І
Ертеде бір хан бопты,
Жүрген жері лаң бопты.
Ойламаған ел қамын,
Алтынқұмар жан бопты.
Елді әбден қанапты,
Аш қасқырдай талапты.
Алтын жинап, алапты
Шегірткедей жалапты.
Жылт еткенді қоймапты,
Қанша алса да тоймапты.
Байлықты да, бақты да
Тек алтын деп ойлапты.
Күннің күні болғанда,
Қартаң жасқа толғанда,
Айықпайтын бір кесел
Жабысыпты сол ханға.
Емші таппай алаптан,
Қалыпты ұйқы, тамақтан.
Шалажансар жатады,
Тек аспанға қарап хан.
Талай тәуіп келіпті,
Талай кеңес беріпті.
Хан айықпай алайда,
Күннен-күнге семіпті.
Күндердің бір күнінде,
Мейірім толы үнінде,
Балгермін деп бір адам
Тұрды қақпа түбінде.
Бұл жайында хан білді,
Шақыртып тез алдырды.
Балгер қуып басқаны,
Ханды оңаша қалдырды.
Балгер балын ашады,
Бар білгенін жасады.
«Ал, кәнеки, сөйле!» – деп,
Құмалағын шашады.
Сонда қырық бір құмалақ
Кеткен екен домалап.
Балгер бәрін айтады,
Бал бойынша жобалап:
– Тура түсін, тақсыр хан,
Кеселің тым асқынған.
Шайтан емес, жын емес,
Алтын екен қас қылған.
Сарай салып алтыннан,
Қарғыс естіп халқыңнан,
Соның улы буымен
Тұла бойың шарпылған.
Не ұйқың жоқ, күлкің жоқ,
Не тамаққа құлқың жоқ,
Өстіп жата бересің,
Не адамдық сұрқың жоқ,
Осы азап – азабың,
Ең ауыры жазаның.
Өстіп жата бересің,
Дей алмаймын: «Жазамын».
Тұла бойы қалшылдап,
Жалбарынды хан шындап:
– Емің болса аяма,
Алтынымнан ал шындап.
Қалдырмайын жолыңнан,
Қақпайын еш қолыңнан.
Қалауыңды ал-дағы,
Құтқар осы сорымнан.
Балгер басын шайқады,
Хан пейілін байқады.
Бүгіп қалған бір сырын
Ақырында айтады:
– Тақсыр ием, жарқыным,
Керек емес алтының.
Бірақ айтып берейін
Емделудің тәртібін.
Сенер болсаң маған тап,
Сыр айтайын саған нақ.
Алыста алтын аймақ бар,
Соған жұмсар адам тап.
Сонда алтын құдық бар,
Ауызында құлып бар.
Жазыласың, суынан
Болсаң егер бір ұрттар.
Осылай деп әлгі адам,
Кетіп қапты жалма-жан.
Өтінсе де қаншалық,
Ханнан сыйлық алмаған.
II
Ханда үш ұл бар екен,
Үшеуі де нар екен.
Әкесінің дертінен
Көңілдері зар екен.
Балгер сөзін ұғыпты,
Табамын деп құдықты,
Рұқсат сұрап әкеден,
Үлкен ұлы шығыпты.
Күні-түні жол жүріп,
Жол жүргенде мол жүріп,
Бір қалаға жетеді,
Өзек талып, болдырып.
Бір қызығы – қала алтын,
Көрген заттың бәрі алтын.
Осыншама олжадан
Уыстамай қалар кім?
«Әй дейтұғын әже жоқ,
Қой дейтұғын қожа жоқ».
Қала халқы теп-тегіс
Ұйықтап жатыр бейжай боп.
Жатқанымен тірі боп,
Оянатын бірі жоқ.
Қаптап алды хан ұлы,
Көп алтынның құлы боп.
Шыға бере қаладан
Кезікті бір шал адам.
Осы екен ұйқыдан
Жалғыз ғана жан аман.
