Кері қайту
Балалық шағымның ескерткіші

Асықтарымды қайта тізіп, шеттерінен қайта тарсылдатып дәлдеп атып шығамын.  Сосын тағы қайталаймын. Қайталаған сайын ойынға деген ынтам да азайып барады.  Жаныңда арқаңды қоздырар өзің қатарлы балалардың  айқай-шуы, шеберлігіңе қызыға да, қызғана да қараған ентелеген өздері болмаған соң, ойын қайдан қызық болсын.  

         Оған қайта-қайта қарап қоямын.  Асықтың сарт тиіп басқа асықтарды ұшырып жібергенін көріп қызығар, орнынан тұрып көруге келер.  Кәне, мен атып көрейінші, – деп сұрап, атып көрсе, содан ойын да қызып кетер деген дәмемнен түк шықпады.  Шұқшиып кітабынан бас алмайды. Кейде ғана басын көтерместен көз астымен бір қарап алып, қайта шұқшияды. Одан қалса қызыл- жасыл суреті мол парақтарын сапырып, бір парақтап қойып маған қарайды.  Ненің суреті екен, қызық сурет па екен деген ойдан қимылым тоқтап  қарай қалсам, маңғаздана кітап оқып кетеді. Одан менің асығым қызық дегендей қайта тізе бастаймын.  Одан да жалықтым. Ешқашан ойыннан жалыққан емес едім.  Жарыссыз ойын-ойын емес екенін сол кезде білдім. Өз ауламның айқай шуын, достарымды  сағынып ішім сыздады. Желбіреген кекілдері, жүгіргеннен ентіккен  тыныстары, бір-бірінің дауысын баса айғайлай сөйлеген дауыстары, шаң-шаң үсті бастары осылай сағындырады деп ойламаппын.  Қайда жүр екен олар. Қайда көшетіндерін өздері де білмей кетіп еді .  Енді көшетіндері:

-Біз ертең көшеміз, біз келесі айда көшеміз,– деп қала беріп еді.  Асылхан, Медет,  Қасымжан, Мұхит... ауылға көшеміз деген. Андрей, Илюша,  Гена, Сергейлер Ресейге кетті. Бірақ  бір де біреуі толық  баратын жерін білмей ме айтпай кетті.  Көшу дегеннің не екенін білмегеннен болар, енді бірін бірі көрмейтіндерін балалықпен толық түсіне алмағандықтан шығар асық, ойыншықтар алмасып біраз жер, ілесе жүріп қала беріп едік. Оларды енді мүлде көрмейтінімді енді ғана түсіне бастадым. Сағыныш деген ішті ауыртар сезімді осылай байқадым.

         Басқа мөлтек ауданға көшіп келгенімізге екі күн болды. Үйдің заттарын орналастыруға көмектесіп, бүгін шықтым далаға.  Бұл үй бірден ұнамады. Адамдары да бір түрлі. Далаға көп шыға қоймайды. Аулалары да тар. Майда шүйде балалар біреуге ілесе ғана шығады, далаға. Біз қатарлы балалар сабақта ма, көрінбейді. Мына мен қатарлы баланың қылығы мынау.   Бізге қарама қарсы пәтерден екенін байқағанмын. Жаңадан келдің бе, қайдан келдің, нешінші сыныпта оқисың деп бас салар едік, біз болсақ баяғыда-ақ. Мынаған бәрібір сияқты. Шұқшиған отырысынан түрін де көре алмадым. Төбесін ғана көріп-ақ түңіле бастадым. Биік талға шығып біздің баяғы тоғызыншы мөлтек аудан  жаққа қарадым. Қайдан... Төніп тұрған  көп қабатты үйлерден көрінбейді да.  Сағыныш сызылтып ішті тағы ауыртып өтті.

         Шіркін,  менің «тоғызым –ай». Тоғызыншы мөлтек аудан ең жас аудан болатын. Қаланың шетіне жаңадан салынған.  Мына шеті тау мен тас. Мына шеті өзені бар ауылға тиіп тұратын.Тау тасқа қалағанымызша секіріп ойнап, одан қалса өзенге қалауымызша түсетінбіз.  Ары қарай қала. Қаланың өзі жас қала. Ана шеті мен мына шетіне жаяу бара бересің.  Осы күндері ғой. Бұрын автобус жүретін. Кеңес үкіметі құлағалы тоқтады.  Қазір ешкім бұрынғыдай жұмысқа бармайды. Дәрігерлер мен мұғалімдер болмаса. Айлық  та алмайды. Тіпті, әке-шешелеріміз істеген кездегі  алты- жеті айының айлығын ала алмай отыр.  Біздің қаланың күкіртін ешкім алмайтын болып қалыпты. Бұрын бүкіл кеңес үкіметінің жерін біздің күкірттен істеген тыңайтқышпен тыңайтып келген көрінеді.  Енді күкіртпен тыңайтпақ түгілі кім, не істерін білмей бәрі дағдарып қалды. Біздің қала тек қана күкіртпен ғана айналысатын. Басқа өндіріс атымен жоқ. Күн көру үшін жұмыс керек.

         Туған жерін қимаған менің әке-шешем сияқтылар ғана қалды. Қаланың жетпіс пайызы басқа ұлт өкілдері еді. Жұмысы бар жер іздеп елдеріне, жөндеріне кетті.  Қазақтар жұмыс іздеп үлкен қалаларға кетті. Босаған үйлерді сата алмаған соң есік, терезе,едендерін, шомылатын астауын түтіктерімен жұлып – жұлып ала кетті.  Есік терезелер азынап, иесіз үйге келген су шүмегі жұлынған түтіктерден ағып далаға жайылды. Су мен жарық мүлде өшірілгеннен кейін жайылған су көк сүмбіге, көк мұзға айналды. Қырық пәтерлік, алпыс пәтерлік көп қабатты үйлерде бес-алты, оншақты отбасылар ғана қалды. Барлық мөлтек аудандардың тұрғындарын орталық  мөлтек аудандарға топтастырды.

