Алты жасар Баян көңілсіз қалпы жазықтан көз айырар емес. Көктем де өте шықты. Жайнаған мамыр айы аяқталуға жақын. Ауылдың іргесіндегі жасыл кілемдей құлпырып жатқан кең жазықтың бояуы солып, реңі қашқан. Тіпті әредік тұсының шалғыны сарғайып сиреп, ақтаңданып көрінеді. Көктем бойы ауыл балалары шуылдасып, доп қуалап, өздері де нәзік гүлдей қыздар гүл теретін алқап құлази бастапты. Бейкүнә күлкі мен шаттыққа толы күндердің тез өткеніне өкінгендей томсырайған жазыққа сабалақ жүндеріне ошаған мен шоңайна жабысқан қозы-лақ, ала бұзаулар бауыр басып алыпты. Күні бойы бытырай жайылып, нәзік еріндерімен сүті қатқан шөпті жарыса жұлып жүргені. Жай жайылмайды, бастарын жерден көтермей жүгіре басып, жазықтың о шеті мен бұ шетін кезеді. Сосын сиыр сәскеден-ақ бастарын бір-бірінің бауырына тығып, жазық жиегінде арагідік дөңгелене өскен жиделердің көлеңкесін сағалап, бүйірлері ырсылдап тұрғаны.
– Құлыншағым, солай состиып тұра бересің бе? – деп дауыстады үйдің есігінен басын шығарған әжесі Күнімхан қисайған жаулығын түзеп қойып. – Беті-қолыңды сумен шайып, таңғы асыңды ішсей. Атаң да күтіп отыр.
– Қазір, әже! – Баян қабағын шытынып, екі алақанымен бетін ұстады. Томпақ беттері ысынып, дуылдатып тұр. Құсқысы келгендей жүрегі лоблып сала бергені. Тек жазықтың арғы шетінде шоғырланып өскен қалың жиде тоғайын сусылдап аралап өткен ерке самал есік алдына жетіп, желпінгенде бойы жазылып, сәл күлімсірейді.
Жиделердің гүл жарған кезі. Тырнақтай ғана майда, сарғыш гүлдер әлі нілін жоғалтпай, көк жасылданып тұрған ұзынша жапырақтарды көлегейлеп, алыстан сап-сары боп көздің жауын алады. Иісін айтсаңшы, иісін! Жұпары кеудені кернеп, тынысыңды ашып жібереді-ау. Осы Үшарал ауылының үлкен кісілері ылғи айтатын әңгімені де біледі Баян. Әнебір жылдары жазғытұрымда ауылға жақын Талас өзенінен балық аулауға екі адам келіпті. Адам болғанда, кәдімгі орыс. Баянның әжесі айтса: «Ол пәлекеттерің балыққа жерік пе, әйтеуір баяғыда жаз сайын ерінбеуіші еді мәтесекілдеріне мінгесіп. Аузы түкті байғұстар атаукереден басқа ештеңе ойламай ма, ауқат табылатын жақты жайлап алушы еді ғой, жүдә».
Әлгі екі орыс бір күні анау жиделердің арасында ұйықтап қапты тал түсте. Сол ұйықтағаннан қайта оянбаған екен. Ауылдың үлкен кісілері: «Жарықтық, жиденің иісі құдірет қой. Байқамасаң, басыңды айналдырып, буын-буыныңды босатады», – дейді ылғи. Сосын жиделер жаққа балаларды бейсауат жібермейді.
Баян көз алмай, жазыққа әлі қарап тұр. Енді аз күннен соң ана жиделер гүлін жерге шашып, түйін салатынына өкінетін сияқты. Ал әзірше сарғыш гүлдерге кезек-кезек қонақтаған тынымсыз аралардың ызыңдаған дауысы құлағына жеткендей. Кенеттен дәп үйдің іргесіндегі биік бағананың басынан бәбісек көкектеді. Төбесіндегі шошақ айдарын желпуіштей бір жазып, бір жинап, басын шұлғып-шұлғып сұңқылдасын.
– Бір, екі, үш... – Елең еткен Баян көкектің үнін ақырын санай бастаған. – Бес, алты...
– Құлыншағым-ау, не санап тұрсың? – деді әлгіден есік алдында немересіне мейірлене қарап тұрған әжесі селк етіп. – Тиыштық па?
– Көкектің даусын, әже! Ол көктемнің аяқталуына қанша уақыт қалғанын айтады екен ғой, – деді Баян сүлесоқ қалпы. – Ал көктем аяқталуына азғантай күн қалыпты.
– Қой, олай деме. – Немере қызының жанына таяп келген әжесі Баянның қысқа, сәл ғана бұйралау шашынан аялай сипады. – Оған бола өкінбе, қызым! Бұл көктем таусылса, келер жылы тағы да жайнап келеді. Сен құйтақандайсың ғой, есейгенше әлі талай әдемі көктемді көресің.
