Кері қайту
ЖОҒАЛҒАН ЕТІК

Жүр етігін әлі іздеп,
Жоқ бөлмеде, дәлізде.
Тұр сыңары мұңайып,
Енді кімнен сұрайық?
 
Жұрт көзіне көрінбей
Жоғалуы тегін бе?
Деді мысық: «Жатпасын
Қонақ үйдің төрінде».
 
Деді күшік: «Тақырда,
Мүмкін жатыр шатырда.
Жатуы да мүмкін ғой
Қора ішінде, ақырда».
 
«Жасың сенің нешеде?
Жоқ іздедің кеше де, –
Деді есек: – Доп қуған
Жатқан шығар көшеде».
 
Жоғалғандай түйесі,
Жоғалғандай биесі,
Әркімнен бір сұрайды
Салдыр-салақ иесі.