Кері қайту
ИІРМЕКІЛ

Асығың түссе алшыдан –
Несібе күт аңшыдан.
Биік ұшып бүркітің,
Құс іледі қаршығаң.
 
Асығың түссе тәйкеден –
Жоғарылар мәртебең.
Алдына қара салдырмай,
Атың келер бәйгеден.
 
Асығың түссе бүгінен –
Көш түзелер жүгімен.
Нұрлы ертеңің туралы
Түс көресің түнімен.
 
Асығың түссе шігінен –
Қуаныш болар шынымен.
Жақсы көрер жандарың
Қарсы алады гүлімен.
 
Асығың түссе омпадан –
Жасайсың сен оң қадам.
Аталарың асықпен
Ертеңді өстіп болжаған!