Кері қайту
ӨЗІҰШАР

Тектұрмас жетпіс метрдей биіктікте қалықтай ұшып, мектептен үйіне қайтып келе жатыр еді. Ол ауылдан әріректе, шекарадағы болат діңгектің маңында самғап жүрген бір топ баланы көріп, қызыға қарады. Олар әрлі-берлі ұшып, қуыспақ ойнап мәз.
Мұны көріп қуанған Тектұрмас әнге басты:
Астымда өзіұшар-машина, Барамын жұлдыздар қасына!..
Үйінің тұсына жеткен соң Тектұрмас бүйірі тырсиған сөмкесін жерге тастап жіберді де, астындағы өзіұшарын балаларға қарай бұрып, самғап ұша жөнелді.
Осы кезде өзіұшардағы микрофоннан әжесінің даусы саңқыл- дап естілді:
– Әй, Тектұрмас! Аспаннан сөмке лақтырғаның не сұмдық?! Сөмкең жарылып, кітабың шашылып қалды ғой.
– Кітапты жинай сал, әже. Сөмкені өзім жамап алармын.
– Сөзді қойып, үйге қайт, Тектұрмас! Алдымен сабағыңды оқы. Кейін ойнайсың.
– Әже, көп болса бір-ақ сағат ойнаймын.
– Қап, мынаны-ай, ә! Өзіұшар деген машина бәле боп жабысты ғой, бұларға. Бала біткеннің баққаны ойын, үйге жоламайды, айтқанды тыңдамайды...
– Жарайды, әже, сосын барам ғой.
Тектұрмас бір түймені сырт еткізіп басып қалып еді, мик- рофонның үні өшті.
Бұл баланы жұрт Тектұрмас деп бекерден-бекер атаған жоқ қой. Оның аузы да дамыл таппайтын. Міне, енді ол қайтадан әнге басты:

Астымда өзіұшар-машина,

Барамын жұлдыздар қасына!..

Бұл өлеңді Тектұрмастың өзі шығарған. Екі-ақ жол. Шама- шарқының жеткен жері осы болу керек, тегі. Өйткені ол әлі кішкентай, небары бірінші класта оқиды. Мүмкін, өскесін өлеңді түйдек-түйдегімен шығарар. Әйтпесе, өзі айтпақшы, жұлдыздарға сапар шегетін болар.
Әзірше астындағы өзіұшар деген машинасы жұлдыздарға ұшып баруға жарамсыз.
Өзіұшардың сырты арасына жеңіл ауа толтырылған резең- кемен қапталған. Резеңке болғанда, оның өзі – отқа салса күй- мейтін, суға салса батпайтын, балталаса жарылмайтын мықты резеңке. Әшейінде өзіұшар табаны жерге тиер-тимес боп, ұшуға қомданғандай қозғалып, қопаң-қопаң етіп тұрады. Үстіндегі ершігіне бірер бала мініп жайғасқасын, «70 метр» деген жазуы бар түймені басып қалғанда, әлдебір тетіктердің көмегімен ре- зеңке қаптаудың арасына жеңіл ауа нығыздалып тола бастайды. Сәлден кейін машина біртіндеп жоғары көтеріледі. Жетпіс метрге көтерілген соң, не одан әрі биіктемей, не төмендемей, су бетіндегі қайықтай шайқалақтап тұрып алады. Осы кезде «Мотор» деген жазуы бар түймені басса, сым тордың ішіндегі пропеллер зырқы- рай айналып, машина ілгері қарай ұша жөнеледі. Жылдамды- ғы сағатына он бес, отыз, қырық бес шақырымға лайықталған. Бұл үшін «15», «30», «45» саны жазылған үш түйме бар. Соның қайсысын басса, ұшу жылдамдығы соған сәйкес өзгеріп отырады. Ұшқан кезде машина жетпіс метр биіктіктен ауытқымай, ылғи бір деңгейде самғайды. Қону үшін «Жер» деген түймені басу ке- рек. Мотор үні өшіп, қаптаудың ішіндегі қосымша ауа біртіндеп шығады да, машина баяу төмендеп кеп, жерге тиер-тимес боп қона қалады. Көтеретін жүгі отыз килограмм. Одан ауыр бала отырса, машина ұша алмайды.
