Кері қайту
АҚТЫҚ АЙҚАС

Қазақтың Көк Туын көкке өрлетіп жүрген

балуан бауырларыма арнаймын!

Автор.

«БАСҚА БӘЛЕ – ТІЛДЕН»

немесе  «жығылуды үйрену де – өнер» ме?!

Әу баста «Басқа бәле – тілден» деген сөзді кім айтса да тауып айтқан екен. Дәл сол күні тілін тістеп, үндемей қойса, Санжардың да үйдей бәледен құтылары айдан анық еді. Алайда көріп тұрғанын көрмегенсіп, естігенін естімегенсіп қоя салу мұның сүйегіне сіңбеген мінез болатын. Ақыры сол мінез Абат екеуінің арасын ушықтырып тынды.

...Ауыл шетіндегі алаңда бір топ бала доп қуып, әбден шаршаған соң көгалда дем басып отырған. Аяқ астынан атақты спортшылар туралы әңгіме басталмасы бар ма. Рональдо мен Месси сияқты атақты футболшылардан тартып, Брюс Ли, Мұстафа Өзтүрік, Ардақ Назаров сияқты жекпе-жек шеберлерінің бәрі түгенделді. Өзін қатарлас балалардың барлығынан үстем  санайтын Абаттың да делебесі қозды. Ол әйгілі әлем спортшылары туралы әңгімеден мақұрым болған соң өзінің ағаларын мақтаған. Айтуынша, шеттерінен спортшы, осы ауылдың жігіттерін тақ тұрғызған жігіттің төресі көрінеді. Үйлерінде белтемір, зілтемір дегеннің неше атасы бар екен. Жұмыстан қол боста үнемі солармен шұғылданып, тыным таппайтын сияқты. Сәлден соң Абат қыза келе «Өткенде Москваға жарысқа барғанда Марат ағам Брюс Лимен жекпе-жек шығып, быт-шытын шығарды» деп салды. Мұнысы енді еш қисынсыз, шылғи өтірік болатын. Бірақ отырғандардың ешқайсысы тіс жарар емес. Тек Санжар ғана шыдамай:

– Брюс Ли емес, бәлкім, басқа біреу шығар...– деп қалды.

– Сен не? Марат ағамның шеберлігіне күмәнің бар ма?– Абаттың аузы шошайып шыға келді.

Балалардың бәрі де абдырап қалған. Тек Мұрат деген бала ғана бір шикілікті сезгендей жымың-жымың етеді.

– Шеберлігін білмеймін... ағаңның жасы қаншада? – деді Санжар.

Ол қызыл шеке ерегестің басталғанын сезді. Бірақ қапелімде бұлтарудың жөнін таба алмады.

– Онда сенің не шаруаң бар?

– Жай, әншейін... Айтқың келмесе, айтпай-ақ қой...

– Жоқ, менің жасыратын дәнеңем жоқ. Ал жиырмада...

– Онда сен ренжіме, Абат! Брюс Ли 1973 жылы қайтыс болған. Ол кезде Марат ағаң әлі дүниеге де келмеген...

 Әлдекім шыдамай мырс ете түсті.

– Өй, сен өйтіп... Алматыдан келдім деп бөсе берме, ұқтың ба! Сен білгенді біз де білеміз,– Абаттың көзі ежірейіп кетті.

– Мүмкін мен емес, сен бөсіп отырған шығарсың?

– Не дейді-ей мынау? Мә, саған!– Абат күтпеген жерден оны құлақшекеден қонжитып жіберді.

Екеуі ұмар-жұмар бола қалды да, Абат баж ете түсті. Санжар оның қолын қайырып, жанын көзіне көрсетіп барып, ендігәрі бүйтпеске уәдесін алған соң бірақ босатты... Мұндай оқыс оқиғаны күтпеген балалардың бәрі үрпиісіп қалды. «Мынауың бір бәле ғой» дегендей, Санжарға күдіктене, үдірейе қарайды. Абат сыр берместен сызданып үйіне қайтты. Қасынан бір елі қалмайтын Шотай дедектеп соңынан ерді. Басқа балалар да үн-түнсіз тарай бастады. Тек ең соңында қалған Ернар ғана іс-міс жоқ:

– О-о! Мына ауырту тәсіліңді маған да үйретші,– деп жабыса түсті.– Әлгі Абат сияқты сүйкенбей жүре алмайтындардың сазайын тарттырайын...