         Міне, енді сол көшіп келген үйдің алдында жүрмін. Ойнайтын бала жоқ па, әлде бәрі түстен кейін оқиды ма ішім  пысты. Көріп , үміт артқан балам «оқымысты» болып шықты. Кітаптан басын алмайды. Отырған талдан түсіп, балаға жақындау талға шықтым. Оның бұталарын біраз шайқадым. Оған көңіл аудармады да. Одан түсіп сол бала отырған орындықтың жанындағы талға міндім. Көзінің астымен бір қарап қойып отыра берді. Көңілін аударады ма деп, отырған бұтамды шайқадым.  Болмаған соң, кішкентай бұталарды сындырып, жапырақтарды жұлып лақтыра бастадым. Басында жерге, үндемеген соң басына лақтыра бастадым. Не деген сабырлы өзі. Шашына түскен бұтаны қолымен сипап алып тастап орнынан тұрып барады.

Ей, – дедім, – басыңның артында да тұр қиқым. Жағаңда да тұр. 

Жағасын, шашын сілкілеп әбігер болды да қалды.  Әбден қарқылдап күлдім - сол керек өзіне. Қимылсыз қалайша осынша уақыт отыра алады. Тағы, тағы лақтырдым бұта сынықтарын.  Жан бар ма екен өзінде. Маған ұнар мінез, сілкініс іздедім бойынан.

Сен не, сұрамайсың ба неге лақтырғанымды? – дедім талдан секіріп түсіп. Әйтеуір сөйлескеніме көңілім толып масаттана.

Сен бұзылған бала болған соң лақтырып жатырсың. Мен сендейлермен сөйлеспеймін.

Сен менің бұзылған бала екеніме сенімдісің бе? Сен өзің мешел сияқтысың ғой. Мен сенің орныңнан тұра алатыныңды көрейін дедім. Жарайсың тұра алады екенсің. Ал, енді ойнай аласың ба соны айтшы.  Мысалы, асық немесе ләңгі,  – Мен қалтамнан ләңгімді алып ойнай бастадым.  Ол ләңгінің қалықтай ұшқанына қарап тұрып қалыпты.

Мә, – дедім, – тебесің бе?

    Ол екі ойлы тұрып қалды. Қолын сенімсіздеу созып ләңгіні алды. Ләңгі ұшпай жатып ауаға сілтелген аяққа тимей жерге сылқ етті. Бала жерден ләңгіні әперіп, бұрылып кетіп барады.

Ей, ей, мә, тағы көрсей! Бұл бірден болмайды. Үйреніп кетесің.

Сабақ оқуым керек. Мына кітаптың қызық жеріне келдім. Оны аяқтаймын.

Салым суға кетіп үйге келдім.  Көрші болғанына болайын. Ешқандай ықылас жоқ. Танысуға деген ынта жоқ. Өзімен өзі болған баланы бірінші көруім. Қайран менің достарым. Ауылдан қыдыруға келген бала болса,  жанымызға қосып, өзін біздің ауланың баласындай сезіндіріп шығарып салушы едік.

         Ертесіне апам мені осы ауданның мектебіне ертіп келді. Менің бұрынғы мектебімдей сыңғырлап тұрмаса да, мектеп ауласындағы балалардың абыр – дабыры менің көңілімді көтеріп жіберді. Мына көп баланың қайсысы менің сыныптасым екен деген оймен жалтақтай қарай бердім. Өзімнің бұрынғы екі сыныптасымды көріп қуанышымда шек болмады.

Сен үшінші «Б» сыныбына барасың. Мақсат екеуің бірге барып бірге келетін болдыңдар, – деді мектеп меңгерушісі. Жымиып басымнан сипады. – Бұзық бала емессің бе?

         Мен шашын қоқитып түйген, тіп- тік костюм киген мектеп меңгерушісінен кеше біздің үйге келіп қонысымызға құтты болсын айтып кеткен, орамал тартқан қарсы пәтердегі көршіні әрең таныдым.

Ия, бұл сол оқымысты баланың анасы болып шықты ғой. Бәсе, ел баласынан оқымысты шығармақшы болатын мұғалім, өз баласын осылай ұстайды екен ғой. Кешегі балаға деген өкпем басылып, енді оны аядым. Жаңа сыныпқа келгенде оны көріп, көзімді қысып танығанымды білдірдім. Осылай жаңа қоныстан бірінші досты таптым. Екінші дос – Жарасты бұрыннан танитынмын. Апатайымның( әкемнің әпкесі) көршісі. Ол да маған сыныптас болып шықты. Танысқысы келіп, нешінші атаман екенімді білгісі келіп сүйкенген балаларға жұдырығын көрсеткеннен ақ, сынып атаманы Жарас екенін білдім. 

         Жарас сабақтан кейін өзінің «штабына» ертіп барды. Кәдімгі көп қабатты үйдің астындағы жертөлеге алып келді. Картоннан қабаттаған төсеніші бар. Тіпті ыдысына дейін бар. Басқа не жоқ дейсің, бәрі бар. Гантель, доп, ойыншық автомат, пистолеттер, торғай ататын аша ағаштар. Жәшіктен істеген таққа шірене келіп жайғасқан Жарас маған көрдің бе дегендей иек қақты.

Күшік екен, – дедім. Бұл сөз соңғы кезде бізге сәнге айналып кеткен сөз еді. Көтере айтатын күшті екен деген сөзді күшік екен деп әзілдейміз.

Иәәә... солай, – Жарас мақтанып қалды. Енді бұл сенің де штабың. Сенімді келе бер.

