Кері қайту
ИНТЕРНАТТЫҢ БАЛАСЫ

Сен баланы бала екен деп ойлама,

Сен оларсыз тойыңды да тойлама!

Батпырауық ұшыратын балалар

Бай болады бақытқа да, ойға да.

Ә. Қайран.

Мұқаншыны бәрі де қала дейтін...

Аудан орталығы Мұқаншыны айналасындағы ауыл адамдарының көпшілігі қала дейтін. Десе дегендей-ақ екен. Көшелері оқтай түзу әрі тақтайдай тегіс асфальт. Аттап басқан сайын атағаштай шошайған темір құдық. Шөлдедің бе, тұтқасын басып тұр да, шүмегінен сарылдаған тұп-тұнық, тастай суды қылқылдатып жұта бер. Оны місе тұтпасаң, әр бұрыш сайын кезігер дүкендерде газдалған тәтті сусын бар. Қырлы ыстақанмен жұтып салсаң, қос танауыңнан шыққан жалбыз тектес өткір иіс мұрныңды жара жаздайды. Әйтпесе, аузыңа салсаң, еріп қоя беретін сұп-суық, балдай тәтті балмұздақ сатып же. Ал қарның ашса, тәтті тоқаш, бәліш, самса, пірәндік, пешеней дегендерің де дүкендерде самсап тұр. Ақысын төле де алып жей бер. Қойшы, әйтеуір, қу жаныңа не қаласаң, бәрі бар...

Мұқаншыға алғаш рет аяқ басқан Нұрәділ үшін бәрі қызық, бәрі таңсық. Енді қайтсін, Қызылбұлақта мұның бірі де жоқ. Ауыл ортасындағы жалғыз дүкеннің ашылғанынан жабық тұрғаны көп. Басқасын қайдам, әйтеуір бастауышты бітіргенше сол дүкеннен бірде-бір рет балмұздақ пен лимонадтың сатылғанын көрмепті. Содан ба екен, таңертең автобустан түсе салысымен таңсық тәттілерге жауша тиген. Бір тәуірі бес жыл бойы осында оқып, жартылай мұқаншылық болып үлгерген әпкесі қолын қаққан жоқ. Күліп қойып, сұрағанын әперіп-ақ келеді.

Әпкесі екеуі түске шейін мектеп-интернатқа да барып, барлық құжаттарды тапсырып қайтты. Нұрәділ енді 5-сыныптан бастап осында оқымақ. Қызылбұлақтағы мектеп 4 жылдық қана. Оны бітірген бала оқуын не Көктеректен, не Мұқаншыдан жалғайды. Мәселен, Мұрат ағасы әлі күнге дейін Көктеректегі интернатта тұрып оқиды. Каникул мен мереке сайын келіп, киімдерін бүтіндетіп, кір-қоңын жуғызып кететін... Мұрат демалысқа келген сайын Нұрәділ оның жанын қоймай «Аға, айтшы, интернат дегенің өзі қандай болады?» деп сұрайтын. Ақыр баратын жері болған соң біле бергісі келеді ғой баяғы. Ағасы да ешқашан бәлсінген емес. Білгенін жыр қылып айтады. Бірде тіпті интернатты майын тамызып тұрып мақтағаны сонша, Нұрәділ дереу ауылды қойып, Көктерекке тартып отырғысы келіп кеткен. Алайда ағасы қызды-қыздымен артықтау сілтеп жібергенін сезді ме, кім білсін: «Қой-ей, әшейін айтам. Сен сәл қарның ашса, бір күн де тоқтамай осында безетін шығарсың...» деп, қайта кері толқыған. Бұл да індете түсті: «Неге, онда тамақ бермей ме, немене?!» «Береді ғой, неге бермесін. Бірақ үйдің тамағындай қайдан болсын... Оның үстіне бәрі өлшеулі... Кейде қарның шұрылдағанда бар ғой, білесің бе, бәріне қол сілтеп, үйге қарай безіп кеткің кеп тұрады...– бала құсап шошаңдауды білмейтін, салмақты Мұрат үлкендерше кеңкілдеп тұрып күлді.

– Солай ма?!

– Енді қалай ойлап ең?! Әйтпесе:

Интернатский форма,

Екі жүз грамм норма.

Аш та қылмайт, тоқ та қылмайт,

Қашып кетсең, боқ та қылмайт...–

деген өлең тектен-текке шыға ма?!

Әйтсе де әлгі әңгімеден соң Нұрәділді интернат дегенің қилы-қилы қызықтың ордасындай арбады. Сыры мол сиқырлы әлемдей көрінген. «Несі бар, ел көргенді мен де көремін. «Көппен көрген ұлы той» деп бекер айтты деймісің? Шыдамай не көрініпті сонша?!» деп түйген ақыры. Биыл 5-сыныпқа барарда Көктерекке жиналып жүрсе, анасы аяқ астынан: «Жоқ, онда бармайсың. Дүние күйіп кетсе де биыл аудан орталығына, Мұқаншыға көшеміз. Шеттеріңнен қаңғырып, жаутаңкөз болып біттіңдер. Әзірше аудандағы интернатта оқи тұр. Көп ұзамай біз де жетеміз»,– деген еді. Содан бұл дәм тартып, оқуға осында аттанды...

 

Көрмегенге көсеу таң

Нұрәділдің интернатқа бірден бойы үйреніп кете қойған жоқ. Әуелде бәрі тосын, бәрі бөтен көрінген. Алғашқы күні-ақ шырт ұйқыда жатқанда ащы айқай естілген. Бұл – балалардың түнгі тәртібіне жауапты Қарлығаш апайдың дауысы екен:

– По-дь-е-е-м! Қане, тұрың-дар! Бол! Жылдам!– Бөлмелес балалар дереу атып-атып тұрысып, асығыс-үсігіс киімдерін киіп, төсектерін жинай бастаған. Енді біреулер сүлгі-сабынын қолтығына қысып, жуынатын бөлмеге жөнелді. Нұрәділ да елден көргенін істеп бақты. Дәлізге шыққанда көрді, екі қабатты жатақхананың іші араның ұясындай гу-гу етеді. Ерсілі-қарсылы қайшыласқан бала. Жуынатын бөлмеге бас сұғып еді, иін тірескен жұрт. Он шүмектің әрқайсына екі-үш баладан жабысып алған. Одан бері кезек тосқандар тіпті есіктің сыртына дейін шығып кеткен. Байқаса, жоғары сыныптағылар кезексіз-ақ өтіп, жуынып жатыр да, кішіректері еш амалсыз мөлиіп тұр. Нұрәділ де не істерін білмей тосылып тұр еді, біреу жеңінен тартты. Қатарлас төсекте жататын көк көзді, сап-сары шашты Нұрыш деген бала екен:

– Жүр, кеттік! Мына кезек бізге жеткенше, сапқа шақырады. Одан кешіксең, аш қаласың!– деді. Бұл аң-таң:

– Жуынбаймыз ба сонда!?

–Үндеме, сосын айтам, жүр, жүр!– Амал жоқ, үн-түнсіз Нұрыштың соңынан емпеңдей жөнелді. Асхананың арғы жағында қазандық бар екен. Мұндағы орыс шалыс жұрт оны «Кочегар» дейді. Сол жерде елеусіздеу бір шүмек тұр. Нұрыш екеуі содан дұрыстап жуынып алды.

– Байқа, мұнда менсіз келем деп арандап қалма! От жағатын ағай көрсе, оңдырмайды!

– Неге?! Тегін суды да аяй ма?

– Жо-ға...аямайды ғой...Көп бала жуынса, мына жер ми батпақ болып кетеді. Әлгінде үндеме дегенім де сол! Біздің мұнда кеткенімізді білсе, соңымыздан бір қора бала ере келер еді...

Иә, «Көрмегенге – көсеу таң» деген рас екен. Интернаттың кейбір тәртібі түк көрмеген ауыл баласына алғашында мүлдем ерсі көрінді... Әсіресе, асхана жағы. Бір қызығы, тамаққа бәрі үйрек-қаздың балапандарындай тізіліп, сапқа тұрып барады екен. Бір сынып кіріп, орналасып болғанша екіншісі күтіп тұрады. Ат шаптырым асханада темір табаққа қалайы қасығын тақырлатып, желімдей жабысқан ботқа жейді. Қырлы ыстақаннан ауыздарын күйдіре-мүйдіре қант салған қара шайды сораптайды. Соңғылары тамақтанып болғанша, бұрын болып қойғандар тықыршып күтіп отырады. Барлығы ішіп болған соң ғана бір кісідей орындарынан дүрік көтеріліп, аспаз апайларға хормен рахмет айтып, жол-жөнекей ыдыстарын жуатын терезеге тапсырып, сыртқа шығады. Онда да әркім өз бетімен кете бермей, сапқа тұрып, оқу ғимаратындағы сабаққа беттейді. Құдды саптағы сарбаз сияқтысың. Баршаға ортақ темірдей тәртіп.

Бір тәуірі мұнда арлы-берлі сөмке тасып, әуре болмайды екенсің. Кітабың да, дәптерің де сыныпта қалады. Әр сыныптың бір-бір меншікті бөлмесі бар. Түске дейін сонда сабақ оқисың. Түстеніп алған соң кітапханаға барасың ба, доп қуасың ба,– өз еркің. Төртте бүкіл бала тәрбиешінің басшылығымен ертеңгі сабаққа дайындыққа отырады. Содан барлық бала үй тапсырмасын орындап болғанша аттап бастырмайды. Есесіне кешкі тамақтан соң еркіндікке шығасың.

Иә, интернаттың ең қызық кезі – кешкі тамақтан кейінгі шақ. Құс базары сияқты у-шу. Қайшалысып, ерсілі-қарсылы шапқылаған бала. Әсіресе, бірін-бірі қуалаған ұсақ балаларда тыным жоқ. Үлкендердің аяғына шалынып, жығылып-сүрінгеніне де қарамайды. Ал қатар-қатар тізіліп тұрған баскетбол, валейбол алаңдарына жоғары сыныптың оқушылары қожа. Олардың да әрқайсысының өз қызығы өзінде. Қарсыластар бір-бірінен айласын асырған сайын тамашалап тұрған қошаметші-жанкүйерлері шу ете қалады.

Доп тимеген орташа сыныптағылар шілдек, он таяқ, ләңгінің қызығына батады. Одан төмендері қуаласпақ, тығылмаш ойнап мәре-сәре. Аула кең. Қалаған ойыныңды соға бер. Алайда қас қылғандай дәл осы кешкі уақыт көзді ашып-жұмғанша зу-у етіп өте шығып, әп сәтте көз байланады. Соны ғана күтіп, тықыршып жүрген тәрбиешілер дереу өз сыныбындағы балаларды сапқа тізіп, түгелдей бастайды. Қатаң бақылауда беті-қолдарын жудырып, төсекке жатқызады да, үйді-үйлеріне тарайды. Одан кейін түнгі тәртіпке жауапты Қарлығаш апайдың құзырына көшесің. Осылайша күн мен түн алмасып, интернат өмірі жалғаса береді.

 

«Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме?»

Бүгін күн жарықтық не жаумай, не ашылмай күреңітіп, сазарып тұрып алды. Жаңа ортаға толық сіңісіп кете алмай жүрген Нұрәділдің көңілі де дәл осы күзгі күндей құлазулы еді. Көп ұзамай көшіп келеміз деген ата-анасынан да әлі хабар жоқ. 8-сыныптағы ағасы Болат мана түскі астан соң сыныптас жолдастарымен бірге жиде теруге кеткен. Мұны ертпеу себебін де тәтпіштеп тұрып түсіндірді. Жол ұзақ, әрі қауіпті көрінеді. Жолай «үйдің балалары» (интернаттықтар үйде тұрып оқитын жергілікті балаларды солай атайтын) соқтығуы мүмкін. Сондықтан кішкентайларды ертпеуге келісіпті. Оған жабысып, қалмай қоятын бұл ақымақ емес қой. «Мейлі, бара бер. Маған алаң болма!» деген. Тете өскендікі ме, ауылда жүргенде жоқтан өзгеге қитығып, әлімжеттік қылатын ағасының бүгін бұған кәдімгідей қамқорлық танытқанына іші жылып қалды. Қарап тұрса, оның қалқиып осында жүргенінің өзі көңіліне көп-көрім демеу екен-ау...

Анадайдан әлдекім айғай салды.

– Ей, Рақымбай! Рақы-ы-ы-ым-бай-и! Құлағың керең бе, немене?– Нұрәділдің қаны басына тепті. Өктем үннің иесі Қоңқай деген сотқар бала екен. Өткенде сыныптасы Нұрыш оны сыртынан таныстырған. «4-сыныптың атаманы. Нағыз қызылкөздің өзі! Одан біздің атаман Есеннің өзі жасқанады. Сондықтан соқтыға қалса, үндемей құтыл...»,– деген болатын. Нұрәділ таңданысын жасыра алмаған: «Не дейсің?! Сонда өздеріңнен кішкене баладан да қорқасыңдар ма?!» «Жо-ға, ол – кішкене емес... шындығында ол төртінші емес, алтыншы оқу керек,– деді Нұрыш.– Рас айтамын. Қазақшадан орысшаға, одан қайта қазақшаға ауысам деп, екі жылға қалып қойған».

...Енді осы «4-сыныптың атаманы» мұның Рақымбай деген фамилиясын есімінің орнына атап, астамси сөйлеп тұр. Қалай үндемесін?! Бұл тұрғай ауылда атасының атын бірде-бір жан, тіпті құрдастарының өзі атамайтын. Мынау болса, кетпектей қылып: «Ей, Рақымбай!» дейді. Қасақана соқтығып, үндемесе, басынып алу үшін айтып тұрғаны анық.

– Ей, Рақымбай! Өле алмай жүрмісің? Нұржанға неге тисесің, а?

Нұржан дегені – осы Қоңқайдан екі елі қалмайтын тентек бала.

Онсыз да сіркесі су көтермей отырған Нұрәділдің жүйкесі сыр берді:

– Әуелі атамның атында шаруаң болмасын! Соқтықсаң, өзіме соқтық! Ал Нұржаныңа мен тигем жоқ, өзі сүйкеніп, жай ғана ескерту естіп кеткен...

– О-һо-о! Мынаның сөздері кесек екен, ә?!– Шегір көз, сары бала сауысқанша шықылықтап өп-өтірік күлді. Нөкерлері іліп ала жөнелді. Іштері пысып, ұрынарға қара таппай жүрген он шақты бала төбелестің исін сезіп, қаумалай бастады. Көптігіне сеніп, сөзбен ықтырып алғысы бар:

– Қарай гөр пәлесін... Атасын қорғаштайды-ей!..

