Кері қайту
Әке батасы

(Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Сандықтағы қолғаптардың ұрланғанын білдім. «Әке — балаға сыншы» дейді ғой. Жантай да тура ағасы Жандос сияқты. Қайсар болып шықты. Кикбоксингке жасырын барып жүргенін сезіп қойдым. Қатты ашуландым. Осыған ұқсас спорт түріне жіберем деп бір ұлымнан айрылдым. Ішімде қайнап жатқан күдігім көп. Біреулер қасақана өлтірген сияқты көрінеді. Кім олар? Ішкі істер мекемесіне арыз бердім. Олар таба алмады. Жандос ұлым туралы түс көрсем, ылғи оны ұрып жатқан жаман адамдарды көрем. Жанұшырып қорғайын десем, жете алмаймын, Қиналып жатып оянып кетемін. Енді қарашы мына баланы. Үйірме ашылғанын маған айтқан. Ал мен үзілді-кесілді қарсы болдым. Енді, міне, ол бәтшағар үйірмесіне қатысып жүрген көрінеді. Әрі-бері ойланып, ашуым басылған соң Жантаймен сөйлесуді шештім. Шақырдым. — Жантай, жағдайың қалай? — дедім жәймен.

- Жақсы, көке. Тек сіздің алдыңызда кінәм бар. Үйірмеге жазылдым. Өзіңіз айттыңыз ғой өзіңді-өзің қорғайтын спорт түрімен айналысу керек деп. Мен ойланып-ойланып, осы спорт түріне тоқтадым. Кешірші, көке! — деді Жантай менің алдымды орап кетіп. Мен не ашуланарымды, не ашуланбасымды білмей қалдым. Айтқаным рас. Кикбоксингке емес, бокске қатыспа дедім.

- Ой, қу бала! Жарайды, қатыса бер. Бірақ мамандық ретінде қарама, балам, — деп аяқ астынан батамды бердім.

 

VI раунд

Аға өлімінің құпиясын кім ашады?

Мен өзімді «ойшыл» адаммын деп ойлаймын. Мұны қиялшыл деп те, тіптен уайымшыл деп те айтуға болатын тәрізді. Бір нәрсені ойға алсам, сол көкейімнен кетпей тұрып алады. Ол орындалуы немесе ол үзілді-кесілді кейінге шегерілуі керек. Мысалға, мені осыдан екі жыл бұрын екі ой қатты мазалады. Біреуі, өздеріңіз білесіздер, кикбоксингке деген құмарлықтың, қызығушылықтың оянуы. Екіншісін мақсаттан гөрі уайымға ұқсатуға болар. Біріншісі — орындалды. Нұрлан, Сырым достарыммен келісе отырып, үйірмеге жазылдым. Уайымым да осы үйірмеге жазылғаннан кейін іле-шала басталды. Ол — көкеме айтпай осы істі жүзеге асырғаным. Апам қолдады, бірақ біздің отбасыда көкемсіз ешқандай іс жүзеге аспайды. Ол кісінің келісімі керек. Кешкі шәй кезінде бәріміз талқылаймыз. Содан кейін ғана барып ол мәселе орындала бастайды. Ал мен бұл  ережені бұздым.

Бүгін мен қайткенде де шынымды айтуға бекіндім. Қызық болғанда, көкем өзі шақырды. Жүрегім бірдеңені сезгендей, ерекше лүпілдеп соқты. Көкемнің көзқарасынан менің қулығымды біліп қойғаны сезілді. Сол сезімім алдамапты. Көкем де шыдамай, бұл мәселеге нүкте қоюға шақырыпты. Менің жағдайымды өте қатқыл сұрады. Ал мен бұл кездесуге қаншама дайындалдым десеңізші! Әңгімені бірден төтелеп бастадым. Бәлкім, дел осылай бастамасам, менің арманым орта жолда күйреп қалуы да мүмкін ғой. Шүкір! Шүкір! Бір Аллаға шүкір! Көкем сәл кейістік танытқанымен, батасын берді. Ур-ра-а!

Мінеки, осыдан кейін-ақ өзімді жеп-жеңіл сезіндім. Білесіз бе, жаңбырдан кейін ауа тазарып, табиғатта ғажайып бір шақ басталады ғой. Мен де сондай көңіл-күйде болдым. Көкемді құшақтап бетінен сүйе беріппін. Көкем сасып қалып:

— Ой, ой, сары бала, саған не көрінді? — дей берді.      

