Кері қайту
Арманшылдар

(ертегі)

 

Ерте, ерте, ертеде, Жетісу деген  өлкеде, Аялаған  мұратын,

Шал мен кемпір  тұратын.

Өмірінің бар мəні,

Əлдилеген  арманы: Қоңыр үнді қошақан, Бұйра жүнді момақан. Өзіменен өз ісі,

Бар еді бір қозысы.

Асыр салып ойнаған,

Еркелеуге тоймаған, Сытырлаған тұяғы, Селтеңдеген  құлағы, Бар еді бір лағы.

 

 

Қозы мен лақ екеуі, Сүюші еді мекенін. Бітік өскен  сол маңда

Жидесі  қалың  орманда, Топырақтан құйқалы Суы  мөлдір, шипалы, Сай  қуалай шапқылап, Шығып жатқан атқылап,

Бұлақ барын білетін, Көргісі  кеп жүретін. Жағасында бұлақтың, Саясында құрақтың, Жазып еркін бойларын, Қайту еді ойлары.

Кемпір  мен  шал көнбеді,

Жібергісі  келмеді:

– Азулары ақсиған, Аузын ашса, лақ сиған. Кездесті  ме  марқаға – Салып  алар  арқаға. Түйе  көрсе егерде –

Шудасынан  шөгерген. Жарып тастап жылқыны, Тоймайтұғын құлқыны – Қасқыр деген  залым бар, Айтқан тілді алыңдар. Орман  жаққа бармаңдар,

Ештеңе  жоқ армандар.

 

 

Лақ көзінде мұң жатты,

Қозы сонда үн қатты:

– Көрінбесек көзіне, Тиіспесек өзіне, Ақысы не біздегі,

Аң емеспіз түздегі. Жеріміз жоқ қас қылған, Қорықпаймыз қасқырдан.

 

 

Естіп мына сөздерін, Кемпір түрі өзгеріп, Төбе шашы тік тұрып, Қозыға айтты ұқтырып:

– Қызығатын ел түрі, Үстіңдегі елтірі – Осы күні бағалы,

Таптырмайтын жағалық.

Бөрі түгіл, бөлтірік

Бір–ақ мытып, өлтіріп, Елтіріңнен бағалы Бөрік киіп алады.

 

 

Лақ қуанып секірді:

– Қозынікі секілді

Қара бұйра, бағалы Елтірім жоқ жағалық. Қасқыр маған тимейді, Бөрік тігіп кимейді.

Естіп мына сөздерін, Шалдың өңі өзгеріп, Төбе шашы тік тұрды, Лаққа сосын ұқтырды:

– Деме менің үгітім, Сенің бөрте түбітің Бірден–бір ем құяңға.

Қасқырға ол зиян ба?! Қолына бір түстің бе, Сыдырып ап үстіңнен, Шыққанда түз желіне, Байлап алар беліне. Сен осыны біл анық,

Əуре болма сұранып. Оныңнан жоқ еш пайда, Жібермейміз ешқайда!...

 

 

Қозы мен лақ оңаша Қалған кезде болашақ Сапар сырын сөз етті. Кім тоқтатар өжетті?!

«Бару керек бұлаққа» –

Деп қозы айтты лаққа:

– Қасқыр жайлы,сөкпегін, Естігенім көп менің. Бəлкім, ерсі көрінер,

Мауглиді бөрілер Асыраған деседі, Емес елдің өсегі.

Болғанмен іштарлығы,

Жауыз емес барлығы.

 

 

Қозының бұл байсалды

Сөзі лаққа ой салды.

Ол да өзінше өрбітті ой:

– Мультфильмді көрдік қой,

Сериясында оныншы Етіп əбден өлімші, Азулы, арлан қасқырды

Əлсіз қоян басқа ұрды. Сонда, əлгі жұрт күшін Аңыз еткен жыртқышың Өзі батыл, өжет тым Алдында сұр көжектің

Орындап бар бұйрығын, Бұлғаңдатты құйрығын. Желден шошып оянған, Кем болдық па қояннан?

Табамыз, – деп, – айланы, –

Баруға бел байлады.

 

 

Бір күні таң атарда Шықты екеуі сапарға. Арманы қозы, лақтың – Көру еді бұлақты. Жетегінде арманның Кезді ішін орманның. Аңсағандар мұратын Болса іздеуге тұратын, Кешіп өтіп мұнарды, Кесіп өтіп шынарды, Асып талай таулардан,

Жасқанбастан жаулардан,

Шықпайынша құмардан,

Етсе егер шын арман, Орта жолда қалмайды, Жігері де талмайды.

 

 

Қозы мен лақ құлдырап, Ағып жатқан сылдырап, Үні жайлы құлаққа, Жетті аңсаған бұлаққа. Баса алмай аптығын,

Жасыра алмай шаттығын, Желпілдетіп кекілді, Қуаныштан секірді. Қалың нудың ауасы,

Көңілдің боп дауасы, Өндіріне құрақтың, Мөлдіріне бұлақтың Тұрған тілді үйіріп, Бұлтитып ап бүйірін, Күні бойы ойнады,

Қызығына тоймады. Көлеңкелер ұзарып, Күн батарда қызарып, Тарқап əзер тойлары, Қайтуды олар ойлады.