Оның өзі омалған,
Күш-қуаты жоғалған.
Жатыр екен жер болып,
Аумай ескі томардан.
Әппақ қудай сақалы,
Жырым-жырым шапаны.
Көп шеккен-ау жапаны:
Қасіретті, қапалы.
Көріп әппақ сақалын,
Көріп тозған шапанын,
Сұрай салды хан ұлы,
Қасына кеп атаның:
– Қарт екенсіз көп көрген,
Көп қиындық өткерген.
Іздеп келе жатыр ем,
Алыс-алыс шеттерден.
Алтын құдық бар дейді,
Ішсе, суы бал дейді.
Дертке – дауа, кеселге ем,
Бойға қуат, әл дейді.
Сол құдықты табам ба?
Дұрыс кетіп барам ба?
Жөн сілтеңіз білсеңіз,
Не күтіп тұр тағы алда?
– Бетің дұрыс тек, балам,
Оны іздеген көп, балам.
Талай жігіт өтсе де,
Оралғаны жоқ, балам.
– Оны, ата, көрермін,
Аман қайтып келермін.
Алтын құдық суынан
Әкеме әкеп берермін.
Алтын тағын алармын,
Сөйтіп, бақыт табармын.
Хан болдым деп қаһармен
Елге жарлық салармын.
Жігіт солай тасынып,
Сөз айтады асылық.
Ал қарт одан бір сырды
Қала берді жасырып.
Ханның ұлы кетті әрі,
Оған жұмбақ тек бәрі.
Көп ұзамай қаладан,
Атының да кетті әлі.
Кезікті алдан алтын жол,
Сәуле шашқан жарқын жол.
Алтын жолмен жүруге
Жүрексінді, тартынды ол.
Алтын отау көрінді,
Одан да нұр төгілді.
Естілді іштен ән мен күй
Бойды еріткен көңілді.
Сұлу қыздар сиқырлы,
Сыртқа шығып сый қылды.
Үйге енгізді хан ұлын,
Қимылменен қилыңды.
Құйды шырын шарапты,
Тәнге уытын таратты.
Осылайша думанмен
Талай-талай таң атты.
Қыздар қандай қылықты,
Ханның ұлы құнықты.
Әке менен құдықты
Біржолата ұмытты.
III
Бір жыл өтті арада,
Ізсіз кетті бала да.
Шалқасынан жатыр хан,
Шаңыраққа қадала.
Ауру әбден меңдеген,
Еш емші жоқ емдеген.
Азап шегіп алқынып,
Қиын екен өлмеген.
Әке жайын ұғыпты,
Табамын деп құдықты,
Рұқсат сұрап сапарға,
Ортаншы ұлы шығыпты.
Ол да ұзақ жол жүріп,
Жол жүргенде мол жүріп,
Бір қалаға жетеді,
Өзек талып, болдырып.
Ағасындай ол дағы,
Болды алтынмен олжалы.
Шалды елемей жолдағы,
Жалғастырды жолды әрі.
Шығып алдан алтын жол,
Сәуле шашты жақын жол.
Алтын жолмен жүруге
Жүрексінді, тартынды ол.
Алтын отау көрінді,
Одан да нұр төгілді.
Естілді іштен ән мен күй
Бойды еріткен көңілді.
Сұлу қыздар сиқырлы,
Сыртқа шығып сый қылды.
Үйге енгізді хан ұлын
Қимылменен қилыңды.
Құйды шырын шарапты,
Тәнге уытын таратты.
Осылайша думанмен
Талай-талай таң атты.
Қыздар қандай қылықты,
Ортаншы ұл да құнықты.
Әке менен құдықты
Біржолата ұмытты.
IV
Өтті екі жыл арада,
Кетті ортаншы бала да.
Шалқасынан жатыр хан,
Шаңыраққа қадала.
Ауру әбден меңдеген,
Қонбады еш ем деген.
Шыбын жаны шықпайды,
Азабы жоқ көрмеген.
