Ерте ерте, ертеде бір үйдің дана қоразы болыпты.
Әу баста ол мекиендері мен балапандарына құрт-құ- мырсқа іздеп, көн-қоқсықты бұрқырата шашып, елеусіз өмір кешіп жатыпты. Кейде оны қауырсынның түсіне қарап, қызыл қораз деп те атайтын көрінеді.
Бұл аулада үш-төрт мекиен мен жеті-сегіз балапаннан басқа, өмірі ұйқысы қанбай, маужырап жүретін Жолбарыс атты жалқау ит те тұрады екен.
Бір күні Жолбарыс үйілген ағаштың бұрышында жападан- жалғыз боздап отыр еді.
Қасына қаңғалақтап қызыл қораз келіп:
– Қо-қо-қо-қоқ, еш пендеге залалың жоқ, сұғанақтықты біл- мейтін, тойсаң да тоқ, тоймасаң да тоқ, маңқиған сені кім ренжіт- ті? – деді таңырқап.
– Ренжігенім рас! Бұл үйден кетіп, көзімді құртамын! Жолбарыстың әлгіден бетер жүні жығылып, көзі жасаурайды. – Қо-қо-қо-қоқ, жазған-ай, сонша жәбірленетіндей не жазып
қалып едің? – деп, қызыл қораз шыдамсыздана топырақты жан- жаққа шашып-шашып жіберді.
– Қоқылдап қоймадың ғой. Бәріне сенің ақ тауықтарың кінәлі. Тегі өздері желігіп, бір жерде тұрмайды-ау, тұрмайды. Бүгін тағы біреуін осы маңды торуылдап, оңай олжаға кәнігіп алған қу түлкі қағып кетіпті. Қожайын қатты ашуланды: «Маубас неме, тауықтар таусылғанда қу түлкі өзіңді сазға отырғызып кетеді. Ауладағы аз ғана тауықтарға ие бола алмасаң, барыңнан жоғың, табаныңды жалтырат!» – деді. Бұл үйге күшік күнімнен келіп, ба- уыр басып үйреніп қалдым емес пе? Қатты күйзеліп, қай жаққа кетерімді білмей, басым қатып отырған жайым бар, қызыл қораз, – деп ағынан жарылды Жолбарыс.
Қызыл қораз одан бетер безілдеп әбігерге түсті. «Біздің қораз- ға не болды екен?» – деп, зәрелері ұшып, балапандарын шұбыртқан мекиендер де жинала қалды. Қыт-қыттап, оған қызыл қораз қосылып, ауланы азан-қазан етті. Мән-жайды естіп, білген мекиендердің бірі:
– Жолбарысқа көмектесуіміз керек, – деді ойлана. – Бірақ қа- лай? Түлкіге қарсы тұрар қайрат та, жасар қулығымыз да жоқ.
– Қол қусырып отыра бермейік! Түлкі туа айлакер болды дей- місіңдер? Біздер де бір амалын ойлап тауып, тіршілік етуіміз ке- рек. Жолбарысты қалай құтқарсақ екен? – Бұл ұсынысты жасаған қызыл қораз еді.
Жолбарыстың жанында қоқылдап қораз ғана қалды. Бір кезде ол: «Таптым, таптым!» – деп, безілдеп қоя берді. «Мына шіркінге не боп қалды?» дегендей Жолбарыс оған жаутаң-жаутаң қарады.
– Достым, мен амалын таптым. Қу түлкінің көзіне көк шы- бын үймелейтін болды. Білмеген айласы жер астында деп, айдар тағылған түлкіңді енді көріп алдық...
– Есті алып, алыстан орағыта бермей, айтсаңшы бірден, – деді Жолбарыс шыдамсыздана.
– Тыңда! Түлкінің тауық етін жақсы көретіні рас қой! Рас! Бұдан былай тауық көрсе, тау айнала қашатындай болады.
– Па, шіркін! – Жолбарыстың қызыл қоразға тіптен жыны кел- ді. Шоқиып отырған жерінен көтеріліп, кетуге ыңғайланды.
– Тоқта, достым! Түкеңе біз мынадай айла жасаймыз. Ана біз- дің үйдің бақшасының бас жағындағы тоғайды көрдің ғой!
– Көрмегенде...
– Тоғайдың бергі бетіндегі дәу қайыңды білесің ғой?
– Білемін.
