Кері қайту
ҚЫРСЫҚ

Ержігіт күн сайын еркеліктің неше атасын көрсетеді. Оған үйдегілер бірде қарқ-қарқ күлісіп мәз болса, кейде шарт-бұрт боп, шырт ете түсіп, талақтары тарс айырылады. Боқмұрын бұзықтың қырық қылуа қылықтарын көтеру отбасындағы үлкен-кішіге күшке түсетін де кезі бар. Әсіресе кәрі қойдың жасындай жасы қалып, жүйкесі жүндей түтіліп, шаруасы шатқаяқтаған кемпір мен шалға обал.

Ержігіт бірінші сыныпқа барып, «дәріс» алып жүр. Сабағы таңертеңгі сағат 9-да басталады. Таң атқаннан күн батқанша тыным таппай, асыр салған ойын баласы шаршап-шалдығары хақ. Әйтсе де мұның ұйқысы жоқ. Ересектерді төсектеріне құлатып-сұлатып, жатқызып барып, тыным табады. Тек бір қиыны – әжесі оны ертесіне ертемен ұйқыдан оятады. Ұйқысын аша алмай, шекесі тырысып-пырысып тұрған байпатшаның баптанып-күптеніп киім кигені де бір үлкен шаруа. Турасын айтқанда, ол өзі киінбейді. Киіндіретін – кемпір. Көйлек-көншек, кәстөм-шалбар, малақай, шұлық, сөмке, тағы басқа керек-жарақтары әрқайсысы әр жақта шашылып жатады. Кеше сабағынан келгесін асай-мүсейлерін енді қайтіп керек еместей жан-жаққа, қалтарыс-құлтарысқа лақтырып тастаған. Мұны да еркелік, қырсықтықпен әдейі істейді. Өйткені, асты-үстіне түсіп, өбектеп, жуындырып-шайындырып, киіндіріп-шешіндіретін, «айналайыннан» аузы босамай жүріп, сүт-пүт, жылы-жұмсақ, атала-быламағын «іш-же» деп тықпалайтын сулы көз «күңі» бар. Сосын не қам жесін?

Міне, сары кемпір Ержігіттің беті-қолын жуып-сүртіп болып, көйлек-көншегін кигізіп жатыр. Кенет «шаж» ете қалған дыбысқа, «көтек» деп, жалт қарап, тұра жүгірді. Әлгінде пешке қойған сүті пісіпті. Тегештің ернеуінен асып-тасып төгілуде. Ыстық табаға құйған сұйық майдай сүт пештің үстінде көпіршіп шыжылдап жатыр. Төгілген сүт табанда күйіп, көңірсіген көк түтін көкке көтерілді. Кемпір асып-сасып, сүрініп-қабынып жүріп, қолына ожау ала салып, ішіне жел үрлеген шардай гүмпиген сүтті сапырды. Тегешті оттан алды. Түтін шықсын деп есікті ашты. Үлкен сапар кесеге сүт құйып дастарханға әкеліп қойды. Бұл – оқымысты төренің азанғы ас-ауқаты.

Немересіне қарады. Ол жаңа ғана өзі кигізген көйлегін шешіп, лақтырып тастапты. Басқа біреуін теріс киіп, оны түймелей алмай, әбігерге түсіп отыр.

– Айналайын-ау, уақыт боп қалды ғой!

Дүниесі түгел, төрт жағы құбыла батырыңның үй өртеніп жатса да сасатын түрі көрінбейді! «Ұсамасаң тумағыр! Билет қалтада, пойыз қайда барады?» дейтін әпенде аталарынан бір аусайшы! Аузынан түскендей. Кемпір балаға бір, қабырғадағы сағатқа бір қарады. 9-ға тақап қалыпты.

– Сабағыңа кешігетін болдың ғой. Кел, сүтіңді іш!

Ол мұрны пыс-пыс етіп әлі көйлегімен әуре. Әжесі қасына жетіп барып, көйлегін жұлқи тартқыштап, бет-аузын ысыра-мысыра, басынан сыпырып алып, оң кигізді. Ожар қимылдан о жер, бұ жері ауырып қалған батыр қылт ете қалды.

– Ішпеймін сүтіңді!

– Ойбай-ау, уақыт боп қалды!

– Бармаймын мектебіңе!

Кемпір – шарасыз. Біресе балаға, біресе сағатқа қарады.

– Әй, осы-ақ қанымды қарайтып бітті-ау!

Үлкен кісі шыж-быж болды. Сүт ішкізбек болып, ұлының қасына жақындап еді, бала столды айнала қашты.

– Мені ұстай алмайсың! Ұстай алмайсың!

