Ержігіт бүгін түс көрді. Түсінде қиын іс көрді: Мектептен жалғыз қайтты. Үйге кірді. Тым-тырыс. Тірі жанның бар-жоғы білінбейді. Қорқайын деді. Күнде сабақтан алып қайтатын әжесі бүгін бармады. Не болды? Ауырып қалғаннан сау ма екен? Ас үйге кірді – жоқ. Екеуі жататын бөлмеге кірді – жоқ. Басқа бөлмелерді аралады – жоқ. Қайтып өз бөлмесіне барды. Ойы: мектепке киетін киімдерін шешіп, үйде киетіндерін кию. Иығына асып алған сөмкесін жерге қойды. Сосын кәстөм, шалбарын шешті. Енді үйде киетіндерін бір-бірлеп кие бастады. Киініп болғаны сол, кенет біреу бүйірінен түртіп қалғандай артына жалт қарады. О, сұмдық! Күні бойы неғып көрмеген! Үстінде ақ көйлек, ақ жаулық, қашан көрсе аузынан «айналайын» түпейтін аяулы әжесі! Бұған бір қырын қарап төсектің бір шетінде шошиып отыр. Өзі бұрынғысынан да сұлуланып кетіпті. «Әже!» деді. Селт етпеді. Тастан соққан ескерткіш мүсін сияқты. Бұған бір қырын қараған күйі тастай қатып, тапжылмай отыр. Не үн жоқ. Не болмаса қыбыр еткен қимылы жоқ. Тағы да: «Әже!» деген болды. Бірақ қанша айқайлағанымен, біртүрлі даусы шықпайды. Бұл не әлемет? Әжесі қыбыр етпейді. Өзінің дауысы шықпайды. О, сұмдық-ай! Енді не істеу керек? «Әже! Әже! Әже!» деп қайта-қайта қақылдады. Ержігіт қорқайын деді. Тіпті қалтырап та кетті. «Егер бұл шын әжем болса, маған тіл қатпауы мүмкін емес! Оған сонша не жаздым? Кейде мені қорқытатыны бар еді. Кім білсін, мені қорқытқалы әдейі өстіп отырған шығар». Осы іспеттес оймен ол жайменен жылжып әжесіне жақындай берді. Тіпті кемпірді сипап, о жер, бұ жерінен ұстап көрмек те болды. Өзіне аяқ астынан, Аллаң кімге берсін, бір күш біткен сияқты көрінді. Әжесі бұған дегенде шығарда жаны басқа еді. Не айтса да орындайтын еді. Тіпті мұның әкесі мен шешесі де оның алдында құрдай жорғалаушы еді. Әжесі – мықты. Басқаларға келгенде мықты да күшті әжесі мұның алдында әлсіз емес пе еді? Енді мына мықтылығына жол болсын! Тас болып қатып, бұған тіл қатпағаны қалай? Не де болса, жанына жақындап сыр тартып көргені оңды шығар. Осындай оймен Ержігіт кемпірге қарай төсек үстінде құйрығымен сырғып, оған жақындай түсті. Жылжып-жылжып жақындап келіп, жасқаншақтай отырып, оған жылаңқы үнмен тіл қатты:

– Ә-же... Не-ге үн-де-мей-сің? Мен... ренжітіп қойдым ба?..Жауап болмады.

– Ә-же... Мен қорқып... отырмын... Бір нәрсе десеңші. Мұның не? Мұндайың жоқ еді... Сен өстіп отырсаң, менің жағдайым қалай болады? Халім мүшкіл болмай ма? Неге үндемейсің, әже?.. Бір нәрседен көңілің қалса, оны айт... 

Кенет тас кемпірге жан бітті. Бетін немересіне бұрды. Түсі сұсты. Бетінде қан-сөл жоқ. Қарағанда көзі кісінің өңменінен өтеді. Ержігіт қибыжықтап қалды. Өмірі әжесінің мұндай кейпін бірінші мәрте көріп отыр.

 – Сен... маған не айтқаныңды білесің бе? «Қазақтың көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген... 

Ержігіт не дерін білмей қипақтады. Өйткені, әжесінің бетінен алғаны, оған артық сөйлегені есінде жоқ. Ұзынды-қысқалы екеуі қашан болса да жұптары жарасып, әлдебір шаруаны атқарып жүрер еді. «Мен әжеме не жасап қойдым?..» Ол ойланып отыр. Ойлай-ойлай басы қатты. Қанша басын қатырса да, ештеңе есіне түспеді. 

– Қай күні менің ана екі құрбым келгенде, сен не дедің? Есіңде ме? 

– Білмеймін... – деп Ержігіт мүләйімсіді.

– Сенен көңілім қатты қалды... Өзіңдей бейпіл ауыз баланың маған көк тиын, қара бақырға керегі жоқ!!! Білдің бе?!

– Ә-же... – деп жыламсырады Ержігіт. – Ә-же... Мен не дедім сонда? Түсінбей отырмын...

– Сен маған «қақбас!» дедің... Сосын «өл!» дедің... Сен «өл» деген соң, енді не отырыс, сол жаққа жиналып отырмын... Құдайға шүкір. Сендерсіз де таңымыз атып, тауығымыз шақырар. Менің де төркінім бар. Дарияның арғы бетінде. Жерге тастамайды. Алақанына салады. Әкем бар. Шешем бар. Әкемнің әкесі, шешемнің шешесі бар. Олардың ата-бабасы бар. Дарияның арғы бетіндегі ел көп. Бауырмашыл. Сендер сияқты тасбауыр емес. Кетем сол жаққа! Әкем мен шешеме. Қимас бауырларыма. Менен құтыла алмай жүр екенсің! Білдік сырыңды! Қал, туған әкең мен шешеңнің қасында!.. Мен бөтен екем... 

Екеуі сыртқа шықты. 

- Әже... Аузымнан... байқамай шығып кетіпті... Кешірші... Кеш... Өзің де, кейде, атама «Өл! Өле қал!» деп жатасың ғой... Өзіңнен естігенімді айтқан шығармын, қайдан білейін... Әйтпесе, сен... сен... сен болмасаң, мен қалай өмір сүремін? Әжетайым-ау?! Мені сен сияқты күтетін, жағдайымды жасайтын кім бар!? Сенің алақаныңдай өзі жұмсақ, өзі ыстық алақан бар ма?..