Кері қайту
Алтын адам (Сегіз көріністі аңыз)

 Қатысушылар:

 Алтын адам

Жүргізуші

Азат – Алтын бала – Азат хан

Айбар

Ағила

Бас құйын

Жас құйын

Қосымша: Ақ көбелек, Жас ана, Құйын-жасақшылар, Құйын-бишілер, Текеметші-бишілер, Қанатты барыс.         

 

                                                       

                                                        Сөз басы

 

Сахна жабық. Шаңққобыз әуені. Авансценаға қолына домбыра ұстаған жүргізуші шығады.

 

Жүргізуші (домбырасын жүре шертіп). Саламатсыңдар ма, балалар! (Залдағы жеткіншектер: «Саламатсыз ба!» – деп, бірауыздан жауап қайтарады).

Жүргізуші. Жаңа қойылымды көруге бәрің әзірсіңдер ме? (Залдан: «Әзірміз! Әзірміз!» – деген дауыстар естіледі).

Жүргізуші. Ендеше қойылымның алдында қазақтың жеті кереметін есімізге түсіріп көрейікші. Әрине, оларды сендер жақсы білесіңдер! (Пауза.) Сонымен, жеті кереметтің біріншісі – Таңбалы тас суреттері ғой! Солай ма? (Залдан: «Солай! Солай!» – деген дауыстар естіледі).  

Жүргізуші. Екіншісі – Алтын адам! Дұрыс па? (Залдан: «Дұрыс! Дұрыс!» – деген дауыстар естіледі). Үшіншісі – Қазақтың киіз үйі! Төртіншісі – Домбыра... (Әнтек жымиып.) Әлде, Қобыз ба? Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар? (Залдан: «Домбыра! Домбыра!» – деген дауыстар естіледі).

Жүргізуші (риза пішінмен). Өте дұрыс-с! Төртіншісі – Домбыра! Бесіншісі – Иассауи кесенесі! Алтыншысы – Маңғыстау жерасты мешіті! Ал жетіншісі – Астана-Бәйтерек кешені екенін бәрің білетін шығарсыңдар?! (Залдан: «Білеміз! Білеміз!» – деген дауыстар жамырай естіледі). Демек, қазақтың жетінші кереметі – Астана-Бәйтерек кешені!  

 

Күмбірлеген күй. Балалар ду қол шапалақтайды.

 

Жүргізуші. Міне, балалар, біз қазір осы аталған Жеті кереметтің бірі, әрі бірегейі, 1970 жылдары  Жетісу өңіріндегі Есік өзенінің бойындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, бүкіл әлемді таңғалдырған Алтын адам туралы аңыз-қойылымды көріп тамашалайтын боламыз. Осыдан 2500 жылдай бұрын, темір дәуірінде өмір сүрген бабаларымыздың бабалары – сақ тайпаларының өмір-тіршілігін көз алдымызға елестетіп, азаттық, бірлік жолындағы жанқиярлық ерлік-шежірелерін паш ететін Алтын адам бейнесі бүгінде Қазақ Елінің тәуелсіздік символына айналып отыр! Қанатты барысқа мінген Алтын адам Алматы қаласындағы Республика алаңының төрінде тұр!

 

 Шабыттана күмбірлеген домбыра үні. Сахна ашылады. Арерсценада – күн нұрына жарқырай шағылысқан Алтын адам. 

 

Жүргізуші. Ерте-ерте, ертеде-е... (Шаңққобыздың жұмсақ үні.) Сонау ерте заманда-а... тұс-тұстан анталаған есер, ашкөз дұшпандарымен шайқаса жүріп, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ел-жұртын жанкештілікпен қорғай білген бабаларымыздың бабалары кейінгі ұрпағына шұрайлы да қазыналы, осынау кең байтақ ұлан-ғайыр жерді мұраға қалдырған екен...

Алтын адам (күркіреген дауыс). Иә, біз шыбын жанымыз қыл үстінде тұрса да, өзімізді емес, келер ұрпағымыз бен еліміздің ертеңін ойладық! Солардың қамын жедік! Ел үшін күрес – ерге тиген үлес деп білдік! Солар үшін басымызды қатерге тігіп, өмірімізді құрбан еттік! Бірақ біз бұған ешқашан өкінген емеспіз! Өйткені күндердің күнінде еліміз біржола азат болып, азат ұрпақтың дүниеге келетініне, біз кәміл сендік!

 

Арлы-берлі шапқылаған хабаршылардың дауыстары: «Сүйінші! Сүйінші! Жарық дүниеге ұл келді! Маңдайы торсықтай ұл келді!» Күн нұрының алтын шапағына малына бір тал үкі жоғарыдан төмен қарай қалықтап түседі. Іңгалаған жас нәрестенің даусы. Бесік тербеткен жас ана «Әлди, әлди, ақ бөпем» әнін орындайды...

