Аюхан мен Аюбикенің алты жасар Қорбаңбайы үйге ботадай боздап келеді де, шалқасынан түсіп жер тепкілейді.
– Не болды?
– Кім тиді?
– Көжек! Е-е, Көжек-Көжек...
– Қой, балақай, Көжек саған неге тиісті?!
Аюхан ашулана бастайды:
– Айтпайсың ба жөндеп! Не болды? – Көжек! Шаңғы, шаңғы...
Сөзге Аюбике араласады:
– Қоянбай Көжегіне кеше шаңғы әпердім деп жүрген. Соны көріп қызыққан ғой, бұл.
– Иә, иә... Менде жоқ! – деп, Қорбаңбай бұрынғысынан бетер еңірейді.
Аюхан дүкенге барып, баласына шап-шақ шаңғы әкеп береді. Сары түсті, су жаңа, жылтыраған шаңғы. Қорбаңбай қуанып кетеді. Аулада аяғына байлап алып, есік алдындағы төбеде бір тұрып, бір құлап, кеш бойы сырғанақ тепкенсиді. Терлеп-тепшіп келген бойы Қорбаңбай шаңғысын есік алдына тастай салады. Түнімен қар жауады. Шаңғы қардың астында қалады. Қорбаңбай қайтып шаңғысын есіне бір алмайды. Көктемде қар кеткенде, әбден шәт-шәлекейі шыққан шаңғыны көршілері тауып әкеліп, Аюхан ағаға береді. Жер дегдиді. Жан-жануарлар жылы шуақ күндерде көбіне далада жүреді. Кішкентай Қорбаңбай да асыр салып дуылдатып жүр екен. Бір күні ол тағы қиғылық салады:
– Тиінтайдың велигі бар. Менде жоқ. Дүкенде тұр. Алып бер, апа, әйтпесе балабақшаға бармаймын...
Аюбике амалсыз дүкенге тартады. Велосипед қолына тиген Қорбаңбай жымың-жымың етеді. Екі дөңгелекті велосипед епсіз неменің ырқына көне қоймайды. Қорбаңбай аулада әлденеше құлайды.
– Мені жыға береді. Ақылы жоқ велик... Тебуді кейін үйренемін, – деп, Қорбаңбай велосипедін есік алдына тастай салып, доп тебуге кетеді. Кейін ауладағы Ақтиін, Мияубике, Жолдыаяқтар великті бөлшектеп-бөлшектеп, ойыншық қып ойнап жүріпті.
Мен біздің ауылдағы көршілердің балаларына осы ертегіні айтып бердім. Менің кейбір кішкентай достарым қипақтап, желкелерін қасыды.
Бәсе, олар неге өйтті?..