Мен далада сайран салғанды ұнатамын. Жертөлеге тығылу ойымда жоқ. Соғыс ойнағанда болмаса... –  мен шынымды айттым.

  Досым ренжіп қалған сияқты. Үндемей әр затын бір ұстап қипақтап кеткен соң, ыңғайсызданып далаға шықтым. Нем бар еді,- дедім өзіме өзім. Сыныптасым емес пе. Қайтып айналып келіп асықтарымды көрсеттім.

  Сен асық ойнаушы ма едің? Менде ләңгі де бар.- Мен тебе бастадым. Оған ұнады.

  Жүр, сыртқа. Ой, мен ауылда әбден ойнағанмын. Асықты да , ләңгіні де.

Қуанышымда шек болмады. Осылай екі досым - екі сыныптасым болды. Бұл да аз емес. Кешке Мақсаттың үйіне ерулікке әке – шешем мені ертіп барды. Меңгеруші Сәуле апай мені жетектеп алып Мақсаттың бөлмесіне алып барды. Мұндай көп кітапты кітапханадан ғана көргенмін. Бір қабырға толы кітап. Сонда осының бәрін оқып бітірсін деп баласының бөлмесіне жинап қойған ба? Маған Мақсат басқа әлемнің баласындай көрінді. Басында оқу керек және оқу керек деген үлкен міндеті бар. Бұл менің кітап сырын толық ұғына қоймаған кезім ғой. Соны білді ме, ол жылдамдата оқып жатқан кітабының мазмұнын айта жөнелді. Гуливердің басынан кешкендері. Кәдімгі адамның, анау-мынау адам емес, кеме мінген, саяхатшының өзі жас алып қыздың қолында қуыршақ болғанын, кеседегі сүтке тұншыққанын айтқанда, шегім қата күлгенім-ай. Оқиға әрі қарай тіпті өрбігенде, оқуға берші деп жата қалып жабыстым. Менің кітапқа деген қызығушылығым осылай басталды.

Қалада жұмыс тоқтағалы жарық та берілмейтін болған. Тек кешке екі сағатқа ғана беріледі. Су да солай. Сондықтан елдер кешке шам жарығымен кітап оқиды. Бәрі олай болмаса да, біздің үйдегілер – екі ағам, әке – шешем солай ететін. Менің қолыма қанша күштеп кітап ұстатса да, бір парақтан аспай ұйықтап қалушы едім. Енді бейшара болған Гуливердің әрі не істейтінін білмекші болып, мен де солардың қасынан орын алдым. Осыдан менің кітап әлеміне басқан қадамым басталды. Балаларға арналған ба, үлкендерге арналған ба шаруам жоқ. Кітап көрсем не туралы екен деп оқи бастайтын болдым. Қызық, біреудің басынан өткен жағдайларды содан,  не болды екен деп отырғаның. Әрине, ойынды ұмытқан жоқпын. Табиғатты ұзағырақ сүреттеген кезде, бала түсінбейтін әңгімелер басталғанда жауып шығып кетемін.

  Өзім ғана шықпаймын, Мақсатты сүйрей шығамын. Қанша үйретсем де, ләңгі тебуді үйрете алмай-ақ қойдым. Аяғы ләңгі емес, ауа тебеді. Менің аяғымда қалықтап секіретін көңілді ләңгі  оған келгенде жерге етпетінен жалп ете қалады. Бұрынғы көршілерімнен ләңгіні қыздарға дейін шебер тебетін. Оксана, Рита, Шынар деген қыздар бізге мықты бәсекелес еді.

Одна ляга, две ляги... –  деп аяқтарымен ләңгіні қалықтатқанда менен озып кетер ма екен деп ішім қылпылдап тұратын. Футбол ойнағанда да бізден қалыспайтын қыздар біз істейтін бір-ақ нәрсені істемейтін. Ол - күнде келетін және әр үйдің алдына бір тоқтайтын қоқыс жинайтын көліктің артына жабысып серуендеу. Соған қандай мәз болушы едік. Көлік үлкен жолға түскенде ғана секіріп түсіп қалатынбыз.

 Мақсат есесіне асық атуды жақсы меңгерді. Қызығы, көздемей атса жақсы тигізеді. Ол оған қол мергенімін деп мақтанады.  Бізбен ойнауға көрші көшеден Жарас бір - екі нөкерімен келеді. Кейде оның да штабында отырып, біраз даурығысып қайтамыз.

Солай жүргенде күздің қара суығы келді. Қалада жылу беру алдыңғы жылы-ақ тоқтаған. Әр пәтерде ауылдағыдай терезеден мұржасы сорайған пеш орнатылған. Енді соған отын табу уайым.  Қураған тал, қиқым ағаштарды ел баяғыда жинап алған. Қазіргідей көшеде қаппен көмір сатылмайды. Айлығын ала алмай жүрген ел, ас- ауқат сататын дүкендерді көруге зар.  Дүкендер жабылып, екі нан мен жарты келі қант, күріш, май мен шәйді грамдап талонмен береді. Айына бір рет әжем бір қой сойып әкеліп беріп кетеді. Айранын, сүтін, құрт пен ірімшіктерін ала келеді. Үкімет өлтірмейді, бір жайы болар,-дейді кетер кезде.

Сонымен біз пешке жағатын отын табуды өз мойнымызға алдық. Сабақтан шыққан соң бұрынғыдай шайқатылып жүріп алмай, қайдан не іздейтінімізді жоспарлап аламыз. Саябақтардағы, есік алдарындағы дамылдауға арналған орындықтардың ағаштарын  әлдекімдер баяғыда - ақ жұлып алып кетіпті. Оған ешкім таңқалмайды. Қаламыздың күннен күнге таланып, жұтап бара жатқанын көріп жүрміз...

