Кері қайту
ТҮЛКІ МЕН АРА

Ара, ара, аралар,

Орманның бойын аралар.

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәтті ғой, ә, балалар!

Бүгін қу Түлкі қарны ашып ерте оянды. «Қайда барып тамақ ішсем екен?» – деп ойланды. Сол кезде жақын маңнан балғаның дыбысы естілді. Түлкі дыбыс шыққан жаққа қарай жүрді. Үйін жөндеп, шеге қағып жатқан Аю Түлкіні көріп теріс бұрылды.

– Аю, неге теріс бұрыласың? – деді Түлкі майысып.

– Алдап кетесің, – деді дәу Аю бұртиып.

– Бір тәтті тағам тауып алып ем соны бөлісіп жейтін дос іздеп жүрмін,– деп Түлкі қыр көрсетіп, жүнін қомпайтып, аяғын маймаң басып кете берді. Аю:

– Түлкіге сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің, – деп қала берді.

Жүре, жүре Түлкі көлге кеп тірелді. Су бетінде шабақтар шоршып ойнап жүр екен. Түлкі ойланбастан суға күмп етіп, шабақтарды қуалай бастады. Шабақтар да Түлкімен асыр сап ойнай кетті. Біресе Түлкінің алдына түсіп қашып, біресе түртіп қап, ұстатпай әуреге салды. Аш түлкі әлсіреп қалды. «Бұларды қулықпен ұстамаса болмайды, шаршап өліп қалған кейіп танытайын. Жақындағандарын ұстап ап, қылғыта берейін» деп армандап, Түлкі тым-тырыс отыра қалды. Шабақтар да тына қалды. 

– Бұлар қайда кетті? – деп Түлкі көзін ашып қараса, анадай жерде дәу Жайын екі мұрты кейін серпіліп, Түлкіге қарай қатты жылдамдықпен жүзіп келеді екен. Түлкі қалтырап-дірілдеп әрең ес жиып, тұра қашты. Қу шабақтардың сонда ғана дауысы шығып, су бетінде ойнақ сап шуылдап:

– Қорқақ Түлкі қашты! – деп мазақтай бастады. Су беті шабақтардың күлкісіне толып кетті.  Түлкі жүгіріп жағаға шықты. Алып Жайын жуан дауысымен:

– Балаларыма жолама! – деп шолт бұрылып, құйрығымен суды шолп еткізгенде жағада ентігін баса алмай отырған Түлкіні су көміп кетті.

– Жейтін бірдеңені тоғайдан-ақ табармын, – деп Түлкі кейін бұрылды да аңырайып тұрып қалды. Тоғай дегені су ортасындағы кішігірім арал екен. Қарны шорылдап бара жатқан соң Түлкі аралды аралап тамақ іздеп кетті. 

Біраз жүргеннен кейін алдынан омарта кездесті.  Аралар құж-құж етеді. Бір жағынан шелек-шелек шырын көтерген аралар омыртаға кіріп жатса, екінші жақта шелек-шелек балды дәу шыны ыдысқа құйып жатқан аралар. Түлкі аралардың бал тасып болуын күтті. Жап-жасыл шалғын үстіне жата қап тынықты. Қарны тойғандай мәз болып аунап-қаунады. Аю болып қомпайып: «Мені алдап кетесің» деп тырқ-тырқ күлді. Ал мен болсам мына тәтті балды кіммен бөлісетінімді білмей сандалып жүрмін» деді. Түн болды. Аралардың тынығатын түрі жоқ. Тағаты таусылған Түлкі омартаға қарай жер бауырлап жылжи бастады. Сояудай найзалы күзетші аралар тасада сақадай сақ тұр екен. Ұшып шығып қу Түлкіні талап, суға бір-ақ түсірді. Зәресі ұшқан Түлкі Жайын кеп қала ма деп, су бетімен жүзе жүгіріп жағаға шықты. Жата қап:

– Уф, өз үйім өлең төсегіме жеттім-ау. Біраз тынығып ап: – Аюға барайын, мына жақта қандай бал бар екенін көзімен көрсін, – деп орнынан тұра беріп тағы да аңтарылып тұрып қалды. Бұл жолы су ортасындағы басқа аралдан шығыпты. Амалы құрыған Түлкі:

– Аштан өлетін болдым ғой, – деп жылады. Көл беті тынышталып қалыпты. Ойнақтаған шабақтар көрінбейді. 