Осы кезде... Қап, əй, қап! Қарасайшы бір байқап. Алдарында, алаңда – Қасқыр тұрды жалаңдап. Азулары сақылдап,

Келе жатты жақындап.

Қозы мен лақ бүрісіп, Кібіртіктеп жүрісі, Қорыққанын алайда, Білдірмеуге қалайда, Тұрды үнсіз дірілдеп, Қасқыр айтты гүрілдеп:

– Рұқсат болса айтуға, Асықпаңдар қайтуға. Бармасаңдар жарықта, Қараңғыда арыққа,

Не болмаса, апанға Түсіп, елсіз жапанда Өлерсіңдер ашығып,

Жүреміз деп асығып. Бал құраққа тойыңдар, Шошығанды қойыңдар. Тұмсығым мен көздерім Көріп жүрген өздерің Айнымаған қасқыр ит,

Асқазанда – гастрит. Арық қозы, лақ етін Жеуге де жоқ тəбетім. Момын қозы, ерке лақ, Бір түнесең, ертең–ақ Салам өзім апарып, Болсаңдар тым ап–арық.

 

 

 

Мұны естіген қозымыз:

«Жіберсеңіз, өзіміз

Барамыз, – деп, – қазір–ақ» –

Батылданып азырақ,

Сөйлеп еді жігерлі,

Қасқыр бөліп жіберді:

– Кешір енді, туысқан, Қалам ғой деп жұмыстан, Асыққанда піспеген, Таңғы асты ішпеп ем.

Асхана іздеп безектеп, Тұрғым келмей кезекте, Жемеп едім түстікті, Шұрқырап тұр іш тіпті. Асқазаным орта шын, Қозым, неге қорқасың? Тəбетімді тежермін, Бірақ кешке не жермін? Өзі ауру асқазан, Қайырым жоқ басқадан. Сен қасымнан кетпесең, Кешкілікте ет жесем, Сұрамаймын сорпасын, Бекер менен қорқасың.

 

 

Қасқыр көзі алақтап, Жан–жағына жалақтап, Қайрап азу тістерін, Қозыны кеп тістеді. Қошақан да бұлқынды, Олай–бұлай жұлқынды. Мұны көрген лағың, Жымқырып ап құлағын, Мүйізімен кішкене Өзіне тəн күшпенен, Бүйірінен қасқырды Түйіп қалып састырды. Кім тұрады жасқанып, Кетті айқас басталып.

 

 

Кім өлді екен, кім қалып, Əрі қарай тыңдалық. Қоңыр үнді қошақан Болар ма еді жоса қан, Солар жүрген ізбенен Күні бойы іздеген, Кемпір сылтып аяғын, Қолына алып таяғын, Шал балтасын ұстаған, (Қайратып ап ұстаға),

Дер кезінде жетпесе, Оған көмек етпесе.

Таяқ тиіп дəл басқа,

 Балта тиіп жамбасқа,

Зытты қасқыр арам–ай,

Кешкі асына қарамай...

 

 

Кемпір мен шал қуанып, Көңілдері жұбанып, Аман қалған өлімнен Қозы–лақтай төлімен Шұрқырасып табысты, Көңіл мұңын шағысты. Кемпір сонда өзінің Жасырмады сезімін:

– Қошақаным, лағым,

Сендерді ойлап жыладым.

Аман болса екен деп, Қалай жедел жетем деп, Бір тұрып, бір құладым, Көзден ағып бұлағым. Тірі көру сендерді, Көңіліме дем берді. Сосын қарап шалына, Сөйлеп кетті тағы да:

– Қозыға айт, ұғындыр, Лаққа ұрыс бүгін бір. Аңсамасын жырақты, Іздемесін бұлақты. Тұрсың мылқау секілді, –

Деп ашумен жекірді. Тыңдап тұрған тым ұйып, Қозы–лаққа жымиып,

Шал сөйледі толғанып:

– Аман болса, болғаны. Арманына жеткенді Кінəлама текке енді.

Бұларды жұрт мақтасын, Арманшылды жақтасын. Бұл сабақ қой баршаға, Арманына аңсаған Салқындаудан сақтасын, Талпынбаудан сақтасын.

Қиындықтан торықпай, Жауларынан қорықпай, Үміттеніп барғанда, Жету үшін арманға Жалғыз қадам шегінбей,

Батыл ой мен, тегінде, Жүректілік қажет–ті. Ұнатамын өжетті!...

 

 

Содан кейін, қозы, лақ Алға түсіп озып ап, Жүріп кетті ауылға. Енді оларға дауыл да, Қиын емес жауын да,

Бата алмайды жауың да!