Кері қайту
Зерек бала

(аңыз дастан)

 

Ерте, ерте, ертеде, Жетісу деген өлкеде, Дулат деген бай бопты, Төрт түлігі сай бопты.

Бопты алтыны, күмісі,

Думан деген інісі.

Ғалым да емес ой қуған,

Іздегені той+думан. Жан бауыры, тынысы, Кедей бопты інісі. Дарынды екен туғаннан,

Қалыспай той-думаннан, Айналыспай кəсіппен, Айрылып мол нəсіптен, Жұрт тыңдаса тамсанып, Жүре берген əн салып. Ағасына көнбепті,

Алған ісі өнбепті. Ұлы бопты бағына, Сəйгүлігі тағы да. Сан жарыста озатын,

Бəйгеге қосып өз атын,

Делебесі қозатын.

Он жастағы баласы,

Жарқын екен санасы. Зерек əрі ақылды, Жатқа білген нақылды. Кітапты көп оқыған, Көңіліне тоқыған.

 

 

Думан құрмай серілік, Біраз жүріп ерігіп, Арқадағы бір тойға

«Барсам» деген болды ойда.

Қоштасты да ұлымен, Азын-аулақ пұлымен, Əдеті ғой жаттанды.

Арқа жаққа аттанды. Арқа жұрты қарсы алды, Ол келді деп жар салды. Сан жарыста озатын, Бəйгеге  қосты өз атын. Таңдандырып жат елді,

Бəйгеден озып ат келді. Түйе алды боталы, Алтын зерлі, оқалы Шапан киді əн салып,

Тыңдады жұрт тамсанып.

Көңілі тасып, шаттанды, Еліне қайта аттанды. Қоштасты беріп барын ел, Алдында жатты Сарыбел. Мерейі тасып, бағы асты, Далада бірақ адасты. Ілезде түсті қараңғы, Көрінді қос боп тораңғы. Деген жерде Аршалы,

Бір топ адам қоршады. Серінің бұл сорына, Түнімен жол торыған, Қарақшылар болыпты,

Қайдан ғана жолықты?! Бір-ақ сəтте қасқағым, Оны тонай бастады. Түйені алды боталы, Шапанды алды оқалы. Ер-тұрманы тоналды, Сəйгүлікті оны алды.

Қарақшылар айлалы, Думанның қолын байлады. Асқаннан соң бір төбе, Қамап оны күркеге, Қарақшылар тойлады, Думан амал ойлады.

Сері шіркін мұндайда,

Бір əн салып тынбай ма?

«Шабытыма дем берген, Не аяйын сендерден. Көрсетейін ермекті, Домбырамды бер» - депті. Қарақшылар амалсыз,

Қолын шешіп алаңсыз,

Домбырасын ұстатты,

«Ал, шырқа» деп қыстапты.

Серіге сол керегі, Əнді шырқай береді. Қарақшылар мұндағы

Біреуі ұйып тыңдады, Құлаққа құйып тыңдады. Жігерін біреу шыңдады, Біреуі жылап тыңдады.

Көз жасын бұлап тыңдады.

Əн тыңдап болып қайтадан, Деп: «бізге күнде айтады əн», Құрбан боп əннің жолында, Думанның аяқ-қолын да, Байлап, матап тастады. Адамды бірге тойлаған, Босатар деп ойлаған, Думанның əуел бастағы, Ойлары  іске аспады. Байлауда Думан ай жатты,

Əн салып көңілін жайлатты. Болған соң əн салдырып, Күркеде оны қалдырып,

Қайтадан қолын байлапты. Жүрсе де торып, түн қатып, Серінің əнін ұнатып,

Думан айтқан асқақ əн, Оларды арбай бастаған. Осыны сезіп атаман,

Өз шешімін атаған.

«Əнімен бізді арбады, Ұзын екен қармағы. Оянып бəлкім біріңде ар, Босата салар түрің бар. Босаса, сол ғой керегі, Қолында бар дерегі,

Бізді ұстап береді.

Одан да қазір шабайын, Сөйтіп тыным табайын». Домбырасын сындырды, Сөйтіп ісін тындырды. Апшысын елдің қуырып, Қылышын алды суырып.

Думан сонда жалынды,

Қара терге малынды.

«Жетісудың байымын, Сараңдаумын – айыбым. Қалдырсаңдар жанымды, Берем барлық малымды».

Атаман сене қоймады, Думан тағы ойлады. Қарақшыларға қараса, Жетеу екен санаса.

«Қимай тұр ем айтуға,

Себеп болар қайтуға. Қарақаттай көздері, Балдан тəтті сөздері, Қыпша белі бұралған, Жүзі күннен нұр алған, Жеті қызым бар еді,

Сендерге болар жар - деді.

Жасауын артқан жеті атан, Көрмеген байлық жеті атаң. Менен де бай ағам бар, Менің де елге бағам бар. Атап менің атымды, Берсеңдер жазған хатымды, Жеткен соң менің дерегім, Тауып береді керегін. Дендерің сау, аманда

Жар сүйсеңдер жаман ба? Мынау қиын заманда, Ұлдарың болса жаман ба? Сұрамаймын қалың мал,

Сенбесең мейлі жанымды ал».

Қарақшылар айлалы Көздері оттай жайнады. Көңілдері жайдары, Қандары қызып қайнады. Қуанды олар мұны естіп,

Сый жасайды кім өстіп?.

