Кері қайту
Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым

 (Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Мен де боксшы болуды армандадым. Бірақ ол арманыма жете алмадым. Балам да менің арманшыл еді. Талай-талай Арман-тұлпардың жалына жабысты. Ең соңында боксшы болуға тоқтады. Мың-миллион соққылардан ұлымды қорғағым келіп шыр-пыр болдым. Күшім жетпеді. Бұл  жолы ол Арман-тұлпарға нық мініпті. Одан түсіре алмасымды, оның бокс қолғабын шеше алмасымды ұқтым. Ұқтым да, батамды бердім. Қарлы боран, шыжыған ыстыққа қарамай он екі жасынан бастап кештетіп жаттығуына кететін ол: «Көке! Мен әлем, олимпиада чемпионы боламын!» — дейтін арсалаңдап. «Боласың!» дейтінмін. Болатынына, арманына жететініне нақ сендім!

Әттең-ай, әттең... Бір күні ұлым оралмады. Шарқ ұрып іздедік. Түн ортасында телефон шырылдады. Көшеден өтіп, үйге асығып келе жатқанда машина апатына ұшырапты. Бар болғаны он бес жасында ұлымнан айрылып қалдым. Айналайын, ұлым! Артыңда боксшылар туралы альбомың қалды. Күнделігіңді таптық. Екі жұп  қолғабыңды сандыққа салып тастағанбыз. Сол қолғаптарды бір күні біреу ұрлап алыпты. Кім екенін білесің бе оның? Ендеше, әлгі қолғабыңды алған кішкентай ұрының күнделігіндегі жан тебірентерлік жайларға құлақ түрші, Жандосым! Сіз де балақай (үлкендерге де рұқсат), өзіңнің замандасыңның таңғажайып күнделігін оқуға асық!

 

I раунд

Ажал неге үрейлі?

Біздің үйге түскен найзағайдай сол қасіретті мен ешқашан да ұмыта алмаймын. Мәңгіге! Әрине, ол кезде мен тым кішкентай едім. Бар болғаны алтыдамын. Дәл сол шақта «ажал» деген сөздің мәнін толық түсінбесем де, оның сондай қорқынышты, үрейлі екенін, адамдарға кө-өп қайғы-қасірет әкелетінін түсіндім. Мен бұрын жылау дегенді тек еркелегенде, біреулерден таяқ жегенде, зорлық-зомбылық көргенде болатын нәрсе деп ойлаушы едім. Әлемдегі ең қимас адамдарыңның бірі дүниеден өткенде, жан-жүйең босап, еріксіз жылайды екенсің. Ондай қайғылы сәтті ешкімге бермесін. Кейін де сол ағатайым еске түскен сайын, оның тірі кезінде айтқан жан жадыратар жылы сөздері, іс-қимылдары ойға оралған сайын көзімнен бырт-бырт жас тамшылары ытқып шығып, жиі-жиі жылап алатынмын.

Жаным, ағатайым! Мен сізді қатты сағындым. Бәріміз сағындық. Әсіресе, апам. Түсіме де жиі кіресіз. «Сарконым! Көкешім!» деп тура тірі кезіңіздей маған мейірлене қарап, басымнан сипайсыз. Қызық! Қазір он үштемін. Ал түсімде бес-алты жастағы бала қалпымдамын. Жандос ағa, мен қазір ол кездегідей шибұт бала емеспін. Бойым сырықтай болып өсті. Көкемнің бойымен бірдей. «Әй, сары бала, қайда кетіп барасың?» деп көкем әзілдеп қояды. О-о-й, ағатайым! Сізсіз мен үшін қандай қиын болды десеңізші! Сiз бар кезде ешкімнен қорықпайтынмын. Мен достарыма ылғи мақтанып: «Менің ағам бар. Ол боксшы. Көре қалыңдар, ертең-ақ ол әлем, олимпиада чемпионы болады!» — дейтінмін.

Есіңізде ме, Жандос аға, сіз екеуміздің жекпе-жектеріміз. Бұл туралы кейін айтармын. Айтпақшы, аға, сіздің күнделігіңізді анам берді. Қатты тебіреніп оқып шықтым. Өте ұнады. Міне, байқаған шығарсыз, мен де ойларымды күнделікті ақ қағазға түсіруді әдетке айналдырдым. Мектепке барып, есім кіргеннен кейін анамнан сіздің қалай қаза тапқаныңыз жайлы, өзіңіз туралы сұрағанмын. Анам бірде жылап, бірде мұңайып мына әңгімені айтып берді. Күнделіктің екінші күнпарағына сол әңгімені түсірдім.    

 

 

ІІ раунд

Әлемде менің көкемдей жақсы адам жоқ!

Әрине, анама сіз туралы айту оңай болған жоқ. Ұзақ толғанды. Өзіңіз туралы айтқанда көз жасын жиі-жиі төгіп отырды.

— Жандос тек балам ғана емес, сырлас, мұңдас досым да болды. Көп қиындық көрдік. Тіптен бір түйір нанға да зар болған қиын күндерді де бастан кештік. Әкесімен ажырасып кеткен едім. Кейінірек машина апатынан қайтыс болды, бардық, Жандос ол кезде бес-алты жаста еді. Есі кірмеген бала қайдан білсін әкесінің қаза тапқанын. Бірақ кейін білді. Бәрін айттым. Атасы, әжесі, бауыр, туған-туыстарымен таныстырдым. Ол бауырмал болатын. Есейген соң каникулдарда өз жұртына барып тұратын. Біз қалада күнімізді көре алмаған соң ауылға кеттік. Сөйтсек, ол жақта да жетіскен ештеңе жоқ екен. Жұмыссыздық жанымды жеді. Ақыры мұғалім болдым. Азын-аулақ ақша ештеңеге де жетпейтін. Үлкен ауыл адамдары күнкөрістің қамымен қалаға босып көшіп жатты. Қайта біздің ауыл түгел тараған жоқ. Көрші ауылдардың ішінде түп-тұқиянымен жоқ болып кеткендері де бар. Қиын күндерді бастан кештік. Мектеп директоры менің орныма біреуді әкелгісі келді ме, мені жұмыстан шығарды. Қайта Алматыға келдік.

Пәтерден пәтер жалдадық. Бір таныстарым арқылы балабақшаға жұмысқа орналастым. Жандос та осы балабақшаға барды.

