Кері қайту
Орман баласы (ертегі)

Шаң басса құмды дауылда, Жуынған нөсер жауынға, Көкжиде деген ауылда Болыпты осы оқиға, Берілген саған оқуға, Жараса, ойға тоқуға. Ағайынды жігіттер, Болашақтан үміткер,

Сол ауылда тұрыпты,

Əрқайсы отау құрыпты.

 

Дəулетті екен ағасы, Бəріне келген шамасы. Байлардың бар ғой бағасы. Мал-мүліктің бəрі бар,

Тек болмапты баласы.

Кедей екен інісі,

Жанға батқан мұнысы.

Алыс емес сол маңнан,

Қалың нулы орманнан Ағаш шауып əкеліп, Сатады екен інісі,

Осы болған жұмысы, Оңай емес мұнысы. Жұбанышы, тынысы – Бар байлығы ұлы  бар,

Сол алтыны, күмісі. Қойғандай бейне бал құйып, Сілекейі ағып, балпиып, Отыратын сүйкімді

Түріне қарап сəбидің, (Бала деген бағы үйдің),

Ат қойыпты Балпан деп,

Еліне болсын қалқан – деп.

Ағасының əйелі –

Төркіні де бай еді.

Не ішемін? – демейді, Не киемін? – демейді. Кінəлі өзін санай ма, Күйеуі оған не дейді.

Теріс пе ойы, түзік пе? Жұбанбай гауһар жүзікке, Еленбей алтын сырға да, Кербезденіп ырғала,

Күні бойы сыланып,

Аңсайтыны  – бір бала.

Абысын ұлын сүйгенде, Өртеніп іші күйгенде, Жер таппайды кіретін, Құртуды ойлап сол ұлды, Келтіре алмай бір ретін, Іш-құса болып жүретін. Бір күні тапты амалды,

Шақырды кемпір Жамалды. Кемпір ойын болжады, Болды байғұс олжалы. Түймесі алтын қапсырма Шапан киіп, ап сырға,

«Баланың көзін жой» деген,

Алды қиын тапсырма.

 

 

Сол кезде бала бірде еді, Отбасымен бірге еді. Құрт, ірімшік жегені, Бала ғой үйір тəттіге,

Кемпірдің жолы сəтті ме?

Сниккерс дегенің,

Сол заманда-ақ бар екен, Кемпірдің іші тар екен. Сниккерс берем деп, Алдап сəби баланы,

Ертіп кетіп қалады.

«Баба, куда идем?» – деп,

Сұраса бала шүлдірлеп,

«Сниккерс – депті – аламыз, Блізке қалды арамыз.» Көтеріп алып, тоғайға

Апару оған оңай ма? Орманға əзер жетіпті, Көрсетіп гүлді даланы, Аңқау сəби баланы Адастырып кетіпті. Мұны оқыған, балалар, Бəріңде де сана бар. Бөтен жанға сенбеңдер, Соңдарынан ермеңдер.

Берсе де ақша, балмұздақ, Есте болсын жалғыз-ақ: Бергенін тіпті алмаңдар, Ауыздарыңа салмаңдар.

 

 

Жалғыз қалып орманда, Зəру болып қорғанға, Жылады бала бақырып, Көмекке жұртты шақырып. Кім келеді бірақ та, Қалғасын жалғыз жырақта. Бір кезде естіп дауысын, Болатын аңыз-дастанда, Алып құс болат қауырсын, Көтеріп алып аспанға, Кішкентай сəби баланы,

Бір жаққа кетіп қалады.

 

 

Аспан мен жердің арасы, Тудырды үрей шамасы. Тырнағында сол құстың, Зəресі ұшып байғұстың, Есінен бала таныпты. Білмейді қанша өткенін, Самалдың сезіп өпкенін, Есін жиып алыпты.

Көзін ашып қараса, Салтанаты жараса, Сарайда жатыр сəулетті, Кім болды екен дəулетті?

Бұғы-ана желпіп тұр, Бұл жатыпты елтіп құр. Айнала гүлдер жайнаған, Əнші құстар сайраған.