 

Жүргізуші. Әлқисса, жарық дүние табалдырығын аттаған сол нәресте алтын айдарлы бала болып шығады. Өсе келе оның әке-шешесі азан шақырып қойған «Азат» деген аты ұмытылып, «Алтын бала» атанып кетеді. Ол өте зерек те ақылды, өте қайырымды болып өседі...

 

                                        Бірінші көрініс

Алыстан мұнартқан әсем қала. Айналадағы табиғат  маужырап тұр. Алуан түрлі гүлдер, жапырақтары жайқалған ағаштар, көк майса шөптер құлпыра көз тартады. Тұс-тұстан құстардың ән салған дауыстары құйқылжып естіледі. «Киіз басу» әні шырқалады. Сахнаның екі жағынан шыққан қыз-келіншектер, жігіттер «Киіз басу» биін билейді. Бұл жерде ақ киізді білекке салып, иін қандыру көрінісі көрсетіледі. Мән-мағынасы – дүниеге келген жас сәби өмірді көріп, өмірден үйреніп, өмірден ой түйіп, өсіп-жетіледі дегенді тұспалдап тұрады. Бір кезде көк шыбықты ат қылып мінген Азат пен Айбар шапқылап шыға келеді. Астарындағы «аттарын» қамшылап, арагідік қиқулап қояды.

Азат (бар даусымен). Е-ей! Шу, тұлпарым, шу-у!  

Айбар (одан қалыспай). Ей-һей! Жүйткі, сәйгүлігім, жүйткі-і!

Жүргізуші (дауыс). Алтын бала өзі туып-өскен әсем қала – Абиранды өте жақсы көреді. Бала ер жетіп, есейген сайын қала да өркендеп, күнен-күнге көркейе түседі. Ондағы қолөнер, сауда-саттық істері дамыған үстіне дамып, қаланың даңқы шартарапқа тарайды. Келе-келе жүк артқан керуендер жан-жақтан осы қалаға қарай толассыз ағыла бастайды...

Музыка. Түйелер керуені. Арагідік түйелердің бақырған, саудагерлердің айқайлаған дауыстары естіледі.

Жүргізуші (дауыс). Атақ-даңқы бүкіл ел-жұртты тамсандырған сол Абиран қаланың дәл ортасында бір үлкен құдық болатын. Қаланың тұрғындары, алыстан шаршап-шалдығып жеткен жолаушылар осынау құдықтан су ішіп, мейірлерін қандыратын. Құдықтың суын сүйсіне мақтап, ризашылықтарын білдіретін. Бұл құдықты Алтын бала – Азат та өте жақсы көретін. Күн сайын сол құдықтың басына келіп, суын ішіп, қасында ойнап жүретін.

Көңілді музыка. Көк шыбыққа мінген Азат пен Айбар шапқылаған бойда үлкен құдықтың қасына барып, «аттарынан» түсе сала, бірден құдықтың суына бас қояды.

Азат (қолындағы ыдысын басына көтере сіміріп салып). Ой, рақатын-ай!

Айбар (қосыла тамсанып). Неткен керемет су!

Жүргізуші (дауыс). Иә, бұл құдықтың суы туралы жұрттың бәрі де тап осылай дейтін! Бір-бірінен асыра мақтап, кейде тіпті асқақтатып жіберетін. Алайда, бертін келе сол құдықты даттайтындар шығады... Даттаушылардың күңкілі көбейген сайын олардың сөзіне иланушылар да көбейе береді... көбейе береді... Олар «өзің ішкен құдыққа түкірме» деген халық даналығын  мүлдем естерінен шығарған еді... (Адамдардың гу-гу дауыстары естіледі: «Ащы су! Сасық су! Құрттаған су!»)

Жүргізуші (дауыс). Содан осынау жалған даттаудың, қисынсыз күңкілдің соңы неге апарып соқты десеңші?! (Пауза.) Иә, бір күні таңертең ыдыстарын көтеріп, су алуға келген адамдар құдықтың қаңырап бос қалғанын көреді. Құдықтағы су бір түннің ішінде зым-зия жоқ болыпты... (Мұңлы музыка.) Сөйтіп, ел-жұрт одан біржола сырт айналады. Тек Алтын бала – Азат қана оны еш ұмыта алмайды. Ол бұрынғы дағдысы бойынша күн сайын құдықтың басына келуін еш доғармайды...

 

Екінші көрініс

Құдықтың басында бастары салбырап, Азат пен Айбар отыр. Екеуі де көңілсіз. Музыка. Азат орнынан тұрып барып, құдықтың ішіне үңіледі. Осы кезде қастарынан ұшып өтіп бара жатқан көбелекті байқап қалған Айбар орнынан атып тұрады.

 Айбар (айқай салып). Азат, қарашы көбелек-к! Ақ көбелек! Қазір мен оны ұстап аламын!

Азат (оның жолын бөгеп). Өй, оны ұстап алып не істемексің?!

Айбар (екілене ентігіп). Қанатын жұламын!

Азат (сасқалақтап). Ей, Айбар, көбелектің қанатын жұлған соң, ол ұша алмай қалады ғой!