Тек жатады, жатады,
Күн шығады, батады.
Кетті екі ұлы хабарсыз,
Ол да жанға батады.
Айрықша ақыл, пішіні,
Көрікті еді кіші ұлы.
Тамсандырмай қоймайтын
Бір қараған кісіні.
Ағалардан хабар жоқ,
Жатыр әке алаң боп.
Енді өзі сапарға
Аттанбақшы, амал жоқ.
Әке естіп бұл шешімді,
Деді:
– Жиғын есіңді.
Кетуіңе қарсымын
Мен үзілді-кесілді.
Қос ұлымнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым.
Енді сені жоғалтып,
Келмейді әбден қайғырғым.
Кіші ұлы айтты:
– Хан әке,
Жақсы көрер, жан әке,
Табам алтын құдықты,
Бұл сөзіме нан, әке.
Немді аяйын әкеден,
Шипалы су әкелем.
Біздің алтын сарайда
Шарықтайды шат өлең.
Жатқанша азап-көгенде,
Бер батаңды, бөгелме!
Шықпаса іздеп ер жігіт,
Бақыт өзі келер ме?
Хан ақыры көнеді,
Ақ батасын береді.
Алған беттен қайтпаған
Кіші ұлы шын ер еді.
«Айт жануар, шу!» – деді,
Арғымағы гуледі.
Болат тұяқ тастарды
Саз балшықша иледі.
Белес-белес белдерден,
Дөңгеленген көлдерден,
Асты дейсің хан ұлы
Небір сусыз шөлдерден.
Көп жер қалып арада,
Бір ай жүрген шамада,
Ағалары боп кеткен
Келді алтын қалаға.
V
Міне, қызық тамаша,
Бәрі дағы жаңаша:
Қыбырлаған пенде жоқ,
Жан-жағына қараса.
Жанның бәрі ұйқыда,
Қалған тегіс күй тына.
Қайран болып тұрды ол,
Қаланың бұл сиқына.
Заттың бәрі алтыннан,
Көз тұнады жарқылдан.
Бірақ ханның кіші ұлы
Қол тигізбей тартынған.
Қызықпады алтынға,
Жатса да сом қалпында.
Алға қарай асығыс
Жүре берді нар тұлға.
Шыға бере қаладан
Кезікті бір шал адам.
Осы екен ұйқыдан
Жалғыз ғана жан аман.
Оның өзі омалған,
Қуат-күші жоғалған.
Жатыр екен жер болып,
Аумай ескі томардан.
Әппақ қудай сақалы,
Жырым-жырым шапаны.
Көп шеккен-ау жапаны:
Қасіретті, қапалы.
Көріп қудай сақалын,
Көріп тозған шапанын,
Ізетпен кеп хан ұлы
Қолын алды атаның:
– Сәлем бердік, жан әке,
Көпті көрген дана, әке.
Мына жұмбақ қаланың
Нендей сыры бар, әке?
– Ер екенсің ел деген,
Елің үшін терлеген.
Алтын менен жарқылға
Ешбір көңіл бөлмеген.
Деген едім байқайын,
Жолды тосып қайтайын.
Келіп жеттің ақыры,
Шындықты енді айтайын.
Үш жыл бұрын бал ашып,
Бал ашқанда дәл ашып,
Емін айтып әкеңнің,
Кеткен едім әрі асып.
Балам, жөндеп ұғып ал,
Бұл қаланың мұңы бар.
Буыменен алтынның
Сиқырланған сыры бар.
Алтын буы тараған,
Мас мұндағы бар адам.
Іздеп жүрген құдығың
Алыс емес қаладан.
Көмегіңді көп елге
Көрсетерсің келерде.
Тез жет алтын құдыққа,
Бұрылма да бөгелме.
Алдан алтын жол шығар,
Жол шыққанда мол шығар.
Тура үстімен тарта бер,
Керегі де сол шығар.
Көп кешікпей алдыңнан
Жанарыңды жандырған
Алтын отау көрінер,
Іші толған ән-думан.