Күн жүріп жинаған бұта - сұта демде тамақ істеуге ғана жарап, шатырлап – патырлап жанып кеткенде, үй жылып та үлгермейді. Қандай еңбекпен келгенін мен ғана білемін. Мен осылай тауып едім, осылай бесінші қабатқа тасып едім деп айтуға да келмей қалады.

  Жарайды, жарадың. Тамақ істедік. Шамалы үй де жылыды – деді қалың киініп алған анам, пеш түбіндегі демде суып та үлгерген күлге қарап қалған маған.- Ауылдан Сабыр ағаң бір трактор отын әкеліп беремін деген. Еш жерден жанармай таба алмай жүрген көрінеді. Тапса бүгін ертең келіп қалар.

  Мен отынның көкесін көріп келдім.- деді Жарас бір күні Мақсат екеумізге.

  Қайдан? – дедік сеніңкіремей.

  Сен көшіп келген мөлтек ауданнан. Біраз пәтердің есіктері шешіліп алынғанымен жақтаулары қалып қойған. Ол саған анау мынау бұта емес пытыр етіп жанып кететін. Жылуы да бар. Емен ағаш ұзақ жанады.

Біздің қуанышымызда шек болмады. Ағаш байлайтын жіңішке арқан, балтамызды алып шыға бергенде, бізді анам тоқтатты.

  Тау көтеретін Толағайлар, қандай ерлікке бара жатырсыздар. 

Кешке көресіз.- Біз елді кешке таңқалдырмақшы болып келіскендіктен жұмбақ жымидық.

  Біз әкелген отын мұздаған бөлмені жылытқанда бәрі бізге табына қарайтын шығар-ау.  Қазір айтып қойсақ, бәрі дайын отырады да, ешкім таңқала қоймайды ғой.

Мен сендерді қолдарыңдағы балтамен ешқайда жібере алмаймын, – деді анам.

Біз амал жоқ, қайда, не үшін баратынымызды айттық.

Айттым ғой, жақында отын келеді деп.  Пәтерге симайтындықтан бөліп аламыз. Таусылған соң тағы алдырамыз, Алла қаласа. Әзір аяз түскен жоқ. Шыдаймыз.

Біздің көңіл күйіміз түсіп кетті. Өзімізді ересек сезініп, үйдің қамқоршысындай көріп сұранбастан шығып бара жатқанда, жібермеймін- деп тұр.

Апам соны байқап: - жарайды, - деді.- Бірақ мен де барамын. Үйде отырып ішім пысты.

  Біз мөлтек ауданға жақындаған сайын балта тасқа тигенде шығатындай шаңқылдаған дауыстар күшейе берді. Жақын келгенде азынаған суық жел қарсы алды. Өзгеше ызғырық. Шынымен мынау менің туған мөлтек ауданым ба? Әлде тұман, әлде шаң ба, үйлер бозғылт тартқандай.  Есік, терезе орындары үңірейіп- үңірейіп тұр. Бір- екі үй құлап қалыпты. Астапыралла, жер қозғалған жоқ еді ғой.Үйлердің алдары ор болып қазылған. Темір, терсек шашылып жатыр. Қараң- құраң адамдар жүр. Неткен адамдар. Біздің бесінші үй шеткі үй еді. Жәйлап сонда келдік. Менің туып өскен үйім секілді емес. Танымай тұрмын. Сары бояумен боялған сыртына жазылған бес деген сан ғана, «бұл сенің үйің- ол анық»,-деп тұр. Үй де танымаған секілді. Бұрын танитын. Мен сабақтан, балабақшадан келе жатқанда әйнектері жалтырап, жымиып тұратын. Жып –жылы жымиятын. Анау ас бөлменің терезесінен ақ перде желбіреп тұрушы еді. Апам соны ысырып, басын шығарып:

– Қанат, Қанатжан, асыңды іш, –  деп айқайлаушы еді.

Қазір барамын, апа! – деп ойынды жалғастыра беруші едім.

  Дәл жанымызда тұрған бірінші қабаттың терезесінен Андрей досымның бөлмесін таныдым. Ойнауға шыққанда, әйнегіне майда тас лақтырып белгі беретін едім. Енді он дәу тас лақтырсам да досымның бақырайған көк көзін де, өзін де көрмейтінім анық.

Анау дәліздің алдында апам көрші әйелдермен әңгіме дүкен құратын. Орындықты түбімен жұлып әкетіпті. Осының бәрін сіз де көріп тұрмысыз дегендей апама қарасам, апам көзіне бөкебайын көтеріп алыпты. Қанша төмен тұрсамда көзінен аққан жастың бөкебай ішіне құйылып жатқанын байқап қалдым.  Ішімнен ала құйын жүріп өтті. Апамды ренжіткен не екенін білетін де сияқтымын, білмейтін де сияқтымын. Айналама кіжіне қарадым. Бәрін білетін, бәріне мейірімімен қарайтын, не болса да көңілді жүруге тырысатын апамды шарасыз қылып, мүсәпір қалыпқа түсірген кім екенін білсем аямайтын едім.

Айнала тасқа тиген балталардың дауысы шаңқылдап тұр. Не болып жатыр өзі? Кім бұлар?

Жүгіріп біздің пәтерге көтерілетін дәлізге келдім. Бірінші қабаттағы Кеңес ағаның пәтері болған есіктен соққан жел бойымды тітіркендірді. Ақ шаңның ар жағынан қабырға қағаздары желбірейді. Іші толы қоқыс. Текпішекпен шамалы көтеріліп:

Ей, кімсіңдер, шығыңдар бері!- деп айқай салдым.

  Балтаның шаңқылдаған дауысы тына қалды.

Кім ей? – деді бір жуан дауыс.

Сен кімсің? Шық бері! – дедім, –  бұл менің үйім!

  Балтаны тарс еткізіп тастаған дауыс естілді де, текпішекпен біреудің түсіп келе жатқаны білінді. Жерде жатқан темірді қолыма алдым. Сол кезде жаныма апам мен достарым келді.

