Кері қайту
ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ

Он екі ай қарашы,

Қашық емес арасы.

Жыл Атаның барлығы,

Бірге туған баласы.

 

Ой-хой, қандай жаңалық?!

Қаңтар келді қар алып.

Аяз жұтып ауамыз,

Сала берді жаңарып.

 

Тоңдырады Ақпан, ә...

Қардан соқтық аққала.

Бұтақтарда ақша қар,

Ұқсайды ақ мақтаға.

 

Мақтан тұтар есімін,

Наурыз ашты есігін.

Дархан дала бусанып,

Тербетеді бесігін.

 

Сәуір туды сәнімен,

Көк жайқалды дәнінен.

Құстар қайтып келеді,

Салтанатты әнімен.

 

Күн шуағы себелеп,

Мамыркелді керемет.

Гүлден-гүлге қонады,

Ала қанат көбелек.

 

Орта толған Маусымды

Бұлт торлады тау сынды.

Жауа-жауа аспанда,

Қара бұлттар таусылды.

 

Ауды мезгіл үндеме,

Ыстық болар Шілдеде.

Суға түсіп мәз болып,

Оранамыз бүлдеге.

 

Тамыз пәлі, тамып тұр,

Қыркүйекке жағып тұр.

Ашамын деп мектептің,

Есік аузын бағып тұр.

 

Осы бір күн астарлы,

Жаңа оқу басталды.

Мектеп бала қабылдап,

Түлетеді жастарды.

 

Әп-әдемі сары күз,

Қазан- пісті дәніміз.

Бау-бақшада гүл жайнап.

Жеміс тердік бәріміз.

 

Күздің соңы – Қараша,

Келбетіне қараса.

Қанбай қалған ойыны,

Тұнжырайды балаша.

 

Туған елім-киелім,

Санама сыр түйемін.

Тәуелсіздік сыйлаған,

Желтоқсанды сүйемін!