– Міне, мен сол қайыңның бір үлкен бұтағына қонақтап алып шақырамын. Ал сен көрші үйдегі тазы мен қызыл көз төбетті ертіп, сол маңда жасырынып жатасың. Даусымды естіген қу түлкі құйрығын бұлаңдатып, мені жеуге жетіп келеді. Сол кезде сендер оны тұс-тұстан қаумалап ұстайсыңдар. Оны қожайынға өзің алып келесің. Сонда қожайын сенің ерлігіңе таң қалып, кешірім жа- сайды.
– Әй, қо-қо-қоқ-қораз, мына бір ұсынысыңның жаны бар тәрізді.
– Бұл көкең бостан-босқа сөйлемейді! – деп қораз маңғазданды. Қу түлкіні қақпанға осылай түсірмек болып келісті.
Үлкен қайыңға жақын жерде жасырынып үш ит жатты да, қораз бұтақта қонақтап алып, бар даусымен шақырды. Айтқандай- ақ, қалың ағаш арасынан түлкінің тұмсығы көрінді. Абайлап ба- сып, қайың түбіне жетті.
– Әй, әңгүдік, орманды өрт шалғандай айғайлағаныңа жол бол- сын? – деді түлкі құйрығын бұлаңдатып.
– Бүгін бір мекиен жоғалып кетіп еді, соның құлағы шалар ма екен деп шақырғаным ғой!
– Ондай болса, босқа бақырмай, төмен түс! Ол мекиен жақын маңда! Бермен кел, жөн сілтеп жіберейін!
Түлкі «ақымақ» әтешке жолыққанына қатты қуанды. Сілекейі шұбырып, тамсанып-тамсанып қойды.
– Қазір, Түке! – деп, қызыл қораз «қо-қо-қо-қолап» достарына белгі берді.
Түлкі: «Мынау ақымақтың ақымағы екен», – деп қуанғанша болған жоқ, арсылдаған төбеттер қоршап алды. Қай жаққа қа- шарын білмеген ол, қатты састы. Тісін ақситып, айбат шеккеннен басқаға мұршасы келмеді.
Шала-жансар ұры түлкіні Жолбарыс үйге алып келгенде қожайын таң-тамаша болды. Осы күннен бастап қызыл қораз ауладағы тауықтар арасында «дана» қораз атанды. Тіпті тауық қорада:
Қызыл қораз – данамыз, Қорғанымыз, панамыз.
Біз де айлакер атанып, Түлкі аулайтын боламыз, – деген өлең де тарады.
«Дана» қораз тағы бірде тапқырлық көрсетті. Оқиға былай болып еді.
Жексенбі күні ауа райы күрт өзгеріп, нөсерлете жауын жауды.
Жер-дүние қақ суына көлкіп кетті. Қора жақта ұра бар еді. Ол да суға толды. Бірер сағаттан соң жаңбыр басылып, жарқырап күн шықты. Қораз бен мекиен балапандарын шұбыртып, жауын суы шайып жер бетіне шығарып тастаған құрт-құмырсқаға кенеліп, мәре-сәре болып жүрген. Абайсызда балапандардың бірі ұрадағы суға күмп етті. Зәре-құты қашып, есі кеткен балапан кішкене сап-сары қанатымен су бетін сабалап шиқ-шиқ етеді. Жағада қыт- қыттап, байбалам салып, әрлі-берлі безектеп мекиен жүр.
Осы сәт қораздың есіне суда жақсы жүзе білетін үйрек түсті. Жан ұшырып барып соны ертіп келді. Үйрек келе суға түсті. Ол ұрадағы балапанды сыңар қанатымен қақпайлап отырып, жағаға шығарды.
Енді «дана» қораздың даңқы бұрынғыдан да артты. «Дана» қо- раз: «Керек десеңдер, қасқырды қанжығаларыңа байлап, жолба- рысты жетектетіп беруге де қулығым жетеді», – дейтінді шығарды. Кез келген жерге кезіп кете беретін болды. Жанашырлықпен айтылған ескертулерді құлағына ілмейтін халге жетті.
Сөйтіп, күн өткен сайын қораздың даналығынан даңғойлығы ар- тып кетті. Тоғайға барып қыдырып қайтпаса, көңілі көншімейтін. «Бұлтпен таласқан теректің бұтағына шығып алып, қасқыр ма, түлкі ме, әйтеуір, жыртқыштардың бірін шақырып едім, жола- мады. Мен туралы түгелдей хабардар болғанға ұқсайды. Тегі, аң атаулы менен өлердей сескенеді», – деп мақтанатынды шығарды.
Өстіп даңғойланып жүрген ол бірде зым-зия жоғалды да кетті. Даңғойдың қандай аңға жолығып, кімге қолды болғаны да белгісіз.