Айбар. Ұша алмаса ше, қайта, маған оның сол ұша алмағаны керек! Көбелектің жорғалап жүргенін көргім келеді!  

Азат (шыр-пыр болып). Жо-жоқ, бұның дұрыс емес! Ол ұшу үшін жаратылған ғой! Сондықтан ол – тек қана ұшуы тиіс!

Айбар (қолын бір-ақ сілтеп). Ту-у, сен де бір қай-қайдағыны айтады екенсің! (Азатты итеріп тастап, Ақ көбелектің соңынан қайтадан қуа жөнеледі).

Жерге құлап қалған Азат орнынан атып тұрып, Айбардың соңынан тұра ұмтылады. Бұл кезде Айбар Ақ көбелекті ұстап та алған еді. Азат оны қуып жетіп, екеуі алыса кетеді. Музыка. Ақыры Азат Айбардың қолындағы көбелекті тартып алып, әуелете ұшырып жібереді. Бостандыққа шыққан Ақ көбелек Азаттың төбесінен бір айналады да, құдық жаққа қарай ұшып кетеді. Айбар досына өкпелеп, теріс қарап тұрады.

Азат (шаттана). Айбар, қарашы, өзі қандай ақылды көбелек! Тіпті бізге рақмет айтуды да ұмытқан жоқ!

Айбар (бұртиып). Қойшы-ей, басымды қатырмай!

Азат. Жо-жоқ, Азат, сен өзің жан-жағыңа дұрыстап қарашы! Айнала қандай керемет! Әне, әсем қала! Қош иісті гүлдер! Жайқалған жап-жасыл ағаштар! Көк майса шөптер! Бәрі-бәрі жарасып тұрған жоқ па! Ал енді біздің Ақ көбелектің осынау ғажайып көрініспен үйлесе кеткенін қарасаңшы!.. (Құдықты айнала ұшып жүрген Ақ көбелекке сүйсіне қарайды).

Екі қолын көбелектің қанаттары сияқты қағып-қағып қойып, сахнаға қалықтай шыққан Ағила құдықтың жанына тұра қалады. Үстіндегі киімдері аппақ.

Ағила (еркелей). Ал мен ше?! Мен осынау ғажайып көрініске үйлесем бе?! 

Айбар (жалт бұрылып). Әрине, үйлесесің! Үйлескенде қандай, тіпті ғажа-а-п!

Азат. Иә, керемет үйлесіп тұрсың! Әсем қала... Ақ көбелек... Ақ көйлекті сұлу қыз...

Ағила (мұңая күрсініп)). Әттең, тек мына құдықтың сусыз қалғаны болмаса...

Азат (қасына жетіп барып). Жо-жоқ, Ағила, сен еш уайымдама, су болады... Болады-ы!

Ағила. Рас айтасың ба?!

Азат (нық сеніммен). Әрине, рас! Рас болғанда қандай, бұл жөнінде еш күмәнің болмасын!

Ағила (шаттана). Алақай, су болады! Су болады-ы!  

 

Ағиланың қуанышты даусы жаңғырыққа айналады: «Су болады-ы... болады-ы!..» Музыка. Ағила екі қолын қағып-қағып «ұша» жөнеледі... Азат пен Айбар оның соңынан жарыса ұмтылады...

 

                                                 Үшінші көрініс

Алдыңғы көрініс сол күйінде сақталған. Жайма-шуақ музыка. Бірақ жағымды әуен аяқ астынан аламан-тасыр болып кетеді. Алай-түлей жел соғады. Уілдеген қатты дауыл. Кенет шыр көбелек айналған Жас құйын айналып-айналып барып, құдықтың қасына тұра қалады. Үстінде сұп-сұр  киім.

Жас құйын (Азаттың даусына сала келемеждеп). Айнала қандай керемет!..  Әсем қала!.. Қош иісті гүлдер!.. Жайқалған жап-жасыл ағаштар!.. Көк майса шөптер!.. Бәрі-бәрі жарасып тұрған жоқ па!.. (Артынша шарт ашуланып.) Тіпті су да болады деуін қарашы! Өтірік-к! Бәрі өтірік! Ешқандай су болмайды! Жарасып тұрған да ештеңе жоқ! Түк те керемет емес! Нанбасаңдар, өздерің қараңдаршы! Міне, көріңдер! Өз көздеріңмен көріңдер-р!..

Есер музыка. Жас құйын шыр айнала ұйытқып, айналасын жағалай  қирата бастайды. Құдық жақтан ұшып шыққан Ақ көбелек Жас құйынның біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, шыр-пыр болады. Сахнаға Ағила жүгіріп шығады.

Ағила (шыр-шыр етіп). Ағатай, мұныңыз не?! Не үшін қиратып жатырсыз?!

Жас құйын. Сол үшін! Бәрі керемет болмау үшін!

Ағила. Неге олай дейсіз?! Қайта, айналаның бәрі жарасып, үйлесім тапқаны жақсы емес пе?!