Қыз-келіншек қаншама,
Шаужайыңнан алса да,
Түсе көрме отауға,
Түс деп қолқа салса да.
Басыңды егер сәл бұрып,
Кірер болсаң, әңгүдік
Жын-перімен мәңгіріп,
Шыға алмассың мәңгілік.
Өте бергін, тоқтама,
Түстік жақты бетке ала.
Алтын сарай кезігер,
Соған кіргін тек қана.
Ең бірінші бөлмеде
Көзіңді сал көрмеге.
Алтын заттың біріне
Көңіліңді бөлме де.
Піскен таба наны бар,
Нән тегешті танып ал.
Көп ойланбай сол нанды
Қоржыныңа салып ал.
Ал екінші бөлмеде
Көзіңді сал көрмеге.
Алтын затқа онда да
Көңіліңді бөлме де.
Бөлмедегі әр қуыстар –
Толған алтын ыдыстар.
Іздеп жүріп ішінен
Қыш құмыра ыдысты ал.
Ал үшінші бөлмеде
Кіріп барғын пердеге.
Ұйықтап жатыр сұлу қыз,
Оған көңіл бөлме де.
Тұсындағы бұрышта әр
Ілулі тұр қылыштар.
Алтынына алданба,
Тек тот басқан қылышты ал.
Одан әрі өтерсің,
Төр бөлмеге жетерсің.
Көргенде алтын құдықты,
Шындап қайрат етерсің.
Жетпіс түрлі айла бар,
Жеті басты айдаһар
Қорып жатыр құдықты,
Болғын соны жайратар.
Сол құдықтың суы бал,
Сімір әбден жиып әл.
Содан кейін толтырып,
Құмыраңа құйып ал.
Бал суың сол іздеген,
Тез қайт барған ізбенен.
Алаң болма алайда,
Көрісем деп қызбенен.
Алтын жолмен жүрерсің,
Басты отауға тірерсің.
Қаймықпастан бұл жолы,
Ішіне еркін кірерсің.
Ән менен күй шалқыған,
Қыз-келіншек қалқыған,
Танырсың қос ағаңды
Балбыраған, балқыған.
Қара дәуді көрерсің,
Қаһарлана төнерсің.
Басын кесіп жауыздың,
Шын жазасын берерсің.
Жындардың сол бастығы,
Бүкіл елге қас қылып,
Адамдарды алтынмен
Сиқырлаған тас қылып.
Әділет күш жеңеді,
Жауыз сенен өледі.
Алтын аймақ қайтадан
Қаз-қалпына келеді.
Қыз-қырқында баян жоқ,
Кетер бақа-шаян боп.
Құдіреті нан, судың
Тұрар сонда аян боп.
Бықсып өтер жанбаған,
Табар бақыт талмаған.
Ақ батамды ал, балам,
Жолың болсын, жан балам! –
Деп ақсақал қол жайды,
Айтып жұмбақ мол жайды.
Қайырымды адам деп,
Ханның ұлы болжайды.
VI
Ұғып сөздің мәндісін,
Айтып қартқа алғысын,
Аттанады хан ұлы,
Жиып бойға бар күшін.
Қызықпайды алтынға,
Қызықпайды жарқылға.
Қарт ақылы түп-түгел
Орындалды қалпында.
Артатұғын көп қайғы
Отауға алтын соқпайды
Зәулім алтын сарайға
Бір-ақ барып тоқтайды.
Алады нан-ырысты,
Қыш құмыра ыдысты.
Қыз тұсынан таңдайды
Тек тот басқан қылышты.
Сұлу екен қыз тіпті,
Жігіт көріп үздікті.
Мұндай жанның демінен
Ерір еді мұз тіпті.
Қарттың сөзін алайда,
Тыңдаған жөн қалайда.
Кетті жігіт қалдырып
Аты-жөнін сарайға.
Барып құдық басына,
Ақырды кеп ашына.
