Кері қайту
АПАМНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ

Саматтың азу тісі таңға қарай сырқырап, құлағына шаншу қадалды. Кішкене алақанымен бетін басып, басын жастыққа батыра түсті. Алма бетін жас жуып кеткен. Қарындасы болса қарсы төсекте балбырап, жеңіл ғана пысылдап ұйықтап жатыр. Бөлме іші бозамық тартып, терезеден түскен таң нұрымен сүттей ағарып келеді.

Самат шыдай алмай орнынан тұрды. Сырт киімін киіп, тысқа беттеді.  Ол қоржын тамның түпкі бөлмесінде жатқан әке-шешесіне айтпай кетіп барады. Өйткені олар кешкісін тісіне дәрі салып, тұз басқанымен тісінің ауырғаны қойған жоқ-ты. Ендігі үміті әжесінде. Әжесінің тәуіптігі бар. Балаларын көтере келген апайлардың нәрестелерінің бетіне үшкіріп, ішіне шөже басып, күбірлеп дұға оқып жазып жібергенін талай көрген. Бірде ойнап жүріп, мұз үстіне құлап, күп болып ісіп кеткен шынтағын да әжесі тұз суға салып, сылап-сипап бір демде жазып жіберген. Қолы сонда сыздап, көтертпей қойып еді. Содан бері түшкірсе де ем-домын әжесіне жасатады. Енді бұл дерттен де бір ғана әжесі айықтыратынына сенімді.

Әжесін Самат «апа» деп атайды. Өзін туған ата-анасының қолына бергенге дейін ол ата-әжесінің қасында болды. Әулеттің тұңғыш немересі  болғандықтан оны бәрі шал мен кемпірдің баласы дейтұғын. Аға-әпкелері, көршілер бәрі-бәрі өзін еркелетіп, жақсы көріп тұратын. Ал ағасы Әбденәлі үйленген соң, жаңа түскен көзі көк, шикі сары келген жеңгесімен сыйыспай-ақ қойды. Ерке баланың шолжаңын әзер көтеріп жүрген ол оңашада әрнәрсені сылтау етіп, өзін жылатып тынатын. Оның даусын естісе болды бір шеттен апасы айқай салып шығатын. Сол тұста атасы да қатты сырқаттанып, төсек тартып жатқан еді. Оған қоса ақыл-есі кем, кемтар әпкесі тағы бар. Қос бірдей ауруға қарау жас келінге оңай соқпаса керек. Содан үйде жиі ұрыс шығып, жас келін төркініне бір кетіп, бір келіп жүрді. 

Жеңгесі өзін үйден қуу үшін не істемеді. Кемтар әпкесін де өзіне  айдап салды. Оның ақыл есі кем, жарым жан демесең балаға мейрімді-ақ. Жан баласына қиянаты жоқ, өзімен-өзі жүрген бір бейбақ. Бар ермегі тәтті жинау. Ертеңді-кеш ала дорбасын алдына алып, ішіндегі тәттіні бір-біртіндеп етегіне төгіп, дорбаға қайта салады. Санақ білмесе де осылайша тәттісін күнде екі-үш рет түгендеп отырады. Саматтың да осал тұсы осы. Онда тәттінің сан алуан түрі бар. Үйге келген қонақ оған әрдайым уыстап тәтті ұстатып кетеді. Ал тәтті салынған ала дорба қоңыр шкафтың ішінде жатады. Тәттілердің сыртқы қағазы кірлеп кетсе де Самат әпкесінің сол тәттілеріне құмар-ақ. Дорбадан тәтті ұрлаймын деп ұсталып қалып, әпкесінің таяғын да талай жеді. Сонда да тәтті ұрлауын қоймады. Егер ұрлығының үстінен түсіп жатса жағдай қиын. Есінен шыққанша "кет, кет" деп қыр соңына түсіп алып, тас лақтырып ұрады. Өзі мерген. Талай бала көшеде оны «Күлби, тентек» деп мазақтаймын деп, бастары жарылған. Икемге келетін оң қолы. Сол қолы шынтағынан ішке қарай бұралып, саусақтары бүрісе қайрыла біткен. Бойы аласа. Басынан гүлді қара орамалын тастамайды.  Күнге тотыққан жүзі қызарып, мұрны қоңқайып, ерні салпиып, көк көздері мұңға тұнып, жәудіреп тұрады. Оң иығына қисайып, аяғын сылтып басады. Аяғындағы кебісін қысы-жазы салпылдатып үйде де, түзде де сүйретіп жүре береді. Ол бұл үйде бір ғана апасынан қаймығады. Суға шомылдырған күні «кет, кет...» деп, оның да,  есін шығарады. Ашуы әбден тарқағанша терезеге  тас атып, шынысын қиратып барып бірақ басылады.

Соны біліп алған жеңгесі оңашада, "Самат, келе ғой. Екеуміз татуласайық. Мә, тәтті ал, - деп көздің жауын алатын тәттіні алақанына төге салады. Бес жастағы балаға да керегі сол емес пе. Алақанындағы тәттінің бір-екі талын арши салып аузына тоғытады. Қайдан тап келгенін, сол сәтте ішке әпкесі кебісін салпылдатып сүйреп кіріп келеді.