Санжар онша құлшына қойған жоқ. Бірақ Ернар тақымдап қоймаған соң бәлсінгендей болмайын деп, амалсыз іске кірісті.

– Балуан болу үшін әуелі жығылуды үйрену керек. Міне, былай жалпаңнан түсіп, жазылып жығыласың.– Ол шалқасынан жығылып көрсетті.– Бүкіл күш барлық денеңе тұтас түссін! Ұқтың ба?

– Ой, сен қызық екенсің! – Ернардың қабағы қарс жабылды. – Маған жығылуды үйренудің не керегі бар? Үйретер болсаң, жығуды үйрет!

Ал ендеше! Мынаны қара, жығылуды үйренуді еш қажеті жоқ, басы артық бірдеңеге балап тұр. Енді қайтіп ұқтырса екен?!

– Мысалы, мына сен жығылуды үйренбей жатып, жығу тәсілін меңгердің дейік. Кейін жарыста мықты балуанмен белдескеніңде ол сені көтеріп әкеп жерге бір персе, әлгіндей жазылып жығылмай, допша домаланып құласаң, тыныс жетпей, талып қалуың мүмкін, ұқтың ба?

– Сондықтан да мен жығылмайтын тәсілді үйренуім керек қой!..

– Сол жығылмайтын тәсілді маған да үйретші,– деді біреу ту сыртынан.

Жалт қарағанда Санжардың көзінің оты жарқ етіп, басы айналып құлап бара жатқанын біледі. Біреу өзін «Мә, үйретесің! Мә, үйретесің!» деп тепкілеп жатқандай болған... Одан арғысын білмейді.

Есін жиса, шалқасынан  жатыр екен. Үсті-басы малмандай су. Біреу бетіне су шашқан секілді. Төніп тұрғанның бірі Абат та, екіншісі соның көп ағаларының бірі сияқты. Шамасы бұлардан 4-5 жастай үлкен.

– Өй, Батыраш, тірілдің бе?!– деді әлгі ағасы. Ағайынды екеуі жау түсіргендей, қарғаша қарқылдап тұрып күлді. Атып тұрып, жағасына жармасайын десе, әл-дәрмені жетер емес. Осы мезетте қара жолмен өтіп бара жатқан ат-арбалы кісі тiзгiнін оқыс тартып:

– Әй, Самат, Абат! Бері келіңдер, бері,– деп шақырды.

– Қазір! Қазір!– десті екеуі де қатарласа.

– Қап, әкемнің көріп қалғанын қарашы! Бағың бар екен, бала! Әйтпесе, қазір жаның жаһаннамға кетер еді... Жә, әлі талай кездесерміз!– Екеуі бірінің артынан бірі тайып тұрды. Санжар мең-зең күйі сәл отырып, тілге келді:

– Не боп кетті өзі? Мені ұрған әлгі... ағасы ма?!

– Иә, сол... Абаттың Самат деген жынды ағасы. Нағыз дүлей! Әуелі сені бір ұрып, мұрттай ұшырды... Сосын мені «жан керек болса, үніңді өшір» деп, ішімнен бір түйіп, бүк түсірді... Қолының қаттысы-ай, ішектерім түйіліп қалып, жаным көзіме көрінді... Әй, үзіліп кеткен шығар дегем, аман сияқты ғой...– Ернар «ұялған тек тұрмас» дегендей, ыржаңдап күлген болды.

Кенет Санжардың көз алдына әкесінің бейнесі келе қалды. «Ештеңе жоқ. Жігітсің! «Жетіге дейін жерден таяқ жейсің, жетіден соң елден таяқ жейсің». Ең бастысы – өзіңді жинақылыққа баулитын әрі денсаулығыңды шыңдайтын спорттан қол үзбе!– деп, әкесі қазір құдды қасына келіп, мұны әрі жұбатып, әрі қайрап отырған сияқты.– Қалғанының бәрі – бос сөз...»

Бала әп сәтте есін жинап ала қойды.  Іштей ширығып, мынадай байламға келді: «Жетер, ертеңнен бастап қайта күреске барамын. Енді дайындықтан қалсам, адам болмай кетейін! Әбден күш жиып алып, осы Саматты дәл өзіндей жерге аунатып сабамасам, Санжар атым құрысын!».

 

САНЖАР НЕГЕ АУЫЛҒА КЕЛДІ?

