Кері қайту
«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ»

«Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің». 

(М. Мақатаев)

 

Үлкен қаланың шағын көшесі. Бұрынырақта әлдебір орыстың атымен аталған. Бірнеше жыл бұрын ел танитын батыр атамыздың аты берілді. Басқаны білмеймін, өзіміз осы көшенің тұрғыны екенімізді мақтан тұтамыз. Бұл көшенің бойында орыс та, кәріс те, ұйғыр да тұрады. Дегенмен қазағы көбейіп келеді...

Біз осы жолдың бойымен Талшын екеуміз күніге екі мәрте қатынаймыз. Таңда үйден балабақшаға, кеште балабақшадан үйге қарай жүріп өтетін жолымыз – осы. Бірақ біздің жылдамдығымыз екі бағытта екі түрлі болады. Өйтетін себебіміз, ертеңгілік Талшын балабақшадан кешігіп қалмау үшін мүмкіндігінше жылдамырақ жүруге тырысамыз. Кейде уақытымыздан кеш оянып қалсақ, онда тіпті аз-кем жүгіруімізге де тура келеді. Ал кеште асықпай аяңдаймыз. Өйткені, біз қай уақытта барсақ та, Талшынның мамасына бәрібір. Ең бастысы кешкі асқа үлгерсек болғаны. Мамамыз сегіз жарымнан кешігіп қалсаң, кіргізбей қоятындай тәрбиеші Жанар апай емес.

Қыстың қату мінезі қайтып, көктемнің жаймашуағы белгі бере бастаған жайлы күн еді. Бүгін де күндегі әдетіміз бойынша балабақшадан шығып, үйге қарай асықпай аяңдап келеміз. Талшын әдеттегідей әр нәрсені сұрап, мазамды алуда. Кейде тым-тым сұрағыштап кеткенде ашуланып қаламын. Бірақ білмекке құмарлығы екенін ескере отырып, ықылассыз болсам да, жауап беруге тырысамын. Әр күн сайын әртүрлі тақырыпты сөз етеміз. Және бір қызығы, біз мына күні мынадай тақырыпта сөйлесеміз деп жоспарламаймыз. Біздің жол бойындағы әңгімеміздің не жайында болатыны да аяқ астынан туындайды. Бүгінгі әңгімеміз ойламаған жерден Жаратушы иеміз жайында болды. Талшын әудем жерде тұрған православтардың шіркеуін иегімен нұсқап:

– Әке, анау орыстардың Құдайының үйі ме? – деді.

– Неге олай дедің? – дедім сұрағына сұрақпен жауап беріп.

– Өйткені, шешем қазақтар баратын мешітті Алланың үйі дейді ғой.

– Қызым, Құдай жалғыз. Әр ұлттың жеке-жеке Құдайы болмайды. Егер қазақтың өз Құдайы, орыстардың өз Құдайы болатын болса, онда біздің еліміздің өзінде 130 Құдай болатын еді. Ол дұрыс емес. Олай болмайды ешуақытта. Он сегіз мың ғаламды жаратқан бір ғана Құдай бар. Орысты да, қазақты да жаратқан бір Алла.

– Аңдар мен құстарды ше?

– Аңдар мен құстарды да, барлық өсімдіктер мен жәндіктерді де сол Алла жаратқан.

– Онда неге бөлек-бөлек мешіт салған.

– Өйткені, Құдай біреу болғанмен, сенімдер әр түрлі.

– Құдай мешіттің ішінде отырады ма?

– Жоқ, Жаратқан иеміз аспанда, жеті қат көкте.

– Онда неге мешітті Алланың үйі дейді?

– Өйткені, ол жерде адамдар Аллаға құлшылық жасайды.

Талшын біраз уақыт үнсіз қалды. Оның не ойлап келе жатқанын білемін. Жаратқан иеміз жайындағы жақсы ойларын бөлмеуге тырысып, мен де өз ойларыммен жеке қалдым.

– Әке, – деді Талшын бір уақытта жұлып алғандай.

– Әу.

– Біз Құдайды көре аламыз ба?

– Иә, көре аламыз.

Талшын менің жауабыма қатты қуанды. Қуанғаны сол – бет-жүзі алаулап шыға келді. Қызық, бала түгілі кейде біздер үлкендердің өзі Алланың нұрлы дидарын көрмекке құштарлана бермейтініміз анық қой. Өмірінде бірде-бір рет ол жайында ойланып көрмеген адамдар қаншама. Талшын жұлып алғандай:

– Сонда қашан, қайдан көреміз? – деді.

