– Арман, менде не бар екенін білесің бе? - деп Қасеннің қара торы жүзі құбылып, қарақат көзі күлім қағып тұр.
– Не бар? Көрсетші, - деді ол білуге құмартып.
– Міне, көр.
Бір қорап қытайдың жарылғыш пакеті.
– Мұны қайдан алдың? - Арман таңданып, қорапқа қызыға қарады.
– Дүкеннен.
– Мұның бәрін не істейсің?
– Атамыз. Сабақтан соң төртінші «б»-ның қыздарын қорқытайық. Мақұл ма?
Арман келісті.
Қоңыр күз. Бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан жер сыз тартып тұрған. Аспанда ақша бұлттар қалқып жүр. Тал-терек біткен жалаңаштанып, жапырақтары лай суға шыланып, аяқ асты тапталып жатыр. Балалар алдын ала келіскеніндей қақпа алдында қыздарды күтті. Қарап тұрмай ара-тұра жарылғыш пакеттің бір-екі талын сіріңке қорабына жанып, ары-бері өткеннің аяқ астына тастап, ермек етіп тұр.
– Қара, қазір қызық болады, - деп Қасен мырс етті.
Оның нені меңзегенін түсіне қойған досы.
– Қасен, қой деймін, үлкен кісіден ұят болады, - деп қолына жармасты. Сөйткенше болған жоқ, аяқ астында жарылғыш пакет тарс жарылып, көк түтін бұрқ етіп ауаға жайылды. Құлақшынын баса киіп, күпәйкесінің белін кендір жіппен буып, қолына сөмке ұстаған қаба сақал, белі бүгілген қара шал тосын дыбыстан селт етіп шошып қалды. Сасқанынан құлағын алақанымен баса қойды. Иегі кемсеңдеп, жанары үрейге толып кеткен. Түкке түсінбей тұрған қария:
– Немене, мылтық атты ма?- деді балаларға қарап.
– Мылтық емес, ата, жарылғыш пакет, -деді Арман іле жауап қатып.
– Ана, немерелерімнің жаңа жылда атып жүретін пәлесі ме? Ойпырмай, ол пәле жоқ болып кеткен сияқты еді ғой, - деді қария таңданып.
«Арман, кеттік қыздар келіп қалды», - деп ым қақты Қасен. Тағы да бір талдап сіріңке қорабына үстін-үстін жанып, аяқ астына лақтырды. Жерге түскен титімдай қағаз құты тарс-тарс жарылды. Қыздар үдере қашып, бірінің ығына бірі тығылды. Қасен өз ісіне мәз болып тұрған еді.
– Бұларың не, тал түсте елді дүрліктіріп, - деп атай қабағын түйді.
«Өлейін деп тұрып мынаған не жоқ. Жүрмей ме жөнімен», - деп ол міңгір етіп, сыныптасын жеңінен тартты.
– Қасен, тоқта. Сен алдымен ағат ісің үшін атайдан кешірім сұра.
– Не, мен бе? - деп шеке басын тырыстырып, сұқ саусағымен өзін нұқыды.
– Иә, сен.
Өзіне қарсы келмейтін, мінезі тұйық сыныптасының мына ісіне сенер сенбесін білмей ісіп кеуіп, аңырып тұр.
– Сұра, - деді ол нығырлай түсіп. Оның сұсынан сескеніп қалған Қасен.
– Кешіріңіз, ата, - деп естілер-естілмес міңгір етті. «Ісім сенімен болсын, сатқын», деп сыныптасына көзін алартып, қыздар соңынан жүгіре жөнелді.
– Бақытты бол, айналайын! - деп, қария Арманның бұл адамгершілік ісіне ырза болып, арқасынан қағып батасын берді.