Ал енді өзіұшардың құрылысы туралы бұдан әрі тәптіштеп айтуға болмайды. Өйткені ол – осы ауылдағы «Ақкемер» мек- тебінде оқитын бір топ ересек балалардың құпиясы. Олар ма- шинаны ойлап тауып, мектеп шеберханасында он шақтысын ғана жасап шығарды да, кішкене балаларға бір-бірден таратып берді. Енді өздері бақылау мұнарасында кезектесіп отырып, кіш- кентайлардың қалай ұшқанын қадағалайтын көрінеді. Мұнысы – машинаны сынақтан өткізгені. Егер машина өздеріне ұнаса, оны көптеп жасап, ғылым ордасына тілек білдірмек. Тіпті кейбір бала- лар осындай машинаны жасап шығару үшін, мектеп қасынан за- уыт салу керек дегенді де айтып жүр. Бұл мәселе қалай шешіледі? Әлі белгісіз. Ал «Ақкемер» мектебіндегі оқымысты балалардың осы машинаны жасау үшін сызған жобасы жеті қабат сейфтің ішінде сақтаулы тұр. Шекара жақын. Арғы бетте Қаражүрек атты ел бар. Абай болмаса, жобаны ұрлап әкетуі мүмкін.
Бала біткен ылғи да тапқыр ғой. Олар кезінде қаламұш, қалам- сап, өшіргіш, сызғыш деген сөздерді ойлап тапқан. Мына жаңа ма- шинаны қалай атау керектігі туралы әңгіме болғанда, кішкентай балалар «өзіұшар, өзіұшар» деп шулап қоя беріпті. Өйткені ма- шина, шынында да, өзі ұшады ғой!..
Мінеки, машинасының микрофонын ашқан Тектұрмас бала- ларға таяп қалды. Айғайлап келеді:
– Бұл – менмін! Мен! Мен келдім, мен!
– Сен болсаң қайт дейсің?
– Сүйінші сұрайсың ба?
– Әжең тағы да саған қарай автомат-галошын лақтырып, не істеріңді білмей қап жүрме. Ха-ха-ха!..
Соңғы сөзді айтқан – төртінші класта оқитын, өзіұшардың біреуіне ие болу үшін жөнді тамақ ішпей арықтаған, сөйтіп, салмағы жиырма тоғыз килограмнан аспай қойған, қу шөлмектей Аппаз деген бала.
– Әй, қу шөлмек! Маған неге күлесің? – деді де, Тектұрмас ек- піндей ұйтқып келе жатқан бойы астындағы өзіұшарымен Ап- паздың машинасын бүйірден кеп соқты. Сол-ақ екен, бір-бірімен соғылысқан доп сияқты екі машина екі жаққа шоршып кетті, қираған жоқ. Резеңке қаптауы мықты, қайдан қирасын! Сондай- ақ бұл машина аударылып-төңкерілмейді де. Себебі негізгі салмақ машинаның астыңғы жағында, ал жеңіл ауаның көбі резеңке қаптаудың үстіңгі жағына шоғырланған. Оның үстіне ершіктегі бала өзін машинаға екі иықтан белдікпен таңып қояды.
Жалпы, бас конструктор кішкентай балалардың тентектігін ес- керіп, өзіұшарды аса ұқыптылықпен жасаған.
– Ә, бәлем! Енді күлесің бе? – деп мәз болды Аппаздың ма- шинасын бүйірден соққан Тектұрмас. – Бұл – менмін, мен! Сендей қу шөлмек емеспін.
Осыдан кейін ол өзінің өзіұшарын балалардың машинасына сүзістіріп, біресе бүйірден, біресе артынан келіп соғып, әлек-шә- легін шығарды.

– Тектұрмас, қойсаңшы-ей! Қирамайтын машина жоқ, жазым етесің! Әй, сен көп қағынба, байқаусызда шекарадан өтіп кетер- сің. Сосын өзіңді атып түсіреді.
Тектұрмас мұндай сөздің біріне де құлақ аспай, өз дегенін істей берді. Осы кезде «зу-у-у-у!..» еткен дыбыс естілді.
– Галош! Галош!
