Кері қайту
ЖИЫРМА ТИЫН

Бақыт қалтасына жиырма тиын салып, көшеге шықты. Ойы – балмұздақ сатып алу. Қақпа алдында екі бала ойнап жүр. Олар өздерінше мәз-мейрам. Қолдарында жаңа қанаттанған, үрпек бас, сары ауыз балапан торғай. Оның аяғына ұзын кендір жіп байлаған. Жіптің бір ұшын ұстап тұрып, балапанды лақтырып жіберді. Балапан ұша жөнелді. Бірақ жіп жібермейді де, жалп етіп құлайды. Балалар мәз-мейрам, ішектері қата күледі. Балапан шиқ-шиқ етеді. Осы кезде анасы шырылдап, көктен балапанның үстіне төніп келеді. Бірақ босатып аларлық күш жоқ. Балалардан сескеніп қайта көтеріліп кетеді.

Бақыт тоқтай қалды. Балапанға анасының арашашы бола алмай жүргенін көріп, жылағысы келіп кетті.

– Оны неге қинайсыңдар? Обал емес пе?! – деді көзіне жас үйіріліп.

Балалар Бақытқа жалт қарады.

– Сенің не жұмысың бар? Обал деген не? Обалы бізге, саған емес. Бар кете бер жөніңе! – деп екі бала дүрсе қоя берді.

– Оқушы дейді-ау тағы бұларды, – деді даусын созып Бақыт.

– Сен оқушы болмаған соң екен ғой обалды білетінің, – деді екінші бала кекете ыржақ-ыржақ етіп.
Балалар балапанды тағы ұшырды. Ол дәл Бақыттын алдына келіп құлады да, қанатын қағып, мені құтқар дегеңдей шырылдап қоя берді. Төбеде анасы да безек қағады.

Бақыт оны көтеріп қолына алды. Балалар да жүгіріп келді.

– Біз не айттық саған? Неге ұстайсың торғайымызды? Бірдеңе көргің келіп тұр ма? – деп балапанды жұлып алды. Бірақ Бақыттың қолындағы ақшаны көріп, ашулары су сепкендей басыла қалды.

– Сатамыз, аласың ба?

Бақыттың жүрегі дүрс-дүрс соғып, қуанып кетті.

– Мә! – деді қолындағысын ұсынып.

– О,о, бұл аз ғой, тағы жібі бар, – деді балалар көз қысысып.

– Жібін алып қалыңдар. Басқа ақшам жоқ, – деді Бақыт үзілді-кесілді.

Екі бала бірін-бірі ыммен ұғысып, балапанды шешіп берді.

– Айырылып қалма! – деді қатаң ескертіп.

Бақыт қуанып кетті. Балапанның кішкене жүрегінің жиі-жиі соққаны қолына білініп тұр.

– Бара ғой, анаңа, – деп көтеріңкіреп лақтырып жіберді балапанды.

Екі бала бір-біріне қарап, аңырып қалды. Балапан да бірден ұшып кетпей, телеграф сымына қонды.

Жүрегі жарыла қуанғандай, анасы да шыр-р етіп келіп, балапанның қасынан орын алды.

Балапан қанатын жиі-жиі қомдап қағып, аузын аша қалды. Анасы бірдеңе салып жібергендей болды. Бұл Бақытқа сүйіп алғандай болып көрінді.

Екеуі қосылып шиқ-шиқ етеді. Бұл шырылдау емес, көңілді шиқылдау. «Рахмет саған, Бақыт! Әрдайым осындай мейірімді бол» дегендей.

Енді бір қарағанда аналы-балалы торғайлар қатар ұшып бара жатты. Олардың жиі-жиі қаққан қанаттары Бақытқа қош бол деп бара жатқанға ұқсады. Бақыт қол бұлғап қала берді.