Кері қайту
ҚОЙ КЕЗЕК

Қаңтар айы.

Күн жылы. Жерде қар жоқ. Бірақ ертеңді-кеш қара суық. Оңтүстік өңірде, "бұдан елу жылдай бұрын болған уақиға қайталаныпты", - деп ел шуласып жүр. Қыстың ортасында күннің күрт ысуынан өрік ағаштары гүл жарыпты деседі. Әйтсе де, биылғы қыстың бәрінен бұрын шаруаға жайлы болып тұрғаны.

Қарасу бойы маңыраған мал. Ашық күндері мал біткен өз тұяғымен жайылады. Қойды ауыл әдетінше кезекпен жаяды. Бүгінгі қой кезек Мырзахметтің үйіне де келіп тірелген. Шаруа қожалығындағы адамның жұмысы көп, қолы босай бермейді. Ұлы болса әскерде. Сол баяғы сүйенері  қыздары Гүлшат пен Гүлжан қойды өріске шығарып кеткен. Өзекті айналып, өзенге қолтықтай енген олар жалғыз талдың маңында жүр.

Күн де бұлыңғыр тартып, қар немесе жауын жауардағыдай еңсе көтере алмай, қабағын тарс жауып, түнеріп тұр.

Ауылдан шыққалы төбелі қара қой артына қайырылып, қашумен болды. Өзі тым шыдамсыз екен. Жаңа төлдегендіктен де қыздардың қайыруымен әзер ілесіп келе жатыр. Ары-бері ойқастап, өзге қозылары ауылда қалған  қойлардың да желінін сыздатқандай. Тұс-тұстан маңырап, жамырап қоя берді.

Түс кезінде Гүлжанды үйге жіберіп Гүлшат қой басында қалды. Сол оңашалықты күткендей-ақ төбелі қара қой аяқ асты бүлікті салды. Судың арғы бетінде қалған ауылға қарай қашып, жалғыз қызға қайыру бермей топ қойды бастап, беті жылтырап жатқан мұзды өзенге қойып кетті. Жаз күніндегідей кешіп өтіп кетемін деді ме? Әлде ажалына көрінді ме? Қайыру бермеп кетіп еді. Енді, қой салмағын көтере алмаған мұз шытынап, үш аналық қой мұз құрсауында қалды.

Алқынып, ентігі басылмаған ақ сары қыздың жүзін үрей билеп кетті. Танауы қорсылдап, маңдайынан шып-шып тер шығып, көзі жасаурап өзен жағасында не істерін білмей тұр.

Гүлжан үйіне бірден бара қоймай өзекті жағалап келе жатқан. Әлде іші бір жайсыздықтың боларын сезді ме, әйтеуір сол жаққа көңілі тартып-ақ тұрды. Сөйтсе көкейі алдамапты. Тосын болған уақиғаның куәсі болды. Гүлшаттың кемсеңдеп айқай салғанынан соң, ауылға қарай тұра жүгірді. Өзеннің бұл тұсы таяздау. Жағасы қамыс. Табаны тастақ. Жаз күндері бұл араны жаяу жалпы кешіп өтіп жататын. Қазір суы біршама көтеріліп қалыпты.

Ет қызумен суға қойып кеткен қойлардың екпіні басылып, мүсәпір халге түскен. Мұз құрсауынан не ары, не бері шығып кете алмай су ортасында бастары қылтиып тұрған қойлардың үні ащы. Иесінен жәрдем күтіп, киесіне жалбарынып тұрғандай.

- Әй, сендерді ме, - деп, Гүлшат белуардан суға ойланбастан қойып кетті. Суық су өн бойына түрпідей тиді. Бірақ, оны малшы парызы алған бетінен қайтара алмады. Бар бойындағы күш-қуатын жиып, сүріне-қабына жүріп екеуін жағаға әзер сүйрелеп шығарды. Киімі де малмандай су болып, ауыр тартып, сықырлап, тәніне түрпідей тиіп, шымшылай бастады. Ет қызумен байқамаған екен. Қолдары күп болып ісініп, икемге келмей бара жатыр. Аяғы да ырқына көнер емес. Тісі-тісіне тиіп, сықырлап тұр. Ендігі ойы жағаға шығып үйге жету. Бірақ жағаға таман мұз құрсауынан босана алмай, бір қой дәрмені құрып суда тұр.

Гүлшатпен бір сыныпта оқитын Алмас сыныптас досын ауыстыруға  өзен жаққа келе жатқан. Алдынан жан ұшыра жүгіріп келе жатқан  Гүлжанды көріп, қарсы ұмтылды. Ентіккен қыздың қарақаттай көзі үрейге толы. Өңі өрт сөндіргендей.

– Қойлар суға түсіп... - деп, көзі жасқа толған қыз кемсеңдеп, жылап қоя берді. Бір жайсыздықтың болғанын сезген Алмас:

– Тез, үйге барып айт, - деп тұра жүгірді. "Бәрінен бұрын Гүлшат аман болса екен" деп, Алмас досының жайын ойлап келе жатыр.

Өзенге таяғанда су ортасында тұрған Гүлшатты көріп, "өлді-ау байғұс" деп жаны шырқырап қоя берді. Көнсе оның орнына өзі барып тұруға пейіл.

- Гүлшат... -деп ерні кемсеңдеп, аузына жұбатар сөз түспей, тұтығып қалды.

- Алмас құтқар, - деп ерні дірілдеп, сыбырлағандай болды. Сан мыңдаған мұз шынылар жанымен ойнап, инемен сұққылап жатқандай тәні түршігіп, өңі бозарып тұр. Алмас сипақтап, қара торы өңі боп-боз болып, көздері жыпылық қағып, қорс етіп танауын тартып, жасаураған көзінің жасын жеңімен сылып тастады. Ойына мойнына салған бөкебайы сап етіп түсе кеткен сәтте есін жиып, бөкебайын лақтырды. Өзі мұз үстіне кеудесін төсеп, қол жалғады. Бөкебайдан тас қылып ұстап алған Гүлшат жан дәрменін сала ілгері ұмтылды. Алмас оны еппен өзіне қарай тартып, мұз үстіне шығарып алды. Гүлшаттың жүруге шамасы жоқ, қалшылдап тұр. Оның үстіндегі күртешесін шешіп, өз күртешесін кигізіп, аялдамастан ауылға қарай  арқалай жөнелді. Хабар жетісімен үлкендер өзен жаққа жеткен. Қойларды жағаға сүйреп шығарған кішкене қыздың ерлігіне қайран қалған үлкендер бастарын шайқап, бүрсең қағып тұрған қойларды ауылға алып қайтты. бірақ, төбелі қара қой ақыры қозысына жете алмай жарты жолда жаны қиылып кетсе керек.

Гүлшаттың ыстығы көтеріліп, сандырақтап жатыр. Ол қолынан келгенін, бар амалын жасады. Мойнына алған міндеті үшін өз жанын да аямаған еді. Анасы ауыл фельшері. Білген бар емдомын жасады. Алмас  досының қасынан айығып кеткенше бір сәтте ұзаған жоқ. Уақтысымен дәрісін беріп, ыстығын өлшеп тұрды. Ыстығы қайтып, ұйқысынан оянған Гүлшат қасында отырған Алмасты көрді. Оның езуі құлағына жетіп тұр.  «Досыңның қиын сәтте қасыңда болғаны қандай бақыт», - деп ойлады Гүлшат езу тартып жатып.