– Тектұрмастың әжесінің галошы? – деп шуласты балалар. Тектұрмас автомат-галоштан құтылу үшін, өзіұшарын ең шап-
шаң жүріске қосып, безе жөнелді. Сөйтсе, ол байқамай шекараға қарай ұшқан екен. Әне, шекарадан өтіп те кетті. Сол мезет әжей- дің автомат-галошы оның маңдайшасына кенеше жабысып та үлгерді. Ішіндегі түймедей магнитофонға жазылған әжейдің дау- сы бір сөзін жүз қайталап, қақсап барады: «Тектұрмас, үйге қайт! Тектұрмас, үйге қайт! Тентектігіңді қой! Тентектігіңді қой!».
Тектұрмас шекарадан жүз қадамдай ұзағанда, өзінің қате- лескенін сезіп, өзіұшарын бері қарай бұра беріп еді. Қаражүрек еліндегі тал-шіліктің арасынан ұшы тарам-тарам бір жуан темір сояуланып шыға келді де, бірте-бірте ұзарып, өзіұшардың жолын кес-кестеді. Ұзын темірдің ұшындағы тарам-тарам сымдар қасына таянған машинаны шырмап алды да, қас қаққанша ағаш арасы- на сүйреп әкетті. Автомат-галоштың үні өшіп, өзіұшар зым-зия жоғалды. Сөйтіп, Тектұрмас жаңа машинаның құпиясын білуге құмартқан Қаражүрек елінің тұтқынына айналды.
Қалған балалар немересінің жау қолына түскенін әжесіне ай- туға асығып, ауылға қарай самғады.
– Айтқандарымды тыңдамап еді. Ақыры сазайын тартты ма, бәлем! – деді Аппаз.
– Сен біреуді өйтіп табалама!
– Үп-үлкен боп алып, ұялсаң етті!
– Шекара жақын, өзің қолға түссең қайтер ең? – деп шу-шу етті балалар.
– Тектұрмасты жеп қоймас, бәрінен жаманы, Қаражүрек елі мына жаңа машинаның құпия сырын біліп алатын болды. Ав- томат-галоштың бір-ақ данасы жасалған еді. Одан тағы ай- рылдық. Енді о жақ өзіұшар мен автомат-галошты тез-тез жасап шығарады да, дүние жүзінің барлық еліне сататын патентке ие болады. Ал біздің оқымысты балалар әлі Ғылым ордасына рұқсат сұрап хат та жазған жоқ. Бұл мәселе шешілгенше не заман. Қап, ғылыми жаңалықтан айрылып қалатын болдық-ау! – деді бесіншіде оқитын қара торы қыз. Ол да тамақ ішпей әдейі арықтап, өзіұшардың біреуіне ие болған еді. Тоғызыншы класта оқитын ағасы – өзіұшар мен автомат-галошты жасаған балалардың бірі. Қыз соны мақтаныш ететін.
– Тектұрмастың әжесіне автомат-галоштың керегі қанша? – деді бір алты жасар бала.
– Айтқанмен, сен түсінесің бе оны? – деді қара торы қыз.
– Тектұрмас әжесінің тілін алмай, өзіұшарға мініп кетіп қала берген. Үйге желкелеп әкелейін десе, немересі аспанда ұшып жүр, оған не істей алады? Содан ол өзіұшарды жасаған балаларға айтыпты. Балалар автомат-галошты жасап бере қойыпты. Әжей оң аяғына киетін әлгі галошты шешіп алып лақтырса болды, ол зуылдай ұшып, Тектұрмастың машинасына арнайы орна- тылған түймедей тетікке кеп жабыса кетеді екен. Сол кезде әжейдің галош ішіндегі магнитофонға жазылған сөзі аспанды жаңғырықтырып сұңқылдай жөнеледі. «Тектұрмастың мұрнына маса кеп қонды», – деп күледі балалар мұндайда. Әжесінің дау- сы дамылсыз қақсап мазасын алса, жұрт өзіне күліп, келеке етсе, Тектұрмас қайтуші еді? Үйіне қайтудан басқа амалы қалмайды да.