Міне, менің өмірімде жанаша, тың бетбұрыс пайда болды. Ол — Жандос ағамның түсіме кіруі. Бұл түске ешкім  сенбеуі де мүмкін. Тура өңімдегідей таңғажайып түс деген атау бердім оған. Шындық ашылды. Ағамның қалай қаза тапқандығы жайындағы шындықты айтамын. Ағам бірақ кімдердің өлтіргенін ашып айтпады. Маған зиян келеді деп ойлағанын бірден сездім. Мен ол құпиясын ашуым керек! Көрдіңіз бе, менің алдымда өзінен-өзі зор да қиын мақсат пайда болғанын. Өзімше іштей серт бердім. Бірақ ол қалай ашылады? Кім ашады? Әрине, оны мен ғана ашуға тиіспін. Бұл жөнінде көкемнің де, апамның да білмегені дұрыс. Осылай шештім. Ендігі мақсат — мен өзімді-өзім күшті де, батыл, айлакер етіп тәрбиелеуім қажет. Мұның біріншісі — рухани жағынан күшті болу. Көкем айтады: «Адамның ең бірінші қасиеті — ар-ұяты, ожданы, иманы». Бұл болмаса ол Адам деген атқа лайық емес.

 

Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым

VІ раунд

Мен қалай нағыз еркек болдым?

Шынында да нағыз еркек қандай болуы керек? Маңызды мәселе жөнінде айтпас бұрын, спорттың маған жасаған ықпалын айтайын. Менің өте әлсіз бала екенімді сіз менің алғашқы раундтарымнан жақсы білесіз. Сыныптастарыммен күш сынасқанда жеңіліп, төбелескенде кім көрінгеннен  таяқ жеп қалатынмын. Осы әлсіздігіме шынында да ызам келетін.

Ең бастысы, спорт менің көкірегімде өзіме деген сенімді оятты. Бұрын қандай істе болсын жасқаншақтық сезім алдымнан шығатын.

— Жігіт адам — ең алдымен өзінің отбасының қорғаны. Содан кейін елінің қорғаны болуы тиіс. Еркек адам өзін-өзі қорғай алатын, жау келгенде күресе алатын сегіз қырлы, бір сырлы болмаса ұят. «Әй, мынау ңағыз еркек екен!» дейді адамдар риза болғанда. Нағыз еркек болу үшін кішкентайыңнан шынығып өскенің абзал. Қазақ бабаң мына кең-байтақ даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап келді, балам. Балаларын жастайынан ерлікке, ептілікке, батылдыққа, әділдікке тәрбиелеген. Сен де нағыз еркек, азамат болуға тиіссің! — деген көкемнің сөзін мен жазып та қойдым, көкірегіме түйіп те қойдым.

Тілімізді ешкім сырттан келіп қорғап бермейді. Шетелдіктерге біздің тіліміз, салт-дәстүріміз, тіптен өзіміз де керек емеспіз. Оларға біздің жеріміз, қазынамыз қажет. Ол үшін бізді мәңгүртке айналдырса жетіп жатыр. Ең қорқыныштысы, сіз бен біз мәңгүртке айналып барамыз. Мәңгүрттіктің басты белгісі — өзінің тілін менсінбей, өзге тілде сөйлеу. Мысалға, сабақтан кейін бірден орысша сөйлей бастаймыз. Намысымыз қайда? Өз тілін менсінбеген біз қандай бейшарамыз! Біз, қыздар, дәл қазірден бастап қазақ тілінде сөйлеуге серт еттік. Ұлдар, сендер сондай батыл қимыл жасай аласыздар ма?

 

VII - раунд

 (Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Мен жұмыстан келдім, ойымда ештеңе жоқ. Кішкентай Дәрігүлім жүгіріп алдымнан шықты.

- Көке! Жантай ағам әлі келмей жатыр, — деді ол. Оның артынан жарым Гүлшар да осы сөзді қайталады.

- Бұлай кешікпейтін. Нұрлан мен Сырымның да үйлеріне телефон соқтым. Олардың ата-аналары да үрейленіп отыр. Енді не істейміз, а? — деп Гүлшар маған қарады.

—  Сәл күтейік. Келіп қалар. Бала ғой әлі. Ойнап кетуі де әбден мүмкін, — деп мен үмітімді үзбей.

Уақыт өте берді. Нұрлан мен Сырымның ата-аналары жаттықтырушыға хабарласқан екен, ол кісінің өзі де таң қалыпты. Барлығы кешкі сегізде шығып кеткен. Енді шын қорқайын дедік. Енді қайда хабарласамыз? Гүлшардың көзінде жас. Түн ауды, ұйқы жоқ. Неде болса да таңға дейін күтуді ұйғардық. Ұйқы арсыз ғой, шіркін! Таң алдында көзім ілініп кетіпті.