Күндердің күнінде біздің өмірімізге үлкен өзгеріс әкелген адаммен таныстым. Ол да отбасымен айырылысқан. Екі жарты, бір бүтін болдық. Бұл  жігіттің аты Тайыр. Сенің көкең. Менен он шақты жас үлкен. Менің, Жандосымның бағына қарай Тайыр жақсы адам болып шықты. Ең қуанғаным, Жандос сенің көкеңе тез бауыр басты. «Менің көкемдей жақсы адам жоқ бұл  дүниеде!» дейтін Жандос. Тіптен көкесін жақсы көргендігі соншалықты, бір күні ол:

— Көке! Мен сіздің фамилияңызға көшкім келеді, — деді. Көкесі сасып қалды. Біраз ойланып отырды да:

— Мен бұл  сөзіңе қатты қуанып отырмын. Бірақ аруақтар алдында тірілердің парызы деген болады. Сержан — сенің әкең. Сен сол азаматтың жалғыз тұяғысың. Әрине, мен де сенің әкеңмін. Өзіңді жанымдай жақсы көріп кеттім. Егер мен сені өз атыма ауыстырып алсам, сенің атан мен әжең де бауырларың да ренжиді. Өйтуге менің хақым жоқ қой, ұлым! — деп ол Жандостың бетінен сүйді.

Жандос шидиген арық болатын. Өзінше өлең шығаратын. Бірақ спортқа жаны құштар еді.

Бір күні сабақтан соң ол танауы делдиіп, үйге ентіге кірді.

- Апа-а! Мен бүгін көркем гимнастика мен акробатика үйірмесіне жазылдым.

- Е-е, жазылсаң дұрыс болған. Соншама жүгіргенің не? — дедім мен оның басынан сипап.

Алғашқыда үйірмеге ет қызуымен жиырма бала қатысыпты. Кейін қиын жаттығуларға шыдамаған болу керек, біртіндеп азая бастайды. Ақырында үш-ақ бала қалады. Содан соң екеу. Бір күні Жандосым көңілді келді:

- Апа! Үйірме тарайтын болды. Балалар келмей қойды, — деді мұңайып.

- Жарайды, мұңайма! Домбыра үйірмесіне қатыспайсың ба? — дедім мен оның ойын басқа жаққа бұрғым келіп.

- Домбыраны да үйрену керек. Бірақ мен боксшы болғым келеді... Қарашы, мен сондай арықпын. Боксшыға алдымен күш, күш керек! — деп ол ұшьш тұра қалып, әдетінше ауаны осқылап, бокстай жөнелді...

Мен ойладым, бұл әшейін баланың қызығушылығы деп. Сөйтсем, олай емес екен. Жандос футбол ойнағанды да жақсы көрді. Мектептің құрама командасының мүшесі болды. Жақсы жүгіретін. Жеңіл атлетикаға да қатысты. Бірақ мұның бәрі боксқа дайындық болып шықты.

—  Апа, осы әр түрлі спорт түрлеріне неге қатысып жүрмін. Білесіз бе? — деп бір күні ол маған сұрақ қойды.

Осы жерден әңгіме үзілді. Апамның асығыс шаруасы шығып, мен тағатсыздана күткен әңгіме екі күндей айтылмай қалды.

 

ІІІ раунд

Мұхаммед Әлиге жазылған хат

Анам екеуміз тағы да әңгімелесуге отырдық. Көкем іссапарда еді. Кішкентай қарындасым Дәрігүл ойыншықтарымен ойнап жүр. Жандос аға! Бұл  өзі тілазар, тентек қыз. Өзінше ақ қағазға бірдеңелер салмақшы. Әсіресе қоянның көжегін салғанды жақсы көреді. Осы тентек қыз апамды сабасына түсірді. Әйтпесе, аға, апам сізді ойлап жылай беретін, жылай беретін. Менің анам білесіз ғой, Жандос аға, өмірі шаршамай-ды. Үйдің бітпейтін күйбің шаруасымен бір тыңбайды.

—  Қай жерге келдік, балам? — деді ол менің басымнан сипап.

— Жандос аға сізге сауал қойды. Әр түрлі спорт түрлерін неге қатысып жүргендігі жайлы, — деп мен сабақ айтып тұрғандай тақ-тақ еттім. 

- Иә, иә, Жандостың сондай сауал қойғаны есімде. Мен оған әзілдеп жауап бердім.

- Олардың бәрін жақсы көресің, жаның сүйеді. Шынында да, балам, олардың бәріне қаншама уақытың кетеді. Онан да тек боксыңа қатыспайсың ба? Бір күні зорығып құлап қаларсың, қара бала! Өзің жауап берші, неге бәріне қатысып жүрсің?

Жандос тез жауап берді. Сірә, ол осындай сауалға жақсы дайындалған болуы керек.

—  Боксты мен қатты зерттедім. Біріншіден, күшті, қарулы болуға тиіссің. Сенің жұдырығың ұрғанда темір сияқты болу керек. Мысалға, Тайсон өте күшті адам. Мен күшімді көбейту үшін әнеу үйдің алдындағы ауыр тастарды көтеремін. Белтемірге тартыламын. Жұдырығымды тастай етуге кірпішті олай-бұлай ұрамын. Үйдің алдында ілулі қабым бар. Көп соққыдан қайта-қайта жыртылады. Екіншіден, шаршамауың керек. Күнде таңертең жүгіріп жүргенім сол. Жеңіл атлетикаға, футболға, баскетболға қатысатыным осыдан. Үшіншіден, мысық сияқты епті болған жөн. Гимнастика мен акробатикаға қатысқаным өте пайдалы болды. Қызыл жолбарыс атанған Василий Жировтың әке-шешесі, жаттықтырушысы оны күшті гимнаст болады деп үміттеніпті. Мұхаммед Әли балаларға өзіне тас атқызған. Бекзат аға нағыз желаяқ болған. Константин Цзю кішкентай болса да жұдырығы тастай, әрі өзіне соққы дарытпаған. Ермахан аға еңбекқорлығымен олимпиада чемпионы атанды.

- Aпa, қарашы мына мықтыларға, — деп Жандос дәу альбомын алдымызға қойып парақтай бастады.

- Шіркін, осы боксшылар сияқты мен де даңқты болар ма екенмін? — деп әдетінше ол ауаны осқылап-осқылап жіберді.

