Сіздер білесіздер ит пен мысықтың бір семіз сиыры бар екенін. Мысыққа сүт, итке де сүт керек. Сондықтан олар сиырды баладай мәпелеп күтетін. Су береді. Жазда шөпті ит шапса, мысық оны қораға тасып жинап алатын.
Ал биылғы жағдай мүлдем басқаша болайын деп тұр. Биыл жазда ит пен мысық бір біріне қатты ренжіп қалды. Екеуі бар дүние мүліктерін бөліп алды. Үйге бір есіктен кіргенімен бөлек бөлек тамақтанды. Тіпті кәрі сиырды ит, тайыншаны мысық алатын болып келісті. Сөйтіп барлық зат өзара келісім бойынша тең бөліске түсті. Ендігі қалған мәселе сиыр мен тайыншаның қыста жейтін азығына келіп тірелді. Жылдағыдай енді шөпті иттің жалғыз шаппайтыны белгілі. Ол тек өзінің кәрі сиырына ғана шабады. Малға азықты да екеуі екі бөлек жинайтындары өз өзінен белгілі болды.
Ит мысыққа күліп:
- Тайыншаңды қалай асырайсың? - деді.
- Шөп шауып аламын, - деді мысық.
Таң ата ит пен мысық бір-бір орақты алып су ішінен пішен шаба бастады. Алғашқыда екеуінің де қарқыны қатты болды. Бір-біріне көздің қиығымен ғана қарап қойып шөптерін шаба берді, шаба берді, тоқтамады.
Бір уақытта ит отырып дем алды. Иттің дем алып отырғанына мысық қуанды. Себебі ит есінеп құсынап отырғанда мен шөпті одан көп шауып тастаймын деп ойлады. Ит ауық ауық орағына сүйсінгендей сипалап қояды. Көз қиығын иттен алмаған мысық оған мырс етіп күліп қояды.
Ит бір күнде бірнеше рет отырып тынықты. Арасында үйден ала шыққан сүті мен нанын жеді. Ал мысықта тыным жоқ. Қалайда иттен көп шөп шауып, қораны толтыруды ойлады. Ойы екі қолына маза бермеді.
Түс ауа ит шапқан шөбін су ішінен шығарып, баулап баулап күнге кептіріп қойды да үн түнсіз үйіне қайтып кетті.
Иттің бұл қылығы мысыққа тіпті күлкілі көрінді. Орағын беліне қыстырып алып кетіп бара жатқан иттің артынан айқайлаған мысық:
- Менікі кәрі сиыр, шөпті аз жейді деп аз жұмыс істеп кетіп бара жатырсың ба? Қыста шөбің бітіп қалса шөп береді екен деп ойлама! - деді.
Мысық итке қолын бұлғап:
- Шөпті кімнен кімнің сұрайтынын қыста көреміз! - деді.
- Менің шөбімнен ұрлап аламын деп тұрған шығарсың. Ұрлатпаймын. Құлып салып қоямын! - деп мысық өз өзінен ашуланды.
Сөйтіп ол қас қарайғанша шөп шапты. Соңында қатты шаршады. Қатты шаршаса да тоқтамай шөпті мықшыңдап жүріп судан шығарды. Буып, иттің шөбінен алысқа апарып үйді, баулаған бауын санады, ақыры үйіне қайтты.
Ертеңіне осы көрініс тағы қайталанды. Одан арғы күні де ит ара тұра дем алса, мысық демалыссыз тынбай еңбек етті.
Бір апта шөп шапқан мысық итті бір келемеждеуді ойлады. «Менің шөбім көп, сенің шөбің аз» деп бір мақтанғысы келді. Бірақ жағдай басқаша болды. Иттің шөбі мысықтың шөбінен екі есе көп болып шықты. Мұны көріп өз көзіне өзі сенбеген мысық тағы да ұрыс шығарды.
- Неге сенің шөбің көп. Аз жұмыс істеп, көп шөп шаптым деп ойлайсың ба? Мен өз бауымды күнде санап жүрдім. Қазір санаймын. Егер кем шықса, ұрлаған шөбіңді қайтарасың! - деп бұлқан талқан болды. Ашумен бір мая шөптің астын үстіне шығарып қара тер қан сорпа болып санады.
Міне, ғажап! Мысықтың шөбі түп түгел. Бәрі өз орнында болып шықты. Енді мысық өз қылығынан өзі ұялып, басылып қалды. Бірақ аз уақыт жіберіп, көп шөп шапқан иттің сырын білгісі келді.
- Итеке, бұл қалай? Түсіндірші, - деді.
Кішірейіп келіп, жөн сұраған мысыққа ит жөнін айтты.
- Менің ауық ауық дем алғанымды байқадың. Бірақ демалғанымды жалқаулыққа балап, миығыңнан күлдің? Неге дем алып отырсың? Деп жөніңді сұрамадың. Сұрағаныңда айтатын едім деген, мысық сөзін жалғап: Мен жәй тыныққан жоқпын, сол уақытта орағымды қайрап отырдым. Әрі өзім тамақтанып, күш жинадым. Өткір орақ тиген жерін опырып, орып отырды. Ал тыныққан дене өткір ораққа сай қимыл жасады. Ал сен болсаң жүзі мұқалған орақпен мықшыңдап күні бойы жүрдің, өзің де бір тынықпадың. Өтпейтін орақ он түп пішен шапса, өткір орақ жүз түп пішен шапты. Енді өзің түсінген шығарсың неге менің шөбімнің көп, өзіңнің шөбіңнің аз екенін, - деді.
Мысық иттің көңілінің кең екеніне риза болды. Онымен осынша уақыт ұрысысып жүргеніне өкініп қалды. Сол арада өзі бірінші болып:
- Досым, бір үйде тұрып, бұлай қырғи қабақ жүргеніміз тіпті де жараспайды екен. Келші, қайта дос болайық! - деп қолын берді.
Сөйтіп ит пен мысық қайта достасып, бөліп алған заттарын ортаға шығарып, дәу столды қойып, рахаттанып самаурынмен шәй ішті.
Сол күннен бастап олар ұрысып жүрген күннен, дос болып жүрген күндері қызықты, бақытты екенін түсінді де ұрыстан қашып жүретін болды.