– Жайын ұйықтап жатқанда тоғайға жетіп алайын, – деді өзіне өзі. Сол кезде Жайынның күлген дауысы естілді. Түлкі суға түсуге қорқып, аралдан азық іздеп кетті. Біраз жүргеннен кейін құлағына құж-құж еткен дыбыс келді. Ол басын шайқап шайқап қап:

– Аралардың дауысы құлағыма кіріп алған ба? – деп айқайлады. Шынында да алдынан құж-құж еткен омарта кездесті. Түлкі отыра қап бақырып жылады. Күзетші аралар сап түзеп тұра қалды. Күзетшілерді көрген Түлкі жер бауырлап жағаға қарай жорғалай жөнелді. Суда Жайын жүр екен. Түлкі отырып-отырып:

– Арғы арал, бергі арал,

Ол араларды жайлаған бал аралар.

Қырдың қызыл Түлкісін қырағы алар, – деп ән салды. Түлкінің әніне су бетіндегі шабақтар билей жөнелді. Кенет балалардың дауысы естілгендей болды. Түлкі жата қап тың тыңдады. Тоғай жақтан бір қайық Түлкі тұрған аралға қарай жүзіп келеді екен. Қу Түлкі өліп қалғандай боп жата қалды. Шабақтар:

– Түлкі, ән салшы! – деп шуылдасты. Балаларын мәз қылған Түлкіге риза боп су астында жатқан Жайын жағаға ұмтылып, Түлкіні құйрығымен түртіп көрді. Түлкі тырп етер емес. Дәу аузын сылп еткізіп, ештеңеге түсінбеген Жайын қайтадан су астына сүңгіп кетті. Қайықтағы балалар жағаға шығып, қолдарындағы бос шыныны омырта қасына қойып, бал толы ыдысттарды қайыққа тиеді. Сол уақытта бір бала жағада жатқан Түлкіні көріп:

– Балалар, Түлкіні қараңдар, өліп қалыпты! – деді. Олар Түлкіні олай-бұлай аудастырып көріп, «өліп қалған екен» деп ойлап, қайыққа салып алды. Тоғайға тез-ақ жетіп, балалар бал толы ыдыстарды қайықтан түсіріп жатқанда қу Түлкі зыта жөнелді.  Бал түсіріп болған балалардың бірі:

– Түлкіні мен арқалаймын, – деді де, артынша  – Түлкі жоқ! – деп шаңқ етті. 

– Қу Түлкі жағаға жету үшін өтірік өлген боп жатқан ғой, – деді балалардың бірі.

– Ол балымызды ұрлап кетпесін, – деп бір баланың айтқаны сол еді барлығы балға қарай жүгірді. Шынымен де Түлкі бір ыдыс балды митыңдап әрең көтеріп барады екен.  Үш бала үш жақтан айқайлап тұра жүгіргенде Түлкі балды жерге қоя сала қашты. Балалар ыдыс толы балды алып бара жатқанда тал арасынан сығалап қараған Түлкі:

– Ара, ара, аралар,

Орманның бойын аралар.

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәтті ғой, ә, балалар! – деп аспанға қарап әндетті. Балалар да аспанға қарады. Бірнеше ара шелек-шелек шырын тасып барады екен.

Балалар Түлкінің тапқырлығына риза боп, өз жөндерімен кетсе, Түлкі Аюдың үйіне қарай кетті. Сол күннен бері Түлкі Аюды тәтті тағам тауып алғанына сендіре алмай келеді. Түлкіні көрген Аю теріс бұрыла береді.