Ертеңіне Санжар сабақтан соң «Қайрат» спорт клубына соқты. Әкесі екеуі өткен жазда атасы мен апасына келгенде осында бір-екі рет жаттығып қайтқан. Болат бапкермен де сол жолы танысқан. Сол Болат ағасы бұл келгенде есікті сыртынан құлыптап жатыр екен, берген сәлеміне сауалмен жауап қатты:

– Өй, батыр! Сен қайда жүрсің? Дайындық баяғыда басталып кетті ғой?!

– Көп болды ма, ағай?

– Иә, бүгін үшінші күн. Жарайды... кешкі бестегі дайындықтан қалма!

...Қаланың ат шаптырымдай спорт залында жаттыққан Санжар алғашында ауылдың аядай құжырасын қомсыныңқырап жүрді. Тіпті Болат бапкерінің дайындауына да көңілі қоңылтақсып қалған. Өйткені бұл кісі алғашында қайта-қайта жүгірте берді. Күн сайын спортзалдың алдынан бастап, ауыл шетіндегі саябақты бір айналып келгенше тілдері салақтап, әбден діңкесі құриды. Саябақтың әр қырының өзі әй бір шақырымнан аз емес-ау, аз емес. Сонда бұлар күн сайын кемінде 5-6 шақырымды артқа тастайды екен. Ондай жүгірістен соң балалардың көпшілігі-ақ өкпесі өшіп, бүйткен күресі құрысын деп тайып тұратын көрінеді. Әуелде топырласып, 100-ге тарта бала жүр еді. Айналасы бір-ақ аптаның ішінде 30-40-тайы зым-зия жоқ болды. Бір айдан соң сайдың тасындай іріктеліп, 20 шақты бала ғана қалды. Міне, сол кезде Болат ағалары да жүгіртуді азайтып, күрестің айла-тәсілдеріне көшті. Сөйтсе, бапкерлері «нағыз шыдамдылары ғана қалсын, спортты еріккеннің ермегі көретіндер мен шыбық тимей шыңқ етер аянкөстер кете берсін» дегендей, әдейі қинайды екен. Табиғи түрде сұрыптап, нағыз төзімді, табандыларды ғана іріктеу үшін. Өйткені көп ұзамай, суық түсіп, жаттығу залда ғана жасалады. Осылай күн жылы кезде іріктеп алмаса, жүз баланы мына аядай залдың қай жеріне сиғызбақ?!

...Санжарға спортзал да, жаттығу да таңсық емес. Ес білгеннен көргені осы. Ата-анасының айтуынша, бір кездері үшеуі спортзалдың киім ауыстырар бөлмелерінің бірінде тұрыпты. Сөйтіп жүріп-ақ әкесі мұны спорттың барлық түріне баулыпты. Қазір Санжарға бассейннің екі басына бірнеше рет дем алмай жүзіп бару да, үстел теннисі мен үлкен теннис ойнау да, тіпті конькимен мұзайдында шыр көбелек айналу да қиын емес. «Адам денсаулығына осының бәрі пайдалы,– деді бірде әкесі.– Бірақ мұның бәрімен шұғылдануға кісінің шамасы да, мұршасы да жетпейді. Ендеше спорттың бір түрін таңдауың керек...».

Сол таңдау мәселесі де табан астында шешілді. Бірде ата-анасы үйіне балуан жолдастары мен бапкерлерін қонаққа шақырды. Мамырдың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Қаланың шет жағындағы қазіргі үйге көшіп барған кез. Қуырдақпен шай ішілген соң бәрі дүркіреп далаға шықты. Әкелері алдын ала келісіп алған ба Санжармен қатарлас балаларын ала келіпті. Ауладағы көгалға кілем жайып жіберіп, күрес өткізді. Санжар сонда өзі қатарлы балалардың бір де біреуін бұйым құрлы көрген жоқ. Тіпті мектепаралық жарысқа қатысып жүрген бірер жас үлкен баланы да жықты. Сонда барлығы да бір ауыздан «міне, нағыз балуан» деп мақтасқан. Болмашыға елп етпейтін, балуандардың бәрі сөзіне тақ тұратын Тоқтар аға тоқ етерін айтты. «Тіфәй, тіфәй! Табиғи бейімі керемет! Соны қырнап-ұштау керек! Мені тыңдасаң, бұл баланы ертеңнен бастап Асқарға апар!» деді. Барлығы да осыған тоқтасты. Ол кезде бұл бар-жоғы он жаста еді. Төртіншіні бітіріп жатқан. Қатарластарынан гөрі бойшаң да зерек болған соң алтыға толмай  мектепке апарған. Сол жасының кішілігі бөгет болды. Ол оқу орнына алтыншы сыныптан бастап қана қабылдайды екен. Әкесі қайта-қайта мамандармен ақылдасты. Ақыры бір тоқтамға келіп:

– Жарайды, балам, әзірше бір жылдай үзбей секцияңа бар. Қалалық, облыстық жарыстан топ жарсаң, алтыншыдан бастап сонда оқисың,– деген.