Мына қума желден суықтап қаласыңдар. Сыртқа шығыңдар. Бастарыңа     бірдеңе түсіп кетпесін деп апам бізді сыртқа шығарды.

Артымыздан аузы басын бөкебаймен ораған адам шығып, бізді көріп үсті басын қаққыштады. Бөкебайын шешіп бізге қарай жақындады. Қолымдағы темірді салмақтап қойдым. Ызаланып тұрмын. Жеп қоярдай көзіне қарасам, апамды танитын сияқты. Ұяла жымиып келеді. Күледі ғой өзі дедім ішімнен.

  Саламатсыз ба, Жанар әпке, қалыңыз қалай? – деді үй бұзғыш.  Бізбен қол беріп амандасты. 

  Аман ба, Жексен, бұл не жүріс? Не істеп жүрсіңдер, мұнда? – деді апам.

Е-е-е... – үй бұзғыш төмен қарап аяғының  астындағы тасты түртті.  – Жанар әпке, баяғыда өзім соққан үйлерді өзім бұзып жатырмын.

       Соғылғанына он жыл да толмаған үйлер. Есік, терезелерін иелері әкеткенімен берік тұрған қаңқасын неге ұрғылап құлатып жатырсыңдар?  Обал емес пе? Қанша еңбекпен, термен келгенін, қанша дүниеден құралғанын  өздерің білесіңдер. Мыналардай балаларымызға ертең үй – жәй керек емес пе? Бір күні заман оңалар, біздің де күкіртіміз қайта керек болар. Тұра бермеді ме? Мына үйінділер мынадай желпінген жас көкірекке зіл салып жатқанын, болашаққа деген сенімді азайтып жатқанын білмедіңдер ме? Не болып кетті мына заман?

       Жанар әпке-ай, қатты айттыңыз ғой, –  деді Жексен төмен қараған беті аяғының астындағы тасты түртіп.- Маған салса осы үйлерді қызғыштай қорғап, бір тасына тигізбес едім. Сырттан, басқа үлкен қаладан келгендер қаптап кетті ғой.  Тегін дүниені үптеп әкетіп жатыр. Мөлтек аудандарға, иесіз қалған зауыттарға бұрын жүргізілген су құбырларын қазып алып жатыр. Жұмыссыз отырғандарға ақша беріп, қаздырып алып жатыр. Айлық жоқ. Амалсыз соған барып жатыр, елдер. Бала – шағаны кім асырайды? Енді міне қабырғаларды ұрып құлатып, арасындағы өрме темірді өткізіп жатыр бәрі. Жүрек жоқ дейсіз бе, менде. Білемін, қимаймын. Алты жыл кезекке тұрып жүгіріп жүріп, сізден кілт алған пәтерім де бұзылып кетті. Кілт алғанда қалай қуанып едік. Қолдан келер шара жоқ...

Апам кілт бұрылып жүре берді. Біз үнсіз соңынан ілестік. Артымызға бұрылып қарағанда, Жексен деген кісі әлі аяғының астындағы тасты түртіп тұр еді. Қолымдағы темірді жерге тастай салдым. Апамның сөздері менің темірімнен қатты тигенін бала болсам да білдім.

       Міне, менің айтқаным мынандай ағаштар ғой, – деді Жарас бір үйдің есігінің қалып кеткен жақтауы мен табалдырығын көрсетіп. – Осындай ағаштарды көптеп табуға болады.

  Өзі балтасын алып табалдырықтың ағашын ұрғылап шаба бастады.

       Балам- ай, қоя тұршы, – апам барып Жарастың балтасын ұстай алды. –  Мынау табалдырық. Оны шаппақ түгілі басуға болмайды. Мұны неше адам аттап, Отанына, ошағына кіреді. Бұл табалдырықтың киесі болады. Қоя қойшы, балам, киесі ұрып жүрмесін. Айттым ғой бағана, жақында  ауылдан қайыным отын әкеледі деп. Сендерге де бөліп береміз. Ауылда отын көп. Таусылса тағы алдырамыз. Одан да қайтайық. Мына жақ қатты суық екен.

         Апам алдында біз артында келеміз. «Кие деген не?» деп сыбырладық бір бірімізге.

       Кие, деген үйлердің ішінде жүретін көзге көрінбейтін үй иесі шығар, – деді Мақсат көзі бақырайып. Қорқып тұрған секілді.

 Біз айналамызға үрке қарадық. Үңірейген терезелерден жаураған “үй иелері” қарап тұрғандай. Өз ойларымыздан өздеріміз қорықсақ та сыр білдірмей келеміз. Апамның аяғына оралатындай жақын жүріп келеміз. Бір кезде кезекті аңғал – саңғал аңыраған бір үйдің алдынан өте бергенімізде, сақалы желбіреген қорқынышты біреу шыға келгенде,  жігіт екенімізді ұмытып, бәріміз ойбайлап қаша жөнелдік. Бізді апамның ешқандай үрейсіз сабырлы шақырған үні тоқтатты.  Апаммен сөйлесіп тұрған еңкейген шалды көріп ұялғанымыздан жерге кіріп кетердей қайтып келдік. Басқа жақты қайдам, біз жақта еркек пен еркек қол беріп амандасады. Бірақ біз қол беруге дауаламадық. Үсті басы сауыс болып кеткен алба-жұлба, көрінген киімді үстіне іле берген шалдың қолының тазалығына күмән бар еді. Сақалы ғана емес, шашы да бұрқырап өсіп кеткен жаман шалмен апам кәдімгідей әңгімелесіп тұр.

