Пеш үстінде бес Мысық –
Бес күзетші, бес пысық.
Тышқан ұстап жемесе,
Бола қоймас еш қызық.
Мынау Қалдыгүл әженің үйі. Ол жалғыз тұрады. Қызы күйеуге шығып кеткен. Ал ұлы студент. Қалада оқиды. Әженің шағын бақшасы, бір сиыры мен мысығы, Құтжол деген иті бар. Әже кешке сиырын сауып, сүтін үнемі пеш үстінде ұйықтап жататын дәу мысығына құйып береді. Тарғыл мысық еріне керіліп сүтті төгіп-шашып ішіп, жартысын қалдырып қайта жатады.
Әженің еденінің астында үш баласы бар Тышқан тұратын. Балалары өсіп, ержеткен соң Тышқан оларға:
– Еңбек етіп, тамақ тауып жеңдер, – деді.
Сөйтіп Тышқанның үш баласы түнімен тыным таппай әженің ас үйінен тамақ тауып жесе, күндіз тамақты даладағы бақшадан тасыды.
Әже түске таман қызарған қызанақ, піскен қиярларды табаққа толтырып ап, үйге кіреді. Мысыққа бөлек, өзіне бөлек тамақ дайындайды. Екеуі бірге отырып ішіп алады. Осыны көріп Тышқандар ашуланды.
– Мысық неге өз тамағын өзі таппайды?! – деп Мысыққа қызғанышпен қарады.
Сонда үлкен Тышқан:
– Біз Мысыққа өз тамағын тауып жеуді үйретейік. Ол да еңбек етсін, – деді.
Ортаншы Тышқан:
– Иә, тіпті құйып берген сүтті ішуге ерінеді. Маған құйып берсе ғой, дым қалдырмай ішіп алар ем, – деді қабағын түйіп.
Кіші Тышқан:
– Әже неге сүт пен етті Мысыққа береді. Бізге неге бермейді? – деді иығын көтеріп.
– Ол әже бізді жек көреді, – деді үлкен Тышқан ашуланып.
– Неге жек көреді. Ас үйіндегі тамақтарды алып кетеді деп жек көре ме? – деді аңқау кіші Тышқан.
– Ой, сен де бір қайдағы сұрақтарды қояды екенсің. Жек көреді дедім ба болды жек көреді, – деп үлкен Тышқан қол жеңін түріп ап:
– Соңымнан еріңдер, жалқау Мысықты ұйқысынан оятамыз, – деп іннен шықты. Қалғандары ілесті.
Үшеуі аяқтарын абайлап басып пеш артына барды. Жоғарыға қараса Мысықтың құйрығы салбырап тұр екен. Үлкен Тышқан жоғары өрмелеп барып Мысықтың құйрығын тартып қалды да зыта жөнелді. Мысықтың баж ете қалған дауысынан шошып кеткен екеуі екі жаққа қашты. Бірі керует астындағы кішкентай тесікке тығылды. Екіншісі еден тесігіне кіріп үлгерді. Үлкен Тышқан інге кіріп ап:
– Қап ана екеуін Мысық ұстап алмас па екен? – деп ін ішін кезумен болды.
Ортаншы Тышқан еден астын тесіп, аула арқылы үйге келді. Аңқау Тышқан керует астынан шығуға қорқып, қатты шиқылдады. Ашулы Мысық пеш үстінен секіріп түсіп, керуетке жақындады. Кішкентай Тышқанның даусын естіген үлкен екеуі:
– Кішкентайдың дауысы шығып жатыр, – деп іннен атып шықты. Мысықтың керуетке тақап қалғанын көріп, үлкен Тышқан бар дауысымен шиқ-шиқ етіп пеш қуысына қарай қашты. Мысық тұра қуды. Ортаншы Тышқан кішкентайды ертіп ап інге қашты. Үлкен Тышқан пеш артынан зу етіп өте шықты, ал дәу Мысық пеш ортасында кептеліп қалды. Сол кезде үйге әже кірді. Мысықтың ыдысына сүт құйып еркелетіп шақырды. Пеш үстінің бос тұрғанын көріп оны іздеді. Пеш артында кептеліп тұрған Мысықты әже әрең шығарып алды.
Дәу Мысық көп ұзамай төрт марғау туды. Өсе келе төрт ерке Марғау енесімен ойнап маза бермейтін болды. Бірде Енесі:
– Анау тұрған інде кіп-кішкентай бес Тышқан тұрады. Сол Тышқандарды ұстап алып ойнаңдар, – деді.
– Бесеуміз бес Тышқанды ұстап алып ойнайық! – деген төрт Мысық пеш үстінен секіріп-секіріп түсті.
Олар ін аузын тырналап:
– Бес Тышқан шығыңдар, ойнайық! – деп мияулады. Үлкен Тышқан:
– Далада жұмыс істеп шаршап кеп тынығып жатырмыз. Жаңа Құтжол бес Мысықты шақырып жіберші, ойнағым кеп тұр деп еді. Құтжолмен ойнаңдар, – деді ін ішінен.
Төрт Мысық асыр салып Құтжолға барды. Құтжолды әже шынжырмен байлап тастап, соған ашуланып тұр еді. Ол өзіне қарай секеңдеп келе жатқан төрт Мысықты көріп «арс» ете түсті. Төрт Мысық біріне-бірі соғылып тұрып қалды.
– Әй, Құтжол, бізді ойнайық деп шақырмадың ба? – деді олар жамырап.
Ашулы Құтжол олардың сөзін тыңдамай шынжырымен алысып үре берді. Төрт Мысықтың бірі:
– Бізді Тышқан алдып жіберді. Ол өзі кіп-кішкентай екен ғой. Ұстап алып сазайынын берейік, – деді. Қалған үшеуі оның сөзін құптай кетті.
Үйде үш Тышқан төрт Мысықты алдап жіберіп, өздері дәу Мысықтың сүтіне тойып ап мәре-сәре боп жатыр еді. Төрт Мысық төрт жақтан төніп келгенде үшеуі үш жаққа қашты. Кішкентай Тышқан інге қашты. Ортаншысы інге еден астымен айналып келді. Үлкені пеш қуысына кіріп, дәу Мысықтың құйрығынан тартып қап, баж еткізді. Төрт Мысық анасының ащы айқайына қарап тұрып қалды. Ал Тышқан інге зып берді.
Төрт Мысық өзара ақылдасып:
– Анамыз сияқты біз де құйрығымызды салбыратып өтірік ұйықтап жатайық. Тышқандар кеп құйрығымыздан тартады. Сонда аңдып тұрып ұстап аламыз, – деп қатар-қатар жата қалды. Іннен сығалап қараған Тышқанның бірі:
Пеш үстінде бес Мысық –
Бес күзетші, бес пысық, – деп қайта-қайта қайталап қоймады.
Ашудан шыдамай кеткен бір Мысық:
Тышқан ұстап жемесе,
Бола қоймас еш қызық! – деді.
Тышқан Мысықтың сөзіне таңғала қарады. Үлкен Тышқан:
– Бес Мысықтың бізді жеп қойғысы кеп жатыр. Енді абайлайық, – деді.
Сонда екінші Тышқан:
– Біз оларға еңбекпен тамақ тауып жеуді үйреткен сияқтымыз! – деді.
Кішкентай Тышқан ойланып тұрып:
– Шыныменде біз оларды үйреттік! – деп қуанды.
Осы оқиғадан кейін Тышқандар үнемі Мысықтар кеп қалмай ма екен деп абайлап жүретін болды. Ал Мысықтар қай жерден Тышқан ұстап аламыз деп аңдумен келеді.