– Өй, атасының баласы! Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе өзі?– Нұрәділ оларға қарағаны болмаса, жауап қатқан жоқ. Бар ықыласы шегір көз, сары балада...

– Танымасаң, танысып қояйық. Мен – 4-кластың атаманы Қоңқай деген көкең болам. Ал сен кімсің? Бестің жаңа атаманысың ба?

Енді Нұрәділ да қитықты. Дәл соның мақамына салып былай деді:

– Мен – атаман-сатаманыңды ұқпайтын Нұрәділ деген көкең боламын...

Сары бала «мынаны қайтеміз» дегендей, қасына ерген нөкерлеріне жағалай көз жүгіртті. Бәрі де іздегенге сұраған деп, құлшынып тұр екен. Сосын төтелей тартты:

– Ә-ә, солай ма! Онда өз обалың өзіңе! Шық жекпе-жекке.

– Шықсаң, шық!

– Жүр кеттік анда, – ол иегімен қазандық жақты нұсқады.

Бәрі топталып, қазандықтың артындағы сырт көзден таса алаңқайға келді. Қоңқайды қаумалаған бір топ бала шеңбер жасап тұра-тұра қалысты.

– Сендер – көпсің, мен – жалғыз. Жабылу деген болмасын! Кім жабылса, сол – «шакал»! – деді Нұрәділ. Олар Қызылбұлақта осылай серттесуші еді. «Шакал» аталған баланы ешкім де көзге ілмейтін, қатарға да қоспайтын.

Тұрғандар шулап ала жөнелді:

– Өй, ақылгөйсімей-ақ қой, оны сенсіз-ақ білеміз...!

– Сезікті секіреді деген...Таяқ жеп қалса, жабылып кетті демек қой?!

Бұл алая қарағаны балмаса, үндеген жоқ. Қоңқай былай деді:

– Саспа, бұлар жабылмайды! Бірақ біз әуелі күресіп көрейік, жарай ма? Қалғанын сосын көрерміз...

– Мақұл!– Қулық-сұмдықтан бейхабар Нұрәділ бұл ұсынысқа қуана келісті. Еш алаңсыз қарсыласының оңтайын аңдып, оң жамбасқа келдің-ау деп ішке кіре берген... кеңсірігінен бірдеңе сарт етіп, көзінің оты жарқ етті. Бет-аузының бәрін қан жуып, жұдырық жаңбырдай жауып ала жөнелді. «Оһ!» деп айтты ма, айтпады ма, есінде жоқ. Бір ес жиғанда ұстаса кетіп, қарсыласын алып ұрғанын біледі. Біреулер аяғынан сүйрелеп, кейін тартып әкетті. «Қап! Әлгінде өзімді жақтайтын бір-екі бала ертіп алмағанымды қарашы! Қас қылғандай, Есен де, Нұрыш та бүгін туыстарыныкіне кете қалыпты...» деп өкініп, іші удай ашып қоя берді. Мыналар көпе-көрнеу қараулық жасап, кеу-кеулейді:

– Өй, бұлай күресуге болмайды!

– Төбелесте күрес жоқ!

– Атаңның басы,– деді бұл күйіп кетіп.– Жаңа ғана мыналарың «әуелі күресіп көрейік» деп алдап, аңдаусызда тұмсықтан қойып жіберген жоқ па?!

Әлгі аярлығы аздай қарсыласының да беті бүлк етпейді екен:

– Өй, сен... өйтіп... кісіге пәле жаппа! – деп ол тағы да аңдаусызда құлаштай салып жіберді. Нұрәділ абырой болғанда басын дереу тартып үлгеріп, соққы құлақшекесінен сырып өтті. Бұл ұстаса кетіп, алып ұрып, тізеге салып, езгілейін деген. Біреу арттан қырқа шалып, жалпасынан түсіре жаздады. Сақтықты ұмытпай талтайыңқырап жүрген, соның арқасында жығылмай қалды.

– Өй, шалма! Жабылмаймын дегендерің қайда? Бәрің шакал екенсіңдер! – Нұрәділ әлі де қолын босатқан жоқ еді. Ұстасқан күйі ұмтылып барып, қарсыласын бетінен бір сүзіп өтті. Сол мезет артында тұрғандар тағы да шалып еді, содан ба, дәлдеп тиген жоқ. Алайда қарсыласының да аузы қанады. Ерні жырылып кеткен сияқты. Қаумалағандар енді шалуды былай қойып, май құйрықтан шіреніп тұрып тебе бастады. Құдды мұны адам емес, жансыз қуыршақ көретін сияқты... Әй, иттер-ай...

«Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме?!» деген осы шығар. Көп көптігін істемей қоймайды екен. Әсіресе, зұлымдық пен аярлық араласса, адалдық амалсыз төменшіктеп, бетін басса, көп ит жеңбей қоя ма?! Әлгіден бері мына шибөрілер «Жеңілдім де, мойында...» деп, хормен қайталай бастаған. Мұның сағын сындырайын, жігерін жасытайын деген амалдары болса керек. Нұрәділ өзінің  дал-дұлын шығарса да «жеңілдім» деп мойындамауға шындап бекінді. Әрі қанша ызаланса да, қанша қорласа да мыналарға көз жасын көрсетпеуге іштей серт етті...

Кенет әлдеқайдан:

– Әй, иттің балалары!– деген үн саңқ етті. Қаумалап тұрғандар сәл аңтарылды да, тым-тырақай қаша жөнелді... Бұл шаңның арасынан әрең ажыратты. Қолына көсеу ұстап алған біреу жүгіріп келеді екен. Шамасы, от жағатын ағай секілді. Қазандықтың пешін жөндеп жүр ме, үсті-басы күйелі ағаш сияқты қап-қара. Бұл да жан-дәрмен безе жөнелді. Танып қойса, тәрбиешілерге айтып, сазайын тарттыруы мүмкін. Қарсыластары спортзалды бетке алса, бұл қарсы бағытқа қарай зытты. Сол жүгіргеннен жүгіріп отырып, жатақхананың арт жағына өтіп кетіпті. Мына түрімді біреу көрмесін деп, тал-талдың арасымен бұқпантайлап келді де, бірінші қабаттағы жуынатын бөлменің ашық тұрған терезесінен баспалап қарап еді, ешкім көрінбеді. Дереу ішке қарғып түсіп, есікті де, терезені де іштен бекітіп алып, жуынуға кірісті. Қан-қан, дал-дұл болған жейдесін шешіп алып, қоқсық жәшікке атып ұрды.

Жуынып жатып, манадан бері көрген қорлығы мен зорлығына шыдамай, оңашада ебіл-дебілі шығып, өксіп-өксіп жылады. Өзінің жалғыздығына, жан-дүниесін түсінетін жақтасының жоқтығына кейіді. Әлгілердің көпе-көрінеу қорлығына жыны ұстап, ызадан жарыла жаздады. Айналып келгенде, солардың «жабылмаймыз» деген жалған уәдесіне сеніп қалған өзінің аңғалдығына, аңғырттығына қапаланды... Бір қараса, долылығы ұстап, кәдімгідей озандап барады екен, біреу естіп қалмасын деп, дереу тоқтай қалды. «Қой! Мұны ешкім білмеуі керек. Жан баласы естімесін,– деді өзіне-өзі ақырын.– Әйтпесе, онсыз да әрбір сүрінген сәтіңді аңдып, келеке қылуға даяр тұратын сайқымазақтарға оңай олжа болармын... Әй, өзіме де обал жоқ, ақымақ болмасам, көлденең көк аттының сөзіне сенем бе?!».

Нұрәділ бөлмеге келіп, киімін ауыстырған соң Қоңқай мен оның жолдастарынан мықтап кек алуды ойлады. Бірақ қалай кек алмақ? Олар – көп, бұл – жалғыз. Ең болмаса, өз сыныптастарының да сырына қанық емес. Сонда кімге сенбек?! Нұрышқа ма? Жоқ, ол ондайға емес, күнделікті бейтарап тірліктерге бейім секілді. Есен де келмейді... «Одан Есеннің өзі жасқанады» деген жоқ па Нұрыш. Ал ағасы Болатқа мұндайды айтудың өзі ұят. Оның үстіне біреуге шағым айтып, шағыстырғанды Нұрәділдің суқаны сүймейтін.

 

Мықты болсаң, дайындыққа кел

 Нұрәділдің байқауынша, интернат балалары үшін ең қиын кез – демалыс күндері. Әсіресе, сенбі күні түстен бастап сырттан келушілер көбейеді. Біреудің әпкесі, екіншісінің атасы, үшіншісінің анасы келіп, мәре-сәре. Қасыңдағы балалардың туыстары сұрап әкетіп жатқанда, саған ешкім келмесе, нәумез болып, ешкімге қажетсіз, тастанды баладай күй кешеді екенсің. Көкірек тұсың удай ашып, көзіңе ыстық жас келеді. Жігіт емессің бе, ол жасты ешкімге көрсетпей, теріс айнала беріп іліп тастайсың да, әлдене есіңе түсіп, ештеңе болмағандай тұра жүгіресің.

Әншейінде араның ұясындай гулеп жатар жатақхана да, асхана да демалыс күндері көшкен елдің ескі жұртындай жадау тартып, құлазып тұрады. Мұқаншыда жанашыр туысы жоқ, жабырқау, жарым көңіл балалардың мекені. Әр сыныптан шошайып, жақ жүндері үрпиіп, бес-алтаудан ғана қалады. Ондай күндері тамақты да зарықтырып, ішек-қарныңды шұрылдатып, кеш беретінін қайтерсің. Әлде жабырқау жанға бәрі де осылай сұрқай көріне ме екен?!

Мұндайда Нұрәділ оңаша жер тауып алып, Тарбағатайға көзі талғанша қарайтын. Бүгін де сөйтті. Әне, таяқ тастам жерде Жайтөбе жатыр жантайып. Етегінде қызыл кірпіштен өрілген төрт-бес үй мен екі-үш қашар қарауытады. Одан әрмен Жайтөбенің қасына ерген тетелес інісіндей болып, Балатөбе қалқияды. Тағы да теріскейге қарай көз сырғытсаң, Тарбағатайға тірелесің. Сол таудың түбінде алақандай ғана Қызылбұлақ ауылы бар. Қайран туған жер-ай... Осыдан бірер жыл бұрын атасының немере бауыры Төлежан ақсақал отбасымен бірге Мұқаншының іргесіндегі бір фермаға көшкен еді. Сол кісі Қызылбұлақпен қоштасып, екі-үш ауыз өлең шығарған болатын. Соның бір ауызы Нұрәділдің да жадында жатталып қалыпты. Ауылын аңсағанда, Құдайдың құдыреті, осы өлең қайта-қайта есіне түсе береді:

Қайран жұрт, қош, аман бол бұдан былай,

Фәниде жолдас болдық көп жыл ұдай.

Кеткенде туған жерден кейімеп ем,

Ездің ғой ет жүректі, уа дариғай...

Е-ей, қайран Қызылбұлақ-ай! Оқу жылы тақаған сайын Нұрәділ күн санап, тықыршып жүргенде, анасы: «Әй, балам-ай, әлі-ақ осы күніңе зар боларсың. Қазір ғой интернат, интернат деп, желігіп жүргенің. Көп ұзамай-ақ екі көзің төрт болып, Қызылбұлақты аңсарсың әлі»,– деп, күліп еді. Анасының айтқаны айдай келді.

Анадайдан әлдекім атын атап шақырғандай болды. Құны-перені шығып, іздеп жүрген Нұрыш екен:

– Нұ-рә-діл! Нұ-рә-діл! Өй, сен қайда жүрсің? Бар қызықтан құр қалдың ғой...

– Ол не қызық соншама?!

– Бә-ле-е, не қызық дейді. Күрес болып жатыр, күрес...

Нұрыштың айтуынша, спортзалда күрестен жарыс өтіп жатыр екен. Көрші мектептерден де спортшы балалар келген көрінеді. Соны бірге тамашалайық дейді. Мұның делебесін қоздырғысы келіп, көтермелеп қояды:

– Сен біздің сыныптың балуанысың ғой! Өткенде көгалда күресіп көргенде бір де бірімізді бұйым құрлы көрмедің. Ендеше мұндай жарысты міндетті түрде көруің керек! Жүр, жүр! Сөзді қой. Кім білсін, бәлки, кейін атақты балуан болып кетерсің,– деп, жанын қояр емес.

Нұрәділдің туа бітті әдіс-айлаға, алыс-жұлысқа шебер екені рас. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір баланың сүндет тойында қатарластарының бәрін жығып, «балуан бала» атанғаны да бар. Содан бері осы атақ жабысып, қалмай келеді. Өйткені өз құрдастарымен ұстаса кетсе, әп сәтте-ақ алып ұрады. Бірақ бұл күрестен арнайы жарыс өтеді дегенді естігенімен, әлі бір де бір рет балуандардың сайысын тамашалаудың сәті түспепті.

Жарыста күні бұрын сайланып, дайын отырған балалар кезекпе-кезек белдеседі екен. Аумағы ат шаптырымдай залдың ортасына жұп-жұмсақ кілем төсеп тастапты. Әуестігі жеңіп, кілемді ұстап көріп еді, ішіне паралон салған, сыртын былғарымен қаптаған екен. Мұндай кілемге байқаусызда құласаң да еш жерің ауырмасы анық. Сайыскерлердің жығылғандары шығып қала береді де, жыққандары бір-бірімен күресіп, ең соңынан жеңімпаз анықталатын көрінеді.

Дәл өзіндей балалардың белдескенін көргенде, Нұрәділдің делебесі қозды. Ол қызды-қыздымен жарысты өткізіп отырған қазылардың қасына қалай жетіп барғанын білмей қалды. Қолына дауыс күшейткіш ұстаған бұйра бас ағай:

– Ақтық айқаста мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы Аманов жеңіске жетті!– дегенде, Нұрәділ де қыстырыла кетті:

– Ағай, осы баламен мен күрессем бола ма?!

– Болмайды.

– Неге болмайды?

– Әй, сен өзің екі аяғың салбырап, аспаннан түстің бе!? Әр нәрсенің жөн-жобасы мен ережесі болмай ма? Мықты болсаң, дүйсенбі күні кешкі 5-те осы залда өтетін дайындыққа кел! Ал қазір кедергі болмай былай тұр!

...Нұрәділ дүйсенбіде бапкердің айтқан мезгілінен кешікпей дайындыққа келді. Сонда көрді күрес дегенің – жай ғана екі баланың ұстаса кетуі емес, қып-қызыл өнер екен. Әуелі 4-5 шақырымға жүгіртіп, денеңді қыздырады. Содан соң әр түрлі жаттығуларды жасатып, тұла бойыңды керіп-созады. Осыдан соң ғана бір тәсілді көрсетеді де, балалар оны бірнеше қайтара жасап, жаттығады екен. Аяқ жағына қарай жұп-жұптап күрестіріп көреді. Ертеңіне тағы сол...

