Көк жүзінде тамсанып,
Күн шуағын шашады
Көктем айы жар салып,
Қар елжіреп қашады.
Қатарында қайнардан,
Су ішіп ап «бір шыны».
Жапыраққа айналған,
Ақ қайындар бүршігі.
Келіп кетті доп тепкім,
Балалар да сағынды.
Сезіп қалып мектептің,
Қоңырауы қағылды.
ЖАЗ
Үйреншікті әніміз,
Жаздың жайын ұғамыз.
Мектеп қалып, бәріміз,
Каникулға шығамыз.
Көз тоймайтын ғаламат,
Жерім қандай кең алып.
Қалаларын аралап,
Ораламыз демалып.
Алдағы өмір үшін де,
Талай сыннан өтеміз.
Үш-ақ айдың ішінде,
Біздер өсіп кетеміз.
КҮЗ
Жеміс пісіп қырманға,
Ақ бидайдың толғаны.
Жаздың өтіп арманда,
Күздің келіп қалғаны.
Ескен желден тау өтіп,
Көк теректер кешегі.
Жапырағы сау етіп,
Тітіркеніп кетеді.
Бұл да кезең төрелі,
Тұра бермес ұдайы.
Қыстан хабар береді,
Қоңыр салқын күз айы.
ҚЫС
Ақ қар жауса ағарып,
Сәні келер даламның.
Өзгереді жаңарып,
Көңіл-күйі адамның.
Әдемі ғой қыс деген,
Шаңғы тепсең таудайсың.
Қатар ұшып құспенен,
Самғап кете жаздайсың.
Шіркін! Ойнай береміз,
Аязға да қарамай.
Үйге тоңып келеміз,
Қар жамылған баладай.