Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Ұлы бопты бір байдың,
Жұрттан асқан ерке екен.
Байдың сансыз малайы,
Зәулім екен сарайы.
Мол байлықтың ішінде
Өсті бала анайы.
Алтын, күміс жетеді,
Бала оны не етеді?
Бақытты іздеп тапсам-ау,
Деген ойға кетеді.
Бала үйінен шығады,
Жол азабын ұғады.
Бақыт қайда екен деп,
Көрінгеннен сұрады.
Жөн айтты бір кәрия:
– Бақыт деген бар, иә.
Табылмайды ол оңай,
Емес сыры жария.
– Аямайын малымды,
Аямайын барымды.
Сырын айтшы, ата, – деп,
Бай баласы жалынды.
Қарт сол кезде сөйлепті:
– Еске түйіп қой, – депті, –
Бақытты адам үстінен
Кисең болды көйлекті.
Жалау етіп үмітін,
Жүріп кетті жігітің.
Бір хандыққа кеп жетті,
Сапар шегіп күні-түн.
Тағы, тәжі алтыннан,
Көз шағылған жарқылдан.
Орындатып әмірін,
Билеп отыр халқын хан.
«Керегі осы хан болар, –
Деп, – бақытты жан болар»,
Киді сұрап көйлегін
Денесіне дәл қонар.
Бала біраз байқады,
Әділін ел айтады
Бақыт қайда екен деп,
Көрінгеннен сұрайды.
Талай жерді шарлады,
Талай ерді таңдады.
Сұрап, киіп көрмеген
Көйлектері қалмады.
Дөңгеленді жон, дала,
Жиһан кезді сол бала.
Бақыт деген нәрсені
Таба алмады сонда да.
Күнінде бір күндердің,
Жотасында бір белдің
Шаруаға кезікті
Соқа тартып жүрген бір.
Салған әні ыңылдап,
Көңілді де ұғымды-ақ.
Басын шұлғып қояды,
Өгізі де шыбындап.
Жүрген жанға жайраңдап,
Тұрды бала қайран қап.
Жөн сұрады жақын кеп,
Білу үшін жайды аңдап.
– Әнің жанды еріткен,
Көңілдісің неліктен?
Шаруа айтты:
– Шырағым,
Бақытты адам көріп пе ең?
– Сондай жанды талайдан,
Іздеп, көзім қарайған.
Алтын, күміс, жақұтты
Қашып шықтым сарайдан.
– Олай болса, сен маған,
Бақытты жан мен болам.
Көрем десең, көрдің ғой,
Еліңе орал енді аман.
– Бақыттысыз қалай сіз?
Неге солай санайсыз?
Жейдеңізді сатыңыз,
Берейін – не қалайсыз?
Шаруа айтты:
– Біл, ерім,
Дұрыс екен тілегің.
Бірақ мені бақытты
Еткен мына білегім.
Кербезденіп керілмей,
Еңбек етем ерінбей.
Тату-тәтті отбасы,
Бала-шағам өрімдей.
Асыраймын анамды,
Асыраймын баламды.
Бақыттымын, бауырым,
Еңбегіммен табанды.
Көйлек деген немене?
Көйлек бақыт бере ме?
Талмас талап, таудай күш,
Қуат болсын денеде.
Бала бәрін түсінді,
Таптым деп шын кісімді,
Шаруаға шынайы
Достық қолын ұсынды.
Шешіп шекпен, етікті,
Шындап еңбек етіпті.
Бай баласы осылай
Мұратына жетіпті.