Ұрты бүлкілдеп, уысы тәттіге толы өзін көргенде қаны басына шауып, тап береді. Аузын ашып аңырып тұрғанда әпкесі сояудай тырнақтарын созып, қарынан аямай қыршып алмақ болып ұмтылады. Уысындағы тәттіні аяқ астына төге-мөге, қабырға жағалап, қолы тиер-тимес кемсеңдеп, есікке қарай жылыстайды. Содан қас қарайғанша үйге жоламайды. Кенже ағасы Ержанның соңынан "Кержан» деп салпылдап, қалмай жүгіреді де жүреді. Ал үйге кірсе Күлби өзіне қайта тап береді. Сонда барып ортаға апасы түседі.  Күлби болса бұрқылдап, анасының таяғын жеп барып әзер басылады-ау.

Жеңгесі «Сен апаңның баласы емессің, әкең мен шешеңнің үйіне кет», - дейтін болды соңғы кезде ашықтан ашық. Ондайда Самат «Апамның баласымын», деп  қабағын тарс түйіп, қорс-қорс етіп қорсылдап, алдындағының бәрін шашып төгіп, сыртқа қаша жөнеледі.  

Мұның бәрін апасы жақсы біледі. Атасы қайтыс болғаннан кейін Күлпәршін әже немересін жетектеп, тұңғыш ұлының үйіне келді. Келіні құрақ ұрып, көрпе салып, дастархан жайды. Түскі асқа ұлыда келіп отырған.

– Апа, шайдан алып отырыңыз, - деп келіні кесесін жаңалады.

Апасы ауыр күрсініп.

– Ертеңгі күні апамның тәрбиесі деп жүрмеңдер. Тым еркелетіп жіберсем өздерің тәрбиелеп аларсыңдар. Міне, балаларың, өздеріңе тапсырдым, - деп көз алдына іркіліп келіп қалған жасты орамал ұшымен сүртіп, бәкене бойлы, шүңірек көз, картоп мұрын, салпы ауыз, шикі сары кемпір орнынан көтерілді.

Үш жастағы қарындасымен ойнап отырған Самат ойыншығын тастай салып, орнынан атып тұрды.

– Ойнай тұр, балам. Мен қазір сыртқа шығып келейін, - деп әжесі немересіне сылтау айтып, шығып кетті.

Әкесі мен шешесі өзін орталарына алып, алма-кезек құшақтарына басып, бетінен сүйіп жатыр. Қара шаңырақта анасы өзін оңаша шығарып, құшағына басып, құшырлана иіскеп, маңдайынан мейірін төге сүйіп, қолына тәтті ұстатып кететін. Енді   енем көріп қалады деп қымсынбайды да. Әйтпесе онда тығылып келіп, бұғып кететін шешесінің бүгін өз еркі өзінде.  Самат та әке-шешесін жеп көрмейді. Бірақ, апасын олардан артық қатты жақсы көреді. Әке-шешесінің өзіне құлаған мейрімін қарындасы  қызғанып, араз болып бұртиды. Оның бұл араз болған кейпін байқаған ата-анасы оны да құшақтарына қосып алды.

Жаңа ортаға үйрену Саматқа оңай соқпады. Оның үстіне бұл төңіректің балаларымен ойнап жүріп, жиі төбелесіп қала берді. Жеңіліп қалса ыза болып, үйренген жағына қарай қаша жөнеледі. Алғашқы күндері қараңғы түсе апасын іздеп жер тепкілеп жылап әлек салды. Үйренгенше түнделетіп әкесі апасына апарып, ұйықтаған соң қайта алып қайтып жүрді. Әр келген сайын жеңгесі: «Не, апаңның мамасын сағынып қалдың ба?» деп, шамына тиетін болды. Сөйтіп біраз күн екі үйдің арасын жол қылғаны бар еді.

Дала сүттей ағарып қалыпты. Қора жақтан қызыл қораздың шақырған дауыс естіліп тұр. Самат қақпадан шыға салып көшенің бас жағында тұратын апасының үйіне қарай жүгіре жөнелді. Көшеде өзінен басқа жан баласы жоқ. Бала үлкен үй ауласына демде жетіп келді. Кәрі ала төбет «маңқ» етіп басын көтерді. «Таң атпай жүрген кім бұл?», деп тәтті таңғы ұйқысын бұзғанына ызаланып «ыр» етті.

– Мойнақ, - деп Самат дауыс шығарды. Жайшылықта «Мойнақ» деп, бұлтарғанына қарамастан үстіне атша мініп алатын.

Ит те егесін танып, жылы орнына бауырын қайта төсеп, басын аяғына сүйеп, көзін алма кезек ашып-жұмып, тың тыңдап жатты. Бала апасының жатын бөлме терезесін үстін-үстін қақты.

– Кім-ей? Таң атпай жүрген.  - Апасының даусы талып естілді.

– Мен, апау! - деп бала жағы мен құлағын басып, жылап жіберді.

Бала көңілі жай тапты. Тісіне ашутас салып, құлағын құмғандағы ыстық суға булады. Дерті сап тиылды. Басын түкті орамалмен орап, жылылап төсегіне жатқызды. Әдетінше арқасынан қағып, әлдилеп отыр. Апасының иісін сағынып қалған Самат алаңсыз балбырап ұйықтап кетті.