Жандосты көрдім, аппақ болып киініп алыпты. Басында аппақ дулыға, қолында қылыш. Қылышын сермеп-сермеп қалғанда, найзағайдың оты тәрізді жарқ-жұрқ етеді. Жүзінде айбарлы сұс.

—  Көке! Жантайды іздемеңіздер және уайымдамаңыздар. Олар өздері келеді, қазір оларды ешкім таппайды. Бір Аллаға сыйыныңыздар, ол мені машинамен таптаған зұлымдардың қолында. Aпама айтыңыз, Жантай әйтеуір бір келеді. Ал мен кеттім, Жантайлардың қасында боламын.

Қызық! Әп-сәтте көз алдымда ғайып болды.

— Жандос! Бауырыңды жауға берме! — деп  қатты айқайлап жібердім...

— Көкесі-ау, кімге айқайлап жатырсың? Жандосты көрдің бе түсіңде, қөзің жас қой? — деп Гүлшар маған төніп тұр екен. Мен Гүлшарға түсімді айтып бердім. Күнделігінде айтқан зұлымдар болды ғой. Кім, кім олар? Біз оларға не істеп қойдық соңшама? Бір баламды алдың, енді мына кішкентайымда не әкеңнің құны бар, әй, зұлым?! Қайтар баламды!

—  Не болды? Неге үндемейсің? Түрің бүзылып кетіпті ғой, байқашы, жүрегіңе салмақ түседі. Ойпырмай, енді не істейміз? Біз не жаздық? — деп Гүлшар солқылдап тұрып жылады.

-     Жылама, жаным! Жандос келеді деп айтты ғой, келеді. Тек сен мықты бол! — деп Гүлшарға жігер бере сөйледім. Бұл сөзіме өзім де сеніп қалдым, бірақ көңілімнен күдік, қорқыныш, үрей кетпей қойды.

Біздің үйге Нұрлан мен Сырымның әке-шешелері келді. Мамалары жылап жүр, әкелерінің жүздері сұсты. Нұрланның әке-шешесінің аттары Құсайын, Баян да, ал Сырымдікі — Әскербек, Гүлсім. Ол атына сай әскери адам болып шықты. Құсайын — кәсіпкер. Базарда сауда жасайды, дүкені бар. Біз дереу барып арызымызды полицияға тапсырдық. Олар бірден іздеу сала бастады. Біз де жан-жақтарға, туыстарымызға хабарластық. Әзірге көңіл көншітетін бір жылы хабар жоқ. Заң орындарының қызметкерлеріне ішкі күдігімгі айттым. Жандостың күнделігіндегі зұлымдардың осы іске қатысы болуы әбден мүмкін екендігін дәлелдеуге тырыстым. Олар да өздерінің күмәндерін, алда болып қалуға тиіс жайттарды да жасырмады.

—  Олар сізге немесе басқа балалардың әке-шешелеріне телефон соғуы мүмкін. Сол кезде саспаңыздар, олардың айтқанына көнгенсіп, ақылдасамыз деп бізге хабарласыңыздар, — деді Ербол деген заңгер азамат.

Көңіліме медеу тұтатын нәрсем — түсімдегі Жандостың жұбатуы. Басқа ешқандай жұбаныш та, үміттің ілгегі де жоқ. Гүлшар көп жылайды, әбден жүдеп кетті. Не деп жұбатарымды білмеймін. Дәрігүл ағасын күн сайын сұрайды. «Ауылға кетті, келеді, құлыным!» деймін көңілім босап. Нұрлан мен Сырымның әке-шешесінде де тыным жоқ. Үміттеніп күніне жүз рет телефон соғатын шығар.

Күн өткен сайын үмітіміз үзіле бастаған сияқты көрінгенмен, таңертең үмітпен оянасың. Ұшып тұрып, баламның бөлмесіне барамын. Төсегі бос, үмітім тас-талқан. Көзім жасаурайды. Кейде менен бұрын Гүлшардың тұрып, баласының төсегінде жатқанын көремін. Баламның жастығының су-су болғанын көргенде, көзімнен жас парлап, тоқтата алсамшы өзімді.

— Жандосымды алдың бір Аллам, Жантайымды қайтаршы, — дейді Гүлшар жалынып. Мен де осы тілекті іштей қайталаймын. Жұмысқа да онша көңілім жоқ. Қызметтестерім де мені түсінгендей рай танытып, қолдарынан келгендерінше көмектеседі. Күн сайын жұмысқа барғанда «табылды ма?» дейді бәрі үмітпен. Мен төмен қараймын, телефонға да тыным жоқ. Бәрі-бәрі сұрайды, ортақтасады, жұбатады.