Жас құйын (қалш-қалш етіп). Жоқ, жақсы емес! Мен үшін жақсы емес! Маған мұндай жарасымдылық мүлдем ұнамайды!

Жас құйын тағы да айналасын бүлдіре бастайды. Еңіреп жылап жіберген Ағила оның қолына жармасады. Алайда қызды итеріп тастаған Жас құйын сақ-сақ күліп ұзай береді... Сахнаға жүгіріп Азат шығады.

Азат (қызды жұбатып). Ағила, сені ренжіткен кім?!

Ағила (кемсеңдеп). Құйын ғой... Жас құйын...

Азат (айналасына тіксіне қарап). Ал мыналарды қиратқан кім?!

Ағила. Жас құйын!

Азат. Жоқ, мен оның мұндай бейбастағына төзе алмаймын! (Жан-жағына жіті көз тастап.) Әй, Құйын, қайдасың?! Қане, шық бері!

Сахнаға жүйтки үйіріліп Жас құйын шығады.

Жас құйын (мысқылдай). Мен мұндамын! Мен андамын! Мен барлық жердемін! Мен бармайтын, мен баспайтын жер жоқ! Мен бәріне араласамын! Мен араласқан жер ойран-топыр! Мен араласқан жер тып-типыл! Сол үшін де жұрт мені көрсе айнала қашады! Бастарын жауып, көздерін жұмады! Бойларын үрей билейді!

Азат (қайсарланып). Ал мен, мен сенен тіпті де қорықпаймын!

Жас құйын. Сен кім едің, соншалық қорықпайтындай?! Сен түгілі сенен зорлар мені көргенде тізелері қалтырап, бастарын қолтықтарының астына тығады! Сондықтан өз әліңді біл, балақай!

Азат. Жоқ, мен бәрібір сенен қорықпаймын! Әрі айтқаным айтқан, мына бейбастақ істерің үшін жазаға тартыласың!

Жас құйын. Ха-ха-ха-а! Байқа, балақай, осы сөздерің үшін артынан өкініп жүрме!

Өктем музыка. Шыр көбелек айналған Жас құйын Азатты құм-шаңға көміп тастайды. Басын бұғып, көзін уқалаған Азат тізерлей отыра кетеді...

Алтын адам (терең күрсіністі зор дауыс). Қалқам, жауыңның алдында ешқашан тізеңді бүкпегейсің! Қане, басыңды көтер! Бойыңды тік ұста! Мына өмір тап сен ойлағандай, тек таңғажайып кереметтерден тұрмайды! Сүттей аппақ ақ таң бар жерде, тастай қараңғы түн де бар! Көңіл тасытқан қуаныш бар жерде, жаныңды жаралайтын мұң да бар! Бұл өмірде бәрі егіз! Ақ пен қара! Дос пен дұшпан! Жақсылық пен жамандық! Адалдық пен арамдық! Даналық пен ақымақтық! Бәрі-бәрі егізден! Тіпті біз алтынға балайтын уақыт та егізден! Егетін уақыт – оратын уақыт! Күлетін уақыт – жылайтын уақыт! Табатын уақыт – жоғалтатын уақыт!  Сондықтан біріне кезіксең, екіншісін есіңде ұста! Екіншісінің бар екенін ұмытпа!

Жігерлі  музыка. Азат бойын тіктеп, басын көтереді. Көз жасын жүре сүрткен Ағила оның қасына келіп, қолынан ұстайды. Ақ көбелек екеуін айнала ұшып жүреді.

 

                                        Төртінші көрініс

Құйындар патшалығы. Қолына асатаяқ ұстаған Бас құйын алтын тақта отыр. Басында алтын тәж. Үстіне киген киімдері қап-қара. Оны айнала қоршап тұрған қара киімді жасақшылардың екі көздері әміршіде.

Бас құйын. Уа, қайтпас-қайсар құйындарым, мен сендерге шексіз ризамын! Әсіресе, тап кеше ерекше көзге түскен Жас құйынға өте ризамын! (Жан-жағына мойнын созып.) Қане, жас перім, бері ортаға шықшы!

Жас құйын алға  шығады. Тағынан тұрып, қасына барған Бас құйын оны құшақтап, арқасынан қағады. 

Бас құйын. Жарайсың, жас сұрбозым! Күні кеше жасаған ерен ерлігіңді естіп, қуанып жатырмын! Әрі анау-мынау емес, бүкіл елдің аузына ілігіп, болашағынан үлкен үміт күттірген Алтын баланы құм-шаңға көміп кеткеніңе бек ризамын! Сол үшін мен сені бүгіннен бастап бүкіл жасағыма Басқолбасшы етіп тағайындаймын!

Жас құйын (салтанатты түрде). Аса мәртебелі Бас құйын, сеніміңізді ақтауға мен әрқашан әзірмін!

Құлақ тұндырған барабан мен даңғараның даусы. Жиналып тұрғандар: «Жасасын, жас Қолбасшы! Жасасын, жас Қолбасшы!» – деп даурыға айқайлайды.