Санжар қуанып кетті. Алдында ғана әкесімен бірге Алматыдағы Олимпиадалық резервтерді дайындайтын спорт мектеп-интернатына барып, танысып шыққан. Спортпен айналысам деген бала үшін бәрі жасалыпты. Оқу-жаттығу тобындағы балалардың жатақханасын, дайындығын көріп, қатты қызыққан. Керемет! Жарқырап тұр ғой, жарқырап! Биыл ғана іске қосылған су жаңа күрес залының өзі неге тұрады?! О-о, ондай жерде оқысаң, нәтиже көрсетпеудің өзі ұят шығар...

Бала зор құлшыныспен жаттығып, бір-ақ жылдың ішінде Алматы қаласының күміс жүлдегері атанды. Ақтық айқаста ұтылғаны – бұдан екі жастай үлкен және былтыр өзі барып көріп кеткен республикалық спорт мектеп-интернатының шәкірті. Онда да бар-жоғы бірер ұпайы жетпей қалды. Сондағы әкесінің балаша қуанғанын-ай.

– Өй, құлыным! Күресің айнымаған өзімдікі сияқты,– деп, төбесі көкке жеткендей мәз-мейрам болды.– Енді сені спорт мектепке алмай көрсін! Көр де тұр өздері-ақ жабысады.

...Осылайша арнайы спорт мектеп-интернатына барамын деп қамданып жүргенде аяқ астынан әкесі жым-жылас жоғалды. Алғашында анасы біресе жарысқа кетті, біресе жұмыстармен жүр деп қойған. Бірақ бұл жолғы «жарысы» да, «жұмыстары» да тым-тым ұзаққа созылып кетті. Бұрын оқу-жаттығу жиынына кеткенде ұзаса бір ай ғана көрмеуші еді. Осы жолғысы екі-үш айға ұласты. Бір күні артынып-тартынып ауылдан атасы келді. Ертеңіне әкесінің інісі Ерлан ағасы жетті басқа қаладан. Барлығының да жүздері сынық. Бұлардың бәріне не болған деп Санжар аң-таң. Жөн сұраса, күмілжіп, сырғыта жауап қатады.

Сол күні оңаша қалғанда анасы шынын айтты. Әкесі істі болып, сотталғалы жатыр екен. «Не істеп қойыпты?!» деді бұл жұлып алғандай. Өз даусы өз құлағына басқа біреудікі сияқты тосаң да жат естілді. Санжардың бір білетіні – бұған ғана емес, елдің бәріне жүрегі елжіреп тұратын, қолынан келсе, ешкімнен көмегін аямайтын әкесінің қылмыскер болуы мүмкін емес. «Айтсаңызшы, анашым, не үшін соттамақ?» Көңіл-күйі астан-кестен анасы жылап отыр. Ойсоқты болып, мәңгіріп қалған ба, енді ғана тілге келді: «А? Иә!.. Әкең жарысқа баруға ақша табу үшін де, бізді асырау үшін де не істемеді, балам... Камаз жалдап, темір де жинады, көмір де тасыды... Талай рет соның әуресімен жүріп жарыстан да қалды,– деді көзінің жасын сығып отырып.– Бәрібір жетпеді. Ақыры, міне, байлардың елдегі қарызын қайтартам деп, осылай істі болды...» Сол күні екеуі бірін-бірі жұбатысып, ұзақ отырды.

Ақыры әкесі үш жылға сотталды да, Санжар 6-сыныпты Шелектегі атасы мен апасының үйінде тұрып оқитын болды. Ал анасы әкесін қайда апарса, сол қалада пәтер жалдап тұрып, жұмыс істеуге шешім қабылдапты. Дәл қазір Павлодар қаласында. Бір рет келіп күзгі киімдерін реттеп беріп кетті. Екі күннің бірінде телефон соғып, амандығын біліп тұрады.