- Боласың, неге болмайсың! Қазақ «Талапты ерге нұр жауады» демей ме? Талабың бар. Тек бір Аллаһ жар болсын, — деп мен оның басынан мейірлене сипадым.

Жандос боксын өмірден кеткенше тастамады. Арық, шибұт бала көз алдымызда бойы сорайып, денесі де сомданып келе жатты. «Апа, қарашы менің бұлшық еттеріме!» деп ол мақтанатып. Мен «тпә, тпә, тіл-көзден сақта!» деп түкіріп әуремін. Біз кешке кішкентай сені де арбаға салып, көкең, Жасын ағаң, Жандос бәріміз мектепке баратынбыз. Олар футбол ойнайтын.

Жер үйге көшіп келген соң бокс үйірмесін Жандос таппады. Содан ол Халық шаруашылығы институтына барады. Жаттықтырушы әу баста қабылдамапты. Ұнжырғасы түсіп, көңілсіз отырғанын көріп көкесі:

- Жандостай, неге көңілсізсің? — деп бәйек болды. Сол сол-ақ екен, ол солқылдап жылап жіберді. Бәріміз жабылып тоқтата алсақшы.

- Мәссаған, мына жігітімізді «он үште отау иесі» деп келесі жылы үйлендіргелі жүрсек, әлі де бала ғой. Жігіт деген жыламайтынын білмейсің бе әлде? — деді көкесі өтірік ашуланғансынды. Жандос намысшыл еді. Бірден көз жасын тыйды. Болған жайдың бәрін айтып берді.

- Е-е, солай демейсің бе? Барып сөйлесіп көрейік, — деп көкесі оның арқасынан қақты. Ертеңіне көкесі екеуі барып жолығып келді. Жандос қуанышты.

- Алақай! Мама, мені үйірмеге қабылдады. Көкеме рахмет! — деп қолғаптарын киіп, көкесін жекпе-жекке шақырды.

Екеуі үйді шаңдатып жіберді. Байқаймын, көкесі жорта анда-санда соққылар жасап, қорғаныста жүр. Дегенмен қара тер болды.

— Тіпә, тіпә, Жандостан боксшы шығады. Мен де ауылда боксшы боламын деп істемегенім жоқ. Қаладағыдай емес, ауылда жағдай жоқ қой. Әкемнің жұмысшы қолғабының ішіне шүберек, мақта салып тігіп, бокс қолғабын жасадым. Трактордың дөңгелектерінен зілтемір жасап, соны көтеретін де жататынмын. Белтемірім де болды. Шүберектен доп жасап, футбол ойнайтынбыз. Қаптың ішіне ескі-құсқы киімдерді тығып, соны ұратынмын да жататынмын. Бір күні дене шынықтырудан оқытатын ағай қаладан екі жұп  нағыз бокс қолғабын әкелді. Ой, қуанғаным-ай! Ауданға, тіптен облысқа бір peт барып жарысқа қатысып қайттым. Содан соң университет қабырғасында жүргенде боксқа қатыстым. Жеңіп те, жеңіліп те жүрдім. Разрядым бар. Кейін тастап кеттім. Бекер тастаппын. Ол кезде біздің өзіміз еліктейтін боксшыларымыз болды. Мұхаммед Әли сол кезде бүкіл әлемді шулатып жүрді. Вьетнамға соғысқа бармай қойғанын газеттер жазды. Біз оқып, Мұхаммед Әлиді қолдап хат та жаздық. Әбдісалан ағамыздың да даңқы жер жарып тұрды. Мына өлеңді біз сол кезде жатқа айтатынбыз:

— Менің атым Әбдісалан,

Жұдырықтан саспаған.

Сенгенім менің Қажымұқан,

Ә дегенде бассалам!

Жандос көкесінің бұл  әңгімесін қызыға тыңдады. Әдетінше сұрақты жаудырып жіберді. Бұл  әңгімеден кейін де біраз уақыт сырғып өтті. Ұлым күнде кешке жаттығуға барудан жалықпайды. Баратын жері үш шақырымға жуық. Соған барғанша, келгенше жүгіреді екен. Әсіресе қысты күні оны аяп кетемін.

— Бұл  дегенің жақсы ғой. Жаттықтырушы Айбар аға Цезарьдың мына сөзін бізге жиі айтады: «Сұлу болғың келсе — жүгір! Күшті болғың келсе — жүгір! Епті болғың келсе — жүгір!» Көрдіңіз бе, қандай ғажап сөз!

Базарға барғанда мен оны ертіп аламын. Жүктің бәрін мықшыңдап өзі көтереді.

- Жартысын маған бер, — десем азар да безер болады.

- Мең спортшымын, маған ауыр көтерген пайдалы, — дейді.

Спорт тауарлары бөліміне келгенде көзі жайнап кетеді.

—  Апа, ақша артылса ананы әпересің ғой, ә? — дейтін ол өтініп.

Сөйтіп ол қос жұп  қолғабына қоса асай-мүсейінің бәрін алды; тіс қорғағыш, ұрғыш қап. Оған қоса футбол добы, ракетка, бәрі-бәрі бар...

Жоғарыда айттым ғой апамның үйдегі шаруасы жетіп артылады деп. Әңгімеміз тағы үзілді.

 

IV раунд

Мен қалай боксты жақсы көрдім?

Досымның аты — Нұрлан. Сабақты нашар оқиды. Бірақ спортты жақсы көреді. Нағыз қара дәу. Денесі шып-шымыр. Қолы тастай. Балалардың бәрі одан жасқанады. Екеуміз көршіміз. Сабақтың денін менен көшіріп алады. Ал ауызша сабақтардан жауап бере алмай тұрғаны. Оқы десем де оқымайды. Ал мен әлжуазбын. Неге екенін білмеймін, спортқа қырым жоқ. Бірақ шахматты шағамын. Мектепте чемпионмын десем де болады. Бір күні үйде сабақ дайындап отырғам, Нұрлан ентігіп кіріп келді.

— Жантай, білесің бе? Мектепте кикбоксинг үйірмесі ашылыпты! Жүр, жазылайық, — деді. Мен үзілді-кесілді бармайтынымды айттым. Кешке көкеме айтып едім:

— Барсаң бар. Әйтпесе қарашы, ап-арықсың. Жиі ауырасың. Жандос ағаң да соңдай болатын. Кейін көрдің бе, спорттың арқасында дәу, шымыр жігіт болды.