Не біледі жас бала,

Қарайды шошып, жасқана.

Төрдегі тақта керіліп,

Ауыр ойға беріліп,

Бір ашып көзін, бір қысып, Жатыр үлкен бір мысық, Балаға солай көрінген. Алтын тақта керілген,

Билігі қолда сол маңның, Патшасы еді орманның. Болмасын істер бір ағат, Аман болып жұрағат, Көрмесін деп қиянат, Тыныштықты сақтаған,

Сол үшін оны мақтаған, Мысық емес ол Барыс, Балаға қалай қолғабыс Жасаймыз деген толғаныс, Ойландырып тастады, Қазақша сөзін бастады:

«Не істейміз адам баласын,

Табамыз қалай анасын?» Тұманданып көз алды, Қасқыр сонда сөз алды:

«Орманның ел жақ бетіне, Тастайық ауыл шетіне. Жылап тұрған баланы,

Адамдар тауып алады.» Түлкі де оны қостады, Артық бір сөз қоспады. Қарсы болды Бұғы-ана:

«Қатпаған əлі бұғана Баланы ауыл шетіне, Суық желдің өтіне

Қалдыруға көнбеймін, Мен бұларға сенбеймін, Ешкімге де бермеймін. Ерекше бір күтіммен, Асыраймын сүтіммен.» Барыс сонда ойлайды:

«Біздікі болар астамдық, Жасағандар қастандық, Кек алуын қоймайды. Тағы бір көрсе жетеді, Баланы құрбан етеді.»

«Көптен бері іздегем, Алладан да сұрағам. Болашақ үшін бізге де Керек еді бір адам.» Баланы қатты үркіткен, Қарады қыран Бүркітке:

«Тыңда, болат қауырсын,

Сен енді оған бауырсың, Оған туған ағасың, Білесің оның бағасын. Адамға да, аңға да

Жыртқызбайсың жағасын.»

 

 

Барыстың сөзі кесікті, Сарайда өмір кешіпті. Баланың сезіп, білгені: Қазақша екен тілдері. Бастаса бір сөз шүлдірлеп, Аң-құсты түгел күлдірмек. Қазақша сөйлеп үйренді, Ерекше бір күйге енді. Құнарлы сүті Бұғының Екенін бала ұғынып,

Көңілі желдей есіпті.

Күн сайын емес, көрсеңіз,

Сөзіме менің сенсеңіз,

Жасырмай сырын айтайын, Өссе де жөн ғой ай сайын, Сағат сайын өсіпті.

Өткізіп сансыз айларды, Білекті болып өсіпті. Жолбарыстай айбарлы, Жүректі болып өсіпті.

Қайраттылар дос болып,

Əлсіздер оған өшікті.

 

 

Үйретіп мінді Құланды, Қарағай мүйіз Бұланды. Тілін біліп, атына

Тұсау еткен Жыланды. Жүгіруге келгенде, Озып кеткен желден де. Бұғы-ана сый құрлы, Үйретті небір сиқырды:

«Айтсаң құпия сөздерді,

Түр-келбетің өзгерді.

«Алди-галди, тавубалди», Осыны айтсаң, сенесің, Қалаған түрге енесің. Қайталасаң тағы бір,

Өз қалпыңа келесің.»

Жасырмады баладан,

«Жəбір көрсең жаладан, Алған жұрттың мазасын, Күнəхар тартсын жазасын,

«Алди-балди, дуоланди»,

Дегенді айтсаң басқаға,

Бейнеге өзің қалаған, Айналады аң-құсқа, Айналады тасқа да.»

 

 

«Алди-галди, тавубалди», Осыны айтып сасқанда, Құс боп ұшты аспанға.

«Алди-балди, дуоланди», Осыны айтып кезінде, Жолбарыстың өзін де Айналдырды күзенге.

 

 

Жігіт боп өсті көрікті, Ел айтқандай «бөрікті». Өзіне қамқор санаған, Бірде ол Бұғы-анадан

«Ата-анам кім? – деп сұрады, –

Олардың қайда тұрағы? Биледі бір ой санамды, Табамын туған анамды.»

