Біздің байтақ даламыз,
Қандай көркем, қараңыз?!
Тарихын таңбалы,
Кітап оқып табамыз.
Инабатты түсініп,
Сәлемдесу кішілік.
Зейін қойып әрқашан,
Кітап оқу – кісілік.
Көп оқыған, көп біліп,
Бойдағы асыл тектілік.
Жаны жайсаң жандарға,
Қол соғады көпшілік.
Адамдарда басты арман,
Балалықтан басталған.
Қажет нәрсе түспейді,
Өздігінен аспаннан.
Шырылдаса таң құсы,
Түннің қашар бар мысы.
Жақсы өмір сүрудің,
Болады өз жарғысы.
Емес бәрі түрінде,
Ең бастысы – тіліңде.
Ана тілің ол деген,
Шақыратын білімге!
Мәпелесе керек қып,
Өседі екен терек тік.
Ғасыр жүгін тарақтау,
Бойдағы асыл зеректік.
Сағым жылдар сарынын,
Сезіну де тағылым.
Өзіңменен есейіп,
Кеңейеді танымың.
Айналайын, балалар,
Сендер үшін бабалар.
Аманатқа қалдырған,
Ұлан байтақ дала бар.
Ұлы Дала! Бұл деген,
Көмкерілген бүлдемен.
Тыныштығын тілеймін,
Таңмен тұрып күнде мен.
...Сыйластығым – елдігім,
Татулығым – ерлігім.
Көк Туымыз желбіреп,
Тәуелсіздік келді күн.
Жарқын елдің бағы бар,
Ұл мен қызы сағынар.
Алдарында өрісті,
Үлкен болашағы бар.
Тіршіліктің күресін,
Есейгенде білесің.
Тұғырында еліңнің,
Болу керек үлесің.
Ол – өзіңнің қолыңда,
Ер жеткен соң орында.
Еңбек ету ерінбей,
Бейбітшілік жолында.
Тағы айтамын, балалар!
Жан-жағыңа қарап ал.
Қамқор болар ата-ана,
Тілек айтар аға бар.
Білгің келсе арғыны,
Қолыңда тұр барлығы.
Ашылады ізденсең,
Тарихтың сандығы.
Елдің еркі күшінде,
Жердің күші пішінде.
Жанға керек дүние,
Бар кітаптың ішінде.
Туған жерің тұрағың,
Асыл арман – пырағың.
Кітап – білім бұлағы,
Ұсынады шырағын.
Ақыл кенің ап қара,
Мөлдір судай тап-таза.
Бәрі-бәрі жазулы,
Кітаптағы баспада.
Құштар көңіл бүгінде,
Ауса еңбек, білімге.
Зерделі сөз бал тамған,
Кітаптың бар тілінде.
Көп оқысаң білесің,
Таудай болып жүресің.
Ол да сенің өзіндік,
Отаныңа арнаған –
Біржапырақ үлесің.
Тәуелсіздік жол салған,
Озып шығып ортаңнан.
Ержеткенде бәріңнің,
Ұлы дала елінде –
Болу керек қолтаңбаң!