Кері қайту
ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА

Ауыл іргесінде қыз бұрымындай бұралып, батыстан шығысқа созылып Теріс өзені жатыр. Жағада, бір кездегі ну тоғай орны бүгінде жалаңаштанып, ағаштары сиреп қалған. Есесіне, өзен жағасын қырқылған ағаш түбірлері басып-ақ кеткен.

Арыстың суға түсуге жүрегі дауалмай тұр. Әжесі: «Өзенге қарай аттап басушы болма, суға кетіп өлесің», - деп, осы уақытқа дейін ауыл жанындағы өзенге қарай немересін аяқ бастырмастан ұстап-ақ келген еді.

Алты жасқа келген Арыстың бұл күнде досы көп. Әже қасында үй күшік болып  отыратын бала, енді арғы көшенің балаларымен де ойнап кететінді шығарған. Жаз шыққалы қолды-аяққа тұрмайтын болған.

Биыл күзде бірінші сыныпқа баратындығына Арыс қатты қуанып жүр. «Мектепке тезірек барсам, бар әріпті танысам. Сонау Каспий теңізінде азаматтық борышын өтеп жүрген ағама өз қолыммен хат жазып жолдасам екен. Көкем мен жеңешеме ендігі жерде жазып бер деп жалынбас ем», - деп ұшқыр бала қиялы талай жерді ойша шарықтап өткен.

Шілденің күні болса тым ысып тұр. Көлеңкеде де байыз тауып отыра алмайсың. Осындай шыжып тұрған күні әжесінің шай көйлек сыртынан жемпір,  желеткісін киіп қалай отыратынына Арыс қайран қалатын. Шаңқай түс. Мұндай күні ауыл балалары үйлерінде қалай отырсын. Күн ысысымен-ақ тұс-тұстан өзен жаққа ағылады. Қос жағалау бір сәтте бала-шағаға толып кетеді. Араларында үлкендер де жетерлік. Салқындауға суға түсіп, жүзіп жүреді. Күнделікті балалармен ілесіп келгені болмаса, Арыс суға шомылмайды. Басындағы күн қағарын баса киіп, танауын тартып қойып, жағалауда арқасын күнге тосып, көлеңкелеп, судағыларға қызыға қарап отырады.

– Суға түс, жүзуді үйретеміз. Тез-ақ үйреніп кетесің, - деп, орталарына шақырады достары.

Арыс жасқана күмілжіп басын шайқайды.

Шомылу айдыны у-шуға ұласқан. Бейне құс базары секілді. Су сабалап, жүзіп-малтығып балалардың қол-аяғымен бірге серпіле шашыраған су көкке атылып, күн сәулесіне шағылысқан мөлдір моншақтай тамшылар айдын бетіне гүмп-гүмп беріп түсіп жатады. Толқын толқынды қуып, жағалауға соғады. Қайсыбір толқындар су ағысынан қалып қойғысы келгендей балалардың жалаңаш денесіне жабысып алып, айрылмастай тырмысып бағады. Бірақ ағыс жанын қойсын ба, маңайында иірілген су бірін-бірі қимағандай сырғып бара жатқан сияқты болып көрінеді.

Жайнаған Арыстың қоңыр көздерінен суға түсіп салқындауға құмар көңіл-сезімін оқуға болар еді. Оны ұстап тұрған әже сөзі. Ажалы судан келердей үрейін алып қойған.

– Әй, сен қалай теңізші боласың? Теңізші деген судан қорықпауы керек. Ол жаққа қорқатындарды алмайды. Інің судан қорқады деп, теңізші ағаңа бүгін хат жазып жібермесем бе? - деп, ту сыртында, сары топыраққа құйрық төсеп, күнге қыздырынып отырған жалаңаш денелі Әзімбай мырс етті.

Өзінің бар қимылын бағып отырған қошқар тұмсық, қыли көз, дөңгелек жүзді жуан сары Әзімбай теңізші ағасы Ерденнің жан досы. Құрдасы, әрі көршісі. «Өскенде мен де теңізші боламын», - деп ағасына жолдаған Арыстың хаттарының мазмұны оған да аян. Және әскери теңізші киімін қатты ұнататынын да жақсы білетін Әзімбай, сонысын тілге тиек етіп тұрған.

Миығынан күліп, мысқылдап тұрған көрші сөзі кішкене ғана Арыстың намысына тиіп кетті. «Неге қорқам? Қорықпаймын. Әжем суға түспесін деп қорқытқан болар. Қазір көрде де тұр. Суға түсем», - деп мұрын астынан міңгірлеген қара бала, жейде түймесін ағытып, жар қабаққа барып та қалды.

Оңтайлы сәтті қағыс жібермеген Әзімбай жанай өтіп, суға итеріп жіберді. Бейқам тұрған бала суға етбетінен түсті. Жан-жағы су шашырап, шым батып кетті. Қалқып су бетіне қайта шықты. Аяғын тірейін десе түбі жоқ. Құр су тепкілейді, түбіне аяғы жетпейді. Айналасы ирім-ирім толқынға толып кетті. Судың бар лас-тозаңы осы араға жиналғандай. Көлбақа қақтары көлгірсиді. Көзі алақ-жұлақ етеді. Су сабалап, жаға қармап жатыр. Үн жоқ. Аузын ашса, құлқ-құлқ су жұтады. Жандалбасамен жұлқына-жұлқына жағаға ілікті.

Сыйдиған арық денесіне жабысқан жейде, шалбарынан су сорғалап тұр. Көз алды жасаураған. Қара торы жүзі бозарып кеткен. Көршісіне араз болып, аузы-басын бұртитып, теріс қарап тұр.

Әзімбай әзілдеймін деп артық кеткенін кеш ұғып, бармағын тістеп тұрған. «Әжесіне айтып қояр ма екен» деп жаны да қалмай барады. "Үйіне қарай қаша жөнелсе, ұстап алып алдаусыратып көрмек. Көрші тұрып, досының немере інісін жылатқаны қарт әжесінен ұят болар" деп, Арыстың қас-қабағын бағып тұр.

Бұл ұсқынын әжесі көрсе маңдайымнан сипай қоймасын Арыстың кішкене жүрегі де сезіп тұрған еді. "Жүзе білсемші, сонда мұндай ұятқа қалмас едім-ау! Бәрінен бұрын әскердегі ағам естімесін мұнымды», - деп ойлады бала. Сөйтіп үстіндегі су киімін шешіп, жағалауда топ болып өсіп тұрған көк тікеннің үстіне жайып, суға түсті. Бір кезде су кешіп жүрген бала қызды-қыздымен балалар тобына қосылып та кетті. Арсалаңдап жүріп, аз күннің ішінде жүзуді қалайша тез игеріп кеткенін Арыс сезбей де қалған еді.