Осындай дайындықтардың бірінде Нұрәділ дұрыс жығыла білу тәсілін де үйренді. Бұл осыған дейін ұстасқан баланың бірде-бірінен жығылып көрмегендіктен, қалай құлауды да білмейді екен. Сондықтан жаттыққан сәтте бірін-бірі жем толы қаптай атқанда ауылдың бұла баласы допша домап құлайтын көрінеді.

Оны Тілеубек бапкердің өзі байқап қойыпты.

– Оп-па! Нұрәділ, қане, бері кел!– деп, мұны ортаға шақырып алды. Қане, бәрің де жаттығуды тоқтатып, мұнда қараңдар! Әсіресе, биыл келгендеріңе қатысты бұл. Мұқият тыңдап алыңдар!

Балалардың бәрі осылай жақындады.

– Нұрәділ, сен дұрыс жығылмайды екенсің. Бұл – өте қауіпті. Қарсыласың аспандата лақтырғанда кірпіше жиырылып, допша домаланған қалпы арқамен түссең, дем жетпей қалып, тіл тартпай кетуің мүмкін, ұқтың ба?!

– Иә, ұқтым!

– Бұл – Нұрәділдің ғана емес, күрес тәсілін әлі меңгермеген барлық баланың кемшілігі. Ендеше осы сөзімді мықтап еске сақтаңдар! Жалпы, дұрыс құлай білудің өзі де үлкен өнер,– деді Тілеубек бапкері.– Сондықтан қазірден бастап, сендерге дұрыс жығылуды үйретеміз...

Бапкер сол күні тек қана осы тәсілді қайталатты. Бір емес, бірнеше мәрте.

 

Күй құдіреті немесе

«Мә-ә-ә! Ж-жын-ды-ы тартады екен, ә!»

...5-сыныптың бір ерекшелігі – әр сабақты әр түрлі мұғалім оқытады екен. Осы күнге дейін бар-жоғы екі-ақ ұстаздың алдын көрген Нұрәділге мұншама көп мұғаліммен тіл табысу, олардың бәрін есте сақтау да оңайға соққан жоқ. Бірақ бір көргеннен мәңгі-бақи ұмытпастай есте қалар ерекше мұғалімдер де болады екен. Ән-күй ағай сондай болып шықты.

Үлкен үзілістен соң Есен сыныпқа алқын-жұлқын жүгіріп келіп, қатар отырған Нұрыш пен Нұрәділге:

– Әй, бір қызық айтайын ба, әлгі ән-күйдің жаңа мұғалімі ж-жын-ды-ы екен,– деді өз күлкісіне өзі шашала жаздап. Күлгенде онсыз да сығыр көзі жұмылып, жоқ болып кетеді екен.

– Жындысы қалай сонда?!– деді бұл екіұштылау. Өйткені мұқаншылықтар «өте, аса»  деген күшейткіш сөздердің орнына да, «күшті, мықты, қызық» деген сөздердің орнына да осы «жындыны»  қойып, «ж-жын-ды-ы сұлу», «ж-жын-ды-ы кино», «ж-жын-ды-ы билейді» деп, айта беретін.

– Алақ-жұлақ етіп жүрген жүрісі мен сөйлеген сөзін айтам,– деді ол.– Әлгінде үзілісте «Әй, ұл, бері кел!» деп, қасына шақырды. Бардым. Өзі жаңа ғана ұрлық жасап, біреуден қашып келгендей, алақ-жұлақ етеді. «Құрманғазыны білемісің?» дейді. «Білемін...» дедім. Оның былтыр ғана Ғани Мұратбаев мектебіне ауысқанын, биыл мұнда оқымайтынын айттым. «Ой, ақымақ неме... кет ары бар, әкең» дейді. Мен оның мұғалім екенін қайдан білейін, осындағы балалардың бірінің ағасы екен деп, дереу: «Сіз өйтіп боқтамаңыз әкеден...» деп, ерегесе кетіппін,– Есен тағы да ішек-сілесі қата күлді. – Сөйтсем, «әкең» деген сөз тура біздікі сияқты оның да сөзінің мәтелі екен ғой. Қазір келеді, көресіңдер, ж-жын-ды-ы...

Айтып ауыз жиғанша, үстіне ақ көйлек, қоңыр кәстөм киген, бір қолына домбыра, екінші қолына сынып жұрналын ұстаған, қалқан құлақты, бұйра шашты, жіптіктей жас жігіт кіріп келді. Балалар орнынан дүр-р көтерілді. Сыныптағы алпыс көз жаңа мұғалімге арбалып, қадалды да қалды.

– Жә-ә, отырыңдар,– деді жаңа мұғалім бұларға не жаратпағаны, не өзімсінгені белгісіз, екі ұшты қылып. Ол екі-үш аттап, үстелге жетті де, қолындағы жұрналын тарс еткізіп, тастай салғанда, бірінші партада отырған Абаеваның кекілі желп етіп, өзі селк ете қалды. Шынында да Есен айтқандай, бірдеңе ұрлап, біреуден қашып келгендей, өзі де, көзі де алақ-жұлақ етеді. Қимылы арсың-гүрсің, жүрісі де қызық. Егістікте жер өлшеп жүрген есепшідей адымдап, аттап жүреді екен. Ал құлағын бір көргеннен-ақ басқа ешкімдікімен шатастырмайсың. Өйткені мұндай қалқан құлақты Нұрәділ бұған дейін ешбір жаннан көрген емес. Есен бұған жалт қарап, «Айтқаным айдай келді ме? Жынды ма екен?» дегендей, ишарат жасап, бет-аузын қисаңдатып үлгерді. Нұрәділ күліп жібере жаздап, зорға шыдады...

Ән-күй ағай ештеңеден бейхабар күйде домбырасын бұрышқа сүйеп қойды. Сосын жұрналдың бетін ашып, таныс фамилия іздегендей тізімге үңіліп тұрды да, «осы мен неғып тұрмын» деген сауал басына сап ете түскендей, орындыққа жалп етіп отыра кетті. Сәлден соң тізімнен таныс фамилиясын таппағандай, сынып жұрналын сарт жауып:

– А-а-ал, танысайық, – деді әндетіп. Менің фәмилем – қазаққа бітпеген, елден ерекше фәмиле,– деді ыржиып. Онысы да өрескелдеу көрінді. Сосын тақтаға жалт бұрылып, борды ала салып, бүкіл тақтаның бетін алып, сойдақтатып жаза бастады. Міне, мынадай: «Кульд-чи-ги-чев». Балалар аң-таң. «Апырай, ә, өзі қандай қызық адам болса, фамилиясы да сондай қызық екен...» деп, таңырқасып отырған сияқты.

– Ағай, сонда сіз... қазақсыз ба?– деп сұрады Есен. Бұл – бәріміздің көкейіміздегі сауал еді.

– Қазақ болғанда қандай?! Дәл өздеріңдей қарадомалақ қазақтың баласымын. Ал паспорттағы фамилиям дәл осылай... Есесіне есімім таза қазақша – Тұңғышбай.

– А-а-ал, танысып болсақ, қане, сабаққа кірісейік...– қалқан құлақ ағай орындығын дәл ортаға әкеп қойды да, пенжегін шешіп, арқалыққа ілді. Сосын бұрыштағы домбырасын алды. Дүкендерде сататын орашалақ станоктан шыққан қарабайыр аспап емес, шеберге арнайы тапсырыспен жасатқан шешен домбыра сияқты.

Ол орындыққа жайғасып отырып, оң аяғын сол аяғының үстіне айқастырып қойды да, бір күйді төкпелетіп ала жөнелді. Өзі құйқылжыған күйге беріліп, көзін тарс жұмып алыпты. Ара-арасында еңкейіп, қалқан құлағын домбыраның көмейіне тақай түсіп, күйге елтіп отырады да, басын оқыс кекжең еткізеді. Сол қолының саусақтары ішекті бойлап, перне қуалап, көз ілеспес шапшаңдықпен жорғаласа, оң қолының ортаңғы және сұқ саусақтары біресе ішектің үстінде ортекедей орғып, біресе қақпақыл ойнап, тынымсыз безектеуде. Біраздан соң күйшінің шеке, самай тамырлары білеуленді. Іле-шала маңдайынан шып-шып тер шықты. Содан кейін ғана шабысына шабыс қосып, қыза шапқан жүйріктей, бабына келіп, еркін көсіле бастады.

Кенет мұғалім ағай тартып отырған күйін кілт үзіп:

– Бұл кімнің күйі?– деп сұрады.

 Әркім өз білгенін жобалап айта бастады.

– Құрманғазыныкі...

– Жоқ!

– Тәттімбеттікі!

– Жоқ!

Күйші ағай балалардың жауабына көңілі көншімей, басын шайқап қойып, тағы да бір күйді төпелеп ала жөнелді. Ол осы жолы біреуін аяқтай бере келесісіне тез ауысып кетіп жатқандай, ұзақ ойнады. Уақыт озған сайын домбыраның көмейінен төгілген күй де күмбірлеп, көркемдене түскендей. Бірақ Нұрәділ енді әлгі сауалдың қайталанарын сезіп, тықырши бастады.

Ән-күй пәнінде оның Райхан апайы тек ән мәтінін тақтаға жазып, соны көшіртуші еді. Көшіртіп болған соң, өзі бір-екі рет әндетіп, соңыра бұларға кезек беретін. Сонымен баға қоятын. Ал мына кісі бас-көз жоқ бір күйді ойнап шығады да, «бұл кімдікі» деп сұрайды. Бұл қайдан білсін?! Ес білгелі бері тірі күйшіні көрді ме екен? Күйшіні қойып, бүкіл Қызылбұлақтан хас шебердің қолынан шыққан, жөні түзу бір домбыра табылар ма екен?!

Күйші ағай әлгі сұрағын қайталады:

– Бұл кімнің күйі?

Балалар тағы да әр жерден естіп-білгендерін шамалап айта бастады.

– Момбековтыкі.

– Дастановтың би күйі.

Осылайша балалар білетін бірлі-жарым күйшінің есімі аталып шықты. Бәріне де күйші ағай тек басын шайқаумен шектелуде.

– Енді кімдікі? – деді біреу ақыры шыдамай кетіп.

– Бәйжігіттікі. Бәйжігіт деген атақты күйшінікі. Ол – мына сендердің аталарың. Мұнда ешкім білмейтіні – оның күйлерін білетіндер тек Қытай қазақтарының арасында ғана сақталған. Мен сол жақтан келген күйшіден үйрендім,– деп, мұғалім Бәйжігіт күйшінің өмірбаянын баяндап берді...

Әңгіменің әсерлі болғаны сонша қоңырау соғылса да жан баласы орнынан тапжылар емес. Бірақ күйші ағай қалай оқыс келсе, солай күтпеген жерден шыға жөнелді. Әлде оның қоштасқан сөздерін қалың ойға шомған Нұрәділдің өзі естімей қалды ма екен?!

Ән-күй ағай есікті жаба сала:

– Мә-ә-ә! Ж-жын-ды-ы тартады екен, ә!– деді Есен. Оның көзі шырадай жанып тұр.– Оллаһи-биллаһи, мұнша жынды тартатын кісі көрмеппін...

– Иә-ә-ә! Сон-ндай күш-ті тартады,– деп қостады Абаева. Балалардың бәрі де таңырқау мен тамсанысын жасырар емес. Тіпті, ештеңе демей-ақ көздерінде ойнаған от пен бал-бұл жанған жүздері арқылы ішкі ризашылығын сездіріп жатқандай.

Егер дәл осы күйшілік өнері болмағанда, балалардың бәрі жаңадан келген ән-күй мұғалімінің алақ-жұлақ еткен мінезін, қалқан құлағын баяғыда-ақ әжуа-мысқылға айналдырар еді. Басқаны былай қойғанда мына Есен-ақ оның мінезін аудыртпай салып, елдің ішек-сілесін қатырары анық. Бірақ оның Бәйжігіт күйші туралы әсерлі әңгімесі мен керемет домбырашылық өнерін көрген соң ешкім де мазақтап-келемеждеуге бата алған жоқ.

Күйдің құдіреті деген осы шығар, бәлкім?!

 

Мың асқанға – бір тосқан

Қоңқаймен бетпе-бет келудің сәті көп ұзамай-ақ түсе кетті. Нұрәділ сол күнгі төбелестен соң ешкімге тіс жармастан, өз төсегінде жатқан. Жан баласымен сөйлесуге құлқы жоқ. Түскілік асқа да бармады. Осында қалған сыныптас екі-үш бала мән-жәйді білейін деп, олай-бұлай айналдырып көріп еді, тырс еткен жоқ. Түстеніп келіп, шілдек ойнауға шақырса да, елп ете қоймады. Олар бір-біріне жалтақтасып, иықтарын қомдасып, амалсыз өздері кетті. Сол күйі әрнені ойлап жатып, ұйқтап кеткен екен, қарны шұрылдап оянды. Әлгінде тәбеті тартпаса да, жүрек жалғап алмағанына өкінді.

Сол екі ортада алқын-жұлқын Есен кіріп келді. Туыстарыныкінен таңертең шыққан бойда, күні бойы доп қуып, сол жерден интернатқа төте тарта салыпты. Оның да қарны шұрылдап жүр екен, бұған салған жерден жата кеп жабысты:

– Қой онда, кешкі асқа дейін әлі қай-да-а, кеттік дүкенге, жүр, жүр, менде біраз тиын-тебен бар!– деп, қояр да қоймай, ертіп әкетті.

Дүкеннен екеуі олай-былай қарап, жарты келідей пірәндік пен бір құмыра лимонад сатып алды. Соны рахаттана күйсеп, мұрныңды жара жаздайтын өткір иісі бар, тәтті сусынды сіміріп қойып, келе жатқан. Әлден уақытта Есен:

– Көр де тұр, қазір анау соқтығады,– деді. Нұрәділ Есеннің иегімен нұсқаған жағына жалт қарап, тұла-бойы дір ете түсті. Тағы да Қоңқай екен. Қасында баяғы Нұржан бар. Бірақ ол дереу бойын жиып ала қойды.

– Неге соқтығады?

– Өткенде ерегесіп қалғанбыз. Содан бері сүйкеніп жүр, тағы сөйтсе, не істейміз?!

– Сүйкеніп көрсін, біз де сүйкеп жібереміз!– деді Нұрәділ сенімді түрде.