Қызық болғанда ертеңіңе көкем айнып қалыпты.

— Кикбоксинг кез келген адамның айналысатын спорты емес. Сен үлкен ғалым немесе ел басқаратын адам болуың керек, Нұрлан досың кикбоксингпен айналыссын. Сабағы нашар. Өзі былай шып-шымыр. Сол баладан чемпион шығады. Бірақ сен де қарап қалмауың тиіс. Таэквандо немесе каратэге барсаң жөн болар. Себебі, мына қиын заманда өзіңді-өзің қорғамасаң сені кім қорғайды? Сөйт балам! Кик-боксингті қой!

Бұдан былай ондай әңгімені естімейін.

Мен көкемді үнсіз қостадым. Сол түні бір таңғажайып түс көрдім. Жандос ағам мені әдейі іздеп келіпті. Ыржиып күліп:

- Саркон, жағдайың қалай? — дейді тура өңімдегідей.

- Аға, сағындық қой. Неге келмей кеттің? — деп мен оның құшағына кірдім. Арқамнан қағып, басымнан сипап жатыр.

- Жылама! Жігіт адам жылай ма екен? — деп ол мейірлене сөйлейді. Бойы алпамсадай. Қолдары күректей: Денесі тастай қатты.      

- Әй, Саркон, мұның жарамайды. Қандай әлжуазсың. Білектерің қыздың қолындай. Ұсташы менің бұлшық еттерімді.                      j

Ұстап көрдім. Қол батпайды. Өзімнің әлжуаз денеме қарап, қатты ұялдым.      

— Мен мұнда да бокспен айналысам. Әттең, менен қорқып, олар әдейі мені машинамен соқты. Қазір олар боксты тастап, қылмыс әлеміне кетті. Біз, аруақтар, бәрін көріп тұрамыз. Біз деп отырғаным, мұнда жақсы адамдар көп. Мысалға, Өзтүрікті білесің ғой. Атақты таэквандошы. Сол кісінің қасында жүремін. Бекзат аға да бізбен бірге. Тағы да көп атақты адамдар бар. Сендер бізді өлді деп ойлайсыңдар. Қайдағы, нағыз өмір біз жақта.

— Аға, сізді кімдер машинамен соқты? Шынында да ол жақта біз сияқты өмір бар ма? Өзтүрік, Бекзат ағаларды бетпе-бет көрдіңіз бе?

Жандос аға менің автоматша қойған сауалдарымның қайсысына жауап берерін білмегендей ойланып қалды.

- Ол қаніпезерлер күндердің күнінде бізге, мына әлемге келетіні анық. Оның ағасы өте зұлым адам. Мойнында каншама жанның қаны бар десеңші! Атын айтпаймын, бауырым. Маған ол: «Інімнен жеңіл» — деді, Мен қалай жеңілем? Финалдық жекпе-жек. Арманым чемпион болу емес пе? Айқын басымдықпен жеңдім. Екі рет інісі нокдаунға түсті. Жаттықтырушым Айбар менің бетімнен сүйіп, қатты қуанды. «Сен чемпион боласың. Осылай еңбектене бер, айналайын!» деді. Менің қуанышымда да шек жоқ. Бірақ сәт өтпей қабағынан қар жауған ағасы менің жаныма келді де:

- Ескерттім. Енді өз обалың өзіңе! — деді ол зілді дауыспен. Неге екенін білмедім, қорықтым. Содан кейін ол қорқынышым тез ұмытылды да, қуанышымды көкем мен анама жеткізейін деп үйге үкідей ұштым. Үйдің жанынан өтетін үлкен көшенің ортасынан енді асқанымда, қап-қара машина маған төне берді.

- Атын айтыңызшы, аға, — деп мен шыр ете қалдым.

- Жоқ, Саркон. Айтуға болмайды. Саған зияны тиіп кетеді. Олардың жазасын бір Алла береді. Көкем дұрыс айтты. Өзіңді-өзің қорғайтындай өнерің болған дұрыс. Сен мен жетпеген биікке жет. Чемпион бол! Нұрлан досың екеуің кикбоксингке жазыл. Екеуің де ертең атақты кикбоксшы боласыңдар. Әрине, оған дейін еңбек етулерің керек. Сарайдағы сандықта екі бокс қолғабы бар. Соны ал. Оны жоғалтпа, бауырым! Бірақ сақ бол. Атақтылардың жауы көп. Ал қош, Саркон! Мен кеттім. Жұмысым көп! — деп Жандос аға бетімнен сүйді де, көзді ашып-жұмғанша ғайьш болды...

Көзімді ашсам, түсім тура өңімдегідей. Таң қалдым: қалайша өлген адам сөйлейді? Ағамды өлтірген кімдер? Мен оларды қалайда табуым керек. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Көкеме түсімді айтсам ба екен? Көкем боксқа баруыма үзілді-кесілді қарсы ғой. Мен екі оттың ортасында қалғандай болдым. Неге екенін білмеймін, мен осы таңда боксқа ғашық болып ояндым.

Ертеңіне Нұрланмен барып кикбоксинг үйірмесіне жазылдым. Дәл осы күннен бастап қиын да қызық, ауыр, бірақ жаным сүйетін нағыз ер-азаматтың жолына түскенімді білдім.

 

V раунд

Жандос аға күнделігінің соңғы беттері

 

Анам бір күні маған қалың дәптер берді.

— Мынау — Жандос ағаңның күнделігі. Оқып көр, қажетіңді аларсың, — деді ол ерекше мейіріммен. Дәптер мұқабасының сыртына «Менің күнделігім» деп жазылыпты. Оның астында «Ашпа! Ешкімнің оқуға қақысы жоқ! Жандос» деген ескертпе тұр. Сыртында Бекзат ағаның суреті жапсырылған. Күнделіктің бірінші, екінші беттеріне алғы сөзін келтіріпті. Өзін-өзі таныстырған. Күнделікті жазу себебін айтқан. Аздап үзінді келтірейін.