Бұғы-ана бұған қуана,

Сұрағанын құп ала,

«Жігіт болдың, ержеттің, Ізде» – деді Бұғы-ана. Жігіт сонда ойлады,

Ойға  терең бойлады:

«Өстім Қаратүбекте,

Бұл жерге жоқ түк өкпе. Ана жақта Сарыесік, Мына жақта Көкжиде, Айналасы көп жиде.

Туған жерім қай ауыл, Қайсысы мұнда таяуы?» Үміті енді бір күткен, Сұрап білу Бүркіттен. Бүркіт айтты баяу кеп:

«Тыңдасаң менің сөзімді,

Тапқан жерім өзіңді,

Көкжидеге таяу – деп, – Кететін жер жаяу кеп. » Бұғы-ана сөйледі:

«Мынау сенің көйлегің, Осымен келдің бізге сен, Ата-анаңды іздесең,

Көйлекпен іздеу саларсың,

Сөзімді еске аларсың.»

 

 

Содан соң  жігіт толғанып, Құпия сөзбен қомданып, Құс болып, түспей назарға, Келіп қонды базарға.

«Алди-галди, тавубалди», Сұлу қызға айналды, Жігіттігі жай қалды. Көйлекті алып қолына, Келеді қарап жолына. Айналшақтап жүрген бір,

Жақын келіп бір кемпір,

Қатулы үнмен сөйлепті:

«Қайдан алдың көйлекті?»

«Қыз» айтыпты: «жүріңіз, Таныс маған түріңіз. Сниккерс берсең айтамын, Орманға сосын қайтамын.»

Қорыққаннан көзі аларып, Бойына үрей таралып, Кемпір шошып кетіпті, Күнəсінің бары анық, Жігіттің көзі жетіпті. Кемпірді жеке шақырып,

Арыстан болып ақырып:

«Шыныңды айт» – деп қыстапты,

Көрген байғұс қыспақты, Еске алып сонау жылғысын, Мойындапты қылмысын.

«Алди-балди, дуоланди», Сиқырға біреу бөгет пе, Айналды кемпір төбетке.

 

 

Екінші рет дегенде, Базарға «қыз» келгенде, Соңынан ерді көктөбет, Жүргендей оған өкпелеп, Қыңсылайды, жылайды, Бұлғаңдатып құйрығын, Күтіп «қыздың» бұйрығын.

«Қыз» төбетке қарамай,

Базар ішін аралай,

Көйлекті алып қолына, Келеді қарап жолына. Бір əйел бірде кезікті, Жеңгесі екенін сезіпті. Оны көрген көктөбет,

Шақырғандай жекпе-жек,

Шабаланып үріпті,

Етегінен бүріпті.

Жұлып ап əйел көйлекті, Көкірегіне басыпты, Келісуге асықты:

«Бала көрмей жүр едім,

Менің саған тілегім,

Не сұрасаң беремін, Айтқаныңа көнемін, Ырым болсын, көйлекті

Маған сат» – деп сөйлепті.

«Қыз» айтыпты: «жүріңіз, Таныс маған түріңіз. Түймесі алтын қапсырма

Шапан беріп, тақ сырға, Сонда сатам» – деген ғой. Əйелге сол сəт келген ой. Қорыққаннан көзі аларып, Бойына үрей таралып, Жеңгесі шошып кетіпті,

Күнəсінің бары анық, Жігіттің көзі жетіпті. Əйелді жеке шақырып, Арыстан болып ақырып:

«Шыныңды айт» – деп қыстапты,

Көрген байғұс қыспақты, Еске алып сонау жылғысын, Мойындапты қылмысын.

«Алди-балди, дуоланди», Бұл сөз бізге таңсық па? Айналды əйел қаншыққа.

 

 

Үшінші рет дегенде, Базарға «қыз» келгенде, Көктөбет пен бір қаншық Шабаланып жүр екен, Салғыласқан түрі екен.

