Ойнап жүріп топ бала
Кәмпит жайлы таласты.
Жиналды да топтана,
Бір-біріне қарасты.
– Кәмпит қайдан шығады,
Айтшы осыны сен, Есен?
Ойланып ал шамалы,
Мен айтайын білмесең, –
Деді біздің Тұралы
Тәмпіш мұрын Есенге.
Ол ойланып тұр әлі,
Бұрын білгіш десең де.
«Қайдан шығар?» дегендей,
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Сөзі жатыр еленбей,
Жауабы жоқ орайлы.
Енді мұның жолында
Сұрақ деген шұбады.
– Кәмпит деген, шынында,
Қайдан ғана шығады?
Әрнені бір болжайды,
Қалды бәрі ойлана.
Бұрын тіпті бұл жайлы
Келмепті ғой ойға да.
Қарап тұрсаң, көп жан-ақ
Жек көрмейді кәмпитті.
Есен ернін бір жалап,
Тәмпіш мұрнын тәмпитті.
Таусылды да шыдамы,
Айтты былай ол жөнін:
– Кәмпит деген шығады
Қалтасынан әжемнің!
Кері қайту
КӘМПИТ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?