– Ол – 4-сыныптың атаманы. Шындығында алтыншы оқу керек. Қорық-паймысың?!– Есен бұған сынай қарады.

– Неге қорқамыз? Біз емес, өзі бізден қорықсын!

Нұрәділ манағы төбелесті қысқаша баян етті. Қоңқай мен Нұржанға жыны кеп тұрғанын, жекпе-жекке Есен шықпаса, өзі шығатынын да жасырмады.

– О-хо! Онда болды. Бұлардың әбден ызасы өтті. Осы қазір тиіссе, мен жекпе-жекке шығамын! Сен қасындағыға ие бол!

– Мақұл! Келістік...

Айтқандай-ақ, Қоңқай сонадай жерден әкіреңдей жөнелді:

– Ей, сығыр! Не анау қолыңдағы? Әкел бері!

Есеннің өзінен жасқанатынына әбден есіріп, қожаңдауды әдетке айналдырған сияқты. Мұнысымен Нұрәділге де «Біліп қой, сендердің атамандарыңды алдымда құрдай жорғалатам» деп, қыр көрсетіп тұрғандай.

– Бұл– пірәндік қой. Бірақ саған барғысы келмейтін сияқты,–деп күлді Есен.

– Неге, ей? Неге барғысы келмейт?

– Білмеймін. Жаңа маған өздері «Қоңқай сұраса, бізді берме. Ол бізді шайнамай-ақ жұтып, обалды боламыз...» деген,– Есен бұл жолы ішек-сілесі қатып, рахаттана күлді. Оның шын пейілімен, еліктіре күлгені сонша, Нұрәділ өзінің де күліп жібергенін байқамай қалды. Нұржан да еріксіз мырс-мырс етті.

– Ей, сығыр! Сен мені ақымақ қып тұрмысың?! Не керек саған өзі?

– Маған ба? Маған сенің сүйкенбей, аулақ жүргенің керек?

– Ал өйтпесем ше?! Онда қайтпексің?

– Онда ма?!– Есеннің көзі оттай жанып, ұшқын атып шыға келді. Қолындағы қағазға ораған пірәндігін Нұрәділге ұстатты,– онда осы қазір сені жекпе-жекке шақыруға тура келеді...

– Шықсаң – шық, қанекей! Қорқатын кісің мен бе екен?!

Екеуі бір-біріне тұра ұмтылды. Бірақ қойын-қолтық ұрыспай, қапысын  аңдысып жүр. Бірі тап берсе, екіншісі кейін тайқып, ырғып кетеді. Алайда әп дегеннен-ақ Есеннің қимылы ширақ, десі басым екені көзге ұра бастады. Бірер рет жұдырық түйістірген сәтте Қоңқайдың басы селтең етіп, қимылы баяулап, арыны басылып қалғаны байқалды.

– Әй, тоқтат кәне!– деген үн саңқ етті. 10-сыныпта оқитын Мұхтар деген бала екен. Тәрбиеші Ханша апайға көмектесіп, бұларды ылғи тәртіпке салып жүретін.– Осы сендерге не жетпейді, ей, а?– Екеуін екі нұқып, жөндеріне жіберіп, кете берді де, қайта ескертті: – Қазір дүкенге барып, кері қайтамын. Енді екеуіңнің төбелескеніңді көрсем, бөлмеге қамап алып, итше сабаймын, ұқтыңдар ма?

– Ұқтық! Ұқтық!– деді бұлар жарыса. Әркім өз жөніне кетті.

– Қоңқай, кешке кездесеміз! – деп ескертті Есен. Қоңқай үнсіз ғана басын изеді. Өзі манағыдай емес, жуасып қалған сияқты.

...Кешкі кинодан соң Есен мен Нұрәділ бөлмесіне әдейі іздеп барды.

– Бүгін кеш боп кетті... Ертең кино жоқ қой, ертең шығайық,– деді Қоңқай.

Бұлар да осы уәжге тоқтасып, кері қайтты.

– Байқаймысың, алғашқыдай емес, беті қайтып қалған сияқты,– деді Есен жолда келе жатып.– Әбден ызасы өтіп еді, тәубасына бір түсірдік қой деймін. «Мың асқанға – бір тосқан» деген осы...

 

«Ер шекіспей, бекіспес»

...Нұрәділ кезекті дайындықтан шығып, жатақханаға беттегенде Қоңқай қасына қатарласа берді. Мана көп баланың ішінен оның да дайындық жасап жүргенін байқаған. Ол өткендегідей өктем емес, бүгін бір түрлі жуасып қалыпты.

– Тоқташы, әңгімелесейік...– дейді сыпайы ғана.

– Айта бер!– деді Нұрәділ дауысының салқын шыққанын аңғарып.

– Өткенде мен Нұржанның көңілі үшін қорқытып қояйық деп ойлағам, бірақ басқаша болды... Енді осының бәрін ұмытып, дос болсақ қайтеді... 

Нұрәділ өз құлағына өзі сенер-сенбесін білмеді. Мынау өткендегі бәлеқор, залым Қоңқай ма, басқа ма?! Нұрәділдің тілінің ұшына ең алғаш «Мен өтірікшімен достаспаймын» деген жауап оралған еді. Соны айтып жібере жаздап, тілін тістей қойды.

– Қорқытайық дегенде... сөйтуге бола ма?!

«Солай жабылуға, алдап соғуға бола ма?!» дегісі келген. Бірақ олай демеді.

– Екеуміз күреске бірге қатысады екенбіз,– деді Қоңқай бастырмалатып,– бізге енді жауласуға болмайды... достасайық!

Нұрәділ өзіне жасалған әділетсіздіктен соң Қоңқаймен қайта бірге-бір шығып, өшімді алмай, ашуым тарқамас деп ойлаған. Бірақ оның кешкі кинодан кейінгі жатақханадағы жасыған кейпін көріп, бір түрлі аяп, райынан қайтқан секілді. Оның үстіне өзі достасайық деп келіп тұрғанда, ұсыныстан бас тартса, мұнымен өмір бақи жауласып өтпек пе?! Бір мектепте оқып, бір жатақханада тұрып, бір дайындыққа қатысып, дүрдараз болып жүру мүмкін бе?! Мүмкін емес, әрине. Ендеше ең дұрысы – достасу.

– Жарайды, достассақ, достасайық!– деді Нұрәділ.– Бірақ бір шартым бар!

– Айт! Айта бер шартыңды.

– Онда, сен ғана емес, кешегі жабылған балалардың бәрін ертіп келіп, кешірім сұрайсыңдар!

Қоңқай күмілжіп, ойланып қалды.

– Немене?! Айнып қалдың ба?! Сөйтсек, сен екеуміз ғана емес, енді бүкіл 4 пен 5 болып ешқашан жауласпаймыз. Біреулер байқаусызда шекісіп қалса, бәріміз  бірігіп татуластырамыз. Есенмен де жекпе-жегіңді доғарамыз!

– Жарайды, мен өз балаларымды көндірем,– деді Қоңқай жеделдете. Әсіресе, оған «Есенмен де жекпе-жегіңді доғарамыз!» деген сөз ұнап кеткендей. Алайда күдігін де жасырмады,– Бірақ бұған Сығыр, ой кешір, Есен көне қояр ма екен?!

– Мына Сығыр дегеніңді ұмытсаң, көнеді!

– Айтпаймын, енді айтпаймын!

– Онда көнеді, ол – әйбат бала, әлі-ақ көресің, достасып кетесің! Айтпақшы, Қоңқай деген шын атың ба?

– Жо-ға! Шын атым Бауыржан ғой.

– Ал, Бауыржан, әкел қолыңды. Кешке кездесеміз!

– Ал, жақсы, Нұрәділ! Кешке кездесеміз!

Екеуі қол алысып, ризаласып тарқасты.

Сол күні кешке екі сынып түгел кездесіп, татуласты. «Енді ешқашан жауласпаймыз. Біреулер байқаусызда шекісіп қалса, бәріміз бірігіп татулас-тырамыз» деп, жігіттерше қол алысып, уағдаласты.

 

Алақай! Ки-но кө-ре-мі-і-із!

Сенбі, жексенбі күндері – интернаттағы ең қиын ғана емес, қызық та кез. Әсіресе, кешкісін. Бүкіл бала күндіз барған жерінен қанша қызыққа кенелсе де, қоналқыға интернатқа асығатын. Себебі – аптасына үш рет акт залда кино көрсетеді. Соның екеуі сенбі, жексенбінің кешіне тиесілі. Бұл күндері кешке қарай бала атаулының барлығы оқу ғимаратының алдын жағалайды. Өйткені кино көрсететін акт зал осы ғимараттың бірінші қабатында.

Қас қарая әбден сілікпесі шыққан, атам заманғы қорапты мәшинесін ыңыранта айдап, киномеханик келе жатады. Сыртындағы «Кино» деген жазуы сонадайдан мен мұндалап шақырғандай. Оны көре салғаннан-ақ бала-шағаның бәрі әкесі келгендей қуанып, «У-р-ра-а-а! Ки-но кө-ре-мі-і-із! У-р-ра-а-а! Ки-но кө-ре-мі-і-із!» деп, шулап қоя береді. Сол шуласып, сүйіншілескен күйі барлығы асханаға асығады. Басты мақсат – кино басталмай тұрғанда шапшаң тамақ ішіп келіп, қолайлы орынға жайғасып үлгеру.

Есен, Бауыржан, Нұржан үшеуі бір топ баланың алдына түсіп алып, шуласып, сүйіншілесіп жүгіріп келеді екен. Мұндай қуанышты сәттерде дүрдараз болып жүрген балалар да араздығын тарс есінен шығарып, татуласып кететіні бар. Ал кеше ғана қол алысып, татуласқан мына үшеуі бір үйдің баласындай болып жараса қалыпты. Дауыстары кешкі тымық ауаны тілгілеп, саңқ-саңқ етеді:

–У-р-ра-а-а! Ки-но кө-ре-мі-і-із! У-р-ра-а-а! Ки-но кө-ре-мі-і-із!

Жоғары сыныптағылардың баскетболын тамашалап отырған Нұрыш пен Нұрәділ олардың алдарынан жүгіре шығып, жарыса сұрасты:

– Киномеханик келді ме?

– Қандай кино көрсетеді екен?

Әлгі үшеуі кезектесіп әндете жауап қатты. Есен:

Мен қаңғырған баламын,

Отқа күйген шаламын,– десе, оны Бауыржан іліп әкетті:

Жыламашы, анашым,

Саған тамақ табамын...

Бәрі хормен қайырмасын айтуда. Нұрыш та соларға қосылып алыпты:

– Лә-ә-ә, ләл-ла! Лә-ә-ә, ләл-ла! Лә-ә-ә, ләл-ла, лә!

– Лә-ә-ә, ләл-ла! Лә-ә-ә, ләл-ла! Лә-ә-ә, ләл-ла, лә!

Тек Нұрәділ ғана ештеңе түсінбей, айран-асыр.

– Бұларың не? Бұларың не?– деп күледі амалсыз.

– Бұл – бүгін үндінің «Қаңғыбас» фильмін көрсетеді деген сөз. Көресің әлі, өте тамаша! Во-о-о!

– Ә-ә, солай ма?! Өлеңін де жаттап алыпсыңдар, сендерге түк қызық емес шығар ол?!

– Неге қызық емес? Ұмытып қалдық қой көп жерін. Ал өлеңін білетініміз – оны мереке сайын концерт қойғанда Есен айтады...

Бұлар тамақтанып келсе, акт залдың бір-біріне жабысқан қатар-қатар орындығы лық толып алыпты. Тек соңғы үш-төрт қатарда ғана орын бар. Оған отырудың еш қажеті жоқ. Жоғары сыныптың сырықтай ұзын балаларының бойынан түк көрінбейді. Есен, Нұрыш үшеуі еш ойланбастан сахнаның ағаш еденіне малдас құрып отыра-отыра кетісті. Арттағылар «көрінбейді» деп ескерту жасаса, әкесінің үйінде жатқандай, шалқалап жата кетеді. Ұсақ балалар үшін ең қолайлы орын – осы сахна.

Бір кезде аппақ экранда найзағай ойнағандай ақ, қара сызықтар ерсілі-қарсылы, айқыш-ұйқыш секіріп барып, кино басталды. «Чингачгук – Ұлы Жылан». Киномеханик  бұл жолы алдаған екен. Кейде балалармен әзілдеп, әдейі сөйтіп алдап қоятыны бар. Солтүстік Американың жақпар тасты, мөлдір сулы, ну орманды тамылжыған табиғаты. Ағылшын мен француздардың жер үшін, дүние-байлық үшін таласы. «Екі түйе сүйкенсе, шыбын өлер» дегендей, ортасында жазықсыз жапа шеккен үндістер. Могиканның соңғы тұяғы – Чингачгук, делавар тайпасы көсемінің қызы, Чингачгуктің қалыңдығы – Уа-Тәу-Ба, олардың адал досы Зверобой. Француздардың қолшоқпарына айналған гурондардың қатыгездігі. Интернаттың балалары салған жерден ХVІІІ ғасырдың оқиғасына басымен сүңгіп кетіп, Чингачгукпен бірге қарғып, бірге соғысып, тіпті, бірге тыныстап отырғанын сезбей қалды...

Кенет экрандағы тарс еткен мылтық даусымен бірге акт залдың сахнасынан да бірдеңе тарс ете қалды. Сіріңке тұтанғандай көңірсік иіс мүңк етіп, мұрын жарды. Апырай, не болып кетті өзі?! Кезекші мұғалімдер мен тәрбиешілер киноны тоқтатып, жарық жаққанша екі-үш бала жақын тұрған есіктен зып беріп, тұра безді. Біреулер  артқы жақтан жүгіре шығып, оларды тұра қуды.

Кезекші мұғалім Ханша Нарыққызы қабағынан қар жауып, сахнадағы-лардың екі аяғын бір етікке тықты.

– Қане, айтыңдар, жандарың барында! Кім ана қашқандар?

– Білмейміз! Білмейміз!– десті балалар көздерін жыпылықтатып.

– Мүмкін емес, білмеулерің. Қане, айтыңдар!– деп, әсіресе, 4 пен 5-тің тентегі Есен мен Бауыржанға шүйлікті. «Біздің еш қатысымыз жоқ, олар – үйдің балалары» деп, азар де безер болды екеуі.

Сол екі ортада 10-сыныпта оқитын Мұхтар бастаған балалар шырқ бұзушы әлгі үшеуін кезекші мұғалімнің алдына дедектетіп алып келді. Үшеуі расында да үйдің балалары екен. Жоғары сыныптың ұлдары жол-жөнекей өздерін біраз түйгіштеп алған ба, жүндері жығылып, көздері жер шұқып қалыпты. Ханша Нарыққызы үшеуін әлдірек үш балаға ұстатып, алдына салып алып кетті.

