Кел, кел, балам, кел, балам,
Айтайын ақыл, мен саған.
Демесін ешкім өзіңді
Әкеден үлгі алмаған.
Жеті атаңды жатқа біл,
Атаңдай бол аумаған.
Ата, бала, немере,
Шөбере, шөпшек, немене,
Туажат, жекжат, жамағат –
Біліңдер, балам, бәрің де,
Тапсырайын аманат!
* * *
Ақыл – ғылымнан,
Ғылым – ұғудан.
Табасың жақсылық,
Ауытқып асырмай,
Біз сөзде тұрудан.
* * *
Ақылды – арымен,
Ақымақ – малымен.
Қорытынды жасама
Ақшаның санымен.
* * *
Бесікті жатқа сатпайды,
Бабалар рухы сынады деп.
Шаңырақты отқа жақпайды,
Қасиетімен ұрады деп.
* * *
Малды жыңғылмен айдамайды,
Ырысқа зиянды деп.
Кендірмен байламайды,
Ширығып қияды деп.
* * *
Есікті кермейді,
Кергіге түсерсің деп.
Қанжығаны өрмейді,
Жат жерден
Сусын ішерсің деп.
* * *
Нанды бір қолмен
Үзіп бермейді.
Екі қолмен сындырып,
Тістеп жеуді жөн дейді.
* * *
Күлді қолмен шашпайды.
Оттың орнын баспайды.
Түтінім түзу ұшсын деп,
Түндікті теріс ашпайды.
* * *
Табалдырықты баспайды,
Есікті теуіп ашпайды.
Теуіп ашу есікті
Сұмдық жолға бастайды.
* * *
Сиырды «өк!» деп айдайды,
Түйені «шөк!» деп байлайды.
Үйге жылан кірсе,
Оның басына ақ құйып,
Еппен айдайды.
* * *
Телміріп көкке қарамайды,
Жұлдызды қолмен санамайды.
Қазақтың игі салтында
Қара қосты тонамайды.
* * *
Аққу құсты атпайды,
Қыранды баулып баптайды.
Шамасы асып жетсе де,
Жүйрікпен қасқыр соқпайды.
Білгізіп жоба жөн-жайды,
Ескерткен бабаң ол жайлы.
Қасқыр соққан жүйріктің
Бәйгеде жолы болмайды.
* * *
Нан қоқымын баспайды,
Бейітке беттеп қашпайды.
Жылан шықса алдынан,
Өлтіріп, бөліп,
Көміп тастайды.
* * *
Шегініп артқа жүрмейді,
Кейінге ісім қалады деп.
Байлауды тура күрмейді,
Шешуге оңай болады деп.
* * *
Құдыққа түкірмейді,
Дәм татқан ыдысым деп.
Су көзін құрметтейді,
Сарқылмас ырысым деп.
* * *
Азаматы қазақтың
Аманатын ақтаған.
Жауға шапқан кезде де
Қызға қылыш шаппаған.
* * *
Шауып кеп атпен кірмейді
Ауласына ауылдың.
Етекті белге түрмейді,
Белгісі деп зәрудің.
* * *
Етікпен су кешпейді,
Ер басына күн туар деп.
Жұма күні көшпейді,
Бабаның сондай
Ғұрпы бар деп.
* * *
Ағайынды екі адам
Екі жерге қонбаған.
Үлкен тілін кіші алмай,
Айбар шегу болмаған.
* * *
Ата-анасын жылатып,
Ұлы тастап кетпеген.
Аға жолын көлденең
Іні кесіп өтпеген.
* * *
Қимайды түйе бұйдасын,
Қиылар деп үмітім.
Бұзбайды құстың ұясын,
Тұрмайды деп үй бүтін.
* * *
Ақиқатты күндеген
Әділетке жарымас.
Ана тілін сүймеген
Анасын да танымас.
* * *
Еңбегің болса жетерлік,
Еліктер саған жас қауым.
Өзіңді ғана көтеріп,
Бүркеме ісін басқаның.
* * *
Мен емес – біз,
Сен емес – сіз.
Осы екі сөз
Жарасады қауымға.
Мен сөзі – жалтақ,
Біз сөзі – ортақ
Ағайынға, бауырға.
Бір адам – бұлтақ,
Көп кісі – ортақ.
Сыйысады баршаға.
Көппен бір бол,
Бұл дұрыс жол,
Жүрген жақсы ортада.
* * *
Ақты әсте төкпейді,
Итаяқты теппейді.
Асыранды күшікті
Жұртқа тастап кетпейді.
* * *
Өспеген көкті жұлмайды,
Көктей орыласың деп.
Малды басқа ұрмайды,
Киесіне жолығарсың деп.
* * *
Адамды қолмен санамайды,
Сарапқа түсер күн болар деп.
Құс ұясын тонамайды,
Ұрпағыма мін болар деп.
* * *
Қанден көріп қасқырды,
Итті өзіне дос қылды.
Көрмесе де, көрсе де,
«Ит болам» деп босқа үрді.
* * *
Түлкі шықса төбеге,
Емес жақсы өнеге.
Қызыл жүні құлпыртқан
Түйретеді жебеге.
* * *
Күнді де бұлт торлайды,
Күн торланып солмайды.