Жеті басты айдаһар
Жолатпайды қасына.
Қатар созып көп басты,
Бір аузынан от шашты.
Бір аузынан жел тұрды,
Домалатқан көк тасты.
Бір төмен, бір жоғары ап,
Шапты жігіт жобалап.
Түсіп жатты жеті бас
Кезек-кезек домалап.
Бәрінен де зор күші,
Қиын болды соңғысы.
Шапты ақыры хан ұлы,
Қояр емес қол күші.
Айдаһардан құтылып,
Кеткен екен түтігіп.
Есін жиды ер жігіт,
Судан біраз жұтынып.
Құмыраны толтырды,
Қызды ойлап ол тұрды.
Қайту керек алайда,
Алда ұзақ жол тұрды.
Бетті бұрып жөнеді,
Алтын жолмен келеді.
Отауды алтын көреді,
Ішіне енді енеді.
Сан құбылған күйменен,
Қыз-келіншек билеген.
Төрде отырды қара дәу
Ешкімге бас имеген.
Тәнге уытын таратқан
Шетінен мас шараптан.
Осылайша шамасы,
Талай-талай таң атқан.
Екі ағасын таныды,
Істеріне налыды.
Қара дәуді құртқалы,
Қылышын тез жаныды.
Ол да қарап қалсын ба?
Арпалысты арсылдап.
Көздерінен от шашып,
Құтырынды қалшылдап.
Ханның ұлы түйілді,
Түйілді де шүйілді.
Қара дәудің бір кезде
Басы допша қиылды.
Той-думаннан баян жоқ,
Қалды сыры аян боп.
Қыз-келіншек табанда
Кетті бақа, шаян боп.
Екі ағасын құтқарып,
Атқа қонды мықтанып.
Елге қарай бет түзеп,
Алыс жолға шықты алып.
VII
Алтын жол да жоғалған,
Шал да шалқып оңалған.
Үнсіз алтын қала да
Қаз-қалпына оралған.
Ұйқыдағы ел оянған,
Таң нұрымен боянған.
Желек жайып жаңадан,
Тал-дарақтар бой алған.
Дымы құрып шөлдеген,
Кезіккенге көлденең
Берді судан хан ұлы,
Аянады ол неден?
Су құдіретін байқатты:
Гүлге бөлеп байтақты,
Кеуіп қалған өзендер
Арнасымен қайта ақты.
Өзек талып арыған,
Өткендерге жанынан,
Ханның ұлы жалма-жан
Берді үзіп нанынан.
Нан да есесін қайтарды,
Қасиеті байқалды:
Сарғыш тартқан алқапта
Жасылегін жайқалды.
Аман жетіп еліне,
Туып-өскен жеріне,
Әке жатқан орданың
Шықты ұлы төріне.
Болам ба деп ғұмырлы,
Әке судан сімірді.
Денесіне әл бітіп,
Бетіне қан жүгірді.
Кең дүние тарылып,
Жатқан адам сарылып,
Төсегінен тұрады,
Кеселінен арылып.
Шақыр деп бар халықты,
Хан жарлықты салыпты.
Ұлан-асыр той жасап,
Ел ішіне барыпты.
Былай депті хан сонда:
– Қанша сайран салсам да,
Мен ақымақ екенмін,
Қанша алтын алсам да.
Алтын деген тас екен,
Адамдыққа қас екен.
Көп жыл төсек тартқаным –
Тек буына мас екем.
Енді одан арылдым,
Адалдыққа табындым.
Кіші ұлым хан болсын,
Иесі сол тағымның.
Ел тоя жеп дәмді асты,
Той әріге жалғасты.
Ханның тағы кәріден
Ақылды ұлға алмасты.
VIII
Талай тайды сойғызып,
Бал шараппен бой қызып,
Шал менен бір қыз келді,
Жатқан кезде той қызып.
Хан таныды балгерді,
Той үстіне дәл келді.
Сыйлы орын ұсынып,
Қонағына дәм берді.