– Мен бұлармен жеке сөйлесем. Киноны жалғастыра беріңдер!– деді шыға бере. Дәу де болса әлгілер «пугач» атқан сияқты.

...Жарық сөніп, фильм жалғасты. Тағы да сол азаттық үшін жан алып, жан беріскен үндістер. Отаршыл, озбыр ақ нәсілді ағылшындар мен француздар. Досқа қайырымды, жауға қатал, қырағы да әпжіл, адал да әділетті Чингачгук. Оның сүйікті қалыңдығы Уа-Тәу-Ба мен адал досы Зверобой, қулығына құрық бойламас ағылшын капитаны мен аңғал лейтенанты... Әсіресе, могиканның соңғы тұяғы бола тұра, қара басының қамын күйттемей, делавар, гурон сияқты қандастарының жоғын жоқтап, адамдықтың, ерліктің үлгісін көрсетіп, жүректерге азаттықтың рухын сеуіп жүрген Чингачгуктың жарқын бейнесі Нұрәділдің жүрек түкпіріне мәңгі-бақи орнықты.

Кешкісін жатақханаға келгенде үлкендерден естіді. Әлгі үшеудің біреуі шынында да «пугач» атыпты. Қай сайтан түрткені қайдам, қалтасындағы қолдан жасалған, сіріңке шырпысының басындағы күкіртпен оқталған «пугачтың» шүріппесін басып жіберген. Әрине, көзге, бетке тақап атпаса, оның құлақ тұндырғаннан басқа пәлендей зардабы шамалы. Соған қарамастан, осы күннен бастап, шырқ бұзушы үйдің балаларын интернаттың киносына мүлдем кіргізбейтін болды.

 

 

Ақбозатпен аспанда самғау

 немесе екі бірдей жақсылықтың жаршысы

Сол күні таң алдында Нұрәділ бір ғажайып түс көрді. Түс емес, ап-айқын көрінген аян ба дерсің... Аппақ мамықтай бұлттардың үстімен ақбозатқа мініп алып, жүйткіп келеді екен. Астындағы жай ғана тұлпар емес, қанатты пырақ па, немене, біресе құлдилап, біресе өрлеп сай-саймен шаппайды. Бейне бір қалықтап ұшып жүргендей ақбозатының аяқтарының ұшы әр белге, әр қырқаға бір тиеді де, ары қарай самғай жөнеледі. «Мынау ғажап қой! Мына түрімен Қызылбұлаққа екі-ақ аттап жетіп барар!– деп қояды ішінен.– Әкем көшетін көлік таппай жүрсе, осымен-ақ көшіріп әкетейін! Анам да балаша мәз болатын болды».

Анадайдан әлдекім атын атап шақырған сияқты. Анасы екен:

– Нұ-рә-діл! Ой, Нұ-рә-діл! Сен не қып аспандап кеткенсің?! – деп сұрайды.

– Мен қанатты пырақпен ұшып жүрмін, тәте! Сіздерге Қызылбұлаққа бара жатырмын!– дейді бұл кеудесін қуаныш кернеп.

– Жоқ, онда барма! Біз Мұқаншыға көшіп кеп алдық қой!

– Рас па?! Қашан келдіңіздер?!– дейді бұл қуанышы қойнына симай.

–        Кеше түнде келдік. Жайтөбенің бөктеріндегі фермадамыз. Осында кел!

– Қазір, қазір! Ақбозаттың басын солай қарай бұрайын...

Осылай деуі мұң екен, оянып кетті. Жүрегі кеудесін тесіп шығардай атқақтай соғып тұр екен. «Әлгінің бәрі түсім бе?! Қап, оянып кеткенімді қарашы!» деп ойлап, дереу көзін жұма қойды. Бұл көзін жұмды екен деп, түсі қайта жалғаса ма, жалғасқан жоқ. Алайда, арғы бір аңғарымен ата-анасының осында көшіп кеп алғанын, бүгінгі көргенінің жай ғана түс емес екенін сезді.

Беті-қолын жуып, төсегін жинай сала екінші қабаттағы Болат ағасының бөлмесіне жетіп барды. Ол әлдекімге ашуланып жүр ме, немене, әйтеуір бұған «есің дұрыс па» дегендей, сұраулы жүзбен таңырқай қарап:

– Кім айтты оны саған?! Не деп тұрсың?!– деп, дүрсе қоя берді.

– Ой, ешкім айтқан жоқ. Әншейін... өзім... – деді бұл күмілжіп. Қарадай бүлініп жүрген адамға кісі сыр айта ма?! «Түс көрдім» десе, «Түс – түлкінің боғы» деп, өрекпіген көңілін су сепкендей баса ма, кім білген. Сондықтан теріс айналып, тіс жармай кете барды.

Түскі тамақтан соң көптен бері күрес-күрес деп, келмей кеткен кітапханаға бас сұқты. Кітаптан кітап қоймай кеміретін Есенмен бірге келген. Нұрәділдің анда-санда осынау оқу залына келіп, «Спорт» пен «Қазақстан пионері» газеттерінің тігінділерін қарап шығатын әдеті бар еді. Сол дағдысымен  «Қазақстан пионерінің» соңғы сандарын ақтарып отырғанда өзінің аты-жөні көзіне оттай басылды. Әуелі өзімен аттас біреу екен ғой деп, онша мән бермеген. Сөйтсе, фамилиясы да Рақымбаев деп тұр. Ол аз десең, тұрағы мен мектебі де дәлме-дәл қайталанады.

Сонда ғана бәрі есіне түсіп, жүрегі атқақтай соғып ала жөнелді. «Е-е-е! Сол екен ғой...» деп ойлады. Оқу жылының басында ауылы мен ата-анасын өлердей сағынып жүргенде, осы газетті парақтап отырып, редакцияның балаларға «Менің ауылым» айдарымен шағын әңгіме жазуды ұсынғанын оқыған. «Мазмұндама мен шығармадан үнемі бес алып жүргем жоқ па, бағымды сынап көрейінші» деп, осы жерде отырып-ақ әңгімені әп сәтте жазды да, редакцияға салып жіберген. «Қайран, Қызылбұлақ» деген тақырыпты да өзі қойған. Бірақ мәтінді оқи бастағаннан-ақ сөйлемдердің орны ауысып, тың сөздердің қосылғанын, әлдекімнің өңдегенін байқап, құлағының ұшына дейін қызарып кетті. Біраз кідіріп, күш жинап алып, ашылған тігіндіні қасындағы Есеннің алдына сырғытты. Ол күтпеген жерден:

– Өй, мынау сен ғой! Әңгімең шығыпты ғой!– деп, айғайлап жіберді.

– Т-с-с, айғайлама! Елден ұят болар!– Нұрәділ ұялып, қызарақ қақты. Оқу залында отырғандардың бәрі бұларға қарады. Елден ұялатын Есен бе?!

– Сен қызық екенсің! Ұрлық жасаған жоқсың, несіне ұяласың,– деп, мұны қайрап қойып, кітапханашы апайға да, басқа балаларға да көрсетіп шықты. Бәрі-бәрі мақтап, құттықтап жатыр. Сол лепірген күйі сыныптағыларға да жайып жіберді. Сөйтіп, бұл жаңалық әп сәтте-ақ бүкіл интернатқа мәлім болды. Бірі қызығып, екіншісі қызғанып қарайтындай. Содан біразға дейін өз-өзіне келе алмай қойды.

Тек дүйсенбінің үйге берген тапсырмасын даярлағанда ғана бәрін ұмытып, ынты-шынтысымен кірісіп кетіпті. Қарап бола бергені сол еді, сыныптың есігі ашылып, Болат ағасының басы қылтиды.

– Кім, әй бұл? Не керек? – деді Ханша апайы қатқыл үнмен. Интернатта екі Ханша апай бар еді. Бірі – егде жастағы, аласа бойлы, қара торы өңді, 5-сыныптың тәрбиешісі, осы Ханша апай да, екіншісі – үнемі қабағынан қар жауып жүретін, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің аса қатал әрі әділ мұғалімі Ханша Нарыққызы. Балалар бұл кісіні сыртынан «Күлмесхан» деп атайтын. 

– Апай, Нұрәділ керек... Әкем кепті...Үйге әкетпек, – деді Болат үзіп-үзіп.

–Айттым ғой, келеді деп...– Нұрәділдің даусы еріксіз шығып кетті. Ол бүгінгі таң алдындағы түсін жан баласына айтпай-ақ, «ата-анам осында көшіп келген екен. Көп ұзамай бір хабар болып қалар» деп, өзінше жорыған еді. Онысын біреуге айтса, әлдекімдер естіп қойып, болдырмай тастайтындай көрінген. Енді, міне, айтқаны айдай келген соң, «айттым ғой» деп, шіреніп тұр. Ал сыныптастары мұның көңіл-күйіне еш мән бермей-ақ, әкесі үйге сұрап әкететін бақытты балаға ғана қарайтын көзбен қызыға да, қызғана да қарап қалыпты. Сөйтіп, таңертеңгі түсі екі бірдей жақсылықтың жаршысы болды.

– Ә-ә-ә! Ол кісі қайда?– деді Ханша апайы үнін жұмсартып.

– Ана жақта! – Болат арғы жақты нұсқады.

– Осында шақыр! Қой, үлкен кісі шығар... өзім барайын!

...Міне, қызық! Бәрі тұп-тура түсінде көргендей болып шықты. Тек айырмасы – әкесі салт атпен келмей, ақбозатты атшанаға жегіп алыпты. «Кеше түнде көшіп келдік. Жайтөбенің баурайындағы фермадамыз» деп қояды өзі жайбарақат қана.  Болат екеуі жарыса жүгіріп келген бойда шананың үстіндегі жып-жылы ішікке сүңгіп-сүңгіп кетті де, бастарын қылтитып шығарып алды. Құдды күрік тауықтың астындағы сары үрпек балапандардай.

– Айттым ғой,– деді Нұрәділ бұдан әрі шыдамай.– Мен бүгін осының бәрін түсімде  көрдім.

Ол өзінің ғажайып түсін майын тамыза әңгімелеп берді.

– Ақбозатпен аспанда ұшып жүрсең, тасың өрге домалайды екен, балам! – деп, әкесі басынан сипады. – Тек, тіл-көзден сақтасын!

– Әке, газетке Қызылбұлақ туралы әңгімем де шығыпты. Тасың өрге домалау деген сол шығар,– деді Нұрәділ бұдан әрі кідіруге шыдай алмай.

– Газетке шықтың ба, өй, айналайын,– деп, әкесі кәдімгідей қуанып қалды.– Ондағылар да кісіні бекерден-бекер шығара бермес...

Мұқаншының шетіндегі Арқалдының кірпіш үйлерінің арасынан шыға бере-ақ Жайтөбенің бөктеріндегі ферма көрінді.

– Әне, ферманың қорасы! Әне, үйлері, – деді екеуі жарыса.

– Е-е, жап-жақын екен ғой. Кейін жаяу да келуге болатын сияқты.

– Шаңғы болса ғой, ә! Зу-у-у етіп жетіп келетін...

Ақшам уағы. Ай сүттей жарық. Ақбозат аппақ қарлы дала жолымен пысқырып қойып, желе-жортып келеді. Сонау Жайтөбенің жақпар тастары мен оның бөктеріндегі төрт-бес үйлі, ұзыннан ұзақ екі-үш қоралы фермадан басқа әлемнің бәрі аппақ қармен тысталған қыс көрпесін қымтаныпты. Болат пен Нұрәділ әрбір сәтті қалт жібермей, жадына түйіп алғысы келіп, алға қарап, елеңдесіп отыр.

– Әне, анау  сымша тартылған тас жолды көрдің бе? – дейді Болат.

– Иә, көріп тұрмын. Шет-шетіне тал егілген бе?

– Тал емес ол, жиде. Күзде алғаш келгенде жидеге бардық дедім ғой. Сонда осында келгенбіз,– деп Болат та өз білгенімен бөлісуде.

– Ой, қандай алысқа барғансыңдар...

– Жоқ, мынау алыс емес. Біз бір-ақ сағатта жетіп барғанбыз.

Нұрәділ бірдеңе айтпақ болып, әкесіне қарап еді, ол қалың ойға шым-шым батып кетіпті. Таныс бір мақамды танауының астынан ыңылдап қойып, қалың ой құшағында келеді. Жазбай таныды – сол ән! Шапқан шөбін арбаға тиеп алып, үйге қайтқанда да, сиыр қайырып бара жатқанда да  ыңылдап айтып жүретін үйреншікті әндерінің бірі. Әкесінің естілер-естілмес ыңылымен бірге мына бір шумағы Нұрәділдің жадында жаңғырып сала берді:

Алатау бірде қарлы, бірде қарсыз,

Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз.

Дарияның жарға соққан толқынындай

Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз...

 

Өз үйім – өлең төсегім. Сарқыт

...Әне-міне дегенше, ақбозат қызыл кірпіштен өрілген төрт-бес үйдің ең шеткісіне тұмсық тірей тоқтады. Қораның бір бұрышына байланған Құтжол бұларды танып, қыңсылай үріп қарсы алды. Тетелес екі ұл шанадан түсе сала жүгіріп барып алпамсадай сары итті құшақтап жатыр. Ит те бұларды айналып-толғанып, алды-артын орап, қолдарын кезекпенен жалап-жалап алды. Сол кезде ойына бірдеңе сап етіп түсе қалған Нұрәділ:

– Құтжол, ассалаумағалейкүм!– деп, қол созып еді, құйтақандай күшік кезінен бастап қолда өскен ит шоқиып отыра қалып, алдыңғы оң аяғын көтеріп, бұлармен «қол беріп» амандасты. Нұрәділ өздерінің үйреткенін Құтжолдың әлі ұмытпағанына мәз болып, масайрап қалды:

– Қара пәлесін! Қол беріп амандасуды әлі ұмытпапты!

– Енді қалай деп ең?! Ит деген адамнан  бетер зерек болады.

Сол сәтте есік ашылып, аналары шықты:

– Өй, жүгірмектер, шешелеріңнен гөрі Құтжолды сағынып қапсыңдар ғой?!– деп, жорта ашуланған кейіп танытты.

– О-о-о, тәте! О-о-о, тәтем! –деп, екі ұл қатарласа жүгіріп келіп, аналарын құшақтай алды. Жарыса ақталып әлек:

– Жоқ, Сізді сағындық. Сізді қатты-қатты сағындық!

– Ендеше неге әуелі Құтжолға сәлем бересіңдер?!