       Дяд Сергей, орталықтан пәтер табуға көмектесейін. Елдер әлі көшіп кетіп жатыр.Үйлерін сата алмаған адам көп. Бұзып алмай, тастап жатқан адамдар да бар шығар. Мына аудан үңірейген есік, терезеден туған қума желден борап тұратын болыпты, ауырып қаласыз, – деді апам.

       Жоқ, Жанарочка, балаларым да жүр деген кетер кезде. Әйелімнің зираты осы жақын жерде. Күнде барып сөйлесіп қайтамын. Өзім сүйретіліп әрең жүргенде орталықтан қайдан келермін? Сол үшін көшпей отырмын. Менің Людочкам әңгімешіл еді ғой. Бір күн бармасам зерігіп қалады.

       Қарныңыз аш емес пе? Қалай тамақтанып жүрсіз?

       Қазағым кең ғой, менің. Мына екі аттам жерден Дәулет досым келіп тұрады. Бір емес екі сиыры бар. Екі күнде бір сүт пен нан әкеліп тұрады. Етін, қияр, алмасын әкеледі. Пеш те соғып берді. Отындық ағаш та атына тиеп ала келеді.  Қарыз болмайын деп, жиналып жатқан пенсиямды соған берілсін деп өсиет қағаз қалдырдым.

Кетіп бара жатып артыма бұрылып қарадым. Әңкиген көп қабатты биік үйлердің арасында бір жапырақ болып, сақалы желбіреп бізге әлі қарап тұр екен. Шамы бар ма екен деп ойладым мен. Демалыс күні шам әкеліп беріп кетейік дедім жанымдағы балаларға.

Ертесіне апам айтқандай ауылдағы ағатай бір машина толтырып отын әкеліп беріп кетті. Оны үш үй бөліп алдық. Балалар бөлмесінің біреуін босатып оған отын жинадық. Ортаңғы үлкен бөлме пеші бар болғандықтан әрі ас ішетін бөлме, әрі қонақ бөлме, әрі жатын бөлмеге айналды. Тамақты ішіп, шамға бас түйістіріп алып кітап оқып жатқанда, есіме кейде Сергей шал түсетін. Оқитын кітабы бар ма екен деп ойлайтынмын. Біраз кітап апарып берсем деген ойым болмады. Таулы жердің қатал қысы күнде боран тұрғызып, айналаның бәрін омбы қар жапты. Тоғыздың қазылған шұңқырына түсіп кетесің деп апам жібермеді.

         Әке-шешем үйде көктен жұмыс тілеп, біз мектебімізге барып келіп көктемге де жеттік-ау. Соғым мен отын ауылдан келіп тұрды.

Бір күні әкелеріміз үйге қонбады. Апаларымыз келеді, деді.

       Қызық болып жатыр, –  деді Жарас мектепке барғанымызда. – Сабақтан соң көрсетемін.

         Сабақтан соң комбинаттың әкімшілігінің алдына ертіп барды. Ақ мәрмәрмен қапталған әкімшіліктің алдына киіз үй тігіліпті. Айнала қалың адам қоршап тұр. Ара арасымен сығылысып жүріп киіз үйдің ішіне үңілдік. Өз көзіме өзім сенбедім. Отыз шақты адам бастарына ақ орамал тартып алған. Ол орамалда азат деген жазу бар. Көрпе жамылып біразы жатыр, біразы отыр.

       Аштық жариялап жатыр, – деді Жарас. Түсінбесем де, басымды изеп қойдым. Ол не? – деп сұрауға намыстандым. Жарас білетін нәрсені менің білмеуімнен намыстандым.

       Сонда не болады? – дедім сұрақты басқаша қойып.

       Басшылардан берілмей «мұздатып» қойған жалақыларын, жұмыс талап етіп жатыр. Бермесе осылай ас ішпей аштан өлеміз демекші.

       Астыпыралла! –  дедім шошып. Шошығанда әжем осылай айтатын.

       Менің, сенің, Мақсаттың, бәріміздің әкелеріміз осында, – деді сыбырлап.  Қабақтары қатулы ер адамдарға қарадым. Бәрі даурығысып әкімшілікке қарап қолдарын сермеуде. Тек ерлер емес әйелдер де баршылық. Осылардың бәрі өліп қалса не болады. Жүрегім тарсылдап кетті. Көз алдыма кинолардағы соғыс даласындағыдай сұлап жатқан адамдар елестеді. Жүгіріп жүріп әкемді іздеп таптым.

       Әке! –  дедім алқынып, –  өлмеші. Керегі жоқ, ақшаның. Әжем «ауылға көшіп кел» деп еді ғой. Сонда барамыз. Мал асыраймыз. Картоп егеміз, сәбіз егеміз.

       Ей, сен қайдан жүрсің?!  Қайт кәне, үйге! – Сосын құлағыма сыбырлады: – Ешкім өлейін деп жатқан жоқ. Жоғары жақ көңіл бөлсің, естісін деп істеп жатырмыз. Әйтпесе, мыналар қозғалатын түрі жоқ. – Иегімен әкімшіліктің ғимаратын нұсқады. – Бірақ, ешкімге айтпа. Үйге барып тамағыңды іше ғой. Түсіндің бе? 

Жүрегім орнына түсті. «Қулар- ай», – деп ойладым. Айналама қарап. Шынымен бәрі жиналған ақшаларын алса ғой. Басқа қалаға достарымның ешқайсысы көшпес еді.

 Бір кезде әкімшіліктен бір кісі шығып орындықтың үстіне шықты.

       Ештеңе айта алмаймын, –  деді ол. –  Біздің өнімге сұраныс жоқ.  Отырмаңдар. Жекеменшіктік орнап жатыр. Өз кәсіптеріңді ашыңдар.

Ел шулап кетті:

       Немен ашамыз? Мұздатқан айлықтарымызды қайтарыңдар. Өнімімізді алатын жер іздеңдер. Жоғары жақтан өкіл шақырыңдар.

