Көзі ұйқыға барғанша әжесіне қоярда-қоймай, ертек айтқызатын Айдананың күндегі әдеті еді. Бүгін де:

– Әже деймін, ертек айтып берші! – деп ұйықтамай қойды.       

– Ерте-ерте заманда, ешкі жүні бөрте заманда, түйенің құйрығы келте заманда, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен, – деп бастады әжесі ертегіні. – Үйлері көрші отыратын тату-тәтті үш жігіт болыпты.

 – Олар не қыпты? – деді Айдана ертегінің соңын ұққанша тағатсызданып.

– Айтамын ғой. Үшеуі ұрпақтарына мұра қалдыру туралы келісіпті. Бірінші жігіт «Мен ақша жинап банкке сала беремін» депті. Екінші жігіт «Мен қора-жай салдырамын» депті. Үшінші жігіт «Мен балаларыма өнер үйрете беремін» деген екен.

– Сосын не бопты, әже?

– Талай жылдан кейін үш дос бірінің соңынан бірі дүниеден өтіпті.

– Онан кейін ше?

– Онан кейін олардың балалары үлкейіпті. Үйлі-баранды болыпты. Бір күні жер бетін топан су қаптапты.

– Сосын қайтіпті?

– Сонан кейін, өнер үйренгендер апаттан түгел аман қалыпты.

Бір сәтке ойға шомып үндемей қалған Айдана:

– Әже, мен де өнер үйренейінші! – деп, ұзын кірпігі жиі-жиі қағылып, шанақты қой көздері жыпылықтай бастады.

– Үйренесің, көкем! – деді әжесі әжімді алақанымен немересінің басынан сипап. – «Өнерлі өлмейді» деген сол ғой, балам.

– Әже, сен ертіп барған биік үйден оқимын. Көп тәтелер оқиды екен ғой, сол мектепте? Әл-Фараби атаның тастан жасаған мүсінін көрдім.

– Әл-Фараби аталарың – көп оқыған, көп білетін адам. Сол кісінің атындағы мектеп – сен көрген биік үй. Кейін сол жерден оқисың. Тірі бол, жаным!

Айдана басын әжесінің көкірегіне сүйеп, қатты ұйқы қысқандықтан, қалғи бастады...