«Бәсе, неге өйттік» дегендей, екі ұл да сөз таппай іркіліп қалды. Аналары оларды састырғанына балаша мәз бола күліп:

– Әншейін айтам, әкем! Үстілеріңді қағып, үйге кіріңдер!– деп, есік ашты да, ауыз үйден дереу қолдарын жуғызды.

Құлдыраңдаған Қарлығаш пен Сүйініш ортаңғы есікті ашар-ашпастан аяғына оралып, босағадан әрі жіберер емес. Төрдегі сырмақтың үстінде отырған Ерлан да қажалап отырған пешенейін тастай беріп, бірдеңеден құр қалардай осылай қарай еңбектей жөнелді. Болат пен Нұрәділ оларды кезекпе-кезек құшақтап, сүйіп жатыр.

– Әй, қарақтарым! Тым болмаса, ағаларыңа шешінуге мұрсат берсеңдерші! Қане, тұра тұрыңдар!– деп күліп, зілсіз ғана ескертіп еді, Қарлығаш пен Сүйініш  шегіншектеп, тұра-тұра қалысты. Ал сөз ұқпайтын Ерлан ағаларын тастай беріп, олардың босағаға шешіп қойған етіктерін бас салды.

– Ой-бу, мына ұл жерік асын көріп қалды. Әкет, әкет! Ауыз үйге шығарыңдар,– деді аналары. Аяқ киім көрсе, Ерлан бас салып, аузына тығады екен. Оның осы қылығын еске алысып, бір күліп алған соң, барлығы шәйға отырысты...

Аналары осылар келсе, берермін деп сақтап жүрген жылы-жұмсағының бәрін шығарып, алдарына тосты. Бауырсақ пен ірімшік-құрттар дастарханға толып кетті. Қарынға салып сақтап қойған сары майын да шығарды. Нұрәділ осыған дейін  өмірінде бірінші рет бақандай екі ай қатарымен туған үйінде болмапты. Осы екі ай оған екі жылдан асып, мәңгілікке ұласып кеткен сияқты көрінді. Осы екі ай ішінде ол ата-анасын, аға-апайларын, қарындас-інілерін сонша қатты сағынғанын, бұрынғыдан бетер жақсы көре түскенін сезінді.

...Жұмадан жексенбінің кешіне дейінгі екі тәулік көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Болат пен Нұрәділ ата-анасына еркелеп, бауырларымен соқыр теке ойнап, әбден құмардан шықты. Интернаттың тәртібін бір пәске ұмытып, «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, аяқ-қолдарын керіп-созып, кеңінен көсілді. Ханша апайға берген уәдесі бойынша, әкелері жексенбінің кешінде бұларды интернатқа қайта жеткізіп салды.

Нұрәділ жатақханаға кірген бойда дәліздегі терезенің алдында жападан-жалғыз мұңайып, құлазып отырған ОБолатты көріп, ет-жүрегі езіліп қоя берді. Бұлардың сыныбында төрт Болат бар еді. Балалар оларды бір-бірінен ажырату үшін фамилияларының басқы әріптерін есімдерінің алдына қойып, КіБолат, ҚыБолат, СыБолат, ОБолат деп атайтын. Осылардың арасында Нұрәділге ең жақыны – интернатқа өзімен бір мезгілде келген ОБолат еді. Ол Бұғыбай деген шалғай ауылдың сегіз жылдық мектебін биыл өкімет жауып  тастап, бастауыш сыныптарды ғана қалдырып, содан осында ауысып келген болатын. Әрі шалғай ауылда тұратындықтан, әрі қысы-жазы малда болғандықтан, ата-анасы Мұқаншыға жиі қатынай алмайтын. Содан алғаш рет үйінен алысқа ұзап шыққан жас бала үнемі ата-анасын сағынып, екі көзі мөлтеңдеп жүретін. Қит етсе, өкпелеп, балалардың қалжыңын да көтере алмай, жылауға дайын тұратын. Нұрәділ шамасы жеткенше осы баланы қорғаштап, қолына жарты құрт түссе де сонымен бөлісетін. ОБолат та мұны көрсе, әкесін көргендей арсалаңдап, қуанып қалушы еді.

Бүгін де екеуі бірін-бірі көптен бері көрмегендей, құшақтасып амандасты. Нұрәділ  Болаттың көзіндегі мұңды көріп:

– Шыда, күзгі каникулға бар-жоғы төрт-ақ күн қалды! Қарашы, төрт-ақ күн! Содан соң сенің де әкең келіп, күзгі каникулға үйіңе алып кетеді!– деп, Болатты жас балаша жұбата бастады.–  Ал бүгін мына сарқытты жей қой!

Ол достарына ала келген бауырсақ пен құрттан Болатқа бір-бірден берді. Қалғанын басқа сыныптастарына жеткенінше бөліп-бөліп, үлестірді. Жарты бауырсақ, ширек құрт тигендер тегін олжаға кенелгендей мәз болысты. Үлес біткен соң келіп, біреудің аузындағы ширек құрттың жартысымен бөліскеніне разы болғандар да бар.

 

Қырдың қызыл Қызғалдағы немесе бала махаббат

Арада үш-төрт айдай уақыт өткен еді. Қаһарлы қыстың соңғы айы болатын.

Бір күні сынып тәрбиешісі Ханша апай дайындықтан соң қыздардың бәрін бөлмесіне қайтарып жіберіп, ұлдарды алып қалды да:

– Қыздар мерекесіне концерт дайындаймыз. Қане, кімнің қандай өнері бар, ортаға салыңдар!– деді. Мұндайда суырылып шыға қояр ұлдар ма?! Бірін-бірі іліп-қағып, уақытты сағызша соза түсті.

– Ой, өңшең «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастар-ай!» – деп, тәрбиеші апай бір кіжініп алды да, Есенді шақырды.– Қане, Ұстынов, алдыға шық! Кітаптан кітап қоймай, бекер оқыдың ба? Сал өнеріңді ортаға!

Есен үнемі екі езуін жимай, күліп жүретін бала еді. Өмірдің күлкілі жақтарын тез байқай ма, қайдам, әзіл-оспаққа да бейім болатын. Бұл мінезінен бейхабар кейбір мұғалімдер «Әй, осы дәу де болса, мені әжуалап тұр-ау, әйтпесе, неге орынсыз ыржалақтай береді» дей ме екен, онымен жауласып, ұстасып алатын. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» дегендей, ондай шоқпарлы мұғалімдер Есенді өздері жасап алған тентектер тізімінің ең алдына қоюға, сәті түссе, жазалап жіберуге даяр тұратын. Соларға ақтала беруден мезі болған сықақшыл бала кейінгі кезде бірыңғай кітап кеміруге көшкен. Интернат кітапханасындағы балаларға арналған барлық шығармаларды оқып тауысып, енді үлкендерге арналған романдарға кіріскен. Сол Есен орнынан күле тұрып:

– Ханша апай, мен былай интермедия білемін,– деп, кеңірдегін сызып көрсетті. Шамасы, көп деген сөзі болса керек.– Қайсысын айтайын?!

– Сен ыржалақтамай, шетінен бастай бер! Біз арасынан қайсы қызық болса, соны таңдап, іріктеп аламыз, жарай ма?! Тек анау «Қаңғыбасыңды» айтпай-ақ қой, оны бүкіл интернат жаттап алды.

Есен «жарайды» деп, жол-жөнекей Серік деген баланың құлақшынын сұрап алып, тақтаның алдына шықты. Оныкі бауы үзіліп, құлақтары салпылдаған соң темір ілгектермен бекітілген құлақшын болатын.  Соның ілгектерін ағытып, басына баса киіп, қолына тақта алдындағы ұзын укасканы мылтыққа ұқсатып кезене ұстап, шыға келгенде-ақ балалар күлкіге қарық болып қалды. Әсіресе, құлақшынының екеуі екі жаққа салпылдаған құлақтары аңғал-саңғал жүре берер Аңғалбайларды көз алдыңа елестетіп, езуіңе күлкі үйірмей қоймайтын. Ал автор мен кейіпкер рөлдерін қатар меңгерген Есен бар нақышымен тақпақтай жөнелді:

Аңға шықты Аңғалбай

Сәтті күні кешкісін...

Өзі аңғал, қопал адамдарша жан-жағына алақ-жұлақ етіп қойып, бір түрлі ерсі жүреді. Жоқ жерден сүрініп-қабынып, құлай жаздап, қайта оңалады. Тамашалап отырған жұртқа: «Ой-бу, мына байғұс бірдеңені бүлдірмесе екен» дегізгендей.

Атып алды байқамай

Колхоздың бір ешкісін...

Балалар ду қол соғып, ішек-сілесі қата күліп жатыр. Әртістік қабілеті де тәп-тәуір екен.

Ол келесі бір сықағын бастарда әлгі құлақшынды иесіне қайтарды да, тақтаның жиегінде тұрған қол сүртетін орамалды басына байлап, бүйірін таянып, ұрысқақ апайлардың кейпіне енді:

Баяғыда екі қатын ұрсысыпты,

Бірін-бірі жеңуге тырысыпты.

Біреуі айтыпты: «Сен мәләдессің!»

Екіншісі айтыпты: «Жоқ! Сен мәләдессің!

Мәләдесті білмейтін мен бала емеспін!»

«Біреуі айтыпты» дегенде, бірінші әйелдің рөлінде есікке қарап тұрып айтса, «екіншісі айтыпты» дегенде, қарсылас әйел болып, қарсы қарап тұра қалады. Бастарын шайқап, көздерін бағжаңдатып барып бітіргенде балалар тағы да қыран-топан күлкіге батты. Жалғыз Есеннің өзі ғана бүкіл 5-сыныптың жүгін арқалап алып шыққандай екен.

– Жарайсың, Ұстынов! Нағыз әртіс екенсің. Тек анау бас жағын «екі қатын» деп көститпей, «Баяғыда екі тәте ұрсысыпты» деп баста! Сен ертеректегі ескілікті кісі емессің, сыпайы оқушысың, солай айт, жарай ма!

– Жарайды...

Осылайша Ханша апай жетекшілігіндегі 5-сынып ұлдары Есеннің екі-үш сықағы мен домбыра үйірмесіне қатысатын Мұрат деген баланың  бірер күйін таңдап алды. Ал қалғандарының өнерін алда-жалда біреу-міреу ауырып қалса қосармыз деп, тізімнің соңына тіркеп қойды.

...Көптен күткен көктем мен қыздар мерекесі де келіп жетті. Акт залы мерекедегідей безендіріліп, әр сынып өздеріне бөлінген 10-15 минут арасында өнерлерін ортаға салып жатты. Көңілді күпті қылған бұлардың да кезегі өтті-ау әйтеуір. Әсіресе, Есеннің әзілдері соншалық сәтті де табиғи шығып, көрерменді қыран-топан күлкіге көмді...

Ал 6-сыныптың ұлдары өнер атаулыдан мақұрым ба, бірде-бірі сахнаға шыққан жоқ. Есесіне бұлардың қыздары өнер десе, ішкен асын жерге қояды екен. Әсіресе, осы сыныптың Қызғалдақ пен Қырмызы есімді егіз қызы қырдың қызыл қызғалдағының киімін киіп шыға келгенде бүкіл зал әуелде сілтідей тынып, іле-шала сүйінгеннен орындарынан тік тұрып, ду-у қол шапалақтап тұрып алды. Ал қызғалдақтай құлпырған егіз қыздың екеуі екі микрофонды ұстап, әндете бастағанда, талай ұл қараптан-қарап естерінен танды. Соның бірі – күмістей сыңғырлаған, бұлақтай сылдырлаған мұндай ғажап үнді  бұрын-соңды естіп көрмеген Нұрәділ еді.

Бұл әлемде гүлдер көп алау жапқандай,

Бірақ  әсем гүлдер жоқ қызғалдақтардай.

Қырдың қызыл қызғалдағы – балап арманым,

Осы әнімді ерке сәулем саған арнадым.

Суретші ағайлардың бірі салған ба, сахнаға көкжиекпен астасқан тау бейнеленген декорация ілініпті. Шың-құзын буалдыр мұнар шалған мамырдағы көгілдір тау. Етегіндегі бел мен беткей көкмайса балғын мен балаусаға бөккен. Жап-жасыл көгал және сол көкмайсаны өртке орағандай қып-қызыл қызғалдақ. Қырдың қызыл қызғалдағы. Егіз қыздар да сол суреттегідей жап-жасыл көгал тектес көйлек киген. Сол жап-жасыл көйлектің өн бойы өрттей лаулаған қып-қызыл қызғалдақ. Бастарына да қызғалдақтан тәж тағып алыпты. Екеуінің ән салған еріндері де қызғалдақтай қып-қызыл. Қандай жарасымды сурет десеңші.

Нұрәділ Қызғалдақ пен Қырмызыны бұрыннан танитын. Бірақ дәл мынадай өрттей лаулап нұрланған сұп-сұлу сәттерін бүгін алғаш рет көріп отыр. Әсіресе, Қызғалдақтың. Қырмызы ақ сарының әдемісі еді. Ал Қызғалдақ – аққұба. Шашы, қас-кірпігі – қап-қара. Көздері қарақаттай. Шаң қонған, бозғылтым емес, жаңа ғана жауған жаңбыр суы мөлдіретіп жуып кеткен дымқыл қарақаттай. Қазір сол қарақат көздерден отты ұшқын шашырайды. Сол ұшқынның бір бөлшегі  Нұрәділдің де жүрегіне түсіп, шоқ болып қарып бара жатқандай. «Мәс-саған! Осы мен... әлгі... үнді фильмдеріндегі жігіттердей ғашық болып қалғаннан саумын ба?!» деп ойлауы мұң екен, Нұрәділдің өне бойы ду етіп, құлағына шейін қызарып кетті. Біреу байқап қалған жоқ па екен деп, ептеп қана жан-жағына қарап еді, ешкімнің мұнымен шаруасы жоқ. Тек қатар отырған Есен ғана «жын-ды-ы айтады екен, ә» деп, бұған қарап, жымыңдап қойды.

Ал қырдың қызыл қызғалдақтары әлі де әндетіп тұр екен:

Таң нұрымен нұрланасың,

Самал желмен ырғаласың,

Күнде ерекше бүр жарасың

Қызғалдақтардай         ...

Қызғалдақ ән салса, шабыттанып, құлпырып кетеді екен. Әлде бұған солай көрінді ме?! Әйтеуір Нұрәділге сол күні осы әннен басқа ән айтылмағандай көрінді. Қызғалдақтан басқа қызды да көзіне ілмеді. Сол күні ғана емес, бірер аптадай осы әнді қайта-қайта танауының астынан ыңылдап жүрді:

Бұл әлемде гүлдер көп алау жапқандай,

Бірақ  әсем гүлдер жоқ қызғалдақтардай...