Бас құйын. Уа, менің, қайтпас-қайсар құйындарым, дәл қазірден бастап, жаңа тағайындалған жас Қолбасшының құрметіне той-думан жариялаймын! Тура отыз күн, отыз түн емін-еркін тойлаңдар! Асыр салып, емін-еркін думандатыңдар!

Барабан мен даңғараның құлақ тұндырған даусы. Жиналып тұрғандар: «Жасасын, Бас құйын! Жасасын, Бас құйын!» – деп даурығады. Ырду-дырду музыка. Құйындар Бас құйын мен Жас құйынды ортаға алып, арсы-күрсі билей жөнеледі. Құйын биі. Арагідік барқырай айқайлаған дауыстар естіледі.

 

                                        Бесінші көрініс

Музыка. Құдықтың жанында Айбар жалғыз өзі асық ойнап жатады. Сәлден соң оның қасына Азат келеді. Екі қолында екі қылыш. Қабақтары қатулы.

Айбар (шошына). Ей, сен не істегелі жүрсің?! Асық ойнаймыз деп, келіскеніміз қайда?!

Азат. Жоқ, бүгіннен бастап асық ойнамаймыз! Оның орнына қылыштасуды үйренеміз!

Айбар (түк түсінбей). Не үшін?!

Азат. Менменсіген Құйынды тәубасына келтіру үшін!

Азат қолындағы қылыштың біреуін Айбарға ұстатады. Жігерлі музыка. Екеуі жаттығуға кірісіп кетеді. Жүгіріп Ағила шығады. Қыз аң-таң.

Ағила. Ау, сендерге не болған?! Бұларың не?!

Азат. Еш уайымдама, бәрі дұрыс! Көп ұзамай айналасын зар қақсатқан Құйын атаулының желкелері қиылады!

Жігерлі музыка. Азат пен Айбар асқан шеберлікпен жаттығуларын жалғастырып жатады. Қылыштасу, найза лақтыру, садақ ату  тәсілдеріне машықтанған үстіне машықтана береді...

Алтын адам (жігерлі қатқыл дауыс). Қалқам, мен сені құптаймын! Көк Тәңіріне табынған, Көк бөріден тараған, Көк түріктер атанған бабаларыңа тартқан нағыз ер екенсің! Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай! Тапталсаң ез болғаның, үзілсең бос болғаның! Сондықтан ез де болма, бос та болма! Азуын көрсеткенге азуыңды, қаруын көрсеткенге қаруыңды көрсете біл!

 

                                             Алтыншы көрініс

Құйындар патшалығы. Алтын тағынан атып тұрған  Бас құйын байыз таппай арлы-берлі жүріп кетеді. Өзі қатты ашулы. Қасындағы жасақшылар қорқыныштан қалш-қалш етеді.

Бас құйын (тістене). Ақымақ, барып тұрған ақымақ екен! Өзімді көрмек түгіл, Бас құйын деген атымды естігенде-ақ, бүкіл жаратылыс атаулы дірдек қағатын, мына маған, маған қарсы шықпақ па?! Ж-жоқ, мен мұндай қорлыққа төзе алмаймын! Еш төзе алмаймын! (Пауза.) Ей, тез арада маған Басқолбасшыны шақырыңдар!

«Басқолбасшыны  шақыртыңдар!», «Басқолбасшыны шақыртыңдар!» – деген дауыстар сыртта қайталанып жатады. Артынша ішке мұздай қаруланған Басқолбасшы – Жас құйын кіреді.  

Жас құйын (басын иіп). Ләббай, әміршім, не бұйырасыз?!

Бас құйын (тістерін қышырлата). Уа, Басқолбасшы, дәл қазір бәрің, бірде-біреуің қалмай Алтын баланың еліне аттаныңдар! Маған қарсы аттануға әзірленіп жатқан Алтын баланың қаласын, өріс-жайлауын тып-типыл етіңдер! Егер содан кейін ақылға келіп, райынан қайтпаса, онда

аспанда ұшқан барлық құстарды, суда жүзіген барлық балықтарды, орман-далада жорытқан барлық аңдарды, қорадағы барлық малдарды, түгел, түгел жоқ қылыңдар! Ал егер бұған да тоқтамаса, онда оның бүкіл үрім-бұтағын жер бетінен жойып жіберуге дайын болыңдар!

Жас құйын. Құп, болады, әміршім! Айтқандарыңыз бұлжытпай орындалады!

Бас құйын (аса таяғын алға қарай созып). Ендеше тап қазір аттаныңдар! Аттан! Аттан-н!

 

Соғыс дабылы. Дүрс-дүрс барабан. Ентелей ұмтылған құйындар... Құдықтың ішінен сарт етіп аспанға атылған зұлым күш лаулаған от жалынға айналады... От жалынды іліп әкеткен құйындар әсем қаланы лезде өртке орайды... Қып-қызыл өрт...  