«Бокс менің өмірім десем де болады. Бұл  —  нағыз күштілер айналысатын спорт түрі. Көп адамдар боксты қара күшке теңейді. Оған ақылдың қажеті жоқ, тек соғу керек дейді. Рас, боксқа күш ауадай қажет. Бірақ тек қара күшпен алысқа бармайсың. Айла, әдіс, тәсіл керек. Олардың бәрі ақылмен келеді. Және ол ақылды көзді-ашып жұмғандай жылдамдықта қолданбасаң және болмайды. Шалт, қағілез бол! Содан кейін боксшы психолог болғаны дұрыс. Қарсыласыңнан не істейтінін, қандай әдісті қолданатынын қас қағым сәттерде сезіп отырсаң жеңіс өзімде деп біл. Оның шаршағанын, қорыққанын, үрейленгенін де біл. Мен мұның бәрін білгішсініп өзім айтып тұрмын деп ойлайсыз ғой. Жоқ! Кітаптардан оқыдым. Мына күнделікті де осындай өзіме, өзгеге қажетті мәселелерді жазу үшін бастадым. Әрине, күнделік жазуды кішкентай қезімнен бастап әдетке айналдырғам. Ескі күнделіктерімді өртедім. Бірақ оның ішінен қажет-ау дегендерін ерінбей көшірдім. Кейін қария болғанымда, балаларым, немерелерім оқиды. Сонымен жоғарыда өзімді таныстырдым. Күнделігім күліп тұрсын.  Мен жазуға ерінбейін. Сәт сапар!»

Мен де ағамның жазбаларының бәрін келтірмеймін. Ең маңыздысын, ең қажеттісін алуға . тырыстым. Ағам кішкентай кезіндегі басынан кешкен оқиғаларын да жазуды ұмытпаған.

 

1996 жыл, 17 желтоқсан

Білесіз бе, меңің апам Желтоқсан кетерілісіне қатысқан. Бұл  күнді әрбір қазақ білуі тиіс.  Ал мен бұл күңді мәнгілік ұмытпаймын. Себебі, бүгін менің туған күнім!   

Сонымен, сіз Желтоқсан көтерілісі жөнінде білесіз бе? Ал білмесеңіз, құлақ салыңыз. КСРО — империя. Бұл  империяның қожайыны — орыстар. Осы орыс империалистері біздің қазақ халқын 300 жыл табанына салған. Ал соңғы 70  жылда өкімет  басына Ленин бастаған большевиктер келген. Олардың зұлымдықтары шектен шыққан. Әсіресе қазақ халқын жер бетінен жойып, жіберіп, территориясын түгелдей өздеріне қаратуға тырысты. Мен апамнан бұл  жөнінде әбден сұрастырып, біліп алдым. Себебі, анам тарихтан сабақ береді. Білмейтіні жоқ. Қазақтарды қойша қыру 1921 жылы басталған. Осы жылы аштықтан қасақана 1 миллионнан аса қазақ қырылған. 1929 жылы байларды тәркілеп, ит-жеккенге айдаған, 1932-33 жылдары 3, миллионға жуық қазақ аштықтан қырылып қалды. Қаншама қазақ ақтабан шұбырынды болып шетелдерге қашты. 1937-38 жылдары қазақтың ең ақылды адамдарын репрессияға ұшыратып атқан, Итжеккенге айдаған. 1941-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста жарты миллионнан аса қазақ оққа ұшып, мерт болды. Қазақтың көп жерлерін Ресей мемлекетіөзіне қосып алған. Міне, көрдіңіз бе, қаңдай зобалаңдар болғанын. Апамның айтуынша егер осындай қырғындар, нәубеттер болмаса, қазақ халқы қазір елу-алпыс миллионға жетеді екен. Дүниежүзіндегі қазақтарды қоса есептегенде, қазір барлығы 12 миллион екенбіз.

Содан кейін орыстар қазақты орыстандыруға тырысқан. Дінін жойды. Қазақ тілін қолданудан шығарып тастаған. Қазақ мектептерін жапқан. Қазақ екінші сортты халыққа айналды. Міне, осы зұлымдыққа қарсы 300-дей көтеріліс болыпты. Ең соңғы зор көтеріліс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Ол — Желтоқсан көтерілісі.

Бұл  көтеріліске білесіз бе, мен де қатыстым. Әй, бала, өтірік айтпа дейсіз ғой. Жоқ! Қатыстым деген соң қатыстым! Менің анам ол кезде ҚазМУ-де оқыды. Тарих факультетінде. Аяғы ауыр екен. Апам қыздармен бірге алаңға барған. Анамның ішінде жүрген мен де алаңда болдым. Енді өтірікші демессіз. Тіптен таяқ та жедім. Оны қазір айтып жеткіземін. Көп адам жиналыпты. Кешке әскерлер су шашып, жастарды қуған. Жастар ашуланып, су шашқыш машиналарды өртеген. Қарулы әскер қойсын ба? Көтерілісшілер тым-тырақай қашыпты. Қолдарындағы резеңке шоқпармен жастарды аямай ұрған. Соққылар апамның басына, арқасына тиіпті. Апам қатты қорыққаннан мені ерте босаныпты. Тура 17-ісінен 18-іне қараған түнде. Шала туған менің әлжуаз болғаным сондықтан.

Айтайын дегенім, Желтоқсан көтерілісін біз ұмытпауымыз керек. «Тәуелсіздікті жақындатқан — Желтоқсан көтерілісі» дейді біздің апайымыз. Дұрыс. Апам айтады: «Біз тіл, дін үшін алаңға бардық. Ал қаланың балалары кіл орысша сөйлейді», — дейді. Бұл  да дұрыс. Мен оқитын гимназияның балаларының көбісі орысша шүлдірлейді. Кейде апайымыздың өзі де оларға қосылып кетеді. Апам маған туған күніме деп дәу машина сатып әперді. Әй, зуылдаттым-ау, әрі-бері. Көрші балалар менің машинама қызыға қарайды. Рахмет, апа!

1997 жыл, 25 қаңтар

Көптен бері күнделігіме қарайтын жағдайым болмай кетті. Ауырдым. Желтоқсан көтерілісі жайлы мына оқиғаны есімнен шығарыппын. Апам мені босанғаннан кейін ауылға келеді. Онда атам мен әжем бар. Папам Сержан қалада жұмыс істейді. Бір күні апам үйде отырса, екі милиционер кіріп келіпті.

- Сіз Желтоқсан көтерілісіне қатысыпсыз. Тергеуге Алматыға алып кетеміз, — дейді олар әй-шәй жоқ.