Қырдың қызыл қызғалдағы...

Шіркі-і-ін! Қызғалдақтай қыздың көңілін тапқан баланың арманы жоқ шығар-ау! Ал бұл болса, оның көңілін таппақ былай тұрсын, маңына да жолай алар емес. Қашан көрсе де жоғары сыныптың ұлдары айналып-үйіріліп Қызғалдақтың қасынан шықпайды. Онсыз да бірінен-бірі қызғанып, иттей ырылдасып жүрген бозбалалар мұндай боқмұрындарды сұлу қыздың қасына аттап бастыра ма?! Бастырмайды, әрине. Маңына жоласыншы, аяғын сындырсын! Ақыры Нұрәділ сол қызды қол жетпес шың басындағы шынардай көрді ме, әйтеуір, кездескен сайын бір ысып, бір суынуды қойды.

 

Сарыбауыр – тайпалған жорға

Жер қарайып, көктем шығысымен шілдек, он таяқ, ләңгінің дәуірі басталады. Алдыңғы екеуінің таяқтарын үнемі өзіңмен бірге алып жүру қиын болғандықтан, ең қолайлысы – қалтаңа сала салатын ләңгі. Ойынқұмар қулар үзіліс кезінде, не дайындықтан қашып-пысып та қаға берісте ләңгі соғып жатады. Ондайдың үстінен түскен мұғалім сабаққа кедергі жасағаны үшін құмарпаздың ләңгісін алып қояды. Ешкі терісінің бір пұшпағын кесіп алып, қорғасынға құйып тұрып бекітілген небір әсем ләңгілер мұғалімдердің қалтасында кетті ғой шіркін, амал не...

Бұл кезде балалардың бағына орай күн ұзарып, арқа кеңи түседі. Қыстың мұзды құрсауынан құтылған қара жер құрыс-тырысын жазып, бусанады. Тоңы жібіп, жер дегдиді. Міне, сол кездегі балғын мен балаусаның  жұпарын жұтқан көктемнің саф ауасы қандай ғажап, шіркін! Сабақтың бар екенін тарс есіңнен шығарып, күні бойы далада рахаттанып ойнап жүре бергің келетінін қайтерсің...

Сәуір айының осындай шуақты күндерінің бірі болатын. Нұрәділ кезекті дайындықтан келе жатып, қараптан-қарап қара терге түскен Кентай мен КіБолатқа кезікті. Кентай жылқыша кісінеп жіберіп, өз жамбасын өзі шапалақтап қойып, тырағайлап шауып жүр.

– Мен – Сарыбауырмын, и-и-һо-һо-һо,– деп, артқы екі аяғына тұра қалып, алдыңғы аяқтарымен ауаны тілгілеген арғымақтың бейнесін келтіріп қояды. Өзі екі иығынан дем алып, ентігін баса алмай жүр.– Мен – Сарыбауырмын, и-и-һо-һо-һо!

Содан соң тұра шабады. Ол шапқан сайын соңынан бір елі қалмай КіБолат та шауып жүр. Жүгеннің тізгініндей таспаны Кентайдың желкесін бастыра қос қолтығынан өткізіп алып, арқасына шығарып қойыпты. КіБолат сол тізгінді тас қып ұстап алған.

– Ал мен – атбегімін! Сарыбауырды жаратып жүрмін!– дейді КіБолат.

– Жақында атжарыс өте ме?

– Өтпегенде?! Өй, сен білмейді екенсің ғой. Жыл сайын 9-май қарсаңында Жайтөбенің етегіндегі жазықта атжарыс өтеді,– деп түсіндірді Сарыбауыр-Кентай.– Сонда Мұқаншының намысын мен қорғамай, кім қорғайды?

– Ә-ә-ә! Солай ма?! Онда бізді жерге қаратпаңдар...

– Неге жерге қаратамыз? Бәле, сен Сарыбауырды білмейді екенсің ғой. Бұл маңда, мына Мұқаншыны былай қойып, бүкіл Арқада оған тең келер бірде-бір жорға жоқ! 

– Қой-ей, Кентай, асыра мақтап, бөсіп кеткен жоқсың ба?

– Қайдағы бөскен?! «Ойнасаң ойна басқа атпен, ойнама бірақ қасқа атпен!» деген. Сен Сарыбауырмен ойнама! Ол деген... Ол деген...– Кентай көзін ашқаннан бері мал арасында өскен малшының баласы емес пе, аз ғана күдікке бола осынша шамырқанды. Ал егер Сарыбауырға тіл тигізсе, мұнымен жаға жыртысуға дайын сияқты.

Оның асығыс-үсігіс айтқан уәжінен Нұрәділ мынаны ұқты. Сарыбауыр – Арқалды совхозының меншігіндегі жылқы екен. Оған он бір жасқа дейін ешкім назар аудармай, жайылымдағы көп жылқының арасында жүре берген. Екі-үш жыл бұрын ғана ұсталып, арбаға үйретіліп, мұның әкесіне беріліпті. Жүрісі жайлы, жуас жылқы. Бұлар бір жылдай әр түрлі шаруаға жегіпті. Көбінесе мініске пайдаланыпты.

Бір күні оправтың оң қолы Сейілханның көзі түсіпті. Қырағысын қарамайсың ба?! Сол арада дереу мініп көріпті. «Төрт аяғы тайпалған, ешқашан жорғасынан жаңылмайтын төкпе жорға екен!» деп, мақтап-мақтап кетіп қалыпты. Көп ұзамай, директор, оправ, Сейілхан үшеуі бірдей келіп, мұның әкесіне қолқа салыпты. Сарыбауырдың орнына қой бағуға бір ат пен сауынға бір бие беріп, алып кетіпті. Жорғаны шаруадан мүлдем босатып, атбегі ақсақалдарға бір жылдай баптатыпты. Келесі жылы аудандық жорға жарысқа қосып кеп жіберсе, шаңына жылқы ілестірмей, көш құлаш жерден жеке-дара келіпті. Содан облыс пен республикалық жарыстарға да апарып салған. Облыстан да шашасына шаң жұқтырмаған. Ал республикадан әуелгіде екінші келіп, келер жылы әбден баптап апарғанда, топ жарған. 

Кентайдың ендігі бар арманы – кезінде өзі талай мінген, бір жылдай осылардың қолында жүріп, үйінің, отбасының бір мүшесіндей болып кеткен Сарыбауырдың биылғы аудандық жорға жарысынан да шаңына жылқы ілестірмей, жеке-дара келгенін көріп, мойнынан құшақтап, кекілінен сипау екен. Осыны айтқанда, Кентайдың тамағына өксік тығылып, көзінен жас ыршып кетті.

– Оллаһи-биллаһи, егер атжарыс сабақ күні болып, Ханша апай жібермей қойса, мен қашып кетсем де барып көремін,– деді ол. Балалар оның тастүйін бекіген қалпын көріп, айтқанына қапысыз сенді. Алайда, олар да бәйгенің сабақ күндері емес, демалыста болғанын, бәрі бірдей атжарысқа барып, Сарыбауырдың өнерін өз көздерімен көруді тіледі.

...Бір күні кешкісін Кентай бастаған бір топ бала «Бүгін қара жарыс болды. Жүздеген тұяқ дүбірлетіп, тура интернаттың тұсынан өткенде атпен бірге жарысып, біраз жерге барып қайттық...» деп лепірісіп келді. Бір-бір сәйгүлік мініп, бәйгеге өздері шауып келгендей, делебелері қозып, танаулары делдиіп кеткен. Ол қызықтан құр қалғандар «Пәленшенің жиренін көздерің шалды ма?!», «Түгеншенің көкқасқасы бар ма екен?!» десіп, недәуір дүрлігісіп қалды. Қанша дегенмен, ат құлағында ойнаған қазақтың баласы емес пе?!

9 мамыр күні Нұрәділ бір топ сыныптасымен бірге атжарыс өтетін жазыққа келді. Ол ес біліп, етек жапқалы дәл мынадай ұлан асыр тойды көрмеген еді. Жайтөбенің етегі қарақұрым халық. Аттылысы көп пе, жаяулысы көп пе, адам айырып болмастай. Белесебет  жетелеп, мопед пен мотацикл мініп  жүргендер қаншама. Өр жаққа өңшең ақ боз үйлерді қаздай етіп тізіп тастапты. Қастарында бір-бір автолавка тұра қалып, сауда жасап жатыр. Ортасынан ат шабатын жол қалдырып, бергі бетке жүк мәшинелерінің бортын түсіріп қойып, жәрмеңке жасап жіберген. Газдалған су да, балмұздақ та, кәмпитің мен пешенейің де, бала үшін не керектің бәрі бар. Тек қалтаңда ақшаң болса, болғаны. Мына бір жерде концерт көрсетіп, ана бір жерде балуан күресіп жатыр. Орта-ортасында делебені қоздырып, Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін күйтабақпен ойнатып қояды.

Бұлар бір сыныптан жеті ұл бірге келген. «Бірге жүрейік. Жұп жазбайық» деп келіскен. Оған бола ма?! Біреудің ағасы, екіншінің ата-анасы кезігіп қалып, «Бізбен бірге жүр! Ешқайда кетпе!» деп алып қалып жатыр. Бір қараса, сопиып Кентай екеуі ғана қалыпты. Қайткенде де Сарыбауырды тауып алып, Кентайдың арманын орындау керек. Таныс балаларды кезіктіріп, жөн сұраса,  «Білмеймін. Осында шығар...»  дегеннен ары аспайды. Екеуі бір сағаттай текедей тентіреп, ештеңе өндіре алмады.

Ақыры бір кезде жорға жарыс та басталды-ау. Бұған дейін құнан жарыс, ұшқыр аттар сайысы дегендердің өтіп жатқанын құлақтары шалған. Үлкен адамдардың бойынан ештеңе көрінбеген соң, қолды бір сілтеп, Сарыбауырды іздеуді жалғастыра берген. Жорға жарысты хабарлағанда бұлар тырмысып жүріп, бір мәшиненің бортына шығып, қонақтап алды.

– Әне, әне Сарыбауыр!– деп, саңқ ете түсті Кентай.

– Қане, кәне! Нешінші кетіп бара жатқаны!

– Әне! Бір, екі, үш... жетінші кетіп барады. Сен бөтен ойлап қалма! Сарыбауырдың шыға шаппасы жоқ, қыза шабады. Қазір көресің!

Сол-ақ екен әлгі мәшиненің жүргізушісі бұларды көріп қалып, қуалап, түсіріп жіберді. Бұлар келесі бір мәшинеге беттеді. Оған да біреулер шығып алған екен. Бірақ танымайтын, үлкенірек жігіттер. «Орын жоқ! Өзіміз зорға сиып тұрмыз!» деп, маңдарына жолатпады.

Тағы бір мәшинеге жеткенде, Нұрәділ Кентайға қарап, ерніне сұқ саусағын көлденең қойып:

– Т-с-с! Мына мәшиненің әнеу бір тұсында орын бар екен! Қазір шыққанда өзімізге назар аудармас үшін айғайламай, сыбырлап сөйлесейік жарай ма?!– деді.

Кентай жарайды дегендей күліп, басын изеді. Екеуі әлгі жерге тырмысып шығып алды. Жорғалар соңғы айналымға кетіпті.

– Әне, әне! Айттым ғой, Сарыбауыр бірінші келе жатыр!– деп, Кентайдың көзі шырадай жанды. Манағы «сыбырлап сөйлесейік» деген келісімі жайына қалды.

– Т-с-с! Иә, иә, оқ бойы озып келеді!– деп қостады Нұрәділ.

Елдің аузында тек қана Сарыбауыр.

– Ә-ә-ә, Сарыбауыр дегенің осы де!– деп қояды самайларынан басқа жерінде шашы жоқ, қасқа бас адам.– Өзі  басқа жылқылардан еш айырмасы жоқ, аласа бойлы, қораштау күлік сияқты ғой!

– Оның үстіне тұрқы ұзын, құлағы құландыкіндей екен! Осылай, көзге қораштау көрінген соң, әу баста ешкім назар аудармаған ғой,– деп қостады оны қасындағы сылыңғыр қара.– Өзі он бір жасқа дейін көп жылқының арасында жүре берген дейді...

 – Бәле, солай ма?! Баяғының атбегілері мен сыншылары жоқ қой қазір! Толыбай, Күреңбай деген сыншылар жүйрікті үйде отырып, тұяғының дүбірінен-ақ ажыратады екен ғой, шіркін!

Осы кезде көрермен көпшілік қол шапалақтап, айқайласып-қиқуласып кетті:

– Сарыбауыр! Сарыбауыр! Құйғыт! Заула!

– Уай, жануарым, жарайсың!– деп, кеу-кеулесіп, көтермелеп қояды.

Әлгі қастарындағы екі кісі де қошаметтеп жатыр:

– Пах! Пах, жүйрігін-ай! Келді, әне! Жеке-дара келді!

– Басқасы мұның жанында жорға ма, шіркін!

Нұрәділ әлгі екі кісінің сөзін тыңдап отырғанда, Кентай мәшинеден қарғып түсіп, мәреге қарай құйындай ұшып барады екен. Бұл да жерге секіріп түсіп, Кентайдан көз жазып қалмайын деп, соңынан тұра жүгірді.

Бұл келгенде Кентай Сарыбауырды мойнынан тас қылып құшақтап алыпты. Көз жасы мөлт-мөлт етеді.

– Әй, бала! Әй Зекеннің ұлы! Жібер енді! Шауып келген атты біраз жетелеу керек қой!– деп, бір кісі зорға босатып алды. – Кіп-кішкентай болып, атқұмарын қарашы-ей, өзінің!

Кентай сонда да тыңдамай, жорғаның соңынан жүгірмек еді, Нұрәділ құшақтай алды. «Болды, болды! Сарыбауырың жорға десе, жорға екен! Оған мініп көрген сен де бақытты баласың!» деп, жібермей қойды. «Көрдің ғой, ә! Көрдің ғой, қандай керемет жылқы! Шіркі-і-ін! Аяқ астынан есейіп кетсем ғой! – деп, Кентай  бір пәске қиялдап кетті.– Үйімді сатсам да, Сарыбауырды сатып алар едім!»

Жарыс аяқталып, ел тарай бастады. Нұрәділ қарақұрым халықтың арасынан ферманың қай тұста екенін әрең ажыратып, Кентайды ертіп, үйге беттеді. Жол бойғы әңгімелері тағы да Сарыбауыр. Осылайша, Сарыбауыр бұлардың жүректерінің терең бір түкпірінен орын алып, шашасына шаң жұқтырмас жүйрік аттың, ертедегі батырлар мен бектер ғана мінер қазанаттың баламасындай мәңгі-бақи жадтарына жатталып, саналарына қатталып қалып еді.