– Оған дейін көп уақыт бар, қызым. Ол үшін адамдар тәртіпті бала болып өсіп, үлкейгенде жақсы адам болып өмір сүруі керек. Содан кейін үлкен ата, апа болған кезінде жаны аспанға ұшып кетеді. Сол жақта Алланы көреді, – дедім. Енді ғана ес жиып, дүниені тани бастаған қызыма ақырзаман жайында қозғамай-ақ қояйын деп шештім.

– Егер тәртіпті бала болмаса, үлкейгенде жақсы адам болмаса, көрінбейді ме сонда?

– Иә, нашар адамдарға көрінбей қояды.

Ол тағы да үнсіз қалды. Нақты не ойлап келе жатқанын білмесем де, шамалай алатын сияқтымын. Расында да ол жаңағы ойдың төңірегінен алыстамаған екен.

– Әке, онда Алла Димаға көрінбейтін шығар.

– Неге олай дедің?

– Өйткені, ол деген тәртіпсіз бала. Тобымыздағы қыздардың шашын жұлып, балаларға тиісіп, жылата береді.

– Жоқ, Талшын. Олай деуге болмайды. Оныкі жай ғана ақымақтық. Немесе ессіз еркелік. Жаратушы Алланың мейірімі шексіз. Және соншалықты кешірімді. Ол Диманың ақылсыздығын кешіреді. Бар болғаны Дима үлкейгенде жақсы адам болса болғаны.

– Менің әжем жақсы адам болды ғой. Алла әжеме көріне ме?

– Әрине, көрінеді.

– Онда мен де өмір бойы әжем сияқты жақсы адам боламын.

Біздің бұл әңгімеміз кезекті бағдаршамға келгенде ғана үзілді. Ойланып келе жатып байқамай қалсам керек, қызым қолымнан тартып:

– Әке, қызыл жанып тұр ғой, – дегенде барып қана шошып оянғандай қалт тұра қалдым.

– Қызыл жанғанда тоқтаймыз. Сары жанғанда дайындаламыз. Жасыл жанғанда жүреміз. Бізге Жанар апай солай деп үйреткен. Ал енді жүрейік, жасыл жанды.

Талшын екеуміз ақ жолақтың үстімен өтіп, үлкен жолдың жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған соқпаққа түстік. Талшын аяғын апыл-тапыл басып, алдыма түсіп алып жылдам жүріп келе жатыр. Дүкеннің алдында мүгедектерге арналған арбада екі аяғы тізесінен кесілген орта жастағы ер кісі отыр. Жүзі жаздың ыстығында аптапқа күйіп, қыста аязға қарылып, әбден тотыққан. Талшын әдеттегідей қалтасынан 15 теңгесін алып, мүгедек кісінің алдындағы қорапқа тастады. Бұл ақшаны анасы таңда тәттіге деп берген. Мүгедек кісі бетін сипап, «Алла жарылқасын» деп қала берді. Талшын бір жымиып қойды да:

– Бүгінше битәмін жемей-ақ қояйын. Мына аға нан алып жесін, – деді.

Осындайда ойланасың… «Әке баланы ғана емес, бала да керек жерінде, белгілі бір мөлшерде әкені тәрбиелейді» деген тәмсілдің рас екеніне тағы да көз жетсізесің. Әйтпесе мұндай мүгедектердің әрқайсысына бұрылып қарап, әр кездескен сайын қорабына ақша тастай бермейтініміз шындық қой.

– Әке, бұл кісінің балалары жоқ па сонда?

– Білмеймін.

– Жоқ шығар. Әйтпесе күн суықта бүйтіп отырғызып қоймас еді ғой.

Неге оған кейбір адамдар ғана ақша береді де, кейбір адамдар бермейді.

– Өйткені, екі аяғы бүтін демесең, дені сау адамдардың өздерінде де ақша көп бола бермейді. Және мына ағаға үкімет ай сайын ақша төлеп тұрады.

– Аяғы жоқ болғаны үшін ба?

– Иә.

