Кері қайту
АЛТЫН АДАМ ЖӘНЕ АЗАТТЫҚ

1. Бабалардың ерлігі
 
Қызықпаймын басқаға,
Тарих қымбат мен үшін.
Баяндаймын шаттана
Бабалардың жеңісін.
 
Сұрасаңыз, барлығын
Қайталаудан талмаймын.
Отан үшін дәл бүгін
Жанын қияр жандаймын.
 
Ел сақшысы ер ғана,
Жерін сүйген жанымен.
Қорғалған бұл кең дала
Бабалардың қанымен!
 
«Елді арылтып құлдықтан,
Жанын берді мың арыс.
Бабаларға сондықтан
Қарыздармыз мына біз».
 
Деген сөзін ұстаздың
Құйып алдым санама.
Тарихыма құштармын,
Қайсар рухты бабама!
 
2. Мұражайда
 
Артқа тастар барлығын
Біздің тарих сабағы.
Ұстаз айтқан әр білім
Санамызда қалады.
 
Тырысады сабаққа
Қатысуға талайлар.
Келді бүгін қонаққа
Археолог ағайлар.
 
Қиялменен қалықтап,
Сапар шектік байырға.
Айтып берді анықтап
«Алтын адам» жайында.
 
Түсінбедім мұны мен,
Қызық шығар саған да.
«Алтын адам» шынымен
Өмір сүрген адам ба?
 
Деп жүргенде... күз келді,
Қыс та жетті қаһарлы.
Көктемде ағай біздерді
Алматыға апарды.
 
Алтындалған бейнеге
Шығылысып жатты күн.
Бір ғажайып күйге ене,
Көрдім оның нақ түрін.
 
3. «Алтын адаммен» танысу
 
Алтын адам кешегі
Айбатты екен расында,
Өмір сүрген деседі
Сақтар туған ғасырда.
 
Қорған орнын анықтап,
Қазып Есік мекенін.
Дәлелдепті ғалымдар
Жиырма жасар екенін.
 
«Алтын адам» шынында –
Тұнып тұрған ертегі.
Жететін мол ғұмырға
Шежірені шертеді...
 
Бас киімде бір ғана
Әшекей көп жүздеген.
Сырға тұнып тұрғаны,
Адамдарға іздеген.
 
Байқасаңыз, анықтап,
Үш бөлінген құрамы:
Көк пенен жер, тағы да
Жер астынан тұрады.
 
Арқар бейне мұндағы –
Мінсіздіктің нышаны.
Өрлеп көкке бұл дағы,
Күннің нұрын құшады.
 
Маңындағы төрт жебе,
Ол – әлемінің төрт тұсы.
Құс қанаты – білгенге,
Биіктіктің белгісі.
 
Қанаттарын жұлқылап,
Қос пырақтар тұр әні.
Мұның сыры, жылқылар –
Мәңгі көлік құралы.
 
Назар салып қарасаң,
Мұнда құстар бар тағы.
Биіктік – ол орасан,
Көкке қарай тартады.
 
Ал барысты сұрасаң –
Еркіндіктің арқауы.
Барыс деген – бұл аса
Бағасы зор аң тағы.
 
Барыс сынды бабалар,
Қайраттанған күш алып.
Бүгін барыс саналар –
Мемлекеттің нышаны.
 
Тау бейнесі тұрғаны –
Табиғаттың нұр өңі.
Ал тауешкі мұндағы –
Тазалықтың тілеуі.
 
Мойнындағы алқада
Бейнеленген жолбарыс.
Ол дегенің – баршаға
Көрсетілер қолғабыс.
 
Алтындалған камзолды
Әркім келер көргісі.
Алтын металл – бұл дағы,
Қуаттылық белгісі.
 
Аң бейнелі белбеудің
Көп білмейтін сыры бар.
Қасқыр – рухы ерлердің,
Барыс – қайсар жануар.
 