Жүргізуші (дауыс). Әлқисса, есер құйындар әб-сәтте Алтын бала тұрған қаланы, қала сыртындағы бүкіл өріс-жайлауды жалмап өтеді. Әсем қаладан, құлпырған қош иісті гүлдерден, жайқалған жап-жасыл ағаштардан, көк майса шөптерден түк те қалмайды. Айнала жылан жалағандай тып-типыл болады...

Мұңлы музыка. Айнала азан-қазан...

          Жүргізуші (дауыс). Әлқисса, елдің шырқын бұзған зұлматтан құтылудың жолын іздеп бас қосқан ақсақалдар шұғыл түрде өзен бойлап, жоғары қарай қоныс аударуға ұйғарым жасайды... Өрттен аман қалғандар жылап-сықтап жолға шығады...

Шерлі музыка. Қаралы көш... Жылаған балалар, сыңсыған әйелдер... «Елім-ай» әні орындалады...

 

                                        Жетінші көрініс

 Ызыңдай уілдеген өктем жел. Ыңырсыған музыка. Сахнаға Азат пен Айбар бірін-бірі итермелей, жұлқыласа шығады.

Айбар (ашулы). Бәріне сен, сен кінәлісің! Құйындарға қарсы аттанамын деп нең бар еді?! Енді қарашы, арты не болды!..

Азат. Неге мен, мүмкін сен кінәлі шығарсың?!

Айбар (таңырқай). Қалайша мен?! Кінәлі болатындай мен не істеппін?!

Азат. Біле білсең, егер дәл сол күні сенің айтуыңмен екеуміз аң аулауға шығып кетпегенде, біз Құйындардың айналаны тып-типыл етуіне жол бермес едік қой!

Айбар. Ах, солай де, сен бәрін менен көргелі тұр екенсің ғой!

Азат. Жоқ, жау кеткен соң, бір-бірімізді кінәлағаннан не пайда?! Одан да енді не істеуіміз керек, соны ойласайық!

Айбар. Ойласқанда, меніңше, дүлей Құйындарға біз ештеңе істей алмаймыз... Сондықтан сен райыңнан қайт, Құйындарды тәубасына келтіреміз дегеніңді қой!

Азат. Жо-жоқ, мен Құйындардың құлына айналып, айдауына жүргім келмейді! О бастағы айтқаным айтқан, олар осынау зұлым істері үшін жазалануы тиіс! Мен оларды тәубасына келтіремін!

Айбар. Азат, сен басыңды қатерге тігіп тұрғаныңды түсінесің бе?!

Азат (сеніммен). Түсінемін! Ел-жұртымның азаттығы үшін мерт болсам, еш өкінбеймін!

        Айбар. Жә, көзсіз батырлықтың не қажеті бар?! Әлі де ойлан!..

Азат. Жоқ, мен әбден ойланғанмын! Әбден ойланып барып, осындай тәуекелге бел буып отырмын! Тек сен маған мынаны айтшы... Сен маған ілесесің бе?!

Айбар. Ренжіме, достым, мен саған ілесе алмаймын... (Жалт бұрылып, шығып кетеді).

                                               

                                               Сегізінші көрініс

         Уілдеген қатты жел. Айнала ыңырсыған, сыңсыған дауыстар... Сахнаға қол ұстасқан Азат пен Ағила шығады. Азат бес қаруын асынып алған.

Азат. Ағила, еш уайымдама, мен әлі-ақ жеңіспен ораламын!

Ағила. Мен саған сенемін, Азат!

Азат (сыбырлай). Мені күт...

Ағила. Күтемін-н...

Азат жан-жағына қарайды. Біреуді күтетін сияқты...

Азат (басын шайқап). Айбар келмеді ғой... Шынымен-ақ бармайтын болғаны да... (Ағилаға бұрылып.)  Жарайды, мен кеттім!..

Алтын адам (жігерлі дауыс). Жас батырым, мен сені қолдаймын! Дұшпаныңды басындырмау үшін, атқа қонғаныңды қолдаймын! Мен де кезінде үлде мен бүлдеге оранған бекзадалық жайлы өмірімді сырып қойып, он жасымда соғыс өнерін меңгеріп, он алты жасымда қалың қолды бастап, жауыма аттанған едім! (Кернейлеткен соғыс дабылы. Арқырай кісінеген тұлпардың даусы. Сарт-сұрт шайқас. Экранда көрініс. Жауын жайпаған қас батыр...) Енді міне, сен менен озық туыпсың! Тоғыз жасыңда қолыңа қару ұстап, он бес жасыңда жауыңа аттандың! Бұған дейін ешбір батырға дес бермеген зұлым Бас құйынға қарсы аттанып барасың! Жолың болсын, жас батырым! Көк Тәңірі – Жаратушы Иеміз өзіңе жар болсын!

Жігерлі музыка.  Азат ұзай береді. Ағила қолын бұлғап тұрады. Ақ көбелек Азатпен қатарласа ұшып бара жатады.