Жаны жаңа жауған қардай кіршіксіз таза, көңілі тау суындай мөлдіреп, күлкісі тасбұлақтай сылдырлап тұрған қызымның әрбір қылығына қарап, қуанып келем. Адамның бойындағы мейірім азайып тұрған уақыт қой. Оның үстіне бірін-бірі бауыр көретін ауыл да емес. Талас пен тартысқа толы қарбалас қала. Жер бетінен жоғалып бара жатқандай көрінетін мейірімнің жас жүректерде қайта түлеп, бүр жаратынын көріп, көңіл жұбатасың. Меніңше, Алла тағала ешкімді де қатыгез қылып жаратпайды. Әр пендесінің жүрегіне өміріне жетерлік мейірім құяды. Тек өсе келе, есейе келе әр түрлі себептермен жоғалтып алатын сияқтымыз. Кейде өзіміздің қатыгезденгенімізбен қоймай, жүректері мейірім мен махаббатқа толы бүлдіршіндерді де қатайтып аламыз ба деп қорқамын. Біз бүлініп болдық қой. Бүлінбегенде неміз қалды? Шіркін-ай, осы періштелер адамдық табиғатынан алыстамаса екен деп тілеймін.

– Әке, мен бірден екінші сыныпқа барсам қайтеді?

Талшынның мына оқыс сұрағы мені қалың ойдың арасынан суырып алды.

– Неге?

– Өйткені, мен әріптің бәрін білемін. Жаза да аламын, оқи да аламын. Тіпті санай да аламын.

– Осы сен қаншаға дейін санай алатын едің?

– Миллионға дейін.

– Қалай сонда?

– Мен бұрын жүзге дейін санай алатынмын. Сүйтсем, жүзге дейін санап үйренгесін әрі қарай кете береді екен ғой. Мысалға жүз дегеннен кейін жүз бір, жүз екі деп санай бересің. Екі жүзден, үш жүзден кейін де солай.

– Ал, мыңға жеткенде ше?

– Ол да қиын емес. Мың бір, мың екі деп кете береді де, әрі қарай бір мың бір жүз елу бес деп жалғаса береді.

– Дегенмен өз қатарыңмен бірге оқығаның дұрыс.

– Мен де соны айтам ғой, әке.

– Онда сол қатарларыңмен бірге бірінші сыныпқа бар.

– Жоқ сіз мені түсінбей қалдыңыз. Менің тобымдағы Дималар менің қатарым емес қой. Олар әлі әріп танымайды. Оны айтасыз санай да алмайды. Сондықтан мен олармен бірге бірінші сыныпқа барып әуре болмай, бірден өз қатарыммен бірге екінші сыныпты оқи берейін.

– Жарайды, қызым, оны жазда шешерміз. Мүмкін қыркүйекте сені екінші сыныпқа қабылдатармыз. Бірақ асықпаған да жөн.

– Әке, мен тезірек өсіп, саған көмектескім келеді.

«Арманшыл қызым менің!» дедім іштей сүйсініп. Осылардың арманы ғой бізге қанат бітіріп жүрген… Бұлар болмаса марғау тірлік меңдеген сары мысық құсап жата бергіміз келеді-ау пеш түбінде.

Әне анау бір тұста қос қабатты әсем үй тұр. Талшын сол үйге қатты қызығады. Біздің сондай үйіміз болса ғой деп армандайды. Бүгін тағы да көз алмай қарап келе жатыр. Әлден кейін:

– Әке, біз қашан осындай үй саламыз? – деді.

Мен де әдеттегідей:

– Асықпа қызым, бізде бәрі де болады, – дедім. Ең алғаш көргенде не дегені де есімде. Бұл үйді алғаш көргенде:

– Әке, анау үйді қарашы, – деген.

– Иә, көрдім, – дегенмін немқұрайдылау.

– Күшті, иә, – деген ол сүйсіне қарап.

– Иә, – дегенмін мен соңы немен аяқталар екен деп.

– Біз де осындай үй салайықшы, – деген.

Содан бергі арманы – сол. Бір бөлмелі жатақханадан зерігіп те кетеді-ау, шамасы. Өзіміздің үйіміз болса, ол үйдің ауласы кең болса, ойын алаңында құм үйіліп жатса деп армандайды. Егер солай болса, өзінен кейінгі інісін арбасына салып сүйреп, арасында құмға ойнатар еді. Ал жатақханада тұратындықтан оған ондай мүмкіндіктер туа қоймайды. Қаптаған машиналардан қауіптенеміз. Бұл күнде аулаларда балалар ойнайтын да орын қалмай барады. Қай жерге кірсең де, иін тірескен машиналар тұрады.

