Кері қайту
МҰРА ҚАЛДЫРУ

Заман-заман, заманнан,

Ажар бар ма солмайтын?

Ботасы үшін елжіреп,

Бозінген де боздайтын.

 

Ұрпақ қамын тегінен

Ата-анасы ойлайтын.

Есімде қапты бір аңыз,

Ғасырлар бойы тозбайтын.

 

Әбіл, Қабыл, Сабыржан –

Тел өскен достар болыпты.

Түзу ұшып түтіні,

Басына бақыт қоныпты.

 

Болмаса да бай-патша,

Болыпты бәрі ұрпақты.

Баладан артық не болмақ,

Дүниеде қымбатты?!

 

Жиылыпты бір күні

Қабылдың олар үйіне.

Болыпты мұра қалдырмақ,

Ұрпақтарға күйіне.

 

Әбіл алып қалпағын,

Шалқасынан тастапты.

Ортаға салып өз ойын,

Әңгімені бастапты:

 

– Жас қалыппын әкеден,

Үлкен мұра қалмапты.

Жомарттың қолын жоқ байлап,

Қора-жай да салмапты.

 

Дөңгелек дәулет барында,

Салып кетсем тәуір жай.

Өтеміз бе өмірден,

Жын шақырған бақсыдай.

 

Ұрпаққа мұра болмай ма,

Қалдырып кетсек бау-бақша?

Жасатып берсек тас жамбы –

Қорғаны болар жау шапса.

 

Қабыл басын шайқапты,

Ортаға салып ойларын.

– Банкіге ақша қоялық,

Жасаған соң тойларын.

 

Жоғалмайтын қазына,

Қажетке қарай істетер.

Ақша болса қолында –

Шалқыса қалай күш жетер.

 

Сабыржан тыңдап отырып,

Ол да басын шайқайды.

Екі достың кеңесін

Ақылға салып байқайды.

 

– Дүние жолдас емес қой,

Өнері бар адамға.

Талай заман шайқалды,

Көз жіберсек ғаламға.

 

Атаның жиған дәулеті

Ұрпаққа мұра болар ма?

Зейінді, ойшыл болмаса,

Көкейге ақыл қонар ма?

 

Болашағын ойлайтын –

Баланың әке қормалы.

Тірлігінде көзімнің

Үйренсе өнер болғаны.

 

Достар ойын ақыры,

Сарапқа да салыпты.

Бір байламға келе алмай,

Өз сөзінде қалыпты.

 

Жарлы байып, жас өсіп,

Талай жылдар өтіпті.

Үшеуі де дүниеден

Ұзаққа бармай кетіпті.

 

Балалары Әбілдің

Мол байлыққа батыпты.

Ұрпақтары Қабылдың

Ақшаны басып жатыпты.

 

Сабыржаннан жалғыз ұл

Сәрсен деген туыпты.

Өнер-білім үйреніп,

Әке жолын қуыпты.

 

Апат барын ұрпақтар

Пенделікпен ұқпапты.

Асатыдан бір күні

Топан суы қаптапты.

 

«Байтал түгіл, бас қайғы»,

Елді қырсық шалыпты.

Қора-жай, банкі, бақшаны

Тасқын басып қалыпты.

 

Сабыржанның Сәрсені

Болғаннан соң өнерлі,

Қайық жасап қайыңнан

Көрсетіпті өнерді.

 

Парасаты Сәрсеннің

Басқа жұртқа тарапты.

Өнермен ол көп жанды

Құтқаруға жарапты.