- Кім айтты? — деп апам жасырғысы келген екен, суретін керсетіпті. Сөйтсе, апамды алаңда жүргенде жасырын камерамен түсіріп алыпты.

- Мен жақында ғана босандым. Қалай барамын? — деп апам жылап жіберіпті.

- Ештеңе білмейміз. Киініңіз, жүріңіз! — деп милиционерлер зілдене үн қатқан. Сөйтіп, бейшара апамды машинаға мінгізіп қалаға алып кетті. Бір айдан кейін апам бір-ақ келген. Түрмеге қамапты. Ауыл дүрлігіп кетті. «Гүлшар желтоқсанға қатысқан!» деп көрші-қолаң қатынасуды қойыпты. Бәрі де қорыққан. Мені жұрт «Халық жауының баласы» деп атап кетіпті. Ал апам қалай құтылған десеңші! Тергеуші жақсы адам екен. Апамның жылап тұрып айтқан әңгімесін естіп аяпты. Әсіресе емшектегі баласы бар дегенін естіп, бар құжатын, суретін жойып жіберіпті. Әйтпесе сотталады екен. «Түртпектеп» деп түртпектей берген соң, апам мені алып нағашы атам мен әжеме кетіпті. Оның үстіне папам мен апам күнде ұрсысады екен.

Мен көп ауырыппын. Нағашы әжем Гүлжан болмаса кім білсін, өліп те қалуым мүмкін екен. Апам мектепке жұмысқа тұрыпты. Мен бес жасқа келгенде қолды-аяққа тұрмайтын пысық болыппын.  Ересек балалар сол кезде темір-терсек, алюминий өткізіп ақша табады. Өйткені, ауылда жоқшылық. Әлгі тапқан-таянған темірлерді өткізіп балалар азын-аулақ ақша алады. Мен де солардан қалмаймын. Кішкентайлығымның пайдасын көп көрдім. Кез келген тесікке кіріп кетемін. Әйтеуір, бірдеңе тауып қайтамын. Ағаларым мәз. Сосын жинаған темір-терсегімізді өткізіп ақша аламыз. Маған да өз үлесімді береді. Оны біз «доля» деп атаймыз.

Бір күні ат ізін салмай кеткен әкем келіпті. Қаладан бір бөлмелі үй алыпты. Біз Алматыға көштік. Бірақ папам басқа әйел алыпты. Кішкентай үйіміз болса да, енді өз үйіміз бар. Апам балабақшаға жұмысқа тұрды. Мен бірінші сыныпқа бардым. Апамның ақшасы аз.

Сондықтан мен де  сабақтан кейін көшенің бойынша шемішке сатамын. Менің қасымда «крышам» бар. Ол Соня әжей. Екеуміз отырамыз. Апам жұмыста. Кешке дейін біраз табыс табамын. Кейде күл-қоқыс төгетін жәшіктерге келіп қарап, тәуір аяқ-киімдер табамын. Тіптен апама әп-әйбәт туфли  тауып әкеліп едім, ол кісі қатты қуанды. Байлар неше  түрлі заттарды жап-жаңа күйінде тастай салады. Ал бізге, кедейлерге ол жарап жатыр. Бөтелкелерді алқаштар қоймайды. Кей күні epте тұрып барғанда, біраз бөтелкелер жинап аламын. Өткіземін. Кәдімгідей ақша. Апамның азғана ақшасы ештеңеге жетпейді. Ой, білесіз бе, бай болғым келеді. Егер мен байысам, кедейлерге, әсіресе ауылда тұрған бауырларыма  көмектесер едім. Арман деген жетеді менде. Шемішке сатып тұрып, ойланып кетемін. Үлкен-үлкен машина мініп жүрген байларға қызыға қараймын. Білесіз бе, менің ең жек көретін адамдарым — кейбір милиционерлер. Соня әжейдің жылағанына, менің «ағатайлап» шырылдағаныма қарамай шемішкемізді талай тартып алды. Не деген зұлымдық! Ертең үлкен болғанда көрсетемін!

 

10 наурыз

Папамды жақсы көрмеймін. Біздің үйге анда-санда келеді. Әнеу зұлым әйелінен өлердей қорқады. Маған бәрібір, ол келсе де, келмесе де. Бірақ күнде үйге келетін папаң болса жақсы ғой, шіркін! Ал ол... ту-уу көзімнен жас шығып кетті ғой. Көп нәрсе жазғым келген. Осымен тоқтатайыншы.

 

25 наурыз

Папам машина апатына ұшырады! Жылағым келді, жылай алмадым. Анда-санда болса да бетімнен мейірлене сүйетін бір адам жоқ. Апам екеуміз ауылға бардық. Атам, әжем бәрі көп жылады. Апам да жылады.

2 мамыр

Бір күні апам маған бір үлкен ағаны таныстырды.

— Тайыр! — деді ол маған күлімдей қарап. Неге екенін білмеймін, Тайыр ағаны бірден жақсы көрдім. Ол біздің үйге қонды. Мені ол құшақтап жатты. Mен де оны құшақтадым. Әрине, ол менің болашақ көкем екенін білмедім. Бірақ оны іздейтінді шығардым. Апам да әдемі ақ көйлегін киіп, күтеді. Үйдің алдындағы орындықта отырып күтеміз. Жымиып күліп келе жатқанда, бүкіл дүние күліп тұрғандай болады. Жүгіріп алдынан шығам. Мені көтеріп алады.

8 шілде

Алақай, менің енді өзімнің әкем бар! Апам екеуі үйленетін болды. Мен оны «көке» деп атап жүрмін. Басымнан аяғыма дейін киіндім. Белсебет әперді. Бір бөлмелі үйді тастап, үлкен үйге көшіп келдік. Аса бай болмасақ та, бұрынғыдай емес, тамағымыз тоқ. Кешке ағамдар бәріміз барып футбол ойнаймыз. Қазір гимнастикамен айналысып жүрмін. Көкемді жақсы көріп кеттім. Іс-сапарға кеткенде сағынып қаламын. Мен жоғалтып алған өз әкемді қайта тапқандаймын.

