Кері қайту
НЕ ЖАҚСЫ?

Біріншіден не жақсы?

Үлкен менен кішіні,

Сыйлай білсең сол жақсы.

Екіншіден не жақсы?

Ақылы көп кісіні,

Тыңдай білсең сол жақсы.

Үшіншіден не жақсы?

Өзгергенді ғаламда,

Тани білсең сол жақсы.

Төртіншіден не жақсы?

Көз көргенді санаңда,

Жани білсең сол жақсы.

Бесіншіден не жақсы?

Естіген мен көргенді

Бағамдасаң сол жақсы.

Алтыншыдан не жақсы?

Адамдарды бөлгенді,

Тағандасаң сол жақсы.

Жетіншіден не жақсы?

Оқу-теңіз, білімге,

Жақын болсаң сол жақсы.

Сегізіншіден не жақсы?

Елге татыр ілімге,

Мақұл болсаң сол жақсы.

Тоғызыншыдан не жақсы?

Досы барын досыңның,

Ұмытпасаң сол жақсы.

Оныншыдан не жақсы?

Қатарға енді қосылдың,

Ұлық болсаң сол жақсы.

Ұлық болсаң не жақсы?

«Ұлық болсаң кішік бол» -

деген халық мақалын,

Ұмытпасаң сол жақсы!