«Қыз» оларға қарамай,

Базар ішін аралай, Көйлекті алып қолына, Келеді қарап жолына. Кенет халық шулады, Жүрегі «қыздың» тулады. Құлап жатыр бір əйел,

«Не болды?» – деп сұрайды ел.

Көйлекті көріп қалыпты, Содан естен таныпты. Баз біреулер жүр үркіп, Біреулері су бүркіп,

Есін жинап алыпты.

Көйлекті көріп жылады,

Көзінің жасын бұлады.

«Айналайын Балпаным, Таусылған ба талқаның?» Соны айтып əйел боздады, Іштегі шерін қозғады.

Ал жігіт білді мекенін,

Атының Балпан екенін.

Көктөбет пен қаншық та Көздерінен жас парлап, Білдіріп ойын астарлап, Əйелдің жалап көз жасын, Олар да бірге боздасын.

«Ит болса да адамдай,

Біледі жайды бағамдай» –

Депті көрген жамиғат,

«Қыз» соны етіп қанағат, Мейірімнің жоқ теңдесі, Ниеттеріне сеніпті.

«Алди-балди» дегенде, Кемпір менен жеңгесі Өз қалпына еніпті.

 

 

Көрді ол туған үйін де,

Жұпыны, тозған күйінде.

«Қыз» анасын құшақтап,

Кетпепті тек ұсақтап. Төзімі оның күшті еді, Айтпады сырын іштегі.

«Ұлыңыз тірі, келер» – деп,

Анасын өзі жұбатты.

Анаға «қыз» ұнапты,

Сөйлесіп біраз сынапты,

«Ұлымның жоғын іздеген,

Келінбісің?» – сұрапты.

«Келеді ұлың сүйікті» – Деп, анасын сүйіпті. Анасы кенет мұңайды, Уайымы бар сыңайлы.

«Үйіміз мынау, пұлымыз Ол да жоқ, келсе ұлымыз.» Айтпай-ақ ойын түсінлі,

«Көрсетейін – деп, – күшімді,» Теріс қарап, «Алди-галди, Тавубалди» – дегенде,

Сықырлап кетіп еден де, Кенеттен үйі шайқалды, Өзгергені байқалды, Айналды зəулім сарайға.

Қыз айтты: «осы жарай ма?» Теріс қарап, «Алди-галди, Тавубалди» – дегенде,

Ламинат салған еденде, Пайда болып үйінді, Сауылдап алтын үйілді. Сол заманның салтымен, Саудасы жүрген алтынмен. Мұны көрген анасы,

Күнелткен пұлмен аздаған, Байланып тілі шамасы, Талып қала жаздаған. Біреуі қалар майып боп, –

Деп «қыз» кетті ғайып боп.

Орманға жігіт қайтыпты, Бұғы-анаға бəрін айтыпты. Риза ғып Барыс атасын, Бəрінің алып батасын, Туған үйіне келіпті,

Кең сарайға еніпті.

Сымбатты жігіт көрікті Əкесін сонда көріпті. Той жасапты сарайда ақ, Шақырылды бар аймақ. Шақырылды аң-құстар,

Кедей-кепшік, байғұстар.

Кемпір менен жеңгесі Кіргендей боп енді есі, Арылып теріс ұғымнан, Шақырған соң есіркеп, Абысынға «кешір» деп, Аяғына жығылған.

Қызығып сол жігітке, Талай қыз жүр үмітте. Қарапты бірі қылмиып, Қарапты бірі жылмиып. Қара қасы өң беріп, Қарапты көзін төңкеріп. Бұл ерсі емес қыздарға, Жігітке ұнар қыз бар ма? Бойдақ жүрмес мəңгіге, Бұл – басқа бір əңгіме.

Не ұқтыңдар, балалар, Сендерде ақыл, сана бар. Бас тартса да баладан, Жерінбеңдер анадан. Анасын тапқан балалар, Шын бақытты саналар. Құрметін көрсе баланың, Толысқанын сананың, Бақыты сол ғой ананың, Анаңды сыйла, қарағым.