Кері қайту
Туған жерге оралу

Таусүгірім - тал бесігім,

Өзіңде екен бар несібім.

Жүрек іштей қамығыпты,

Әнін аңсап әр кешіңнің.

 

Топырағын сүйіп, құшып,

Жылқы баққам құрық қысып.

Тауларыңнан қанат алып,

Кеткем самғап биікке ұшып.

 

Табан тіреп Аршалыға,

Сәлем берем әр шалыңа.

Айнатұма кәусары да,

Айналыпты аңсарыма.

 

Бұлағыңдай тұнық бар ма,

Құдіретсің шын ұққанға.

Далбалақтап шықты алдымнан,

Тентек інім мініп талға.

 

Көзбен шолып көк бeлдерді,

Еске аламын көктемдерді.

Мен қалайша үмытармын,

Бабам тағзым еткен жерді.

 

Жұлдыздарың жымыңдаған,

Мен де бірге күлім қағам.

Құшағыма асығады,

Қызғалдақтар жұлынбаған.

 

Аңсап келдім шалғын жырын,

Қалды сенде балғын күнім

Келдім сусап әзіліңе,

Құлын-тайдай жан құрбының.

 

Өз ұлының қамын ойлап,

Абыр-сабыр ауыл-аймақ.

Көкқасқаны жайдақ мініп,

Кетіп барам салып ойнақ.