 

АУДАНДЫҚ ЖАРЫСТАҒЫ ТОСЫНСЫЙ

немесе «жығылған күреске тоймайды»

Бір күні Болат бапкері екі аптадан соң аудан мектептерінің арасында қазақ күресінен жарыс өтетінін айтты. Аудандық жарыс. Отыздан астам мектеп пен «Қайрат», «Дәулет» сынды спорт клубтарының жаөспірімдері қатыспақ. Облысқа да іріктеу осы болмақ. Өз салмағында кім жеңімпаз, сол облысқа барып, аудан намысын қорғайды. Ең соңында:

– Әр жаттығу сайын өз арамызда іріктеу жарысын өткіземіз. Сондықтан «ағам келіншек әкелді», «әпкем күйеуге тиді» деген сылтаулар қабылданбайды,– деп ескертті. Балалар ду күлді.

– Неге күлесіңдер? Араларыңда ондай сылтау айтатындар жоқ па?.. Бар болса, былай келісейік! Дайындыққа себепсіз келмеген бала қанша мықты күрессе де, жарысқа бармайды. Тәртіп солай! Ал тойды сылтау қылатындарға есік әне! Ұқтыңдар ма?!

– Ұқтық! Ұқтық!

...Екі аптадан соң «Дәулет» спорт клубына салмағын өлшеуге барған. «Дәулет» – Шелектің арғы басына жаңа үлгімен салынған спорт кешені. КСРО кезінде тұрғызылып, кейін жөнделген «Қайраттай» қораш емес, күрес, бокс, ұжымдық ойын залдары бөлек-бөлек, ыстық, суық суы, дайындықтан кейін жуынатын себезгісі бар недәуір үлкен кешен. Былтыр әкесі Санжарға мұны да көрсеткен еді. Әттең, ауылдың бір шетінде тұратын атасы мен апасының үйіне тым-тым алыс, қатынайтын көлік те жоқ. Сондықтан бұл амалсыз «Қайратқа» барып жүр.

Бұл жерде Санжарды тағы бір тосынсый күтіп тұр екен. Салмақ өлшетіп, таразыдан түсіп келе жатқанда алдынан Абат шықты. Ауыл сыртындағы оқиғадан соң көріп тұрғаны осы. Кейінірек бір баладан Абат «Дәулет» спорт клубына барып, жатпай-тұрмай күреспен шұғылданып жүр деп естіген. «Қайткенде де Санжарды ұтам, содан соң оны жекпе-жекке шақырам депті» деп келген әлгі бала. Шағыстырған сөз шығар деп онша мән бермеген. Сол рас болып шықты. Абат та салмақ өлшетпек сияқты. Араға недәуір уақыт түскенге оған деген ашу-ызасы да тарқағандай ма, қалай?! Бірақ Абаттың өшігуі өрши түспесе, басылмапты. Көрген бойда аман-саулық жоқ:

– Өй, сен мұнда не қып жүрсің?! «Қайрат» тақияңа тар келді ме?!– деп мұқатқансып қояды өзінше.

Санжар мырс етті де, оның сөзін елең қылмай кете берді.

– Айтпақшы... сен де 45-те екенсің ғой! Жан керек болса, маған жол бер! Ескертіп қояйын, Самат осында!– деп қалды. 45 деп тұрғаны – мұның салмағы. Таза күреспен ұтпай, тағы да ағасын алға салмақ.

Санжардың жыны қозып, жалт бұрылды.

– О, ағасының артына тығылған байғұс! Мықты болсаң, өзің ұт!

Абат қап-қара болып түтігіп кетті. Бірақ үндей алған жоқ.

– Ағаңа айта бар,– деп қосты Санжар.– Есейгенде, маған істегенін бұлжытпай өзіне істеймін! Ал сен мені қорыққаннан ұтылар деп, дәмеленбе!

Бұл қайырылмай кете берді. Соңынан Абаттың даусы зорға естілді:

– Көрсек, көрерміз...

Жарыс көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай болды. Бірен-сараны болмаса, ауылдың балалары шеттерінен шымыр екен. Күні бойы тыным таппайтын ауыл тірлігі мен қара жұмыстың пайдасы. Бірақ олар көз ашқаннан спортпен шұғылданған Санжарға қарағанда әдіс-айлаға шорқақтау еді. Соның арқасында бұл қарсыластарының бәрін бет қаратпай ұтып, ақтық айқасқа дейін қиналмай жетті. Тек ширек финалда Майлин мектебінен келген қара баладан шыға сала жамбас ұпайына түсіп қалып, белдесудің соңына қарай жартылай жеңіспен ғана ұтты. Қалғанының бәрі – таза жеңіс!