24 қыркүйек

Неге екенін білмеймін, боксты жақсы көре бастадым. Гимнастиканы тастағым келеді. Бірақ ағай айтады: «Сенің болашағың зор. Сенен күшті гимнаст шығады. Тек сен жалқауланба!» Бәрібір боксқа кетемін. Боксшылар туралы кітаптар оқи бастадым. Киноларды жібермеймін. Арнайы альбом жасадым. Бірақ боксшы болу оңай емесін білдім.

1998 жыл, 15 қазан

Бүгін мен қуаныштымын. Әсіресе көкем мәз. Жантай деген бөпеміз сап-сары алтындай болып дүниеге келді. Мен енді ағамын. Менің бауырым бар. Ура! Ура! Мен оны еркелетіп «Capкон» деп атадым. Ой, иісі қандай әдемі! Иіскей бергім келеді, иіскей бергім!

17 желтоқсан

Мен он екідемін. Көкем әзілдеп қояды. «Ендігі жылы үйлендірем. Он үште отау иесі деген емес пе?» дейді. Бүгін Қуаныш ағайым қатты ренжіді. Себебі, гимнастиканы тастап, боксқа кеттім. Жүрек қалауымды істедім. Көкем айтты: «Бокс — өте қатыгез спорт түрі. Миыңды шайқалтады. Барма оған! Қуаныш ағаңнан айрылма!» — деді, Менің бәрібір өз дегенімнен қайтпайтынымды біліп, батасын берді. Мен, сөйтіп, өз туған күніме осылай сыйлық жасадым.

1999 жыл, 6 наурыз

Қыс шаршатып барып кетті-ау. Қар аралас жаңбыр жауып тұр. Біз жер үйге көшіп келгенбіз. Халық шаруашылығы университетінің ішінде бокс секциясы бар екен. Көкем барып әзер дегенде жаттықтырушыны көндірді. Рахмет көкеме! Студенттермен бірге жаттығамын. Өзім құралпы балалар да бар. Жаттығудан қалмаймын. Үш шақырым жүгіріп барамын, қайта тағы да жүгіріп қайтамын. Күніне 6 шақырым жүгіремін. Алғашқыда ентігіп қалушы едім. Енді жеп-жеңіл, қиналмаймын. Қайта жақсы болды. Бұлшық еттерім қатайды. Күшім де молайды. Шіркін, қашан чемпион болар екенмін?

10 маусым

Каникулға шықтық. Бокс қолғаптарымды, басқа да асай-мүсейімді арқалап, ауылға кеттім. Ол жақта да тастамаймын боксымды. Білгенімді құрдастарыма үйретемін. Әзірге сау бол, ару Алматым!                       

22 желтоқсан

Кеше тұңғыш рет рингке шықтым. Аудан мектептерінің арасындағы жарыс. Орыс бала қарсыласым екен. Өз мектебінің чемпионы. Қатты толқыдым. Көкем менің жарысыма қатысып отырды. Халық шу-шу етеді. Құлағым бітеліп қалды. Енді тым-тырыс. Жаттықтырушым бірдеңе дейді. Естімеймін. Бір кезде ол басыма сарт еткізіп ұрып жіберді. Гонг! Қарсыласым соққыларын жаудырып жіберді. Ішкі толқуымды баса алмаған мен анда-санда ұрғаным болмаса, қаша шайқасып жүрмін. Бірінші раунд әзер бітті.

— Әй, не болды саған? Робот сияқтысың. Қимылда! Әйтпесе секциядан қуамын, — деді жаттықтырушым. Селт етіп оянып кеткендей болдым: шынында да робот сияқты болып қатып қалыппын ғой. Екінші раундқа кәдімгідей қунақ шықтым. Бұл раунд тең болды. Өзіме-өзім сенгендеймін.

— Қолың ұзын әрі жұдырығың қатты. Соны пайдалан! — деп Айбар аға ақыл айтты. Қайдан келгенін кім білсін, жойқын бір күш келді маған. Аямай соқтым. Қарсыласым шаршаған сияқты. Үстін-үстін шабуылдадым. Иектің астынан көтере періп жібердім. Ол есеңгіреп тұрып қалды. Төреші санап жатыр. Нокдаун! Секіре беріппін, секіре беріппін. Жеңіс! Жеңіс! Алғашқы жекпе-жегім осылай аяқталды. Мен де жыладым. Жеңіс деген осындай қымбат болaды екен-ау...

2000 жыл, 27 сәуір

Атағым шыға бастады. Екі-үш турнирді жеңіп алдым. Аудан бойынша өтетін жарыс өте қиынға соқты. Алғашқы жекпе-жекті үш ұпай айырмашылығымен әзер жеңдім. Басым зеңіп, үйге әзер жеттім. Көкем, апам бәйек болып жүр. «Әй, әй, айттым ғой, балам, бокс деген пәлеге жолама деп. Қарашы бетіңе, көкала қойдай таяқ жепсің» деп көкем басын шайқайды. Ертең финал! Бүкіл мектеп келеді. Менің сыныптастарым Олжас, Санат, Бақдаулет, Алтынбек, Талғат, тіптен сынып жетекшіміз Халида апай да келмек. Әсіресе, Мақпал келер  ме екен?

 

Халық мұншама көп болар ма? Қарсыласым — былтырғы аудан чемпионы. Едіреңдеп тұр. Мен де секіріп-секіріп, ауаны осқылап-осқылап қоямын. Мақпалды көзім шалып қалды. Бүкіл денем дуылдап сала берді. Гонг сыңғыры естілді. Басталды! «Қалай да жеңуім керек!» деп тістеніп шықтым. Қарсыласым еркін. Соққы үстіне соққы жасап жүр. Мен де есемді жібермей жүрмін. Иә сәт! Қайта-қайта иегі ашыла берді. Бар күшімді оң жұдырығыма жинап, көтере соқтым. Жаңа ғана мазамды алып тұрған қолдар сылқ ете түсті. Қалт тұрып қалды. Арадай гуілдеген жұрт тым-тырыс. Қарсыласым кескен теректей гүрс етіп құлады. Бір, екі, ... бес, ... тоғыз! Жеңіс! Аспанға бір-ақ секірдім. Чемпионмын!

Әне, көкем, одан соң сыныптастарым, Халида апай. Мақпал бастаған қыздар. Гүл жауып кетті, Мен бір әлем чемпионы сияқтымын. Ертеңіне мектеп директоры шақырып алды. Гүл, сыйлық берді. Одан аудандық оқу бөлімі шақырып, марапаттау қағазын сыйлады. Бұл  деген зор сенім. Оны мен қалайда ақтауым керек.