Атаман сөзін бағалап,

«Хат жаз – деді – ағаңа». Думан жаза бастады, Қағазға тамды жастары.

«Өлдіге мені санаған,

Есенбісің, жан ағам.

Қонағымын бір байдың, Əн саламын, жырлаймын. Жеті қызымды бойжеткен, Жеті ұлына ержеткен, Қосақ етіп беремін.

Жеті ұлы ер еді,

Жеті жұлдыз дер едім. Қарақаттай көздері, Балдан тəтті сөздері, Қыпша белі бұралған, Жүзі күннен нұр алған,

Жеті қызымды көрікті, Кигізіп құндыз бөрікті, Той көйлегін кигізіп, Жеті тұлпарға мінгізіп, Жеті атанның асауын Таңдап, тиеп  жасауын, Хатты апарған адамға, Ертіп жібер, бағамда». Қарақшылар қуанды, Хатты оқып уанды. Қарақшының біреуі, Жұмсақтауы жүрегі, Қуанышқа кенелді, Хатты алып жөнелді.

 

 

 

Бұл кезде Думан ауылы, Аза тұтып қауымы, Хабар беріп аймаққа, Іздеу салып жан-жаққа,

Шағылып Дулат айбыны,

Отыр  еді қайғылы. Хатты алып мəз болды, Жадырап көңілі жаз болды. Жұбанып жақсы хабардан, Келді деп құтты шабарман,

Ақсарбас айтып, той жасап, Қарақшыны ізгі ойға сап, Шалқытып Дулат шашылды, Хатты оқып болды ашулы. Сырын бірақ шашпады, Шабарманға ашпады.

«Жоқ нəрсені жазғаны,

Інімнің бұл азғаны». Түсінбеді Дулат бай, Бірақ жұртты шулатпай,

Думанның ұлын шақырды,

Үміті еді ақырғы.

Оқып бала бұл хатты,

Атасына тіл қатты:

«Сөзінің болса жалғаны,

Бір пəлеге қалғаны. Жеті жұлдыз деп еді, Жеті қарақшы дегені.

Жеті қызымды көрікті, Кигізіп құндыз бөрікті, Той көйлегін кигізіп, Жеті тұлпарға мінгізіп, Қоса жібер дегені, Құтылу қамын жегені. Болашағынан үмітті, Жүректі жеті жігітті, Қызша көйлек кигізіп, Жеті тұлпарға мінгізіп, Жібер депті жұмбақтап, Жеті атанды тым баптап, Тиеп қыздың жасауын, Жібер десе асауын,

Жеті айбынды батырды, Құтқаруға шақырды». Шешіп берген жұмбақты, Баланы Дулат тыңдапты. Болашағынан үмітті, Жүректі жеті жігітті,

Қызша көйлек кигізіп, Жеті тұлпарға мінгізіп, Қару артып жеті атанға, Қарақшыларды матауға, Жеті батырды жігерлі, Қарақшыға ертіп жіберді.

Қарақшы бəрін барлады,

Орындалды арманы.

Жеті атан көрді қайысқан,

«Жасаудан» белі майысқан. Көлбеңдеген етегі, Қыздардың саны жеті еді. Осыны көріп шаттанды,

Асығыс жолға аттанды. Біраздан соң зерігіп, Көңілін билеп серілік, Қалжыңдады қыздарға, Жүзінде мұң ба, ызғар ма? Білмеді не себепті,

«Қыздар» лəм-мим демепті. Мекенге біраз жақындап, Қарақшы атын тақымдап, Күркеге көшті бұрыпты, Қалғандар тосып тұрыпты.

Бұларды күтіп зарыққан, Азықтан да тарыққан, Қарақшылар жарықтан Көздері бəлкім қарыққан.

«Қыздарды» көріп алыстан, Бəрі де таң қалысқан. Көрмек болып жақыннан,

Түсірмек болып атынан, Көтермек болған кезде тік, Қимылын «қыздар» тездетіп, Қолдарын бірден бұрапты,

«Қыз керек пе?» - деп сұрапты.

Атаннан түскен батырлар

Қарақшыларды ат ұрлар, Үрейлендірген аймақты, Қол-аяғын байлапты.

Сол байлаулы күйінде, Сол елдің төбе Биіне Бəрін алып барыпты, Батасын Бидің алыпты.

 

 

Тұтқыннан Думан босапты, Қосақтап мініп қос атты, Түйені алып боталы, Шапанды киіп оқалы,

Қолда сынған домбыра,

Ол да құнды болды ма? Болған елге əйгілі, Жетегінде сəйгүлік, Ақылымен баланың Қарақшыларынан даланың, Думан аман келіпті. Бойдағы басып желікті, Ақылды ұлмен жұптасып, Бірін-бірі ұққасын,

Үмітті мол нəсіптен,

Айналысқан кəсіппен.

 

 

Ал, балалар, ойлаңдар, Оқып қана қоймаңдар. Өнерің болса бағыңа, Ақыл керек тағы да.

Жөнімен болсаң жұмсаған,

Қарсы келер кім саған?

Жібермейтін ақыңды, Болғың келсе ақылды, Көп оқыңдар кітапты, Білімсіздер жұтапты. Оқып, ойың толғанмен, Пайдалы емес ол да аса. Оқығаның болғанмен, Тоқығаның болмаса.