Ақтық айқаста Абатпен белдесті. Қазақ күресінің дәстүрімен төс қағыстыра құшақтасып жатқанда ысылдай сыбырлап, сөзбен іліп үлгерді:

– Иманыңды үйіре бер, бала!– Санжар естімеген сыңай танытты.

Ысқырық шалына сала бұл тірсектен іліп, тобықтан қағып, тексеріп көрді. Абат алғашында аса сақ, әрі мығым көрінді. Тіпті мұның өзін жұлқи тартып, сілкілеп, шаршатқысы бар. Тағы бірде ішке кіре берген Санжарды бар пәрменімен кеудесінен итеріп қалып, омақастыра жаздады.

– Өй, өйтуге болмайды ғой!– деп қалды біреу залдан. Кілемдегі төрешіде үн жоқ. Осы кезде Санжар айла-шарғыға көшті. Абаттың күртешесінің шолтиған жеңі мен жауырынан мықтап ұстады да, жамбасқа кірердей алдап қалып, ол соған қарсы тәсілге көшкенде тобықтан қағып топ еткізді. Жамбас ұпай! Кемінде жартылай жеңіс болуға тиіс еді, Абат та дер кезінде бұрылып үлгерді. Сосын сілкіп қалып, бір тізерлетіп алды. Бүк ұпай! Енді Санжар Абатты тек ұпай санымен ғана ұтуды өзіне намыс көрді. Күшіңді артқа сақтайтындай іріктеу кезеңі емес, ақтық айқас! Ендеше несіне сақтану керек? Тәуекел! Ол енді төпелеу тәсілін қолданбаққа бекінді. Төпелеу дегені – екі-үш тәсілді ес жидырмай қатарынан қолдану. Әуелі бір тәсілді істейді де, қарсыласы оған түспесе, дереу келесісін, сосын үшіншісін жасайды. Қанша сақ балуан болса да, үш тәсілдің біріне болмаса, біріне түседі. Дзюдо шеберлері көбінесе осылай істейді. Санжар да сөйтті. Әуелі сол жағынан, сосын оң жағынан шалып көрді де, Абат содан жалтарам дегенде жамбасқа зып беріп кіріп, қос жауырынымен қадады. Таза жеңіс!

– Өй, жарайсың! Мына бала мықты екен! Қоймады ақыры...

– Енді ше?! Бұл әлгі атақты Сайран балуанның баласы ғой!

– Ә-ә! Солай ма?! Асылдың сынығы деші?

Залдағылар дүрлігісіп басылды. Бірі өз баласының, бірі көршісінің баласының тілеулесі болып жүрген жанкүйер жұрт.

Кілемдегі төреші екі балуанды екі жағына шақырды. Абат оған жанталасып бірдеңе айтуда. Микрофон ұстаған бас төреші хабарлай бастады.

– Бұл ақтық айқаста Иманов Санжар жеңіске жетті!– Сол кезде Абат бас төрешіге жанұшыра жетіп барды. Микрофонға тақаған соң сөзі де ап-айқын естілді:

– Ағай, ағай! Мен байқамай қалдым. Қайта күрестіріңізші! Осы жолы мен жығамын! – деп қояды.

Жұрт оның өлермендігіне ду күлді. Бас төреші асып-сасқан жоқ.

– Иә, келесі жолы мүмкін сен жығарсың. Ал осы жолғы жеңімпаз – Иманов. Бар, келесі жарысқа мықтап дайындал!

Абат сонда да қоймады:

– Ағай! Ағай деймін! Тағы бір күрестіріңізші! Байқамай қалдым!

Залдан еріккен біреулер оны қостап, құтыртып жатыр.

– Күрессін, тағы күрессін!

– Иә, тағы күрессін! Қызық болады.

Бас төреші қайта сөз алды. Даусы байсалды да мығым.

– Халайық! Бұл – тойдағы кеу-кеудің күресі емес, облысқа  іріктеу жарысы. Өз салмағында кім жеңімпаз атанса, сол аудан  намысын қорғайды. Ендеше оны ойыншыққа айналдырмайық. Атам қазақ «Жығылған күреске тоймайды» деген. Имановтың қарсыласына соқыр ұпай бермей, таза ұтқанын көздеріңіз көрді. Енді не керек? Әлде титтей күмандарыңыз бар ма?

– Жоқ! Жоқ! Күман жоқ!

– Онда әңгіме осымен бітті...