Бір күні бізді елеңдеткен оқиға болды. Әлдебір адам маған телефон соқты:

- Сен Тайырсың ба? — деді қырылдақ дауысты адам өктем сөйлеп.

- Иә, менмін, — дедім.

- Сен болсаң, мені тыңдап ал! Кіші ұлың біздің қолымызда. Әнеу екі досы да бізде. Іздеп әуре болма. Таба алмайсың!

Аң-таң күйде сұлқ отырып қалдым. Гүлшар жүгіріп келді:

— Кім, кім олар?

Көпке дейін есімді жинай алмадым.

- Жантай, Жантай, — дей беріппін, ұлымның атын қайталап.

- Не болды? Балам тірі ме? Кім ол? — деп Гүлшар менің айналамда шыр-пыр болып сұрақты жаудырып жатыр.

- Тірі! Тірі, баламыз! Бірақ қайтармаймыз деп отыр...

Бұл оқиға бізге ерекше күш, таусылмас үміт сыйлады. Жан-жақтан іздеу салып жатқандар да жұмыстарын күшейтті. Бірақ одан кейін хабар үзілді. Үміт, үміт үзілмесінші!

Ал біздер айдан астам дегдірсіздене күтіп жүргенде Жантайлар қайда болды? Оларды кімдер ұстап отырды? Бұл әңгімені, әрі сұмдық оқиғаны Жантайдың баяндауынан оқиық.

 

VІІІ раунд

Қорқынышты қамалға бізді кім апарды?

Біз шынында да батыста Америкада болып жатқан адамдардың жоғалып кетуі, құлға айналуы жөнінде оқиғаларды жиі естігенмен, оған мән бермейтінбіз. Ондай оқиғалы кинолар көп. Ал басымыздан өткен мынау оқиға ажал бұлтындай біздің басымызда ұзақ тұрды.

Әдеттегідей кезекті жаттығудан Нұрлан, Сырым үшеуіміз бірге келе жаттық. Жолда бірде әңгіме айтамыз, бірде үшеуіміз өзара шайқасып қаламыз. Көңілдіміз, алдымен Нұрланды шығарып саламыз, содан соң Сырым екеуіміз жүгіргеннен жүгіріп үйге жетеміз. Көршіміз. Үшеуіміз де кикбоксингті жақсы игердік. Салмағымыз бойынша үшеуіміз де чемпионбыз. Мектепаралық, аудандық жарыстарға да қатысып жеңімпаз атандық. Былайша айтсақ, атағымыз дүрілдеп тұр.

Нұрланның аялдамасына жақын қалдық. Мына шоқ ағашты жарып өтетін жалғыз аяқ жолмен жүрсек, аржағы қол созым жер. Шоқ ағашқа кіре беріп едік, алдымыздан он шақты алпауыт жігіттер пайда бола кетті. Бізді қаумалай қоршап алды да, екі-екіден бөлініп, үшеуімізді әлдебір жаққа дедектете сүйрей жөнелді.

—  Бізді қайда апарасыздар? Сендер кімсіңдер? — деген Нұрланның жан даусы шықты.

— Жіберіңдер! — деп жұлқынып едім, тегеурінді қолдар одан сайын қыса ұстағандай болды. Үш джип машинасы күтіп тұр екен. Әрқайсымызды бөлек-бөлек отырғызды. Менің де екі жағымда екі дәу жігіт. Көзімді байлап тастады, жүріп келеміз, жүріп келеміз. Ұзақ жүрдік.

- Сендер кімсіңдер? — деп едім, біреуі нұқып қалып:

- Үніңді шығарма! — деді гүр етіп. Мінеки, тоқтады. Тағы да дедектетіп ала жөнелді. Сықыр етіп темір есіктер ашылып жатты.

- Төменге апарыңдар! Ертең сөйлесеміз, — деген өктем дауысты адамның бұйрығынан кейін бізді баспалдақтармен төмен сүйреді. Тағы да темір есіктар сықырлай ашылды. Көзімнің байлауын шешіті. Арқамыздан итеріп-итеріп,  бір үлкен бөлмеге кіргізді, төсектері бар.

—  Осында жатасыңдар! Қазір тамақ әкеледі. Таңертең сөйлесеміз, — деді қысқа бөйлы мұртты жігіт.

— Біздің не жазығымыз бар қамайтындай! Біз сендерді сотқа береміз! — дедім мен қоркытпақшы болып.

- Атаңның басы бересің! Бұл қамалға кірген із бар, шыққан із жоқ. Арыстан туралы ертегіні білесің бе? Ха-ха! — Бізді әкелген жігіттер қарқылдап күліп мәз болып қалды. Есік сарт жабылды. Үшеуіміз үрпиіп бір-бірімізге қарадық.

