Кері қайту
Қағаз кеме

         Дарханның сусыма қара шашы, сұңғақ бойы, күлгенде маржандай тізілер аппақ тістері, мазмұнға толы көздері оны басқа еркек кіндіктіден даралап, ерекше етіп көрсетуші еді.

Оның бірі ғана кемшілігі бар, жоқ екі, жоқ жүз, жоқ мың. Дархан – ішімдікке жақын жан. Одан бұрын, әйелін ұрып, тапқан-таянғанын далаға шашады. Ол өзін өзгеден жоғары қоятын тәкаппар, болмашы нәрсеге бұлқан-талқан болатын ашуланшақ, қауақ басын жұмыс істеткізуден қашатын қамсыз кісі. Әлгі еркектің жалғыз ұлы бар, аты – Серік. Дәл қазір Ұлбосынның күйеуіне қарсылық көрсетер күш-қуаты жоқ. Келіншек желі шыққан доптай босап, көкірегінде көптен бері көшіп жүрген алабұлт оны рухани тұрғыдан әбден әлсіретіп, титықтатып тастаған-ды. Әйелдің жатса-тұрса ойлайтыны: «Кішкентай Серікті қалай бағамын?», «күйеуімді қалай түзеймін?», «қатарынан үш бірдей жұмысқа қалай үлгеремін?». Ол – шашы қап-қара, сұлу, ақылды, шаруаға төзімді, әрі еңбекқор келіншек.

         – Мама! Бүгін біз еңбек сабағында ағаштан балғаның сабын жонып жасадық, – деді бала бұлттан шыққан күндей жарқ етіп. Дәл осы сәтте, оның жүзінен қалаған ойыншығына зарыға жеткен сәбидің қуанышы аңғарылып еді, алайда аса көңілсіздеу анасын көріп жаман боп қалды. Бала шешесінің ісіген көзін, жарылған қабағын, көгерген бетін көргенде кірерге иненің жасуындай да тесік таппай қалды. Қиналды. Ол: «Әкем.. анамды тағы да итше тепкілепті ғой», деп ойлауы мұң екен, оң көзінен бір тамшы жас ақты. Серік арқасындағы портфельін жерге қойған күйі жүгіріп барып анасының оттай ып-ыстық құшағына енді.

         – Далаға барып ойнап кел. Оған дейін тамағыңды дайындап қоямын, құлыным! – деді шешесі әнтек жымиып. Балаға ана жүрегінен төгілген мейірім айналаға шуақ боп шашылғандай сезілді. Наурыздың екінші жартысында жер кеуіп, қар қазанға түскен тоң майша еріді. Ал, сәуір басы қылтия салысымен-ақ жаңбыр дегеніңіз үш күн қатарынан тоқтамай жауып, бірер күн тұнжырап тұрып алды. Сәуір Алматы көшелеріндегі қарды түгел жалап-жұқтап әкеткенімен де жер батпақ боп жатыр. Бір аптадан бері аспан көк түске боялып, бұрынғыдан да биіктеп кеткендей. Қаланың ішіндегі зәулім ғимараттар мен үйлердің арқасы күнге қызынып, әлі де буын аспанға атып жатқан жайы бар. Көктем ерке қыздай созылып жүріп алды. Дала жылынды-ау дегенде Жанна, Сәлима, Есболат пен Серік төртеуі ойнауға шықты. Олар бұратыла ағатын қара суға беттеді. Жағасы опырылып, салпыерінденіп тұрар шым боп келетін әлгі су балалар үшін қызықты көрінді. Кей тұстан қарғып өтуге де тура келеді. Жағалай өскен талдар да едәуір күлтеленіп, далаға желең киініп шыққан бойжеткен секілді майысып, бірінің шашын бірі өріп тұрғандай шүйіркелесе кетіпті. Бергі жақтан арғы жаққа өтуге арналған шағын көпір бар екен. Біреулер оған аты-жөнін ойып жазса, енді бірі жебе тесіп өткен жүректің суретін таңбалапты. Е-е-е, көрмегені жоқ көнбіс көпірім-ай. Төртеуі қағаздан кеме жасап, суға ағызуға дайындалды.

         – Мен болашақта актер боламын. Киноға түсемін, – деді кішкентай Есболат қуақыланып.

         – Мына түріңмен бе? – деп Жанна баланың мұрнын саусағымен таңқитып қойды.

         – Өй, өз түріңе қарап алшы! – деді Есболат.

         – Мені папам: «Кукла Барбиым!» – деп еркелетеді. Сондықтан да, маған бүйтіп сөйлеуші болма. Ұқтың ба? – деді қыз ашуға булығып.

         – Ұқпадым, ал! – деді Есболат Жаннаға ұмтылып. Ол көп ойланған жоқ, баланы суға итеріп жіберді. Қапелімде оның аузына сөз түспеді. Нақтырақ айтқанда, кеңірдегіне кесек тығылғандай сөйлей алмады да, ұялғанынан беті ду ете қалды. Сол күннен бастап ауладағылардың бәрі «кукла Барбиден» қорқатын болды... Арада аз-кем үнсіздік орнады.

