Кері қайту
Тапқыр бала

(аңыз-дастан)

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде, Үйренген құмды дауылға, Көкжиде деген ауылда, Құштар бопты ел білімге, Хат танып, оқи білуге, Қасиетті құран тілінде. Ауылда болды бір молда, Бір қолда – кітап, бір қолда Шыбығын талдың ұстаған, Дініне берік, сұсты адам. Оқытып сансыз баланы, Соған ол ақы алады.

Ашсын деп бала сауатын, Ата-ана көңілі ауатын. Молдаға бəрі сенеді, Баласын ертіп келеді, Сұрағанын береді. Оқуына баланың Əлсіретсе талабын, Қараса немқұрайды,

Ата-ана жауап сұрайды. Молда соны ұғыпты, Қолындағы шыбықты, Суға салып қояды. Шыбықты судан алады,

Оқымаған баланы, Жон арқадан сояды. Балалар одан жасқанып,

Ұйықтарда кітап жастанып,

Оқиды екен күн-түні. Молда болса бір күні Сабақта өзі қалаған,

Бір жуастау баладан Тапсырманы  сұрапты, Жаудырыпты сұрақты. Жүйкесі сонша тозған ба, Шыбыққа қолын созғанда, Бала қалған мүдіріп,

 

 

Молда сəл-пəл кідіріп:

«Білмейсің, найсап,» деген ғой.

Балаға сонда келген ой.

«Білмеймін» десе біткені, Молданың осы күткені. Мінезін оның біледі,

Жотасын шыбық тіледі.

«Қасиетім бар көріпкел, Молдеке, маған ерік бер.» - Депті бала толғана.

«Осындағы он бала,

Не ойлағанын білемін,

Орындалса тілегім, Айтып бере аламын, Ойларын он баланың.» Молда аң-таң қалыпты, Сұрақ астына алыпты:

«Үмітті жақсы-ау ақтасаң. Не істейсің таппасаң?» Бала айтыпты: «таппасам, Уəдемді таптасам,

Он балаға беремін,

Он ділдəдан дер едім.»

Молда: «мен таң қаламын,

Ойларын он баланың, Дұрыс тапсаң, қарағым, Қандай болмақ талабың.» Бала айтты: «керегі, Тапсам маған ереді. Əрқайсысы сол үшін

Он ділдəдан береді.» Молда айтты: «білерім, Менен де бар тілерің. Бастаған соң ойынды, Жасырмай айт ойыңды.» Бала сонда сұранды:

«Үйрет маған құранды,

Зейініме тоқиын, Ақы-пұлсыз оқиын. Əдептен тек аспайын, Келіссеңіз бастайын.» Мұны бəрі қостады, Молда да сөз қоспады.

 

 

Бала сонда сөйледі,

Ағытылды ой легі:

«Молдекең біздің білімді Екені бірден білінді. Толған ақыл, парасат, Өзіне сол жарасад.

Мінезімен байсалды Талай жанға ой салды. Балаларға мейірім Білдіреді пейілін. Жақсы көріп баланы, Сауаттылығын қалады,

Содан да қатал талабы. Бізге білім силаған, Жақсы оқы деп қинаған, Молдекеңе бақ тілеп, Айтарымыз ақ тілек.»

Осыны айтып тоқтады.

«Балалардың осы топтағы Ойы – деп, əрі жалғады, - Сөзімнің жоқ бір жалғаны. Теріс деуге құқы бар,

Мен болам онда ұтылар.

Ал, айтыңдар, балалар,

Сендерсіңдер бағалар.» Он балаға қарады, Құптай қалса жарады.

Шəкірттер қорқып молдадан (Жүрексіздік – сол жаман.) Айта алмады теріс деп,

Ойлары жоқ керіспек. Түсі суық, сұсты адам Қолына Молда ұстаған Көрген соң жас шыбықты, Естері мүлде шығыпты.

Он ділдəдан ерікті

Балаға əкеп беріпті.

Көрсең сонда молданы, Тұрса-дағы долданып, Амал қайсы шегінбек,

«Оқытамын тегін» деп,

Уəдесін беріпті,

Жаман ойдан жеріпті.

 

 

Тапқыр бала білді əне, Сол жерде жүз ділдəні Қалтасына басыпты, Абыройы асыпты, Көңілі судай тасыпты.