- Бізді мұнда не үшін әкелді? — Қызық болғанда, үшеуіміз осы сауалды бір-бірімізге қойдық. Жауап жоқ.

- Бұлар адам жегіштер емес пе? — деді сәлден сон Сырым шошып кетіп.

- Олар балаларды әкеліп, неше түрлі тамақ беріп семіртеді. Сөйтіп ортаға алып, біз сұғып, қанын ағызып жейді екен, — деп Сырым одан сайын шошытты.

- Ойбай, бізді тек бұған таңдағаны несі? Мен арықпын, Сырым да жетісіп тұрған жоқ, Нұрлан ғана семіздеу, — дедім мен әзілдеп, достарымды көңілдеңдіргім келіп.

- Балалар! Мен жақында мынадай сұмдықты оқыдым... Біз сияқты денсаулығы күшті балаларды ұрлап алып, оның дене мүшелерін шетелге сатады екен. Мысалға, бір жүректің өзі үш мың доллар тұрады. Мен қорқып тұрмын. Бізді ешкім құтқара алмайды-ау, иә? — деген Нұрланның даусы құмығып естілді. Бадырақ көзінде жас үйіріліп тұр. Менің де жан-дүниеме қорқыныш кіргендей. Егер мен қорыққанымды білдірсем, бітті, екеуі бақырып жылап жіберетіндей. Бойымдағы бар күшімді жинадым.

— Нұрлан, Сырым, жан достарым менің! Біз қорықпауымыз керек, содан кейін айла-тәсіл керек. Нұрлан сен дұрыс айттың. Біздің әке-шешеміз қарап қалмайды. Он үште отау иесі, енді біз жігіт болдық, сондықтан біз жас емеспіз. Жандос ағам қасымда отыр. Әдетінше жымиып, жылы жүзбен қарайды.

— Сарконым! — деді менің басымнан сыйпап. — Қорықпаңдар! Бір Аллаға сыйынғандарың дұрыс болды. Өмір — күрес. Өзің айтпақшы, көкем мен апам, бәрі-бәрі, тіптен полиция да сендерді іздеп жатыр. Ең алдымен аспай-саспай мына зұлымдардың айтқанына көнгенсіп, қашудың шарасын іздеңдер. Сендерге сенемін, oл жолды табасыңдар. Қорқаулардың ордасын сендер талқандайсыңдар.

Жандос аға жымиған қалпы маған қоштасу мезіретін жасады да, шегініп кете барды...

Таң атып келеді екен. Екі досым пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Басым сәл ауырғандай ма, қалай? Жандос ағамның тура өңімдегідей қасыма келіп айтқан әңгімесі маған ерекше рух берді. Достарымды оятып, олармен ой бөліскенше асықтым. Оларға Жандос ағамның жігерге толы сөздерін тезірек жеткізіп, көңілдендіргім келді.

 

IX раунд

Қорқаулардың ордасында

- Енді бастыққа барамыз. Сендердін тағдырларың шешіледі, — деді қабан сары сұқ саусағын бізге безеп.

- Біздің үйге қайтқымыз келеді. Бастығыңызға соны айтыңыз. Бізге ешқандай жұмақтың қажеті жоқ, — дедім мен қорықпайтынымызды білдіріп.

- Иә, иә, үйге қайтамыз, — деп екі досым қосарлана қостады.

- Мамаларыңның емшегін еміп, әбден үйкүшік болғансыңдар. Үйге қайту дегенді ойламаңдар. Оның жөнін қазір босымыз айтады. Көп мылжыңдамай, аяқтарыңды тез-тез басыңдар. Ол кісінің әр минуты қымбат, — деп қатқан қарасы. Кешке тамақтан кейін бізді қара дәу Федя қабылдады. Мен ішімнен атарға оғым болмай кіжініп отырдым. Жандос ағамды өлтірген осы қанішер ғой. Не жазығы бар еді ағатайымның? «Мен қалайда кек аламын» деп өз-өзіме серт бердім сол сәт. Қара дәу бізді мақтады. Мен оған сұрақ қойдым.

— Егер біз чемпион болсақ, үйге жібересіз бе? — Қара дәу қарқ-қарқ күлді. Біздің екі кузетшіміз де бірге қарқылдады. Тура қара қарғалар сияқты.

— Әлем чемпионы боласыңдар. Сол кезде жіберемін! Ха, ха, ха! Хи-хи-хи!..

Біз олардан үмітімізді үздік. Енді қашудың басқа жолдарын іздеу керек.

 

Х раунд

Бостандық жоспарын қалай құрдық?