         – Ей, Серік! Саған не болды? Мамаң сүт бермей қойды ма? – деді қалжыңбас Есболат оған сұқ саусағын безеп. Серіктің көзіндегі меймілдеп тұрған жасты көріп, шыны керек балалар шошып қалды. Үшеуі қаумаласып, «не болдының» астына алды.

         – Папам мамамды тағы да ұрды, – деді де баланың көзінен екі моншақ домалап түсті. 

         – Ой, құйрықтан дың-ң-ң-ң дегізіп үйден қуып шықпайсыңдар ма? – деді еркекшора Сәлима. Бір мезетте, жентек-жентек жел тұрғаны сол еді, қап-қара бұлттар бір лекігенде шалғы сойып түсер местей боп жаңбырын төкті дейсің. Жауын толастар емес, арты ұзаққа созылар сіркіреген біркелкі сарынға ұласатын түрі бар. Тар көшенің жылғалары мен төрт қағаз кеме сапқының тасындай зырлады.

         – Серік, сенің кемең батып кетті ғой, – деді балалар ыржалақтасып.

         – Кеме болған соң батады да. Мен үйге кеттім, – деді бала мұрнынан сөйлеп, көздері домбығып, әнтек-әнтек басып, аяқты кере-кере адымдап, жолдағы ой-шұңқырдан бірде жалғыз аяқтап, бірде қос аяқтап секіріп. Ол есіктің алдындағы тайғақ тасты басамын деп жығылып, шекесін қанатып алды.

         – Есболат! Үйге кір, бол тез! – деді анадайдан айқай салған әкесі. Оның аты – Мағжан. Ескен жарбиып, ит талаған мысықтай ұсқыны кетіп тұр. Есіктің көзінде күтіп тұрған денелі, қозғалуы да мұң боп көрінетін жалпақбет әкесі баласының басынан сипап, егеудей алақанымен бетін сүртіп-сүртіп қояды. Бір нәрсе сұрады да, содан соң бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Есболат иығын қопаң еткізді. Бұл «білмеймін» дегені. Олар үйдің маңай-маңын кісі бойындай етіп, тышқан жорғалап өте алмастай қылып тақтаймен қоршап тастапты. Байқаса, үш бөлмелі, күтімі өте жақсы үй екен. Иелерінің аса ұқыпты, бейнетқор екені көзге шалынған мүлік-мүкәммалынан-ақ байқалып тұр. Ал, Дархан үйде жүргенде көкаяз тыныштық орнайды. Ұлбосын мен Серік ләм-мим деп сөз тартпастан кешкі астарын іше бастады. Әйелдің жүрегі зуылдап, тамағынан ас әрең өтіп отыр. Қабағын түйген кішкентай Серіктің жүзін салқындық жайлаған. Ара-тұра ұзақ жылағаннан әлі де солығы басылмаған бала мұрнын бір тартып қояды. Анасы тамағын тауыспастан келесі бөлмеге кетті. Бір кезде шытынап, аузынан арақтың иісі мүңкіген Дархан келді-дағы, үн-түнсіз тамақ ішіп отырған баласына бежірейе бір қарап, содан соң тышқанға тойған мысықша танауын шүйіріп әкетіп, шаң-шаң аяқ-киімін шешпестен әйелі жатқан бөлмеге тартты. Бала әкесін алакөзімен бір атты. Алдыменен ол жақтан күңкіл естілді. Кейін жарықшақтана шыққан Ұлбосынның даусы тұнжыраған тыныштықты осып-осып жіберді. Дархан Ұлбосынды оң қолымен дырылдата сүйреп әкеліп, жатын бөлмедегі кереуетке күшікше лақтырып жіберді. Бала сасқанынан кеседегі шайды төгіп алды да, бір кезде ашуланып, үлкен темір қасықты әкесіне лақтырды. 

         – Мына күшік қайтеді-ей?! – деп Дархан баласына ұмтылып еді, Серік далаға атып шықты. Состиып тұрып қалған Ұлбосын үріккен елікше тыпыр етті де, екі аттап баласын қуып жетті. Ол әлі ет жамылып болмаған сырықтай-сырықтай аяқтары жерге тиер-тиместен қалықтап барады. Серік есік алдында жатқан жарық допты көзі шалып қалды да соны бір тепті.

         – Балам! Үйге кіре ғой... қазір ұйықтайды, – деді анасы байқұс азар да безер болып. Серік арақкеш әкесі ұйықтағанша далада жүрді. Дархан темекісін будақтата тартып, терезе алдында ұзақ уақыт тұрды. «Өскенде көкеңді көзіңе көрсетемін» деп ойлады, бала. Ұсқыны кетіп, берекесі қашқан үйде ұрыс-керіс күн өткен сайын үдеп бара жатқаны сөзсіз. Тек сәл ұшқын түссе болғаны, бомбыдай жарылғалы тұр. Дархан Ұлбосынға:

         – Сен топассың! – деп айқайлады. Әйелі оған:

         – Сен өміріңде қурай басын сындырмаған, ненің қайдан, қалай келетінін білмейтін, істің байыбына бармай қызбалыққа салынатын бейбақсың. Өмірдің қызығы, рақаты деген қалпақпен ұрып алар оңай дүние емес. Есіңді жи, сорлы. Дүниені талшықтап, тірнектеп жинасаң ғана, оның қадір-қасиетін білесің. Сенің зәредей де пайдаң жоқ. Сен бар ғой, тесікөкпе, тесікқалтасың, – деді қалш-қалш етіп.