Жүргізуші (дауыс). Әлқисса, бес қаруын асынып, есік пен төрдей көк тұлпарға мінген Азат Құйындар патшалығына жалғыз аттанады. Күн-түн жүріп, апта-ай жүріп, Құйындар патшалығына жетеді. Сақадай сай сайланып жеткен жас батыр келген бойда жауларына ұрандата тап береді...

Соғыс дабылы. Құлақ тұндырған керней даусы. Сырттан сарт-сұрт шайқастың дүбірі естіледі. Сахнаға екпіндей Азат шығады. Қолында жалаңдаған қылыш.

Азат (айқай салып). Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Ортаға Бас құйынның бір жасағы шығады. Музыка. Азат екеуі қылыштаса кетеді. Көп ұзамай-ақ Азат қарсыласының қылышын қолынан ұшырып жібереді де, ол алды-артына қарамай тұра қашады.

Азат. Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Музыка. Ортаға Бас құйынның  және бір жасағы шығады. Біраз қылыштасқан соң Азат оның да қылышын қолынан ұшырып жібереді. Ол  сүрініп-қабынып, еңбектей  тұра қашады.

Азат. Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Музыка. Ортаға Басқолбасшы – Жас құйынның өзі шығады. Сарт-сұрт найзаласу. Азаттың найзасы сынып, дереу қылышқа ауысады. Сарт-сұрт қылыштасу. Басқолбасшының қылышы сынады. Жауының үстіне төніп барған Азат оны шапқалы қылышын көтере бергенде...

Жас құйын (жауынгерлеріне жан ұшыра айқай салады). Ей, өңшең, кещелер, не қарап тұрсыңдар?! Мені қалай өлтіргенін тамашаламақсыңдар ма?! Қане, тез ұмтылыңдар! Мына дүлейді жайратып салыңдар!

Бір топ жасақшы лап қояды. Азат солардың ортасында қалады. Жаулар біртіндеп оны қыспаққа алады. Кенет Азаттың қылышы сынады. Қаныпезер жауыздар оны шапқалы ұмтыла бергенде...

Алтын адам (күркіреген дауыс). Тұр, батырым, орныңнан тұр! Көк Тәңірі – Жаратушы Иеңе сыйын! Сені Көк Тәңірі құтқарады!

Жігерлі музыка. Азат қолын көкке жаяды... Жақын жерден Айбардың даусы естіледі.

Айбар (дауыс). Уа, досым, мен келдім! Мен сенімен біргемін!

Қолына екі қылыш ұстаған Айбар жүгіріп Азаттың қасына барады да, біреуін оған ұстатады. Қылышты қолына алған Азатқа қайта күш бітеді. Айқай сала жауына қарсы ұмтылады. Екі дос бірін-бірі қорғай жүріп, жауларын тас-талқан етеді. Жау әскері тым-тырақай қашады.

Азат. Айбар, әне Бас құйын қашып барады! Мен соны қолға түсірейін! Ал сен мына Басқолбасшыларын тұтқындай бер!

Азат Бас құйынды, Айбар Басқолбасшы – Жас құйынды қолға түсіріп, үстеріне ау (балық аулайтын тор) кигізеді.

Алтын адам (жайдары дауыс). Мен саған ризамын, қас батырым! Сен Алтын адамның ұрпағы екеніңді паш еттің!

Айбарлы музыка. Азат пен Айбар ау кигізілген Бас құйын мен Жас құйынды алдарына салып, айдап әкетеді.

 

Жүргізуші (авансценаға шығып). Әлқисса, Бас құйын мен Жас құйынды алдарына салып, елдеріне айдап әкелген екі дос оларды сусыз қаңырап тұрған терең құдыққа тастайды да, аузын тас қылып бекітеді. Сөйтіп, зұлым күштерден мәңгіге құтылады. Сол, сол екен бір кездері Құйындар тып-типыл еткен бүкіл аймақ қайта жаңғырып, айнала құлпырып шыға келеді. Ел-жұрттың көз жастары тиылып, ерен молшылыққа кенеледі. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнайды. Ал «жігіттің халыққа жаққаны – шырақ жаққаны» дегендей, осындай азаттыққа қол жеткізген Алтын бала – Азаттың батырлығына, көрегендігіне риза болған халық оны ақ киізге отырғызып, төбелеріне көтеріп, хан сайлайды!

Салтанатты музыка. Киіз басу биі. Сахнаның екі жағынан шыққан қыз-келіншектер, жігіттер ақ киізді жоғары көтереді.

Жүргізуші. Әлқисса, ал жас хан болса, жан досы Айбарды өзіне бас уәзір етіп тағайындайды. Кейін осынау қуанышты күндер және бір қуанышқа ұласып, хан бала жастан өзімен бірге өскен Ағилаға үйленеді.

Күмбірлеген күй. «Алтын адам» әні орындалады. Хан киімін киіп, қолына алтын аса таяқ ұстаған Азат ортада. Сол жағында ханша киімін киген Ағила, оң жағында бас уәзірдің киімін киген Айбар. Үшеуі Алтын адамның қанатының астынан шығып, авансценаға қарай адымдай жүріп келе жатады. Ақ көбелек олармен қатарласа ұшады.