Шынында да, біз қарап жатпадық. Уақыт болса өтіп барады. Қешке жорыққа шығамыз. Қыдырған болып жұмбақ қалашықты аралап, қашатын жерлерді іздедік. Біздің мекеніміз ондаған гектар жерді алып жатыр. Жан-жағы бұрын да айтып кеткендей, биік қамалдармен қоршалған. Оның үстінде сым темірлер, ол сым темірлермен жоғары қуатты тоқ жүріп жатқаны белгілі. Яғни, сыртқа тышқан жорғалап шыға алмайды.

— Артық-ауыз қимыл жасамаңдар.  Айтпақшы, мен қашудың бір жолын таптым, — деді Сәбит кенеттен әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып. Біз елең ете қалдық.

— Қандай? — деп жарыса сұрадық.

Сәбит аға ойланып тұрды да, орнынан ұшып тұрды.

— Кеттік! Спорттық киімдеріңді киіңдер! Біз аң-таң күйде, дәп қазір үйімізге баратындай жүректеріміз дүрсілдей соғып, апыл-ғүпыл киіне бастадық. Төртеуміз далаға тез шықтық. Сәбит аға бізді зұлымдардың спортзалына ертіп келді.

- Конькилерді алыңдар, сырғанаймыз! — деді.

- Кеттік! — Мұз өзеннің арнасымен жағалай сырғанай жөнелдік. Екі, 3—4 метр ғана өзен қамалға жақындағанда әрі қарай құзға құлайды. Сол жерге дейін мұз болып қатқан. Ар жағы кісі қорқатындай сарқырама. Өзеннің суы төменге құлаған соң, әрі қарай қайтадан бұрқ-сарқ қайнап ағып, бір шақырымнан кейін қамалдың астын кеулеп қала жаққа бет алатын сыяқты.

- Бізден гөрі су бақытты. Олар бостандыққа ұмтыла алады—  дедім мен төменге мұңая қарап.  

— Оһо! — деп Сәбит аға айқайлап жіберді.

—  Сенің ойың менің ойыма ұқсап тұр. Бізді бостандыққа сол су алып шығады, жігіттер. Мен жазда қамалға дейін жүзіп бардым. Қожайындар ол жерге темір тор жасап тастаған.

Бірақ мен амалын таптым. Су астындағы жүзгіштердің киімін маған бір кісі берем деп отыр. Оны тапсақ, онда бостаңдыққа шықтық дей беріңдер. Темір торды кесеміз!

Бәріміз әп-сәтте шаттанып сала бердік. Үміт оты оянды.

—  Қазір су суық қой, — деді Сырым кенеттен.

—  Дұрыс. Көктем, жаз шыққанын күтеміз. Оған дейін дайындық жұмыстарын жүргіземіз. — деді Сәбит аға жайбарақат. Денесі тығыршықтай Сәбит ағаның жүзінде сенімділік бар. Біз үшеуміз әйтеуір бір үміттің барына жұбанып, іштей қуандық. Жаңа ғана бұрқ-сарқ қайнап ағып жатқан өзен енді аса қорқынышты көрінген жоқ.

—  Сәбит аға, мен де бір ой болып тұр, — дедім мен. Көкейімде «ана қанішер қара дәуден қалай кек аламын?» деген сауал ешқашан кетпейтін. Соның реті келгендей.

—  Ол нe ой? — деп Сәбит аға және екі досым маған қарап қалыпты.

— Қашудың бұл жоспары маған ұнап тұр. Бірақ біз мына қаніпезерлерді қалай құрту керек екенін ойлаған жоқпыз. Бұларды құртпасақ, олар бізді бәрібір... Соңдықтан менің ойым, бұлардың қылмыстарын жоғарыдағы ағаларға жеткізсек қана біз аман қаламыз, — дедім мен тез-тез сөйлеп.

- Жантай өте дұрыс айтады, — деп Нұрлан айқайлап жіберді. — Қашып шықсақ, онда бұл  қанішерлерді ерегестіріп аламыз. Үйімізді де, өзімізді де өртеп жібереді.

- Иә, иә, солай, — деп Сәбит аға ойланып тұрды да, маған қарап. — Оларды құрту үшін Жантай сенде қандай жоспар бар?

- Осы қалашықтың картасын түсірсек.

- Оһо! — деді Сәбит аға менің сөзімді бөліп жіберді. —Қалашықты түгел зерттеуіміз керек. Бұлардың бастығы Федя қанішер емес, ол пешкі, мұның қожайындары бар.

Нұрлан да, Сырым да біраз ойларын айтты. Үлкен жоспар құрдық. Ол жоспардың да атын «Бостандық» деп қойдық.

Жатақханаға тез оралып, оны Жұмабай аталарға жеткізуге асықтық...