Одан әрі мен түсінбейтін сөздер айқайлап айтылып жатты. Осылай бір апта қайталанды. Қал деп әкелеріміз қанша зекіседе, бұта бұтаны сағалап бұғып жүріп арттарынан барып қызықтап жүрдік.

Бір күні әкем қуанып қайтты. Тұрып қалған бес фабриканың бірі, бес кен ішінің бірі жұмыс істейтін болыпты. Бәрін болмаса да біраз ақшаларын қайтаратын болыпты. Айлық есебінен комбинаттың біраз мүлкі таратылатын болыпты. Әкем мен шешемнің алынбай қалған айлығын қосқанда шығатын бағаға бізге бір жүк көлігі тиіпті.

         Жүрмей тұрған көлікті, әкем ауыл - ауылды аралап, сынған бөлшектерін тауып, күзге қарай жүргізгенде, біздің қуанышымызда шек болмады. Жарастың үйіне үлкен асхананың пеші тиіп, апасы нан пісіріп сата бастады. Мақсаттың әкесі бұзылып кеткен дүкенді жөндеп алып, өз дүкенін ашты. Бір қап ұн мен бес алты шәй, жарты қап қантпен бастаған саудасы жәйлап көтеріле берді.

Ал әкем біздің қаладан көлік жалдаушылар аз болғандықтан Алматыға кетті. Айына бір келіп тапқан табысын әкеліп беріп кетеді.

Жеті-сегіз жыл қиналып шыққан халыққа күндіз жарық көбірек берілетін болды. Жарықпен бірге қалаға «сега» келді. Бұрын балалардың балмұздақ жейтін кафесін Шурик ағай сега ойнайтын бөлме қылып ашты. Қазақтың қара торы азаматын неге Шурик ағай дейтіндерін әлі күнге түсінген жоқпын. Асық, ләңгіміз жайына қалып, есіл дертіміз сегаға ауды. Минутына бір теңге. Бір ай тұрып, бір ай істейтін кен ішінің айлығы онда тартса, мұнда жетпейтін болғандықтан көп ойнауға балаларда мүмкіндік аз. Мектепте тамақ ішуге берген тиын тебенді жаратпай тек сега ойнауға жинаймыз. Мортал – комбатты меңгеріп алдық. Фоталити мен бруталитидің кодтарын бір дәптерге жазып алып, оны бүктеп қалтамызға салып аламыз. Қалтамыз әрқашан томпайып тұрады. Егер осы кодтарды жоғалтып алсақ, алу үшін әркімге бір жалынамыз. Ал сұраған адамың саған оны бере салмайды. Оны кем дегенде жарты сағатық сегеға отырғызу керек. Мен, әсіресе, әкем Алматыдан келгенде бақыттымын. Басқа кезде ойнап отырғандардың ойынын тамашалаушымыз. Ойнап жатқан балаларға кодтарды айтып шулап қоршап тұрамыз. Шіркін ақша таба алатын болсам.

 Бір күні Жарас оның да есебін тапты. Мынау кірпіштерді алатын «клиент» таптым- деді ол. – есіктің алдындағы бұзылып кеткен балабақшаның шашылған кірпіштерін көрсетіп. Анау қаланың шетіндегі ауылда бір ағай үш теңгеден алатын болды. Таситын арбасын да берді.

Мұның бәрін қай кезде жоспарлағанын қайдам. Әйтеуір тыным көрмейтін досым өте пысық.

Басында қуанғанымызбен кірпіш тасу оңай шаруа емес екен. Арба екі-ақ дөңгелекті. Сүйретпейсің, бір шетін көтере итеріп жүресің. Сиымдылығы да шамалы. Жиырма кірпіш әрең сияды. Мақсат үйінен ескі жол сөмкесін алып келді. Біреуіміз арбаны итеріп, екі адам жол сөмкесіне салынған кірпішті екі жағынан көтеретін болдық. Арбада ауыр, сөмке де ауыр. Біраз жүрген соң, шаршай бастадық. Қалада тас жолмен жүрген қиын емес еді. Қызықтың көкесі қаладан шыққан соң басталды. Жол кедір-бұдыр. Мығымдау болған соң арбаны өзіне Жарас алған. Секеңдеген арбадан кірпіштер шашылып мазаны алды. Ал сөмке ұзынды-қысқалы екеуімізге бағынбайды. Кезек тілерсегімізді соғады.  

– Қолым талды. Бойым ұзын болған соң салмақтың бәрі маған түсуде, – деп шағынды Мақсат.

– Салмақ төменде маған түсуде,-деймін мен. Ол рас. Сөмкенің түбі жерге тимесін деп қолыма үш орап алған бау қолымды қиып барады.  Дамылдап алуды Жарас қаламайды. Қалайда тағы бір рет тасып сегеға тезірек отыру арманымыз. Өкпеміз ашып, қолымыз талып ауырып барады. Бір кезде ауылға өрістен қайтқан сиырлардың легімен түйісіп қалдық. Адам тұр екен демейді. Баса көктеп келеді. Тұра қашайық десек, кірпіштерімізді таптап кететін түрлері бар. Арбамыздың дөңгелектері көліктің батып ор қылып кеткен жеріне кептеліп шыға алмай жатыр.

– Әй! Әй! Шүу! Кет әрі! – дейміз шулай. Бізді тыңдайтын сиырлар ма,  қаптап төніп келеді.

                  Кірпіш сынбасын, кірпіш сынбасын. Сынығын алмайды, – дейді Жарас жандалбаса айқайлап.