Азат хан (өртенген ескі қалаға қарай аса таяғын созып). Мына өртенген ескі Абиран қаласының орнында жаңа қала, әлемде ешбір теңдесі жоқ жаңа қала тұрғызылатын болады!

Ағила (басын иіп). О-о, аса мәртебелі хан ием, ал құдық ше?! Құдықты қайтеміз?!

Азат хан (нық сеніммен). Құдық мәселесін де шешеміз! Қаланың дәл ортасынан жаңа құдық қазылып, бал-шырын суымен бүкіл ел-жұрттың мейірін қандыратын болады!

Айбар (басын иіп). О, аса мәртебелі әміршім, ниетіңізге жетіңіз! «Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта» демекші, мен сізді әрдайым қолдайтын боламын!

Салтанатты музыка. Арерсценада – күннің нұрлы шұғыласына оранған әсем қала. Иықтарындағы иін ағаштарына шелек ілген қыз-келіншектер, түйе жетелеген керуеншілер, құмыраларын көтерген жүргіншілер қала ортасындағы жаңа құдыққа қарай тұс-тұстан ағылып жатады. Құдықтан су ішіп, мейірлерін қандырған адамдардың гу-гу дауыстары естіледі: «Ой, рақатын-ай! Неткен керемет су! Нағыз бал-шырын су ғой!»

Финал! Жігерлі музыка. Жарқ-жұрқ еткен жарықтар. Зор гуіл. Аспанға ғарыш кемесінің көтерілген даусы естіледі. Көк кеңістігі жап-жарық болып кетеді. Жұрттың бәрі аспанға көз тігеді. Зеңгір көктен Алтын адам көрінеді. Оң жағында Қанатты барыс. Сол жағында Ақ көбелек...

Жүргізуші (домбырасын жүре шертіп). Міне, балалар, Алтын адамның ұрпағы Алтын бала – Азат – Азат хан осылай мұратына жеткен екен. Ол басқарған ел дамып-өркендеп, атақ-даңқы бүкіл жержүзіне тарапты. Осындай ерен жетістікке қол жеткізген оны өз көздерімен көріп, даналығынан үлгі-өнеге алу үшін дүниенің төрт бұрышынан небір әміршілер мен патшалар, небір ғұламалар мен ғалымдар Азат ханның елінеқарай толассыз ағылумен болыпты. Сөйтіп, Азат ханның есімі даңқталған үстіне даңқталып, елінің мерейі өскен үстіне өсе беріпті...                                                    

                                                    С о ң ы

 

 

Өрт

(Алты көріністі танымдық-тәлімдік пьеса)

 

Қатысушылар:

        Жүргізуші

Көк лақ

Көк ешкі (дауыс)

Ала мысық

Ақ төбет

Қоңыр қозы (дауыс)

Буырыл бота (дауыс)

Қосымша: Өрт сөндірушілер

 

 

Кіріспе

Жайма-шуақ музыка. Сахнаға Жүргізуші шығады. Залдағы балаларды жайдары кейіппен айнала бір шолып өтеді.

Жүргізуші. Саламатсыңдар ма, балалар! (Залдағы балалар: «Саламатсыз ба!» – деп амандасады).

Жүргізуші. Балалар, сендер жаңа қойылымды көруге әзірсіңдер ме?! (Балалар: «Әзірміз! Әзірміз!»)

Жүргізуші. Ендеше осы жаңа қойылымға байланысты сендерге бір-екі сұрақ қойсам, қалай қарайсыңдар? (Балалар: «Сұраңыз! Сұраңыз!)

Жүргізуші. Олай болса айтыңдаршы: Сендер өрттің оттан шығатынын білесіңдер ме? (Балалар: «Білеміз! Білеміз!)

Жүргізуші. Ал от ше, от неден шығады?

Залдағы балалар өз білгендерінше жауап қайтарады. Жүргізуші оларды қостап, әр жауаптан кейін ілесе қайталап отырады.

Жүргізуші. Дұрыс айтасыңдар, сіріңкеден шығады!

Жүргізуші. Теледидарды, үтікті, тағы басқа электр құрылғыларын токқа қосып, оларды өшіруді ұмытып кетсек! Бұл да дұрыс!

Жүргізуші. Газ пешті өшіруді ұмытып кетсек! Бұл да дұрыс!

Жүргізуші (сөзін қорытып). Бәрекелді, балалар, сендер өрттің қалай шығатынын жақсы біледі екенсіңдер! Ал енді бәріміз жаңа қойылымды тамашалайық. Сендер оны көріп отырып, қойылымның басты кейіпкері Көк лақтың өрттің қалай шығатынын, өрт шыққан кезде не істеу керектігін біле ме екен, білмей ме екен, осы жағын зер сала байқап отырғайсыңдар... (Пауза.) Қалай, осыған келісеміз бе, балалар?! (Балалар: «Келісеміз! Келісеміз!)

Жүргізуші. Ендеше қойылымды бастайық!