Кері қайту
ҮЙ ХАЙУАНАТТАРЫ АДАММЕН ҚАЛАЙ ДОС БОЛДЫ?

Ертеде қой, ешкі, сиыр және түйе бәрі тоғайда өмір сүріпті. Күндердің күні қой аяқ асты ауырып, мазасызданып қалды. Көп кешікпей қалған достары да ауырып, әбігерге түседі.                                       

– Сен ауылға барып дәрігерге көрінші. Бүйте берсек өліп қалуымыз мүмкін, – деп ешкі қойға өтінеді. Қой жақын жердегі ауылға келіп, дәрігерге қаралады.

– Мен сенің не ауру екеніңді таппай тұрмын. Бүгін кітаптарымды ақтарып, оқып көрейін. Ертең кел, – деді дәрігер.

Қой ауылдан шыға бере көкшіл дөңкейіп жатқан бір затты көреді. Бұл қыс бойы су тиіп қоймада қатып қалған бір қап тұз болатын. Жарамсыз болған соң ол үйдің егесі далаға шығарып тастаған екен. Қой қызығып тұзды бір жалайды. Аузына тұздың дәмі кіреді. Тағы жалайды. Кенет, өзінің ауруын жазылып кеткендей сезінеді. Сол күні ауылда қалып түнейді.

Ертеңіне достарын ертіп келіп, оларға да тұз жалатады. Қойдың тапқан еміне бәрі қуанып, мәз болады. Сол күннен бастап қой, ешкі, сиыр және түйе бәрі орманға кетпей, қалып қояды.

Сөйтіп олар осылай адамға жақындасып, дос болып кетіпті.