Ұзын столдың бір шетінде қиқар ұл, қарсы шетінде кемиек кемпір. Бірі қашып, екіншісі қуып жүр. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек». Құрттай «оқымыстының» табан астында ойыны кеп қалған.

Шаж-бұж, айқай-ұйқай, опыр-топырдан оянып кеткен шал көзі аларып, көрші бөлмеден шықты.

– Ау, бұл не ұлан, ойбай?! Сендерге не жетпей жатыр?

– Өй, мына қырсық ит «сүт те ішпеймін, мектепке де бармаймын» деп қиғылық салып жатыр!..

Шал мен кемпір қашаған қамыс құлақты ұстамақ болғандай, қиямпұрыс қияңқы немені екі жақтан қаумалап ортаға алды. Екі жақтан тықсырып оған «құрық салмақ». «Қашпақ-қумақтың» майын ішкен қуға ебедейсіз екі үлкен «баламен» ойын «іздегенге – сұраған» болды да шықты. Ол, құдайы беріп, сықылықтай күліп, олай да бұлай шапқылап, асыр салды. Бір сәт екі орталарынан бұлт етіп, сытылып шығып, зыта бермек болған қушыкешті зығырданы қайнаған шырт етпе шал желкеден нұқып жібергенде, бала екпінімен екі-үш аттап барып, етпетінен түсті. Ойбай-байбайдың көкесі енді басталды. Бір жапырақ бала бақыруға көшті.

– Ойбай-ай, басым-ай!

Кемпір отағасына ала көзімен ата бір қарап, немересін қолынан тартып, жатқан жерінен көтере берді. Апарып диванға жатқызды. Қарияның екі көзі шарасынан шығып, атыздай болды. «Апырай, жәй ғана түртіп қалдым. Адамның қарақұсы, желке тұсы осал ғой. Бір зақым кеп қалған жоқ па екен?.. Уай, жаратқан! Бір өзің сақтай гөр!.. Әлде, жәй байбалам салып жатыр ма екен?..» Үлкен кісі қасына отыра кетіп, емешегі үзіле, кішкентайының арқа-басынан сипап елпелектеді.

– Айналайын-ау, өзі зорға құр сүйегіне ілініп-салынып жүрген байғұсты ажалынан бұрын өлтіретін болдың ғой. Әжеңді аясаң қайтеді, жаным?..

Кішкентайдың дауысы үдей түсті. Тас жетімдей зарланып жылайды. Үні кернейден шыққандай жуандап, үлкендердің дауыс салғанындай зорайып естіледі. Бай-байлап жатқан алты-жеті жасар бала емес, әлде бір ардағынан айрылған елу-алпыстағы ересек адам іспетті. «Айналайын-ау, саған тиген қолым неге сынып қалмайды? Ойпырмай! Қапияда қимасынан айырылған үлкендерше соншама таусылып, зарланып жылағаны несі?.. Жарық күнім-ау! Біз барда көз жасыңды төксең төк. Жарасады. Түк әбестігі жоқ. Ертең біздің көзіміз кетіп, өзің үлкен кісі болғаныңда, соңыңнан ерген үрім-бұтағыңның алдында өстіп бордай езіле көрме. Өйтер болсаң, сені пір тұтқан ұрпағыңды жасытып, жүнжітіп жібересің. Жігерін құм қыласың, күнім... Әлі талай таң атып, күн шығар. Талай-талай су ағар... Мұз қатар... Күндердің күні болғанда өзіңді айналып-толғанатын жандарды да ойларсың. Жасаған еркелік, қылық-қылуаларың жадыңда жаңғырып күліп те аларсың. «Сенің табаныңа енген шөгір менің маңдайыма кірсін» дейтін атаң мен әжеңді, көзіңнің жасы дөңгеленіп отырып, есіңе аларсың... Аузымнан түсе қалғандай еркем-ау сол! Көш тоқталмас... Уақыт өз ауанымен алға жылжи берер. Сен де бүгінгі мендей болып, заманыңда көп нәрсені біле жатарсың, құлыным... «Тірі болсаң, сірі боларсың» деген дүние ғой бұл...»

Былқылдақ төсекте бір уыс боп, ауық-ауық солқ-солқ етіп өксіп қойып, әлі солығын баса алмай теріс қарап жатқан жұдырықтай кекілдісінің үстіне түсіп, атасының ерні жыбырлап, аузы қыбырлап, жүйке-жүйкесі босап отыр.

Кішкентайына қарап тұрып-тұрып кемпір шала бүлінді:

– Жұдырықтай баланы ала қарға боқ жемей мектепке шақырып... о нес?! Түстен кейін-ақ оқытпай ма?! Өй, атасына нәлет! Ертең-ақ барар! – деп, кішкентайының қасына бір жамбастап құлай кетіп, оны құшағына тарта берді...