Кері қайту
ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Ауылға Батыр Бауыржанның келгенін естіген жұрт туысы Момынқұлдың үйіне қарай ағылды. Ол үйде бүгін үлкен той.

Бегімханның анасы Айнаштан да дегбір қашты. Үстіне бар жақсысын киіп, көшеге шықты. Маңайдан баласын іздеді. Көрші үйдің балаларымен қосылып шөп жинап жатыр екен. Шақырып алып, Батыр түскен үйге қарай бет түзеді.

«Батыр аға қандай болды екен? Әкемнің құрдасы болған дейді. Соғыста да бірге болыпты. Бір көрсемші өзін», - деп Бегімхан аты исі қазаққа мәлім батырды бір көруді армандап жүруші еді. Енді, міне, бүгін соның сәті түскен сияқты.

Үй іші адамға толы. Ішке кіре алмай сыртта топталып тұрғандар қаншама. Тоқсан үйлі ауылдың үлкен-кішісі осында. Көрші ауылдан келген қонақтар да көп. Анасы кимелеп, топты жарып ішке кіріп кетті. Бұл сыртта балалармен ойнап қалған. Бір кезде «Бегімхан, кел» деген анасының дауысын есітті.

Батыр «балаңды әкел, көрейін» депті.

Батырдың қара торы жүзі сұсты. Қабағы түюлі. Жанары өткір. Өңменіңді тесіп өтердей. Жасқанып жүзіне тура қарай алмай, көзін тайдырып әкетті.

– Қаншасыншы оқисың? 1941 жылы туғансың. Сонда, - деді батыр ойша есептеп.

– Батыр, ұлым биыл жетіншіні бітірді, - деді анасы ұлының жігіт болып қалғанын байқатқысы келгендей.

– Шежіреден қалай? Айтшы қане, қанша атаңды білесің? - деді, сом тұлғалы батыр алдында отырған балаға сынай қарап.

– Баялы, Қонарбай, Өтеп, Өтеміс, - деп бала саусағын бүгіп, кілт тоқтады. Ары қарай білмейді екен. Жүзінен от шығып, жанарымен жер шұқып үнсіз тұр.

– Бұл бала төрт атадан бері жалғыз. Жалғыз жалтақ келеді. Сенің кінәң жоқ. Сұм соғыстың кінәсі. Әкең тірі болғанда бүйтіп тұрмас едің. Әкең саған үйретер еді. Амал қанша? Сен де әкең сияқты шаруа адамы болып қаласың, -деді кесіп.

– О, Батыр. Бұл баланың қолынан келмейтіні жоқ. Суретті жақсы салады. Темірден де түйін түйеді. Жас болса да бізге көп жәрдемі тиіп жүр. Өткенде Махамбеттің Ақсайға түсіп кеткен тоғыз жасар немересін құтқарып қалды. Өзі өжет. Тіл-көзім тасқа, болайын-ақ деп тұрған бала, - деп Қыстаубай қарт сөзге араласты.

Батырдың көзінен оты жарқ етіп.

– Жарайсың. Аумаған әкесі. Аңқау, аңқылдаған досым-ай! Епелек қағып, ұшып-қонып тұрушы едің, - деп баланы өзімсіне бауырына тартып, арқасынан қақты.

Анасы қуаныштан көзінен ытып кеткен жасты орамал ұшымен сүртіп жатыр. Бала марқайып, көптің ортасында мейманасы тасып отыр.

– Соғыстың тауқыметін тартқан балалар ғой. Сендердің әкелерің қан төкті. Енді келешектерің жарқын, қарындарың тоқ, армандарың жоқ болады, - деп әңгіме ауанын басқа арнаға бұрды.

Бұл жүздесуден кейін де талай жыл өтті. Дегенмен, батырдың айтқаны айна қатесіз келді. Бегімхан жас кезінде зерек бала болса да ауылдан ұзап шыға алмады. Қарапайым шаруа адамы болып қала берген еді.