         Үшеуіміз кірпіштерімізді денемізбен қалқалап, басымызды қолымызбен қалқалап тұра қалдық. Кім біледі қаймықпайтын бәлелер сүзіп жүрсе басымызды сақтайық деп. Әйтеуір, тарпа бас салатын секілді көрінгенмен ырсылдап, пысылдап жанымыздан жанамалап тиіспей өтіп жатыр, өтіп жатыр. Бәрі өтіп кеткен соң, «ух!» деп сылқ етіп кірпіштерімізге отыра кеттік. Шаршап, қол аяғымыз әлсіреп маза кетті. Екінші рет тасимыз деген ой болмай қалды. Үйге жетіп төсекке құлағанымызға мәз болдық. Екінші күні тапқан жүз теңгемізге мектепке берген шәй пұлымызды қосып әрқайсымыз бір сағаттан сега ойнадық. Бір сағаттық ойын- ол бақыт. Ол жиырма немесе отыз минут емес. Мәз болып шықтық. Неше түрлі шеберлік көрсеткен кейіпкерлерімізге дән ризамыз.

       Ертең соңғы екі сабақтан қашып кетейік, – деді Жарас көзі жайнап. Сонда кірпішті екі рет апарып үлгереміз. Ол деген не екенін білесіңдер ме? Екі күнгі шәй пұлды қоссақ, Шурик ағайдан бір түңгі сеганы алуға болады деген сөз.

         Бізден үлкен балалардың бес жүз теңге беріп сеганы таңғы алтыға дейін ойнайтынын естігенбіз.  Шіркін бір түнде айызы қанып әбден ойнайтын шығар- ау.

         Айтқандай соңғы екі сабаққа қатыспай, арбамыз бен сөмкемізді толтырып жолға шықтық. Өткен жолғыдай емес, бір түн ойнайтын сеганың буы еңсемізді көтеріп тастаған. Бар күшімізді салып ырсылдап жүріп жеткіздік-ау. Екінші жолғы апаруымыз тіпті шаршатты. Қайта - қайта дамылдаймыз. Күн біздің жағдайымызға қарар емес. Енді не істер екенсіңдер дегендей батып барады. Ауылға енді кіргенімізде жол сөмкесінің бауы үзіліп оны алып жүру қиындады.

         Сөмкені Мақсат қарап отырды. Біз Жарас екеуіміз арбаны екі жағынан итеріп отырып, апарып босатып келдік те, сөмкедегі кірпішті салып апарғанымызша жұлдыздар жамырап ай да көрінді. Аяқтарымыз жерге тимей зытып келеміз. Қала шетіндегі босаған үйлердің арасынан бірдеңелер қараңдағандай. Желмен қимылдаған бұталардың арасынан бірдеңелер шыға келетіндей. Бір - бірімізге тығыла зытып келеміз. Әрең дегенде жарығы бар, елдер тұрып жатқан үйлер де көрінді-ау. Үрпиіп есік алдына шығып іздеп жүрген әке - шешелерімізге тауға шығып ойнап келдік дедік. Сөгісті әбден естідік-ау. Бүгін де төсегімізге сылқ құладық. Енді екі күнгі шәй пұлды жинау керек деп ойладым көзім ілініп бара жатып.

         Ата- аналарымыздың түнгі сега ойынына жібермейтіні анық еді. Біз Мақсат екеуміз, Жарастың үйінде әжесі екеуі-ақ болады екен, серік болайық деп сұрандық. Мақсат біздің үйде менің ағаларыммен ғана қалғанымды, әке-шешемнің қонаққа кеткенін, біздің елегізіп ұйықтай алмауымыз мүмкін екенін айтып сылтауратты.

         Сол түні сеганы құмарымыз қанғанша ойнадық. Неше түрлі трюкпен бір-бірімізбен жекпе-жек шықтық. Бәрі керемет болды-ау. Бірақ Шурик ағай есікті таң қараңғысында алтыда ашып беріп, уақыт бітті барыңдар дегенде не істерімізді білмей састық. Күн жексенбі болатын. Үйдегілер неге таң атпай келдің десе не дейміз? Мақсаттың әжесі қуып жіберді демейміз ғой. Жанымызда төртінші адам болып ойнаған бала бар, төртеуміз жаурап, бүрісіп үйдің маңында жүрміз. Елдің бәрі шырт ұйқыда. Үйдің жанынан жуан ыстық су құбыры өтетін. Соның үстіне барып отырдық. Жып-жылы. Бір бірімізге сүйкеніп отырып ұйықтап кетіппіз. Сағат сегіз болғанда жүрген елдің дауысынан оянып үйімізге қайттық.

   Келесі жылы екі ағам Алматыға оқуға түсті.

  Көшеміз, – деді әкем. – Менің жұмысым сонда, екі бала сонда. Екеуің үрпиіп отырғанша бірге болайық.  Кейін кеніші ашылып жатса, балалар оқуын бітірген соң қайтып келерміз.

         Содан бері сегіз жыл өтті. Ағаларым оқуларын баяғыда бітірген. Кеніштер де біртіндеп ашылып жатыр. Туған қаламның тұрғындарының жағдайлары жақсарған. Ай ма-ай айлықтарын алып, тірліктерін жасап, тойларын тойлап шауып жүр. Бірақ біз Алматыда қалдық. Жыл сайын ауылыма,  туған қалама тойларға барып тұрамын. Қалаға кіре берісте «тоғызым» тұрады. Менің балалық шағымның ескерткішіндей.          Келдің бе дегендей үңірейе қарайды. Соғып аралап қайтуға уақыт жоқ. Қайтып бара жатқанымда көліктің терезесінен әр тасына, әр үйіне үңіліп қарап өтем. Сол кезде босаған үйлердің арасынан жер шұқыған Жексен ағай, қума желмен сақалы желбіреген Сергей атай елестейді. Қайда жүр екен, жағдайлары не болды екен деп ойлаймын.

         Биыл «тоғызды» қалаға келген жаңа әкім сүргізіп тастапты деп естідім. Отырып қалдым. Балалық шағымның ескертішіне сол күйі соқпағаныма өкіндім