 

ХІ раунд

Қашуға дайындық

Біздің өміріміздегі ен ұзақ, ең қатігез, ең суық, ең жеккөрінішті қыс . Бұл жердегілердің мақсаты — ішкі жан-дүниеміз емес, біздің күш-қуатымызды арттыру арқылы табыс табу. Сөздің қысқасы — біз құлмыз. Бізге адамға тән нәзік сезім иірімдері жат. Адамға деген өшпенділік егіледі. Қарсыласыңды жойқың соққылар арқылы құлату, саған өлшеусіз ләззат сыйлайды. Біз осылай еркімізден тыс дөрекіленіп бара жатқанымызды сезгендейміз. Жарты жыл емес, жылдар бойына түрме-өмірде осындай құлдық тәсілдер қолданыла берсе, біздің болашақта кім болатынымыз өзінен-өзі белгілі екендігін ойлағанда, жынданып кете жаздайсың. Өйткені, сен адам емес, екі аяқты мәңгүрт хайуанға айналасың.

Біз осы сұмдық жағдайдан қашу үшін бар ой-жігерімізді жұмсадық. Небір қанқұйлы оқиғалар жасалып жатқан қалашықтың немесе орданың құпиясын ашуға тырыстық. Калашықтың орналасу тәртібін, макетін ақ қағазға түсірдік. Жерасты жолдары үлкен қаламен байланысады.

Су асты киімі де дайын. Мінеки, мамыр айының соңына да жақындадык. Айтпақшы, осы өткен уақыт ішінде біз бірнеше рет жекпе-жекке шықтық. Нұрлан бір рет тас-талқан боп жеңіліп, өліп қала жаздады. Сырым да өлесі болып таяқ жеді. Мен жеңіліп көрмесем де, соңғы жекпе-жекте әзер жаным қалды. Біттім ғой деп тұрғанда қарсыласым өзінен-өзі құлап түсті. Берік ауруханада хал үстінде. Сәбит пен Сағат қана тек жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Қай жекпе-жекке шықсақ та, біз бір-бірімізбен құшақтасып, қоштасамыз. Солай, мұндағы рингтің заңы қатал. Тек жеңуің керек. Сонда ғана өмір сүресің!

Қашатын күніміз де белгілі. Жаздың алғашқы күні тас-түйін дайын болуымыз тиіс. Берік пен Нұрлан жазылып, қатарға қосылды. Су астындағы киімді Сәбит пен Сағат аға сүңгитін жерімізге барып тыққалы қашан. Бостандыққа шығуымызға екі күн қалды. Тек бір Аллам сәтін салсын!

Қас қылғанда Федя қара дәу ертеңіне бізді шақырды. Жарты айдан соң Америкаға жарысқа барады екенбіз. Сәбит, Сағат және мен Соған дайындықты күшейтпекші. Сыр білдірген жоқпыз. Бос уақытымызда қайта-қайта суға түсіп, дайындық жұмысын күшейттік. Су астында неғұрлым ұзақ болуға тура келеді. Тынысың тарылып, өліп кетуің де мүмкін ғой... Мейлі, мұндай қапаста жүргенше, өлген артық.

 

ХІІ раунд

Су астындағы өмір жолы

Соңғы сағаттар өтіп жатыр. Бүгін жексенбіде жаттығу жоқ болатын. Қырсыққанда, кешкі жетіге біздің шетелге баруымызға байланысты қосымша жаттығу сағатын қосыпты. Қашуды сағат сегізге емес, oнғa жылжыттық. Тек үлгерсек болды. Картаны Сәбит аға өзі алып өтеді.

— Ең бастысы, асып-саспаңдар. Тесікке қарай тартылған сымнан айрылмаңдар. Одан өткен соң су ағынымен он шақты метр жүзіп өтесіңдер. Тасқа соғылып қалудан сақтаныңдар. Бастарыңды судан шығарған соң жан-жақтарына анықтап қарап алыңдар. Прожекторға түсіп қалмаңдар!

Бұл  Сәбит ағаның сөзі. Күнде ерінбей, бір қайталап өтеді. Әрбір сөзін біз жаттап алдық десек те болады.

Жаттығуда сыр білдірмеуге тырыстым. Алып негр Макс неге екені белгісіз, бүгін маған көп көңіл бөлді. Макспен түсінісе беремін.

—  Сен әлем чемпионы боласың. Жан... Мүмкіндігің де, шеберлігің де, күшің де жетеді. Тек тырысу керек. Сенің сол қолың тек нокаут жасау үшін жаралған сияқты. Мәселен, менің де сол қолым күшті. Талайды құлатқанмын, — дейді Maкc. Сегізден аса Макстен әзер құтылып, жатақханаға келсем, бәрі күтіп отыр екен.