– Әже десе, осы ылғи неге көктем болып тұра бермейді? Сонда жазда ыстықтан тығылмайтын, қыста атам, сіз үшеуміз жаурамайтын едік қой. Қыстың келгені – көктемнің өлгені шығар, ә?
– Тәйт, ол не дегенің! «Өлген» деген жаман сөзді қайдан үйреніп жүрсің? Үнемі көктем болса, ешқашан егін піспей қоймайды емес пе? Жеміс-жидектер де көкпеңбек болып тұра береді. – Әжесі енді дауысын жұмсартып, мейірлене сөйледі. – Жаным-ау, түсіңнен шошығансың ба, таңдайыңды басайыншы. Үрейлі сөздерді айтасың қаршадай болып. Неге терлеп кеткенсің?
– Басым ауырып тұр, әже. – деді Баян ерні дірілдеп. Сосын әжесінің қатқылдау әрі жылы алақанына бетін басты. – Құлағыма да түк естілмейді.
– Құдайым-ай, табан асты ауырып қала көрме сен. Үйге жүре қойшы, қалыңдап төсек салып берейін. Біраз жатып демал. Тү-у маңдайың да күйіп тұр ғой.
Ортаңғы бөлмедегі жұмсақ төсекке жантайған кішкене қыздың демде ыстығы көтеріліп, ерні кеберсіп кетсін. Аппақ құс жастықтағы басын қайта-қайта шайқап, ыңырси аласұрып жатыр. Жас баланың кенеттен жаны қиналғаны қандай ауыр азап! Әп-сәтте бар денесі күйіп-жанып, жамылғыны серпіп, аяқ жаққа теуіп тастайды, біресе қалтырап тоңып, иегіне дейін қымтай жамылып бүк түседі. Күнімхан әжей қатты абдырап қалған. Ә дегенде-ақ атасын ауылдағы жалғыз дәрігерге жұмсаған-ды. Оның да үйі талай жер. Немере қызының нәзік қолдарын алақанымен тас қып ұстап:
– Қарашығым-ау, жүдә қатты қиналдың-ау, – деді даусына өксік араласып. Сосын Баянды шошытпайыншы дегендей қайтадан қайратына мінген. – Шыда, сәл шыда, боташым. Қазір атаң дәрігерді де алып келеді. Сосын құлан-таза жазылып кетесің, құлыншағым. Құрбыларыңмен күндегідей ойнайтын боласың.
Ұзын кірпіктерін тас жұмып алған Баянның құлағына бұл сөздердің бірі естіліп, бірі естілер емес. Ол кенет көзін ашып, ауызғы үйдің бұрышына ұя салып, бауыр басып алған қарлығаш балапандарына жем тасып, сып етіп ұшып кіріп, ізінше қайта ұшып кірген сайын ауыздарын ашқан кішкентай балапандар шиқылдарын үдете түседі.
– Әже-е, су берші, – деген Баянның әлсіз үні әрең естілген. – Су-у...
– Қазір, айналайын. Бірақ мұздай су емес, ыстық сүт ішші. Терлесең, жазылып кетерсің. – Күнімхан әжей ұзын етегіне сүрінген күйі ауызғы бөлмеге ұмтылды. Піскен сүт, ұйыған айран, құрт-май сенекте сақталатын салты ғой ауылдың. – Қазір әкелемін, жарығым.
– Қарлығаш құс, су берші, – деді тағы да әлсіз күбірлеп.
– Қазір, құлыным, сәл шыда, ыстық сүтке май қосып берейін. Терлеші, бір, – деген әжесінің даусы еміс-еміс естіле ме, қалай?!
Жеңіл қанаттар бетін тағы желпіп өтті де, ерніне әлдеқандай сұйық, бір тамшы шырын тамды. Титімдей тамшы. Сол-ақ екен, таңдайына әжесінен жасырып, талай ұрланып жеген дала гүлдерінің нәзік дәмі, балаусаның жапырағынан тілімен ақырын ғана жалап ішкен таңғы шықтың салқыны келді. Әрі тәп-тәтті, әрі мұздай. Зорланып жұтынған. Әлгі дәм таңдайынан кетер емес. Өн-бойының бәрін тер жапқан Баян қатты ұйықтап кеткенін сезбей де қалды.
...Екі күннен кейін әжесі ауызғы есіктен сөйлей кірді.
– Обал-ай, мына қарлығаштың бір балапаны өліп қапты, – деді қамығып. – Байғұс солар үшін күндіз-түні тыным таппаушы еді. Жарықтыққа қиын болды-ау енді. Менің ерке қызым да ойда жоқта ауырып, үрейімді ұшырды ғой...
Ұядағы қарлығаш балапандарының баяғыша тынымсыз шиқылдағаны да естіліп тұр. Тек бір дауыс жетіспейтін сияқты. Баян қабағын шытынып, қарақат көзін жұмды. Бетіне жұмсақ желпіген қанаттың лебі қайта сезілген сияқты. Таңдайына гүл мен шықтың тәтті дәмі келгендей... Бірақ әлденеге жылағысы келді еңіреп.