Қажет етпес өлшемді,
Мүйізі ұзын бұғы бар.
Қызыл қынды семсерді –
Өжеттік деп ұғып ал.
 
Оң қолдағы жүзігі –
Мөр деседі ол дағы.
«Алтын адам» өмірде
Кемел патша болғаны.
 
Ұзын қоныш етігі
Әсемделген тым дара.
Бұл өнімнің жетігі –
Біз білмейтін бір ғана.
 
Осылардың барлығын
Мұражайдан естідік.
«Алтын адам» тағдыры
Кетпеді ойдан кешкілік.
 
Ырза болдым көргенге,
Санам ойға сүрініп.
Түн ортасы келгенде
Кетті көзім ілініп.
 
4. Түс көрдім
 
Қайсар рухты, шымыр жан,
Қорғап жүрген пәледен.
«Алтын адам» шынында
Ел басқарған жан екен.
 
Он үшінде-ақ өрімдей
Бағы бопты бес елі.
Жекпе-жекте жеңілмей,
Аты шыққан деседі.
 
Он алтыда қол бастап,
Жаудың жығып айбатын.
Артына асыл жол тастап,
Көрсетіпті қайратын.
 
Он сегізде бұл жігіт,
Өткізіп сан айқасты.
Талай жанға үлгі боп,
Хан тағына жайғасты.
 
Өтсе дағы күн қанша,
Жолбарыстай қайратты
Бола білген бұл патша,
Талау жауды жайратты.
 
Құс сияқты ұшқыр да,
Арқардайын шымыр-ды.
Ақша бұлттар үстінде
Пырақ мініп қыдырды.
 
Қайшыласқан ортада,
Барыс сынды өр еді.
Қанша күшті болса да,
«Мен мықтымын!» демеді.
 
Әлсіздерге қол жалғап,
Кедейлерді қорғады.
Сарайы алтын болса да,
Маңайы алтын болмады.
 
Елін ойлап күні-түн,
Тырысудан тынбады.
Алға жалғап үмітін,
Елдің жырын жырлады.
 
Қандай ғажап ер еді?
Өзіне тән сәні де.
Қиял екен... себебі,
Түсім екен бәрі де.
 
5. Атамның айтқаны
 
Атам менің дана ғой,
Көргені көп, білері,
Білгендерін саралап,
Біздерге айтар үнемі.
 
Тартқан дейді қаныма,
Болған кезде жайдары.
Шақырып ап жанына,
Көп әңгіме айтады.
 
Айтуынша, алаңға
Ел жиналған деседі.
Қарсы болып қоғамға
Бұлдыр шақта кешегі.
 
Тәуелсіздік жаршысы –
Қан төгілген бұл алаң.
Талайдың көз тамшысы
Азаттықты құраған.
 
Өтті, міне, біраз жыл,
Кетті талай күн күйіп.
Сол күндердің куәсі –
Монумент тұр тым биік.
 
Монументтің басында
«Алтын адам» тұр әні.
Ақ барыстың қасында
Елге шашып шуағын.
 
«Алтын адам» айбатты,
Сен тірісің мені үшін.
Қазақстан қайратты
Болса – сенің жемісің!
 
Елбасының туында
Сенің бейнең тұрғаны –
Шашқандығың нұрыңды,
Бекер емес бұл дағы.
 
Қарап тұрып мүсінге:
«Тірегісің сен елдің!»
Дедім, бәлкім, түсімде
Тағы сені көрермін...
 
6. Азаттықтың ауасы
 
Қазақстан – мекенім,
Жиырма үшке толдың сен.
Мен де күліп өтемін,
Мерейленіп сен күлсең.
 
Сенде ғана өрлеймін,
Өзіңде өлем расында.
Ешкімге мен бермеймін,
Отанымның тасын да.
 
Көрген көзін ала алмай,
Елордам тұр еңселі.
Кешегі «Алтын адамдай»,
Қорғап өтем мен сені!!!