Сарқыраманың гүрілдеген үні төңіректі жаңғырықтырып тұр. Ағаш-ағаштың арасымен жүріп келеміз. Кенет қараңдаған біреулерді көргендей болдық. Әне, біз тұрған жерге  жақындап келеді.

Біз жата-жата қалдық. Бес-алты адам тура жанымыздан өтті. Демалып жүргендер сияқты. Қызу, мас. Ақыры діттеген жерімізге жеттік-ау. Биік қамалдың арғы түкпірінен жарқ-жұрқ етіп әлсін-әлсін прожектор жолақтары түскенде тығылып қаламыз. Бірінші болып Сәбит аға кетті. Судың шолп еткен дыбысын ғана естідік. Әп сәтте ол көзден ғайып болды. Екі минуттан кейін Берік, содан соң мен... Мінеки, менің кезегім. Толқып тұрсам да тынысымды тереңнен алып, мұздай суға қойып кеттім. Судың тубіне тез-ақ жетсем де сымнан қолым ажырап кете жаздады. Әнеки, тесік. Бір адам еркін сияды екен. Зымырап өте шықтым. Оншақты метр. Басымды көтерсем екі адамның сұлбасын көрдім. Сәбит ағаны танығанда, қуанып кеттім. Мені олар тез көтеріп алды.

Әбүйір болғанда, алтаумыз да аман-есен судан шықтық. Сәбит ағаның бастауымен ағаш-ағаштың арасымен қалаға тарттық. Таңға, жақын қалаға кірдік. Мінеки, құрметті оқырманым, сенсеңіз де, сенбесеңіз де менің басымнан кешкен ауыр хикая осылай аяқталды.

 

Гонг сыңғырығының орнына қорқаулар ордасының талқандалуы

(Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Біз шаршадық. Үмітімізді үздік.  Жантайымыздың өлі-тірісін білмей далбасалағалы екі-үш айға жуықтады. Бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ. Өткеннен де, кеткеннен де сұраймыз. Жоқ! Хабар-ошар жоқ. Мүмкін шетелге әкетті ме екен? Бүкіл қала тік тұрды. Астанадан да көмекшілер жетті. Анасы Гүлшардың самай шашы ағарды. Жантайдың сыныптастары Нұрлан мен Сырымның әке-шешелері де әбден қалжырады. Алғашқыда жиі хабарласып тұрдық. Ең жаманы тірідей айрылу екен. Өлсе бейітіне барып, мейіріңді басасың ғой.

Кенеттен үміт әбден үзілген шақта жақсы хабар желдей есіп жеткенде, білесіз бе, адам баласы қандай күйде бодатынын. Өлдіге жорыған балаң таң атпай есік қағып тұрса, бұған сенесіз бе, сенбейсіз бе? Міне, аяқ астынан осындай қуаныш, шаттық келді, үйімізге. Жантайымыз қайта тіріліп келді! Е,  Аллам, шүкір, шүкір! Мен де, Гүлшар да қуаныштан жыладық. Жантай жалғыз келмеді, алты бала бірден сау ете қалды. Сасып қалдық. Сәбит деген аға тауыпты, олар. Жасы он алтыда ғана. Сол бозбала жігіт бірден болған жайды жайып салды. Сұмдық жағдайларды естіп, біз жағамызды ұстадық. Тек біздің отбасыларымызға ғана емес, мемлекетіміздегі спортқа зор қауіп төніп тұрғанын жан-жүрегімізбен сезіндік. Нұрланның әке-шешесі Құсайын мен Баян, Сырымның әке-шешелері Әскербек, Гүлсім келді аңырап. Сәбиттіңде әке-шешесі жетті, көзді ашып-жұмғанша. Жоғалғандарымыз табылып, бір қуансақ та қауіп барын білгенде тағы да үрейлендік. Дереу ақылдасып, балалар әкелген карта, құжаттармен заң орындарына, әкімшілікке шаптық.

Көп өтпей шындық ашылды. Қорқаулардың ордасы талқандалды. Оны бүкіл халық естіді. Сол орданы талқандауға қаршадай ғана алты баланың қосқан үлестерін, олардың ерліктерін ешкім білген жоқ. Менің де, Жантай баламның да  ең қуанғаны — Жандосымыздың кегі қайтқаны. Қазір балалар оқуында. Кикбоксингті тастаған жоқ. Біз жұмысымызға  алаңсыз кірістік.  Ал сол оқиға көрген нашар түстей  анда-санда мазалап қояды. Өмір раундтары жалғасып жатыр. Гонг сыңғыры  ешқашан өшпек емес.