Шалқыды той жыр-әні,
Ашылған жоқ сыр әлі.
Әлден кейін хан қарттан:
– Қызың кім? – деп сұрады.
Сөйлеп кетті сонда қарт,
Сөйлер сөзге жорға қарт:
– Оянған соң ұйқыдан,
Деді қызым: «Жолға тарт!»
Бірге ілесіп жүргенім –
Жалғыз қызым бұл менің.
Бұдан былай қалаймын
Қызық өмір сүргенін.
Асқан сұлу десек те,
Көп жыл жатты төсекте.
Тап қазірден қызымды
Келінім деп есепте.
Пері көріп қызымды,
Ниеті тым бұзылды.
Әйелдікке бергін деп,
Аңдыды із-түзімді.
Қызым жынға көнбеді,
Ол да маза бермеді.
Ашуланып ақыры,
Құдіретімді көр деді.
Сиқырлады, қармады,
Алтынменен арбады:
Ұйықтатып халықты,
Бір ояу жан қалмады.
Қарсыласар күш кем-ді,
Бәрі лезде істелді.
Барлық затқа сиқыршы
Жалған алтын түс берді.
Одан аман қалғаным –
Мен ол кезде аңдамын.
Өкінішпен осылай
Өтті талай таңдарым.
Күттім оңтай шақты көп,
Ел ұйқыда жатты көп.
Кіші ұлың тапты кеп,
Бата бердім ақ тілек.
Ер боп туған шынында,
Қайсар екен ұлың да.
Жұлқысуға онымен
Жарамады жының да.
Зұлымдықтан құтылды ел,
Қайта төкті құтын жер.
Үнсіз қалған үйлерден
Көтерілді түтіндер.
Қызым дағы гүлденді,
Тоты құстай түрленді.
Құтқарушы жігітті
Сүйетінін білді енді.
Содан іздеп келеміз,
Мұны айып демеңіз.
Табыстырсақ жастарды,
Көкке жетер төбеміз.
Хан да қатты қуанды,
Бұл тілекті құп алды.
Тойға ұласып той деген,
Қам көңілдер жұбанды.
IX
Балгер кері қайтқалы,
Оқталды сөз айтқалы:
– Ей, халайық, халайық,
Белгілі бұл жайт бәрі.
Арпа, бидай ас екен,
Алтын, күміс тас екен.
Алтын жиса кімде-кім,
Өзіне-өзі қас екен.
Жын осыны түсінген,
Сиқырымен ісінген.
Алтынқұмар жандарды
Уысына түсірген.
Буыменен булаған,
Ұйықтатып улаған.
Алтын түске айналып,
Аймақ түгел қураған.
Сөйтіп біздің аймақты
Жалған түспен жайнатты.
Бұл бәледен құтқарды
Кіші ұлың кеп қайратты.
Қайта оянып еліміз,
Гүл жайнады жеріміз.
Сылдыр қағып бұлақтар,
Тербетілді көліміз.
Бастап қайта ұлы істі,
Ел еңбекке кірісті.
Баптай білсе – жер жомарт,
Берекелі, ырысты.
Көмкеріп бар белдерді,
Алтын астық тербелді.
Еңбегінің зейнетін
Ерінбеген ел көрді.
Ой менен қыр нұрланды,
Шаттық жыры жырланды.
Тау-тау болып үйіліп,
Дән толтырды қырманды.
Дән келген соң нан келді,
Нанмен бірге ән келді.
Асып-тасқан береке
Бар өңірге сән берді.
Бақыт құшқан елді біз,
Астықты алқап жерді біз
Нағыз алтын аймақ деп,
Айта аламыз енді біз, –
Деп қарт қайтып кетіпті,
Мұратына жетіпті.
Айтқан сөзін балгердің
Ел өнеге етіпті.
Қыз бен жігіт білікті
Қызықты өмір сүріпті.
Барлық байлық, бақыт та
Еңбекте деп біліпті.