         – Бері келші-ей... сен қатын! Қазір ұстасам оңдырмаймын... – деді еркек қаны басына шауып. Ұлбосын күйеуінің адам төзбес қылығынан әбден шаршаған. Пендезатының маңғаздығын, кербездігін, тәкаппарлығын жақсылап бір сілкісе желге ұшып кетер тозаң екен ғой. Дауыл соғып еді, бұтақтары алыстан иіс шалған бұғының мүйізіндей аспандап көрінген алып терек, тұп-тура өсіп-өнген тұсынан қақырап барып құлады. Аянышты. Анасы мен әкесінің ұрсысқаны есіне түссе болды, Серік көпке дейін көңілсіз жүреді.

         – Келе қойшы, балам! – деп Ұлбосын оны бауырына басып, бетінен сүйді. Бала әкесінің қабақтай басымен түк бітірмей жүрген ала-құла тірлігіне іші удай ашиды. Дархан далаға шығып, әйелін қақ маңдайдан салып қалды. Әйел әлгіндей соққыдан қалпақтай ұшты. Жерге құлаған келіншек: «Баладан ұял, оңбаған! Әйелге күші жеткен еркек емес, ез неме...», – деп күйіне айқайлады. Серік жүрегі сазып, дегбірі қашып, әлденеден секем алғандай қалшылдап тұр. Бала көмек сұрап көршіге барды да, қара дермантинмен қапталып, зерлі шегелермен әлеміштелген, іштен сыртқа қарайтын сыңар көзі бар есіктің қоңырауын басты. Артынан әкесі жетіп келді. Есіктен таңқы танау, шықшыты шығыңқы қарасұр жігіт шықты да Серікке бір, Дарханға бір қарап, көзі атыздай болды. Неге екені белгісіз, қол ұсынбады. Ең болмаса, инабаттың жұқалтаң белгісін де жасамады. Дәкең «атқа қонған» күні тек Ваня ғана емес, көрші-қолаңның барлығы дерлік көлеңкесінен қорыққан көжекше дірілдейтін. Шілпиген сары Ваняң «бәлесінен аулақ» дегендей есікті тарс жапты да, ішінен құлыптап алды. Былтыр Дархан сол орыспен соғысып, нәтижесінде үш тісін түсіріп, жағын сындырған болатын. Енді, Вәкеңе ондай «проблемалар» керек емес. Бала сол түні далада жүріп, суықтап қалған екен. Содан ол айға жуық ауырып, ауруханада жатты. Сабақ жағы қалай болар екен, енді?!.

Балтабай атты мектеп директоры шанашқарны алға құлап, шалқакеудесін кейін тартып келеді. Жол-жөнекей: «Қалдарың қалай?», «сәлеметсіңдер ме?!», «үй-іші аман-есен бе?!» деген сөздерді ботқаның бүлк-бүлк қайнағанындай естілер-естілмес тастап келеді. Бәкең қолды шалбарының апандай қалтасына тастап жіберді де, бір бума кілтті алып шығып, есікті ашты. Бірінші қабаттан үшінші қабатқа көтерілгендіктен болар, ауыр тыныстап, есін жиып, бірер минут отырды. Директорға шөңге боп қадалған Берік деген қылқамойын, шөмелешаш, төрткөз бала. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, аузын ашып: «А!» – десе дауыс кеңірдектен емес, трубадан шығып жатқандай зор, алыстан атты кісідей боп көрінетін Балтекеңнің бүгінгі бас қатыратын мәселесі – сотқар Берік пен ауруханада жатып, оқу бағдарламасынан қалып келетін Серікті мектептен шығару. Бұзық Берік Құдайдың жәрдемімен сол мектепте қалды, әйтеуір.

Бұлғақбас өмір арнасын басқа жаққа бұрды... Дархан мен Ұлбосын ажырасып, анасы мен баласы табанақы, маңдай термен алған жаңа үйіне көшті. Бұрын өздері тұрған теміржолшыларға арналған пәтер қаңырап бос тұр. Ал, Дархан қалада біраз айналып жүрді де, Түркістанға тартты. Анасы мен баласы жаңа үйге көшіп келген соң, бұрнағы күйеуі ара-тұра келіп тұратынды шығарды. Бірде мас күйінде келген Дарханды Серік кеудесінен итеріп жіберген соң, бала оны көрген емес... Серік жаңа үйге көшсе де қағаздан кеме жасап, суға ағызып ойнайтын әдетін тастамады. Көктем келісімен-ақ «кеме жарыстыру сайысы» қайта жанданады. Бала қағаз кемені суға ағызды да: «Жолың болсын! Саған мына өмір өткелдерінде сәттілік тілеймін!» – деп қолын бұлғады...