 

5 қыркүйек

Тауелсіздік күні қалалық чемпионат болмақ. Ауданнан  менен басқа әр салмақ дәрежесінде балалар қатыспақшы. Ертеңнен бастап дайындық басталады. Арнаулы жаттықтырушым бар. Айбар аға да көмектеседі.

17 желтоқсан

Менің бүгін туған күнім. Бірақ көңілсізбін. Себебі, кеше ащы жеңілістің дәмін таттым. Жеңіс менікі сияқты еді. Соққыларды да көп жасадым. Тіптен бір рет нокдаунға жібердім. Төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Түсінбедім. Жеңіп тұрса, өкінбес едім. Неге өйтті екен? Менің бапкерім қатты ашуланды. Біздің балалар да наразылығын білдіріп жатты. Көкем:

— Ұят емес пе? Басқа-басқа, балаға әділетсіздік жасаудан ұялмайсыңдар ма? — деді айқайлап. Қанша өзімді ұстаймын десем де, жасымды тия алсамшы. Мақпалдар көрсе ұят болды-ау. Түу, жеңіліс деген қандай жаман!

 

18 желтоқсан

Апамды мектеп кездесуте шақырды. «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман» деп жазып қойыпты. Менің апам — батыр. Апам алаңға қалай барғандығы жөнінде айтып берді. Әңгімесі балаларды зор әсерге бөледі. Мен мақтанып тұрдым.

 

2001 жыл, 21 ақпан

Сенің жекпе-жектерімнің саны 24-ке жетті. Кәдімгідей  тәжірибе жинадым. Биыл он жетіге толып, кәмелеттік жасқа келемін. Мектепті бітіріп, дене тәрбиесі институтына түсемін. Содан кейін ересектер қатарында рингке шығамын. Айтпақшы, қыркүйек айында республикалық жарыс болмақшы. Соған маусым айында тағы да қалалық турнир өтпекші. Қалайда жеңуім керек. Тағы да үлкен қуанышым бар. Жастар арасында спорт шеберлігіне кандидат атағын жеңіп алдым.

 

22 маусым

Көкемнің білмейтін нәрсесі жоқ. Аграрлы университетте сабақ береді. Мамандығы — инженер. Газет-журналды көп оқиды. Үйде кітап көп. Бұрынғы әйелімен дәм-тұзы жараспапты. Екі қызы бар. Тәтелерім жақсы. Көкемді іздеп телефон соғып тұрады. Сол кезде мен трубканы көтерсем, мені еркелетіп, жылы-жылы сөздер айтады. Ал  олардың мамалары менімен сәлемдеспейді де. «Әй!» дейді өте дөрекі түрде. Дауысы жуан. Epкектің дауысы сияқты қыр-қыр етеді. Мен де қырсығып қаламын. Сонымен, көкем өте білімпаз адам. Міне, бүгін маған соғыс туралы әңгіме айтты. О-ой, қандай қорқынышты! Айтпақшы, мұндай әңгіменің шығуына түрткі болған жай — бүгін екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күні. Неміс фашистері таң атпай КСРО жеріне кіріпті. Әлемде бұрын-соңды мұндай үлкен соғыс болмаған. 30 миллиондай адам қырылған. Біздің Қазақстаннан 1 миллионнан аса адам соғысқа кеткен. Соның жартысы қаза тапқан. Соғыс болмасыншы! Енді үш күннен кейін қалалық турнир басталады. Жаттығу, күнде жаттығу. Қалай да чемпион болуым керек!

 

29 маусым

Ертең жарыс. Бүгін жаттығу залынан шығып келе жатыр едім. Алдымнан алпамсадай аға шығып, менімен сәлемдесті.

- Жандос! Кел танысайық! — деп атын айтты. Дәу машинасы бар екен, сонда ертіп келді. Алдыңғы орындығына отырдым. Артымда тағы да түрлері қорқынышты адамдар.

- Мына конвертті ал, ішінде екі мың доллар ақша. Арғы күні білесің — финал. Менің інім — сенің қарсыласың. Сен жеңілуің керек. Бізге женіс керек, бала! — деп ақ конвертті менің алдыма тастады. Менің ойыма осы кезде америкалықтардың қорқынышты фильмдері түсіп кетті. Оларда да осындай оқиғалар болушы еді ғой. Дегенмен мен саспадым. Конвертті лақтырып жібердім.

— Керек емес! — дедім үзілді-кесілді.

— Браво! Браво! Қарай гөр. Намысқойын! Ойлан, бала! Мына ақшаны алып, мамаңа апар. Ол кісі қатты қуанады. Ха-ха-ха! — деп қарқылдап күліп, күректей алақандарымен менің иығымнан қағып-қағып қойды.

— Жігіттер! Бұл  балаға бір күн уақыт берейік. Ал айтқанды істемесе өз обалы өзіне. Солай емес пе?

— Солай! Солай! Ха-ха-ха! — деп олар да жағымпазданып өтірік күлді.

— Бар, Жандос! Ойлан! Ертең осындай кезде кездесеміз.

Мен, міне, ойланып отырмын. Көкеме айтсам ба екен? Бұлар өлтіруден тайынбайды. Тәуекел! Көреміз. Мен ойымнан қайтпаймын. Құдай қаласа чемпион боламын!

30 маусым

Олар тағы да келді. Мен жұлқынып шықтым да, қаша жөнелдім. Жігіттері тарпылдап қуып еді, анау:

— Қумаңдар! Әй, бала, егер жеңілмесе көрерміз! Ажалың менен! — деді айқайлап...

Мен мұны неге жазып отырмын? Кім білсін ертең не боларын? Қорқамын. Бірақ мен жігітпін ғой. Олармен өзім күресуім керек. «Ерді намыс өлтіреді» демей ме қазағым. Мен қалайда жеңуім керек! Әзірге сау бол, сыр күнделігім!»

 

Күнделік осылай біткен. Менің ағам тек күнделігімен ғана емес, бізбен де қоштасқандай.

Ол зұлымдар ертеңіне жекпе-жектен кейін менің ағамды машинамен басып өлтірген. Бұлар кімдер? Мен қалай да қаніпезер зұлымдарды табамын! Адамды өлтіріп, қалай ғана жер басып жүреді екен ә?