 

Оқу озаттарының жорығы

немесе шұғынық тере барғанда...

Мамырдың жанға жайлы, мамыражай күндерінің бірі. Аудандық мәдениет бөлімінің әртістері мінетін автоклуб мәшинесі тас жолмен ертелетіп терістікке қарай жүйткіп келеді. Жайтөбе мен Балатөбе баяғыда-ақ көз ұшында ғайып болған. Алда – Батыстан Шығысқа қарай сымша тартылған Тарбағатай. Бейне бір көкжиекпен жалғасып кеткендей тарғыл таудың екі ұшына да көз жетпейді. Осы кейпінде өзі жауын жапырып келіп, жантайып жата кеткен батырға ұқсайды. Қия беткейіндегі тар соқпақтары мен төбешіктеріндегі тас қорымдары  аласапыран заманда ары-бері жөңкілген қалың елдің тауқыметті тағдырының хабаршысындай. Әне, анау тұрған – Найзақара шыңы. Жақпар тастардың арасындағы көгалға ұшын көкке қаратып, ырғай сабымен шаншып қойған тас ғасыры адамдарының найзасы сияқты.

Бұл көліктегілер интернаттың 5-7-сыныптарынан іріктеп алған оқу озаттары еді. Қастарында екі мұғалім бар. Нұрыш ағай ұлдардың екі тізгін, бір шылбырын қолына алса, Қарашаш апай қыздарға жауапты. Басты мақсат – Келдемұрат пен Қызыларайдағы соғыс ардагерлерінің тізімін нақтылап, белгісіз сарбаздың ескерткішіне гүл шоқтарын қою. Әрі патриоттық тәрбие, әрі қыс бойы ала қағазға шұқшиған балақайларды  таза ауаға шығарып, сергітіп, серпілту.

Келдемұрат пен Қызыларай – қатар жатқан көрші ауылдар екен. Рахат пен Бейбітгүл осы екі ауылдан. Туған жеріне жақындаған сайын екі қыздың көздері бал-бұл жанып, жүрек соғыстары жиілей түскендей. Әне, Келдемұраттың ақ шаңқан үйлері көрінді. Балалар қуанып, шу ете түсті. Әсіресе, туған ауылдарына келген Рахат пен Бейбітгүлдің жанарлары жарқылдап, дауыстары жарқын-жарқын шығады. 

– Әне, анау – мектеп, әне – дүкен!– десіп, кеуделерін шаттық кернеп, мәз-мейрам. Шіркін, әр көшесі, әр үйі таныс Қызылбұлаққа барса, Нұрәділ де дәл солардай күй кешер еді-ау.  Әттең, амал не, сегіз-ақ шақырым қиыс тұрса да, ұстаздарының жоспарында  Қызылбұлақ жоқ екен.

...Келдемұраттың белгісіз сарбазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатқанда, Нұрәділдің ойына өз ауылындағы ескерткіш оқиғасы орала кетті. Әлі есінде бұлардың 1-сыныпқа баратын жылы ма, әлде одан да ертерек пе, әйтеуір, ес білгенмен, оқуға бара қоймаған кезі. Ауылдың түстік жақ бетіндегі белдің астында Сейітбек деген баламен бірге қой жайып жүрген.

Бір кезде қасына Мұрат пен Болатты ертіп, әкесі келді. Шапқан шөптерін шөмелелеп болып, қайтқан беттері екен. Әкесі көк шөпке малдас құрып отыра кетті де:

– Ал, Нұрәділ, Сейітбек! Сендер енді боссыңдар! Ойнай беріңдер! Кешке үйге қойды өзім айдап қайтам!– деді. Бұлар кете бергенде жыланбауыр тракторын дарылдатып, Самат ағай келіп қалды. Әкесімен амандасып, жөн сұрасқан соң:

– Анау жотаның астына Сталиннің ескерткішін сүйреп апарып тастадым! Барша жұртқа қаһарын төгіп, қырып кете жаздап еді, жатсын солай иттің баласы!– деп, әлдекімге кіжініп қойды.

– Аға, Сталин деген кім?– деді бұл жұлып алғандай.

Самат ағай қарқылдап күлді де:

– Сталинмен танысқың келсе, ана жотаның астына бар! Ол – менің әкемді итжеккенге айдатқан сұм!– деді.

Мына сөзден соң балалардың барлығының да әуестігі артқан.

– Барыңдар, көрем десеңдер, көріп келіңдер!– деді әкелері де. Басқаны қайдам, Нұрәділ оны осы ауылдың кісісі екен деп ойлаған. Самат ағайдың әкесін таныса, итжеккенге айдатса, әрине, осы ауылдың кісісі.

Жүгіре жарысып барғанда көрді, онысы тірі кісі емес, біреудің қолдан мүсіндеген жансыз бейнесі екен. Бір кездегі тұп-тұтас ескерткіштің қолы қол, бұты бұт болып бөлініп қалған қирандысы. Опырылған тұсынан ара-арасына сым темір салып құйғаны көрініп тұр, іш жағы қуыс. Өзі алып болған ба, немене, бұлар ғаныш мүсіннің ұлы денесінен де, аяқ-қолының қуысынан да олай-бұлай өтіп көрді. Содан соң еш қызығы қалмаған... Күндердің күні болғанда мына ескерткіштер де Сталиндікіндей қирап, күресінге апарып тасталатын шығар-ау.

...Жорықшылардың ішінде 5-сыныптан  Нұрәділден басқа Рахат, Бәтима, Бейбітгүл деген үш қыз бар еді. Қалған екі сыныптан да әрқайсысы үш-төрттен ұл-қыз. Солардың ортасында қырдың қызыл қызғалдақтары – Қырмызы мен Қызғалдақ та бар.  Нұрәділ дымқыл қарақаттай қап-қара көздерден шашыраған ұшқынды да, сол ұшқынның бір бөлшегінің өз жүрегіне түсіп, шоқ болып қарығанын да әлі ұмытқан жоқ еді. Неге ұмытсын?! Алғашында бірер күндей өз-өзіне келе алмай, бір ысып, бір суынып жүрді. Оңаша қалса, өз еркінен тыс танауының астынан қайта-қайта ыңылдап та қояды:

Бұл әлемде гүлдер көп алау жапқандай,

Бірақ  әсем гүлдер жоқ қызғалдақтардай...

Біреу қасына келсе, дереу тілін тістейді. Жан баласына тіс жарған жоқ. Тіпті, ең жақын араласқан Есен мен Нұрышқа да айтпады. Несін айтады? Не деп айтады? Нұрәділдің түсінігінше, сезім деген – қолмен ұстауға да, ауызбен сипаттауға да көнбейтін бір тылсым дүние. Сондықтан, оны жүректің терең түкпіріне сақтаған жөн. Бейпіл ауыз жандарша тылсым сезімді жалаңаштап, өзіңді де, өзгені де қорламау керек.

Келе-келе Қызғалдақты қол жетпес шың басындағы шынардай көрді ме, әйтеуір, кездескен кезде бір ысып, бір суынғанды қойды. Ол туралы ойласа болды өне бойының ду етіп, құлағына шейін қызарып кететіні де басылды. Өйткені, шынтуайтына келгенде мұны аңдып жүрген жан баласы жоқ екен. Өз-өзінен қысылатын көрінеді.

Міне, Қызыларайды да артқа тастап, бұлар мінген көлік Тарбағатайға беттеді. Қайтар жолда шұғынық тере келеміз деген. Шұғынық – хош иісті гүл. Ол қауызын жарып шығып, гүлдеген  кезде бүкіл тау мен дала жұпар аңқып, тіршілік біткен соның хош иісіне елтіп, керемет ләззатқа бөленеді.  Осындай ғажайыптығына бола мұқаншылықтар «шұғынық өссе жерімде, ырыс тасыр елімде», «мереке гүлі, береке гүлі шұғынық» деп мақалдайтын. Әрі интернаттың соңғы қоңырауы да шұғынықсыз өтпейтін.

Мәшине бір қырқаға көтерілгенде Бейбітгүл:

– Ағай, апай! Сайдың анау тұсында тұп-тұнық тұма бар! Сол жерге тоқтайық,– деп өтінді. Рахат та соны қостап жатыр:

– Иә, апай, бұл жерде  одан қолайлы жер жоқ!

Қос мұғалім де осы сөзге тоқтасты. Қарашаш апай көліктен түсерде:

– Балалар, естеріңде болсын! Түскен бойда шұғынық жұлмаймыз! Ол күннің көзінде бекерден-бекер солып қалады. Тек қайтар кезде ғана жинаймыз! Ал қазір ең алдымен ұлдар шырпы жинасын, қыздар шай қайнатып, дастархан жасаймыз! Түсінікті ме?!– деп ескертті.

Көліктен түскен бойда балалардың бәрі тұмаға жүгірді. Қауырсын құтыға құйып ала шыққан интернаттың компоты таңдай жібіткені болмаса, шөл баспайды. Сайдың дөңестеу бір жарқабағында шөккен түйедей түйетас пен сандықтас қатар тұр. Солардың ортасындағы қазан шұңқырда үш-төрт көзден бірдей бұрқылдап, су қайнап шығып жатыр. Балалар тау тұмасының тұп-тұнық суынан қанып ішіп, кеуделерін тау самалына тосқанда ғана жүздері жайнап, көздеріне от жүгірді.

– Пах, шіркін! Жұпар аңқыған шұғынықтың иісін-ай!– деп қояды Қарашаш апай. Өзі қолына екі тал күрең қызыл шұғынық ұстап алыпты.

– Атамыз қазақ шұғынық гүлі бітік өсіп, жапырағын көрікті етіп жайса,  мал-бас аман, өнім мол болады деп санайды екен,– деді Нұрыш ағай.– Биыл сондай молшылық болады!

Оны Қарашаш апай да қостап жатыр:

– Айтқаныңыз келсін! «Шұғынық өссе жерімде, ырыс тасыр елімде» деген нақыл да осы сіз айтқанды меңземей ме?!

– Иә, иә! Дұрыс айтасыз...

Суға қанған қыздар беткейдегі өрттей лаулаған қып-қызыл гүлді көріп:

– О, шұғынық! О, шұғынық!– деп, тұра жүгіріп еді, Қарашаш апай:

– Шұғынықты жұлмаймыз!– деп пысықтап, ескертіп қойды.

– Ой, ап-а-а-й! Сондай көп қой! Бір-бірден ғана алайықшы!

– Жарайды, тек бір-бірден ғана! Одан артық жұлмаймыз!

Әп сәтте шай қайнап, дастархан жайылды. Бұлардың түскілік асының орнына неше түрлі тағамдар алдыртыпты. Таза ауада жүргенде тәбетің де ашыла түспей ме. Сары май, тәтті тоқаш, қалбырдағы бұқтырылған ет деймісің бәрі бар.

Мұндайда бала атаулы шаршауды ұмытып кетеді ғой. Түскі астан соң сай табанындағы жазықта шеңберлене тұра қалып, доп соғып, тоқ басты. Кей балалар сиыр соқпаққа түсіп алып, Тарбағатайдың баурайындағы жақпар тасты төбелерге шығып, шие теріп жеп келді. Тағы біреулер етекке ылдилап, енді қызара бастаған бүлдіргеннің дәмін татып қайтты. Екеуіне барғандар да: «Шіркін, енді бір он-он бес күннен кейін келсе ғой, сылқия тояр едік» деп, қиялдап қояды. Бірақ Рахат пен Бейбітгүл болмаса, қалғанының бұл жаққа жолы түсе қоюы екі талай еді.

Күн еңкейе бере балалар құшақ-құшақ гүлдерін құндақтай орап, көліктің артқы жағына салып, Мұқаншыға қайтты. Күні бойы көрген қызықтың әсерінен арыла алмай, жол бойы сынып-сыныпқа бөлініп, ән салып жарысты. Қызғалдақ пен Қырмызы ән салудан ешкімге дес бермеген соң, мақал-мәтел айтып, жұмбақ шешісті. Бәрінің де жүздері бал-бұл жанып, күнге тотығып, алабұртып алған.

х   х   х

Жаз шыға Нұрәділдің әке-шешесі Мұқаншының қақ ортасынан үй сатып алды. Үсті шатырланбаған, қоржын там. Біраз уақыт иен тұрған сияқты. Алдына ауыз үй қосып, іші-сыртын сылап-сипап, төбесін қара қағазбен қаптаған соң жұмыртқадай болып жұтынып шыға келді. Топты жанға тарлау, әрине. Алайда, үлкен үй алғанша көп-көрім баспана. Аға-әпкелерінің барлығы осы үйге жақын мектепке ауысты. Тек Нұрәділ ғана интернаттың баласы болып қала берді. Анасы үйге  ауыстырайын деп барса, Ханша апайы: «Озат оқушымызды жылы орнынан қозғамаңыз! Мына тұрған жер! Сағынсаңыз, жексенбі сайын шауып барып тұрады! Көп балалы анасыз. Бір балаңызды өкімет бағам десе, қайта қуанбайсыз ба»,– деген сияқты түрлі-түрлі уәж айтып, жібермей қойыпты.

Өйтіп жібермегені бар болсын, Нұрәділ көресісін жазғы каникулды Мұқаншыда өткізгенде көрді. Көшеге шықса да, киноға барса да, қыл аяғы мал қайырып келе қояйын деп өріске жөнелсе де үйдің балалары алдын орап, күн көрсетпейді. Екі-үшеуден бірігіп алып, мұны көрсе, ата жауын көргендей екіленіп: «Әй, интернат – жезтырнақ, бармайсың ба интернатыңа! Мұнда неғып жүрсің?» – деп, қараптан қарап соқтығады. Әуелгіде біраздан соң өздері-ақ жалығып, қояр деп елемеген. Алайда әзірге үдей түспесе, қояр түрі көрінбейді. Бір тиіссе, қасқыр көрген ауыл иттеріндей, жабыла үріп, қуып тастамай және тоқтамайды. Неге сонша өшігетінін ит біліп пе?! Өздерінен сұраса, жырқылдай күліп, жөнін айтпайды. Былтырғы қазандықтың артындағы оқиғадан аузы күйіп қалған Нұрәділ бұдан әрі аяғын аңдап баспаса болмайтынын түсінді. «Интернаттың баласы» деген аттан құтылмай, бұл қорлықтан да құтылмасын білді. Бірақ қандай құқай көрсе де «Қашан үлкен үй аламыз?! Қашан мен үйден қатынап оқитын мектепке ауысамын?!» деп, ата-анасын да қинаған жоқ.