Машина демекші, біз қызым екеуміз кейде оны да армандап қоямыз. Әсіресе қыстың күндері аяз қысқанда қатты қиналып кетеміз. Үй мен балабақшаның арасындағы 1 шақырымнан аса жер күн суығанда 3 шақырымға татиды-ау. Бірде күн қатты суық болды. Қар борап берді. Жылдам жүрмек тұрмақ, қарыс қадам аттау мұң. Сөйтіп, әрең жүріп келе жатқанымызда, көрші тұратын бір кісі тоқтап, бізді жеткізіп салған еді. Талшынның сол кездегі қуанышында шек болмады. Қуанып тұрып қайырымды ағасына:

– Рахмет, ағай, – деген. Күннің суығына тоңбай, жып-жылы машинамен жетіп келгенді кім жек көрсін.

– Бізде де осындай машина болса ғой, – деп еді маған үмітпен қарап. Содан кейін:

– Асықпасақ, бізде бәрі де болады, иә, әке, – деді.

Әдейі менің сөзімді айтқан. Бір шетінен өзін жұбатып, екіншіден, менің шарасыз қалпымды аяған шығар.

Қазір де сол әр түрлі армандардың иірімінде келе жатыр. Адамды биікке шығаратын да, жетістікке жеткізіп, бақытты ететін де сол арман емес пе? Барлық жақсылықтар армандаудан және сол арманға ұмтылудан тұрмай ма? «Армансыз адамның қанатсыз құспен тең» екендігін білетін мен Талшынның арманына қанат бітіріп тұрамын ылғи.

– Талшын, біздің өзіміздің үлкен үйіміз болғанда сен ол үйге не істейсің? – дедім мен әдейі.

– Ол үйдің ауласы кең бола ма? – деді ол.

– Иә.

– Ол үйде тал-теректер бола ма?

– Болады. Болмаса өзіміз егеміз.

– Иә, айтпақшы өзіміз егеміз бәрін. Біздің бақшамызда алма, алмұрт, шие, өрік – бәрі өсетін болады. Және жәй ғана теректерде де өседі. Сол жай теректерге құстың ұясын жасаймыз. Оған құстар келіп балапан шығарады.

– Құстар шиелеріңді жеп кетсе, қайтесің? – деймін мен қайтер екен деп.

– Жоқ, менің құстарым ақылды құстар болады. Олар жеміс-жидекке тиіспейді. Олар жемістерге тиіспес үшін қарындары тоқ болу керек. Ал олардың қарындары тоқ болу үшін, біз олардың ұяларына жем салып тұрамыз.

Міне, арманымыз бен қиялымыздың, әр түрлі тақырыптағы әңгімелеріміздің әсерімен үйге де жақындап қалдық. Өмір жолы да осы көше жолы сияқты емес пе? Жол-жөнекей жақсы да, жаман да кездеседі. Қалтарысы мен бұлтарысы да көп. Бір мақсатты бетке алып жүріп өте шығасың. Қазір үйге кіреміз, киімімізді шешеміз. Содан кейін қолымызды жуып, кешкі тамақ дайын болғанға дейін теледидар қарап, кітап оқып біраз уақыт өткіземіз. Одан кейін жарым сағат әткеншек тебеміз де, тақпақ жаттаймыз. Сосын тоғыз жарымда ұйқыға жатып, таңғы жетіде оянамыз. Содан кейін тағы да өзіміздің үйреншікті жолымызбен балабақшаға барамыз. Талшын сонда қалып, мен жұмысыма кетемін. Содан кейін кешке қарай тағы да үйге қарай асығамыз. Осылай өмір жалғаса бермек.

Талшын менен екі-үш адым жерде алдыға бастап бара жатыр. Оң қолын жүрек тұсына қойып алып, әнұранды шырқап келеді.

– Менің елім,

Менің жерім.

Гүлің болып егілемін, елім,

Туған жерім менің, Қазақстаным! – деді де қалт тұра қалды. Содан кейін маған тіктеп қарады да:

– Әке, Қазақстан менікі ғой, иә? – деді.

– Иә, Қазақстан сенікі, – дедім күліп.

Рас, бұл сенің елің, сенің жерің! Сен осы елдің егілген гүлісің, төгілген жырысың, қызым. Туған жерің – сенің Отаның. Бұл сенің Қазақстаның. Сенде бәрі де болады. Сәл шыда.

Үйге кірген бойда бойын қуаныш кернеген Талшын киімін шешіп жатқан шешесіне:

Апа, біздің Қазақстанымыз бар ғой. Бізде бәрі де болады. Бірақ сәл шыдауымыз керек екен, – деді.

– Шыдауындай-ақ шыдап келеміз ғой. Қашан болар екен? – деді шыдаудан басқаға амалы жоқ анасы.