Әр ізінен көрінеу
Күдік іздеп астарлы.
Келісімен еліне
Азапты күн басталды.
...Қиын сәтте сол аса,
Сезбес үшін бейпенде.
Мұстафамен оңаша
Шыққан еді Эйфельге.
Көзден таса көреген
Жерге әкелген табанды ер.
Үшіншісі - Ромен,
Француздық қаламгер.
-Қылмысыңды мойында
Күнін ойлап өлмеудің.
Деп оралған бойында
Астына алған тергеудің.
- Аяғына бас ұрып,
«Мәртебелі тақсырдың»,
Оңашада жасырып,
Шоқайға не тапсырдың?!.
Мырзаңызға елшідей,
Кім, не берді бұл жақтан?!.
Айтсаңшы тез, мелшимей,
Айырылдың ба тіл-жақтан?!.
- Бөтен жерде жәрдемші,
Тілмаш болды ол маған.
Деген сөзге тергеуші
Сенсін қалай оңбаған.
- Ана мырзаң өзіңді
Не кәдемен сыйлады?
Айт, - деп –шындық сөзіңді,
Ұрып-соқты, қинады.
«Басшыңды айт. Ол кім?» – деп,
Әзірейіл қу малай,
Зікір сала зіркілдеп,
Шабынады бурадай
Сұрағы осы жаттанды,
Тергеушінің жексұрын.
Тапқандай-ақ жат жанды,
Тепті өзекке текті ұлын.
Болсын дей ме тірі өлік,
Мәңгүрттенген көр кеуде,
Күндіз үйге жіберіп,
Түнде алар тергеуге.
- Айналаңа тіс жарып,
Жақ ашсаң жан адамға,
Дереу қайта ұсталып,
Атыласың табанда!
Жүрген-тұрған, тоқтаған
Әр қадамың аңдулы.
Басеркіндік жоқ саған
«Тіл»[1] бергенше мандымды.
Деген зәрлі зіркілмен
Түнгі тергеу басталар.
-Сыбайлассың кім-кіммен?
Тағы кімдер басқалар?!.
Түні бойғы тергеуден
Таңға жуық көз ілді.
Осы сүргін-сергелдең
Сегіз жылдай созылды.
«Не болады алдағы іс?..»
Ойлағанмен уайым ғып,
Театрда - алданыш,
Күні бойғы дайындық.
«Қыз Жібек пен Төлеген»
Операсы қойылмақ.
Озып келген сөреден
Бұл рөлге лайым бап!
Сахнада ол Төлеген,
Қылшылдаған бозбала
Жігіт болып түлеген,
«Жібегімен» мәз бола.
Жетіп шіркін, сол шаққа
Бет ашса бұл қойылым.
Ана жансыз найсап та
Тыяр бәлкім, «ойынын».
Танып олар мұны ертең,
Қалар бәрі жабулы.
Деген күні таңертең
Денесі өлі табылды!...
Азаптаудан түніге...
Тума талант тұсалып,
Ән-ғұмырдың түбіне
Жетіп тынды үш әріп!...
P.S.
Бейбіт күнде айналаң,
Аң да аумай, ел көшпей,
Тағдырлармен ойнаған
Заман өткен сенбестей.
...Шейіт болған ұлы ерім
Сол аламан тасырда,
Түріп түннің түнегін,
Жетті міне, ғасырға!
Сақтап әнін, тегін де,
Рухымен табыса,
Қазағымның көгінде
Асқақтар «Балқадиша!»
Алматы. 15 сәуір, 2018 жыл.