Ерлеріне жол ашпас,
Елде бақыт болмайды.
* * *
Жақынға жеткен көңіл жатқа жетпес.
Таудай талап бармақтай баққа жетпес.
Арам пиғыл аштырмас адымыңды,
Таудай қара тарыдай аққа жетпес.
* * *
Адалдың аты арып, тоны тозбас.
Аярлық ақиқатты басып озбас,
Озбырлық орға жығып, отқа салар,
Өткен соң өкініштің орны толмас.
* * *
Құлан құмын іздейді;
Сұңқар шыңын іздейді;
Көбелек гүлін іздейді;
Тышқан інін іздейді;
Ара гүлін іздейді;
Бақа көлін іздейді;
Бөкен шөлін іздейді;
Ер елін іздейді;
Жат елге көзін сүзбейді.
* * *
Он жабы тең бола алмас бір тұлпарға
Он қарға татымайды бір сұңқарға,
Шолақ ақыл шолжыңмен істес болсаң,
Ашылғанды жарамас бір қымтарға.
* * *
Надандықтың үш түрлі бар белгісі:
Ертеңге қалар, бірі – бүгінгісі.
Екіншісі – сөзінің тұрағы жоқ.
Үшіншісі – бос сөзге ерген кісі.
* * *
Бойыңа сыйғызардай бұл жалғанды,
Абайла айла-шарғы, сөз қылғанды.
Ғаріп, міскін, нашарға рақымды бол,
Демей біл қолтығынан жығылғанды.
* * *
Ер келер, кемеліне толған сайын.
Пенде азар, біреуі екеу болған сайын.
Болғанда ашу – пышақ, ақыл – таяқ,
Ол таяқ та мұжылар жонған сайын.
* * *
Дүние танытады өзін-өзі,
Үйретер даналардың нақыл сөзі.
Кей пенде тілі ұзын, көмейі кең,
Қауіпті ондайлардың екі көзі.
* * *
Жарықтың қарсыласы – қараңғылық,
Тастайтын бәрін жапса, қараң қылып.
Жаңалықтың ішінде ескілік бар,
Бірі келсе, тұрады бірі құрып.
* * *
Біреудің, науқастанса, сұра халін,
Біреудің ұйғарымсыз алма малын.
Тілек ет жақсылықты адамдарға,
Жеңілдет қайғылының қайғыларын.
* * *
Көрсең де кісі айыбын, бетке баспа.
Біреулер сөз бастаса, араласпа.
Өзіңмен егер біреу сөз таласса,
Қысылып-қымтырылма, тайталаспа.
* * *
Әрқашан жақсылыққа жақсылық қыл.
Жамандыққа – жақсылық, мұны да біл.
Біреудің мұқтажына көмек етсең,
Жақсылықтың белгісі болады бұл.
* * *
Бос сөзге құлақ аспа бос күндеген.
Бабалар «қас қылғанға – дос қыл» деген.
Көрсеқызар, қызғаншақ, қызуқанды
Қаскүнемнің ісі тең қасқырменен.
* * *
Шешеннің таразысы – тыңдар халқы,
Ұнамды болса көпке сөздің нарқы.
Аталы сөзге ғана қонақ берген,
Қазақтың дәстүріне сіңген салты.
* * *
Бейғамдық берекеңді кетіреді.
Басынан іс өткен соң, өкінеді.
Мұндайды «иіс алмас» дейді қазақ.
Оянбас өле-өлгенше көкірегі.
* * *
Айтса білмес,
Айдаса жүрмес,
Соқыр ойлы жандарға
Білмейді-ау деп,
Жүрмеді-ау деп,
Өкінбе де таңданба!
* * *
Іштей күліп,
Сырттан тынар.
Сырын бүгіп,
Қиғаш тұрар.
Арам ойлы жандарға
Жанассам деп,
Жарассам деп,
Үміт күтіп сандалма.
* * *
Тауып айт істің иесін,
Таппасаң сөздің жүйесін,
Тұспалмен айтқан сөзіңнің
Отына өзің күйесің.
* * *
Алатын бұл өмірден көп ұлағат,
Ұлағатты ұқыптап, ұққан мұрат.
Қолыңда дән-дәулетің тұрған шақта
Топтасса маңайына жақын жекжат.
Шашылма, өз ойыңды бекем ұста,
Қолыңнан дәулет кетсе, әкең де жат.
* * *
Жүйрік бар талап дейтін тұлпар сынды.
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
Тауға ұра ма, басыңды, тасқа ұра ма,
Дейміз ғой бұған пенде қайтып мінді.
Талаптың білгірі – ойы, мағынасы
Болғанда түбі жүрек, мида басы.
Ұмтылтып әр нәрсеге, тоқтатпайтын
Көңілдің алты түрлі бар нұсқасы.
Ақыл, ой, нысап, сабыр, рақым-сақтық.
Ақылға алты түрлі ноқта тақтық.
Ішінде сол алтаудың нысап асыл,
Тізгінін баса бестің соған ұстаттық.
Нысапсыз, сабырсыздық отқа салар.
Рақым, сақтық одан қорғап қалар.
Ақылдың тиянағы – нысап қана,
Қалт жібермей, қыңырды жыға салар.
Кері қайту
АТА ӨСИЕТІ