Кері қайту
ДОМБЫРА

Ерте, ерте, ертеде, бәлкім одан бертінде – ешкі құйрығы көкке жетіп, түйе құйрығы жерге түскен заманда бір хан өмір сүріпті. Оның аты Лаң екен. Лаң десе, лаң болса керек. Бүкіл халқын қан қақсатады. Белі бүгілген қарияға да, еңбектеген балаға да, еркектерге де, әйелдерге де жәбір-жапа көрсетуін жалғастыра береді. Адамдардың бүкіл шаруашылығын шалқытып отырғанына да, тіпті әлемдік нарықта ауыс-түйіс, сауда-саттық жасай жүріп, қазынадағы алтынына алтын қосып жатқанына да қарамастан, өзіне жақпаған бір сөзі немесе қалт басқан әрекеті үшін бастарын қылышымен шауып тастайды екен.

Лаңның алпыс алты әйелі болыпты. Олардан туған балаларының қайсысының қайда өсіп жатқанын өзі де білмейтін көрінеді. Байлығына масаттанып, шараптың буына мастанып жүре береді. Сөйтіп, жасы жер ортасынан ауған тұста серуен құрып, нөкерлерімен аң аулап, көзге түртсе көргісіз бір қараңғы түні өзі жандарын жаһаннамға жіберткен адамдардың зираттарының маңынан өтіп бара жатқанда есін ала есеңгіреткен елес келіпті: «Сенің де бөленер ертеңгі жер бесігің – осы мола. Орынтағыңды ойла, ізбасарыңды сайла!» – деп аян беріпті. Лаң ертеңінен бастап уәзірлерін жинап алып:

– Іздеңдер, менің ұрпақтарымның ішінен мұрагерлікке лайықтыларын жинап, алдыма алып келіңдер, – деп жарлық беріпті.

Алпыс алты әйелін жіпке тізгендей түгендеген олар жарамды-ау деген жетеуін жетелеп, хан алдына алып келіпті. Айлап, жылдап орынтағына икемдеген бұлардың бірде-біріне ханның көңілі толмапты. Сарайында жатып, етегі жасқа тола еңірейді. Тәңірге табынып, Жаратқанға жалбарынады. Сөйтіп жүргенде кезекті жас әйелінен тағы бір ұл дүниеге келеді. Ес біліп, етек жапқаннан сол бала әкесінің бар ықыласын өзіне аударып алады. Күндіз жанынан, түнде түсінен шықпайды. Бір ғажабы, бес жасында күллі әлемнің қай бұрышында қандай жаңалықтар, нендей жетістіктер болып жатқанын көкірек-көзімен біліп отырады. Ешбір оқу-тоқусыз-ақ қолына қағаз, қалам алып, сол жағдайлардың бәрін күнбе-күн әкесіне жазып беруді әдетке айналдырады. Сенбейін десе, сол баласының ертеңгі күн туралы жазып берген болжамдарының бәрі шындыққа айналып жатады. Ең өкініштісі – ол көзі бар – көрмейді, құлағы бар – естімейді, аузы бар – сөйлемейді екен. Оның аты – Құлан болыпты.

Оны көріп отырып, іші қан жылаған әкесі аяғы жетер жердегі дәрігер, бақсы, балгер, тәуіп, көріпкел атаулылардың бәрін алдырып, Құланды емдетуге бар күшін салыпты. Ешқайсысының емі де, демі де, шипасы да қонбапты.

Бір диуана келіп Лаңға:

 

– Құдайыңды ұмытып, 

Астың, тастың,

Бар байлықты астыңа бастың.

Халықпен хан бола отырып,

Өз халқыңның қанын судай шаштың.

Соның кесірі ұрпағыңа тиіп,

Болашақты бүлдіріп жүрген нассың.

Егер ашкөздігің мен қатыгездігіңді қоймасаң, Құланыңа ешбір ем дарымайды, – деп, көз алдында ғайып болыпты.

Содан хан үш күн, үш түн ес-түссіз жатып, төртінші күн дегенде тілге келіп, бесінші күн дегенде ес жинап, алтыншы күн дегенде ас татып, жетінші күн дегенде ел-жұртын жинап, малы мен қымбат қазынасынан құдайы садақа таратыпты.

Құлан алыстағы Аймен ғана аймаласып, Жұлдыздармен ғана жымыңдасып, Күнмен ғана күлімдеседі екен. Елім дегенде ет-жүрегі елжірей бастаған Лаңды да қара халқы жақсы көріп, жақын тартып, зарларын айтып, мұңдарын шағуға еттерін үйретеді. Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай дөңгелеп, жыл артынан жыл қозғалады. Құдайдың құдіретімен білімі асқан, қабілеті тасқан Құланның денсаулығынан еш өзгеріс байқалмайды. Әкесі құлағы естіген шет елдерден емшілер алдыртады. Олардан байлығын да аямайды.

