Кері қайту
ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ТАНЫП АЛ - Сара апаның сабақтары

Бірінші сабақ
 
Қайтер еді бүгін сен
өз денеңе үңілсең:
...АЯҚ керек балаға,
аяқ керек – жүгірсең,
ҚОЛЫҢА да қарайла,
қол тірейсің – сүрінсең.
 
Сондықтан да әрдайым
аяқ, қолға қарайла.
Абайлап бас аяқты,
абайлап жүр, жарай ма?
 
«Абайлап жүр,
аяқты нық бас, дәйім», –
деп сабақты бастайын:
...Мынау – ЖАМБАС.
Мынау – САН.
Мынау – ТІЗЕ.
Мынау – ТОБЫҚ.
Мынау сенің – БАШПАЙЫҢ.
 
Ақымағым, аусарым,
сағынып кеп қауышарым:
...Мынау – ҚОЛТЫҚ.
Мынау – БІЛЕК.
Мынау – ШЫНТАҚ.
Енді мынау – САУСАҒЫҢ.
Саусағыңды қалай санап тауысамын?
 
Өскелеңім, өренім,
бес саусақтың білгің келсе дерегін,
бас-басына әдемі атау беремін:
...БАС БАРМАҚ...
БАЛАЛЫ ҮЙРЕК...
Мынау – ОРТАН ТЕРЕГІҢ.
 
Қалғандарын ұмытты ғой демегін:
...ШЫЛДЫР ШҮМЕК...
Енді мынау –
КІП-КІШКЕНТАЙ БӨБЕГІҢ.
Бес саусағың – бес жолдасың,
сен қиналсаң, аямайды көмегін.
 
Ұмытылмас тағылым:
Ең алдымен өз денеңді танығын.
...Мынау сенің АСҚАЗАНЫҢ
Мынау сенің ҚАРЫНЫҢ.
Асқазаның ауырмасын,
уақтылы тамағыңды іш, жарығым.
 
...Мынау – ӨКПЕ.
Мынау – БҮЙРЕК.
Мынау сенің БАУЫРЫҢ.
Мынау – ИЫҚ.
Мынау – МОЙЫН.
Енді мынау – ЖАУЫРЫН.
Жауырынмен көтересің
салмақтың ең ауырын.
 
Азаматтың әр мүшесі ардақты,
Иықпен де көтересің салмақты.
Өмір атты ұзақ жолдың бойында
Талай ауыр жүк артылар мойынға.
 
Әр мүшеңнің қайда екенін біл, күнім:
...Мынау сенің КІНДІГІҢ.
Кеуде, мойын,қарын емес,
Кіндігіңнен басталады тірлігің.
 
Еркетайым, елігім,
кіп-кішкентай серігім.
...Мынау – АУЗЫҢ.
Мынау – ТІСІҢ.
Енді мынау – ЕРІНІҢ.
Ерініңнің – емеуріні,
жоғалмасын Сенімің.
 
Қошақаным, лағым,
таусылмайды сұрағың.
...Мынау – ШЕКЕ.
Мынау – МАҢДАЙ.
Енді мынау – ҚҰЛАҒЫҢ.
Мынау – ТАҢДАЙ.
Мынау – ТІЛІҢ.
Өз тіліңді ұмытпашы, ұланым,
 
Өз тіліңді ұмытпашы әрдайым,
Өз тіліңде тақылдасын таңдайың.
Сонда ғана ашық болар аспаның,
Сонда ғана ашық болар маңдайың.
 
Мен сөзімді жалғайын:
Қарашы өзің,
мынау – КӨЗІҢ – ұясындай күлкінің.
Сол көзіңді жауып тұрған – КІРПІГІҢ.
Өз денеңнің әр мүшесін біл, күнім.
 
Айналайын, шырыным,
қандай тәтті қылығың.
...Мынау – ҚАСЫҢ.
Мынау – ШАШЫҢ.
Енді мынау – ТҰЛЫМЫҢ.
Мынау – БАСЫҢ,
Баста МИ бар,
Білесің бе, құлыным?
 
Айналайын түріңнен,
Айналайын тіліңнен!
Сүйенішім, тірегім.
Сенен соңғы тілерім:
Қайда екенін өзің тапшы
туған елді, туған жерді
сүйетұғын ЖҮРЕГІҢ.
 
 
Екінші сабақ
 
Айналайын көзіңнен,
Айналайын сөзіңнен.
Туыстарды танып ал,
Айнымайтын өзіңнен.
 
Айналайын тіліңнен,
Айналайын түріңнен!
Тып-тып етіп жүгірген
Айнымайсың ІНІҢНЕН.
 
Туыстықтың білгің келсе өлшемін,
Олар сенің – ет жақының, бөлшегің.
Мына сұлу... еркелігін қоймайтын,
ҚАРЫНДАСЫҢ ол сенің.
 
Айналайын, жарай ма,
қарындас пен ініге
қарайлап жүр, қарайла!
 
Мына жігіт... ол да сенің бөлшегің.
Азамат деп артып отыр ел сенім.
Осы үйдегі мал мен жанның киесі –
АҒАТАЙЫҢ ол сенің.
 
Мына сұлу... қайдан келді деме сен.
Оның дағы еңбегі бар ересен.
Осы үйдегі дастарханның иесі –
Ол өзіңнің ЖЕҢЕШЕҢ.
 
Айналайын, жарай ма,
ағаң менен жеңгеңе
қарайлап жүр, қарайла.
 
Туыстарды танып ал,
Туыстарды сұрыпта.
Киіміңді өтектеп,
қолдарыңнан жетектеп,
апаратын мектепке
ӘПКЕҢДІ де ұмытпа.
 
Құлыншағым, тілі бал,
Туыстарды біліп ал,
Туыстарды сарала.
Ет жақының алдымен –
АНАШЫҢНЫҢ тілін ал,
ӘКЕҢДІ де бағала.
 
Жақын-жегжат көп, мейлі,
Туысқанға жетпейді.
Жиде, жыңғыл, тал, қайың
Тамырынан көктейді.
Жақсы бала әрдайым
АТА менен ӘЖЕНІҢ
Алдын кесіп өтпейді.
 
Айналайын, жарай ма,
Ата менен әжеңе
қарайлап жүр, қарайла!
 
Мынау сенің – АУЫЛЫҢ,
Мынау сенің – ҚАУЫМЫҢ.
Туыстарды танып ал,
Олар сенің – БАУЫРЫҢ.
 
Айналайын, ырысым,
Айналайын, тынысым.
Өзіңді-өзің танып ал –
Сен ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫСЫҢ.

 

[1] «Арктос» –  грек тілінде «аю» деген сөз. Арктика атауы осыдан шыққан

[2] 27 ақпан – Ақ аюлар күні

[3]«Орысша-қазақша сөздік». Алматы: «Арыс» баспасы, 2007 ж., 31-бет.