Ауыл үстіне келген балалар «Жер» деген түймені басты да, Тектұрмас үйінің қасына қаз-қатар қона-қона қалысты. Сөйтсе, өзіұшар мен автомат-галошты жасаған ересек балалардың бір тобы әжеймен әңгімелесіп тұр екен. Бәрі жайбарақат, жүздерінде асып-сасқан белгі жоқ. Мұнысы қалай?
– Түсім бе, өңім бе? – дейді әжей күлімдеп. – Араға елші жүрмей, мектеп мұнарасында отырып, қолға түскен машина мен баланы қалай қайтарасыңдар? Түсінсем бұйырмасын!
– Айттық қой, өзіұшарда бақылау мұнарасының бұйрығын орындайтын, тек біз ғана білетін тетіктер бар деп. Қазір бас конс- трукторымыздың өзі бақылап отыр. Сәтті кезінде ол бұйрықты беріп кеп жібереді де, немереңіз машинасымен бері қарай заулай- ды. Он минутқа шыдай тұрыңыз, – деді ақ сұр жүзді бір жігіт.
– Мейлі ғой. Түсінейін, түсінбейін, ондай өнерлерің болса, құ- ба-құп. Қаражүрек елінен балам аман келсе болды да, әйтеуір.
– Біз тәжірибемізді аяқтадық, – деді жігіт әжейге барлай, күлімсірей қарап. Бүгін-ертең өзіұшарды көптеп жасап шығаруға рұқсат сұрап, Ғылым ордасына хат жазамыз, патент аламыз. Мы- на ұсақ балалар сол баяғысындай машиналарына мініп, аспанда самғап жүре береді. Ал... ал...

Мұны естіген кішкентайлар «ур-р-ра, ур-р-ра!» деп айғай са- лып, қолды-аяққа тұрмай секіріп, мәз-мейрам болысты.
– Ал... ал қалай айтсам екен? – деп әжейге сынай қарады әлгі жігіт. – Тектұрмастың тілазар екені белгілі. Соған орай сізге ел- ден алабөтен автомат-галош та жасап бердік. Сонда да... Міне, көрмейсіз бе? Бізді қойшы, біздікі тәжірибе ғой. Шекарадан өткенін көре тұра әдейі бөгемедік, құтқарып алатынымызға сен- дік. Ең жаманы, сіздің зәреңізді ұшырып... Тектұрмастың өзі- ұшарын алып, басқа балаға беретін шығармыз. Сонда мазаңыз кетпейді, сізге тынышырақ болады. Осыған не айтасыз?..
– О несі-әй? Менің балам кімнен кем? Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқ. Осы күнгінің баласы көзін аша сала аспанға қарап, жұлдыздарға талпынып, жұлынып тұрады емес пе?! Ен- деше, менің баламды қанатынан қайрылсын, құрбысынан ай- рылсын дейсіңдер ме? О несі-әй?!
Ақ сұр жүзді жігіт әжейдің ренжігенін көріп езу тартты.
– Ойпырым-ай, ренжімеңізші, әже.
Әжей оның өзін сынап тұрғанын аңғарды да, жадырап:
– Шырағым-ай, баланың бәрі тек тұрмас қой. Өздерің де тек
тұрсаңдар, мынадай өзі ғажап машина жасар ма едіңдер, аспан- да самғап жүрген баланы шақыратын галош жасар ма едіңдер. Тек тұрса, су да борсиды, лайланады. Жатқан тасты мүк пен қына басады. Ендеше, менің Тектұрмасымды жазғырып қайтесіңдер? Қатар құрбыларынан қалмасын.
– Дұрыс. Біздің ойлап тапқан машинамыздың пайдалы екенін мойындадыңыз ғой. Бізге керегі де осы еді, – деді ақ сұр жүзді жігіт.
– Ұшады немереңіз, ұшады. Әне, келе жатыр! Шекарадағы бо- лат діңгектен бері асты. Бақылау мұнарасындағы балалар оны оп- оңай құтқарып алады деген жоқ па едім жаңа.
Өзіұшарды жасаған ересек балалар да, кішкентайлар да, әжей де аспанға қарады.
Міне, Тектұрмас ауылға таяп қалды. Өзі көңілді-ақ. Ән шырқап келе жатыр:
Астымда өзіұшар-машина, Барамын жұлдыздар қасына!.