Күндердің күнінде ұйықтап жатқан ханды елес келіп етектен тартып оятып:

– Барыңды, байлығыңды өз халқыңа бер. Өзгелер ертең өзекке теуіп кетеді, – деп, ғайып болады. Лаң қарамағындағы ел-жұртынан ештемесін аямауға тырысады. Өз қазағына берген сайын бағы да, байлығы да, дәулеті де еселене түседі. Мұрагерім болса екен деген Құланына да бар ықыласын төгеді. Ерекше қабілет иесі – баласына он жасында он отау тіктіріп, он әйел әпереді. Жеті жыл бойы бірде-бірінен ұрпақ дүниеге келмейді. Лаң ертеңін ойлап, қан құсады. Жылай жүріп, көз жасын бұлай жүріп, бар байлығын ел-жұртына үйіп-төгеді. Жаратқан ие пейіліне берсе керек, тоғызыншы жыл дегенде Құланының кіші әйелінен үшем – үш ұл-қыз дүниеге келеді. Лаң малын шаша қуанады. Құланы селт етпейді. Енді хан ел-жұртқа :

– Кімде-кім немен болса да Құланымның көкірегіне қуаныш сыйласа, үштен бір байлығымды тарту етемін, – деп жар салады.

Бақсылықпен де, балгерлікпен де, көріпкелдікпен де Құланды қуантқысы келгендер күндіз-түні сабылысады. Құланның көңілі бұрынғысынан да жаман құлази түседі. Осы кезде елегізген елдің ең шетіндегі түтіні бірде шығып, бірде шықпай жататын қойшының қараша үйінде дүниеге келген Талант есімді жеті жасар бала хан алдына келіп, Құланды қуантуға талап жасайды. Хан жолын кеспейді, қолын қақпайды. Тек:

– Қалай, немен қуантасың? – деген сауал тастайды. Қос жанардан от ұшқындап, нұр-жүзінен өр таланты өрге шапшып тұрған бала қолындағы қос ішекті қоңыр домбырасын көрсетеді.

– Қалқам-ау, естімейді ғой, – дейді хан.

– Алдияр, тақсыр! Шанақтан көкірекке нұр құйылар... – дейді Талант.

– Ұмтылысыңды Құдай қолдасын! – деп қос қолын кеудесіне айқастыра қойып, басын иіп, хан басымен жас Талантқа тағзым етіп, жол нұсқайды.

Сән-салтанаты жарасқан оңаша сарайшықта көңілі жүдеп-жадап отырған Құланды алдымен домбыраның құлағымен кеудеге нұқып қойып барып, қарсы алдына малдас құра жайғасқан Талант қоңыр домбырадан құйқылжыта күй төгеді. Кемерінен аса, шалқи аспанға шапшыған шаттық сазы сарайшық ішін кернеп, қабырғалар жаңғырығымен толқындана-қайталана бір-бірімен астасып, оркестр ырғағын құрайды. Осы бір қуаныш күйі сүт пісірім уақыт шалқығанда Құланның сана-сезіміне де, жан дүниесіне де тылсым бір нұрлы ағыс әсер етіп, тұла бойы қалшылдай селкілдеп барып, Құдайдың құдіретімен көзі көріп, құлағы ашылып, тілі сайрап қоя береді. Сол сәт томағасы сыпырылған қыранша екпіндей ұмтылған ол көзінен қуаныш жасын моншақтата келіп:

– Мен қанымнан, жанымнан жаратылған үш бірдей ұрпақты болған екем ғой! Тәубә! Тәубә! – деп, домбыраның шанағын сүйе берген екен.

Лаң Құланның сауығу құрметіне бүкіл Қазақ даласына жетпіс күн ойын мен тойын жасапты. Талантқа бар байлығының үштен бірін бөліп беріпті. Жаны сүйген мұрагерін сән-салтанатпен алтын тағына отырғызып, Талантты бас уәзірлікке сайлапты.

Қазынадағы алтынының бір бөлігіне арнайы шеберхана салдыртып, оған озық шеберлер жинап, домбыра жасаттырып, оны әрбір қазақ отбасына тегін тараттырыпты. Сол қасиетті қоңыр домбыра күні бүгінге дейін қазақтың әр үйінің төрінен орын алып келе жатқаны содан басталса керек.